Сын мен мін арасы
21.04.2017
2312
0

Бүгінге дейін, яғни 19.04.2017 жылға дейін сыналған шығармаларды да, оларды сынаған сыншыларды да санамалап шығу әсте қиын болар. Дегенмен, «классикалық сын» өлшеміне жауап беретін өміршең дүниелер әлі жұрт жадынан өшкен емес. Сол бір сынның артықшылығы, жетістігі, басымдығы неде? «Сын» сөзін ести қалғаныңда ойыңда «тас-талқан ету» деген тұрады. Осынау жанрға Біздің көзқарасымыз дұрыс болмағаны ғой, сонда?.. Жетістігі мен кемістігін қатар атап, оның құндылығын және әлсіз тұсын нағыз әдебиетшіге тән ойшылдықпен саралап, әділ бағасын бере алса, негізгі нәрсе осы емес пе?.. Осы ретте, әдеби сын өз функциясын қаншалықты атқаруда және бүгіндері қаламгерлер неліктен сын көтере алмай жүр?


Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы

Сынның жүгін жеңілдетіп жіберу жиілеп барады

Шығармасының лайықты бағалануы, сын өзегіне айналып, тіпті қатты болса да сауатты сыналуы әрбір автор үшін әрі құрмет, әрі насихат, әрі жарнама. Өзім мұндай сәттілікті өткермеппін, жаңа кітаптарым туралы қысқаша мәліметтер ғана хабарланатын. Жинақтарыма Тұтқабай Иманбеков, Сәбит Досанов, Қанипаш Мә­дібаева жазған жабық рецензиялардың кейбірі бар архивімде. «Әлем-әуеннің» қолжазбасына байланыс­ты Зейнолла Серікқалиевтің рецензиясындағы қолтаңбам туралы теңеулері есімнен кетпейді және орынды ескертулері бұл кітаптың композициясын өзгертуіме әсер етті. Ірілі-ұсақты пікірлер жарияланғанымен, өкінішке орай сынның табиғи да қажетті тезіне ұшырамапты көркем дүниелерім. Осылайша уақыттың назарынан тыс қала беріпті. Сәтін жіберіп алғанның бәрі өкініш, ешқашан ештеңені дәл мезгілінде атқармағандығымнан да шығар. Әупірімдеп әрең шыққан кітаптарымды дәурені дүрілдеген атақты сыншылар да елемепті. Бұлардың үйреншікті ізден айнымай түсінікті ережелер мен түсініксіз теорияларға сүйеніп, тым кәсіби жазылған құлаш-құлаш мақалалары ешқашан жан дүниеме әсер еткен емес. Мүмкін сол себепті де шығар, әдебиеттің ауа райын сан құбылтатындай мүмкіндігі зор классик саналған сыншылардың объектісіне айналуды көздемегенім. Әйтпесе кітаптарын құшақтап, белді, беделді тұлғаларды айналсоқтап, тіпті солардың атынан өздері жазып, қол қойдыруға әлектенер әріптестер де кездеседі. Мұндайға еліктегеннен сақтасын, бірақ басқаша амалын қарастырып, кітаптарымның бағын ашуға болар еді әлдеқашан. Әттең, соры қалың, байғұс шығармаларымның ондаған жылдарды аралата тасқа басылып, қолға тигеніне мәз боп жүре беріппін. Бірде (2016 жылы) досым, сыншы Бақыт Сарбалаевқа: «Осы сен баяғыда менің әңгімелеріме жаман қарамайтын сияқты едің, бірде-бір кітабым туралы жазбапсың ғой», – дедім. «Кітабыңды берген емессің», – деді ол. Ойланып қалдым. Есіме Фариза апамның әр кітабы шыққан сайын ең алдымен ғалым, сыншыларға, облыстық, аудандық партия комитеттерінің секретарларына асқан ілтипатпен ретіне қарай өзі апарып, әйтпесе пошта арқылы салып жіберетіні оралды. Бертінде Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың: «Менде сенің кітаптарың жоқ», – деп қалғаны бар. Яғни жарияланған шығармаларымның дәл сол мезгілде талданбағанына, сыналмағанына өзім кінәлі екенімді қазір ғана ұғып отырмын. Әр кезеңде Сара Мыңжасарова, Сейфолла Оспанов, Гүлзира Серғазы, Таңсұлу Алдабергенқызы, Қалампыр Кенжеғалиева жазған талдаулар оқырмандарымды елең еткізді. Әсіресе Гүлмәрия Барманбекованың ешкімге ұқсамайтын оқыс пікірлері қайран қалдырды. Гүлзия Пірәлиеваның сауатты сыны көкейіме қонды.
Кезінде жыл қорытындысының баяндама тізіміне де ілінбеген екі томдық «Жантәсілім» романын әдебиеттанушы-ғалым Темірхан Тебегенов соңғы кезде кездескен сайын: «Тауып беріңізші, тәуелсіздікке орай зерттеуге лайық көрінеді», – дегенде, қатты қуанамын. «Иә, иә, талдасаңыздар, сынасаңыздар ғой», – деп айғайлағым келеді. – Көшім хан, Сүзге, Мәншүк те… басқа да… бар менде…». Кім білсін, кейіпкерлерімнің, роман, әңгімелерімнің жүйеленіп сыналатын шағы да келер әлі…
Кеңес заманында партияның орталық комитетіндегі нұсқаушы жігіттер жеке басыма да, кітаптарыма да байланысты есімдері жазылмаған талай сын жазбалармен таныстырып таңқалдыратын. Белгілі қаламгер Мырзан Кенжебай ғана жазушы ретінде мені қабылдамайтынын айтып жар салған. Қайбір жылы Оралхан Бөкеевтің «Жұлдыз» журналына дайындап ұсынған «Жападан-жалғыз» атты триптих-әңгімемді Бас редакторы Бекежан Тілегенов баспаханаға кетіп бара жатқан жерінен «неткен жиіркенішті әңгіме» деп алдыртып тастағаны есіме түсіп отыр. Ренжіген жоқпын, жүзінен шуақ төгілгендей көрінетін Бекежан ағамызбен содан кейін де шүйіркелесе сәлемдесетінбіз. Соған қарағанда ауызша, жазбаша ма, қандай да сынға сабырмен қарайтын сияқтымын. Алайда, бір-бірінің намысына тиіп, дөрекілікке, пендешілікке құрылар сын мақалаларды көргенімде, қорқып қаламын. Белгілі ер-азамат­тарымыздың бір-бірінің әлсіз тұсын шұқылап, сынның жүгін жеңілдетіп жіберуі жиілеп барады. Эстетикалық сипаты тым тереңде жасырынған сын жанры стихиясының үйлесімін бұлай
бұзу – қылмыс.


