КӨПҚЫРЛЫ ТАЛАНТ ИЕСІ
Кезекті әнімнің бірін Абылай ханға арнадым. Әуені сәтті шыққандай сезіндім. Сөзін ақсулық ақын Ораз Жұмаевқа айтып, жаздырдым. Радиодан берілген осы әнімді Шота-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов естиді. Әннің авторы кім екен деп сұрастырып, іздестіреді. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, мені тауып алды. Әнді менің орындауымда қайталап тыңдап, біршама ойланып отырды да: «Әуені жақсы екен, бірақ сөзі нысанаға дөп тиіп тұрмаған секілді. Әннің сөзін бер. Мен оны белгілі ақын Темірхан Медетбековке айтып, қайта жаздырайын», – деді. Келістім.
Әннің сөзі жаңаша жазылды. Абылай ханның Алатаудай айбынын асырып, жеріне Қаратаудай қалқан болғандығымен абыройын асқақтатқандығы жырдың алтын арқауына айналып, мәтін ән құдіретімен шырқау шыңның биігіне шарықтап, көңілді шалқытатын дәрежеге жеткендей әсер берді. Жыр шумақтарындағы:
Елің үшін айқастың,
Жерің үшін шайқастың,
Уа, хан ием, Абылай,
Ешкімнен де ықпадың,
Намыс туын жықпадың
Маңдайдағы бағым-ай,
Теңіз құсап бұлқындың,
Найзағай боп сілкіндің,
Уа, хан ием, Абылай! –
деп өрілген екпінді терме толғауы кімді болса да қайраттандырып, қуаттандыра түсетіні әншоқтығының биіктігін дәлелдей түскендей сезілді.Жаңа мәтін бойынша әнді әуелде мен орындап бердім. Әнді тыңдағанШота Ыдырысұлы: «Міне, Абылай ханның халқына Алатаудай айбын, Қаратаудай қалқан болғандығы, айбаттылығы, қайраттылығы, ақылдылығы, парасаттылығы енді ашылды. Сөзі мен әуені әдемі үйлесіп, мықты қабысты. Тура Абылайдың өзін енді танығандаймыз», – деп толқып, қатты тебіренді. Масаттанды. Осы әнді «Жаңа ғасырға – жаңа ән» атты республикалық әндер байқауына ұсынған едім. Абырой болғанда «Абылай» әнім 1800 әннің ішінен үздігі деп танылып, бас жүлде берілгені мерейімді өсіре түсті.
Өмірге жолдама алған жаңа «Абылай» әнін Құрманғазы атындағы академиялық Халық аспаптары оркестрі және республикалық хор капелласының сүйемелдеуімен Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың бас жүлдегері, әнші Махмут Тойкенов орындады. Тыңдаушылар орындарынан өре түрегеліп: «О, аруағыңнан айналайын, Абылай хан! Ортамызға тіріліп келгендей, еңсемізді бір көтеріп тастадың-ау!» деген дауыстар шығып, зәулім сарай ішін асқақтатып, дүрліктіріп жіберді. Қасымда отырған Шота Ыдырысұлы күлімсіреп, мейірінің шуағын төккендей әсермен мені құттықтап, қос қолымды ұзақ қысып ұстап, ризалығы мен сүйсінгендігін білдіре келіп: «Міне, бабамыз туралы өмірге тарихи ән келді. Оны тыңдағандар сарайдың биік күмбезін көкке жеткізіп, дүр сілкіндіргенін көрдің бе? Тамаша! Рухы асқақ ән туды. Ғұмыры ұзақ болғай. Осындай әнді сыйлаған саған да, Абылайдың айбатты айбынын асқақтата түсетін өлең жазған Темірхан Медетбек тегіне де шексіз ризалығымды білдіремін»,– деп мені құттықтағанда өзі де тебіреніп, көңілі шалқып тұрған еді.
Осы әнді кереметтей ұнатқан Шота Ыдырысұлы мені Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының жауапты хатшылық қызметіне шақырды. Аға тілегін құп алып, жұмысқа орналастым. 1997 жылдан бастап 2002 жылға дейін ол кісімен бірлесіп жұмыс істедім. Қызмет істей жүріп Шота Ыдырысұлы ағаның поэзияға жақындығын байқадым.
Бір жолы маған өлеңдерін ұсынып: «Менің қасымда жүргеннен кейін шығармашылық салада да бірлесіп жұмыс істегеніміз дұрыс болар»,– деп ән шығаруға арналған мәтіндерін берді. Ішінен тарихи тақырыпқа жазылған Шоқан Уәлихановқа арнаған өлеңі маған қатты ұнады. Сөзіне орай ән туды. Орындап бердім. Шота аға қатты масайрады. Тебіренді. Бабасы жайлы ән еді. Әсерге бөленді. Содан бастап ой тоғыстырып бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесінде жаңа әндер бірінен соң бірі туындай бастады.
Семейдегі Дегересте атом бомбасын сынақтан өткізген тауқыметтің зардабын шеккен жерге арналған «Қайран, елім-ай, өскен жерім-ай» деген өлеңіне ән жаздым. Шота Ыдырысұлы өзінің ниеттес-тілектес достары Кәукен Кенжетаев пен Асанәлі Әшімовті арнайы шақырып, әнді менің орындауымда тыңдады. Кәукен аға әннен көңіл толқытарлық әсер алғандығын әспеттеп айтып, үлкен бағасын беріп, құптады. Асанәлі аға да Шоқанның рухын асқақтататын әуеннің өмірге келгендігіне қуанатындығын айтты. Көгілдір аспанның тұңғиығын шарлап-барлап қайтқан ғарышкер Тоқтар Әубәкіров биязылығын ұмытып, елінің ар-намысын ойлағандай үнсіз отырып, көңілі босап, жанарына жас іркілгенін де аңғармай қалды.
Поэзияға жаны жақын Шота Ыдырысұлы «Арман» атты өлеңін өзінің отбасына арнаған секілді. Онда:
«Сен күлгенде әлем гүл-гүл жайнайды,
Сен күлгенде бақта бұлбұл сайрайды,
Сен күлгенде өзге дүние ұмыт боп,
Махаббат пен сұлулық тіл,
сұлулық тіл байлайды, –
деп өрілген өлеңге де жазылған әуен сәтті шықты. Әйтеуір Шота Ыдырысұлының өзі ыңылдап айтып отыратындығына қарағанда әуен ұнаған болар деп ойлаймын.
Екеуміз бір мекемеде істеген жылдарымда маған үлкен қамқорлықпен қарап, барынша жағдайымды жасап, ағалық аялы алақанының жылуын сезіндіре білді. Шығармашылықпен шұғылдануыма еркіндік беріп, жаңа әндерімнің тұсауын кесіп, жақсысын жақсы деп, көңілден шықпағанын ашық айтып, бағыт-бағдарын көрсетіп отыру дәстүрін әсте бір бұзған емес. Жаңа әндерімді оркестрге түсіруге, аранжировка жасауға, халық аспаптары оркестріне арнап эс-
традалық аранжировка жасатуға да қол ұшын берді. Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте «Шоқан» әні осы білім ордасының әнұранына айналды. Ол барлық салтанатты жиындарда тұрақты орындалып келеді.
Ақын Тұманбай Молдағалиев Шота Ыдырысұлы туралы өрнекті нақышы мол бедерленген өлең жазды. Оған да әсем ән шықты.
Шота, Шота! Аппақ бота киелі,
Сен халықты, халқың сені сүйеді.
Сендей, сендей жігіттермен доспын деп,
Менің-дағы төбем көкке тиеді.
Елге арналды еңбегің,
Өнеріңмен өрледің.
Өмір бойы жаныңа
Бір тыныштық бермедің.
Тұлпарың бар астыңда,
Талай белден астың да.
Тілін тауып жүресің,
Кәрінің де, жастың да, –
деуі Шота ағаның тұлғасын дөп басып, келістіре сомдағаны шынайы шындықпен әдемі үйлесім тауып тұрғандығы ән әуенімен мінсіз кірігуі атақты сәулеткердің сипатын әдемі өрнектеп кестелегені көңілден шығатындығына ешкім шек келтіре алмасы анық.
Мені Шота Ыдырысұлының дәрежесінің биіктігіне қарамай, қарапайымдылық танытып жүретіндігі тәнті етеді. Ол Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғамның көрнекті қайраткері, талантты архитектор-сәулеткер бола тұра асқақтауды білмейді. Достарының бәрімен ашық әңгіме-дүкен құрып, емен-жарқын шарықтатып ән салып, күмбірлетіп күй шертіп, көңілді отырғанды ұнатады. Көп қырлы тума талант иесі ретінде халқымыздың тарихына байланысты зерттеу еңбектерінің өзі бір шоғыр. Театрлардың тұрақты репертуарларына енген драмалық шығармаларын да көрермендер жылы қабылдағанын жақсы білеміз. Қағаз бетіне түсірген ой-толғамдары да жеткілікті. Осының бәрі Шота ағаның ерінбей еңбек ететіндігінің жемісі екені және даусыз.
Шота аға қандай да бір атақ-құрметке ие болып жатса да хан тұқымына лайықты тектіліктен ауытқымайтын парасатты жан екендігін байсалдылығымен дәлелдеп келеді. Ол адуынды ер мінезді, әміршілдігі басымдау болғанымен адамдармен жүздескенде қабағы ашық күндей жадырайтын.
Осындай терең ой-толғамы салмақты, таланты жан-жақты әрі архитектор-сәулетші, әрі ақын ән құмар Шота Ыдырысұлы екеуміз шығармашылық салада бірлесіп жұмыс істеуіміз өте жемісті болды деп айта аламын. Шота ағаның сөздеріне «Астана – ақорда», «Қазақ елі», «Қазақ деген ел едік», «Әсемдікке болдым пенде» және басқа әндер шығарып, «Сиқырлы сәт» романсын жаздым. Бәрі де Шота ағаға ұнады. Бұл әуендер ел арасында орындалып та жүр. Атап айтқанда, Күләш Байсейітова атындағы музыкалық колледждің елу жылдық мерекелік тойында Қазақтың халық әртісі Ермек Серкебаев хор мен оркестрдің сүйемелдеуімен «Қазақ елі» әнін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, «Шоқан» әні де осы салтанатты кеште опера әншісі Бақытжанның орындауында шырқалды.
Шота екеумізді мектептер, жоғары оқу орындары шақырып, кездесулер өткізіп тұрады. Ондай басқосуларда Шота Ыдырысұлы қызықты әңгімелер айтумен бірге өз өлеңдерін де оқитын.
Бүгінде сексен бестің өріне қадам басқан Шота Ыдырысұлына алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемісіне марқайып, мықты денсаулықтың арқасында ұзақ ғұмыр кешіп, ел құрметіне бөлене беріңіз деген ізгі інілік ниетімді шын жүректен білдіремін.
Мұратхан ЕГІНБАЕВ,
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, композитор.