Нәрбин КЕНЖЕҒҰЛОВА, журналист, аудармашы, жазушы

Шығармашылық бағытты болжайтын сыншылар әзірше аздау

Кезінде орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский: «Табиғи таланты тасыған қабілетті қаламгер өлең жазып ақын болады, одан таланты кемдеу болса прозалық шығармалар жаза алады, ал таланты шамалы қаламгерлерге сыншы болудан басқа амал жоқ», – деген екен. Бұл, әрине, мысқылдап жазылған, көбірек өзіндік сынға саятын жолдар екені сөзсіз. Ал мәселенің шындығына жүгінсек, сыншы болу үлкен талантты, ұшқыр ойды, ұшан-теңіз білімді, ғажап интуицияны, жоғары эстетикалық талғамды қажет етеді. Сыншының өз заманына сай ой әлемінде де, әдебиет әлемінде де жазушыға да, оқырманға да бағыт-бағдар сілтей алатын қабілетті жан болуы шартты мәселе екені даусыз…
Әдеби сын арқылы жүздеген шығармалардың ішіндегі шынайы, өміршең туындылар, ағымдағы заманға сай, жалпы алғанда типтік, жас өскінді тәрбиелейтін, ұлттың менталитетін ұштайтын, елді бүкіл әлемге паш ететін туындылар іріктеледі. Мысалы, Белинскийдің заманында Пушкинмен қатар Хлебников деген ақын да белгілі болған көрінеді. Тіпті, оның шығармалары, өлеңдері сол кездегі барша жұртқа танымал болып, атағы Пушкиннен де асып түсіпті. Бірақ Белинскийдің арқасында нағыз талант иесі Пушкин екенін барша қауым мойындап, екі ғасыр өтсе де біз Хлебниковты емес Пушкинді орыстың ұлы ақыны екенін білеміз…
Қазақ әдебиетінде де сондай ерекше оқиғалар болған. Мысалы, «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсынов бірінші болып өзінің мақаласында Абайды «Қазақтың ұлы ақыны» деген. Ал қазіргі кезде аттары аңызға айналған қазақ әдебиетінің сыншылары – Мұхаметжан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серікқалиевтардың әдебиетті насихаттауға сіңірген еңбектері тарихта мәңгі өшпейтін әріптермен жазылды десек, қателеспейміз. Олар «қара қылды қақ жарған» әділ қазылар ретінде барша жұртқа танымал болуымен қатар, әдебиетіміздің нағыз жанашырлары, авторлық шығармашы­лықтың өркендеп, қарыштап дамуына аянбай атсалысқан, бір жағынан ғалым зерттеушілер қатарында, екінші жағынан сөз өнерінің шипагерлері, қазақ халқының әдебиеті мәдениетінің сарбаздары. Сол ағаларымыз қазақ әдебиетін насихаттаумен қатар, халықтың менталитетіне, рухани байлығына тіпті абайсызда нұқсан келмеуін де жіті қадағалап бақылап отырған. Мысалы, сын әлеміне енді ғана аяқ басқан кезінде Зейнолла Серікқалиев азуын Айға білеген атақты Ілияс Есенберлиннің шығармаларындағы қазақ әйелдерінің образдарына көңілі толмай, нәзік те кіршіксіз таза, сыршыл қыз-келіншектердің тым еркін, анайылау, дөрекілеу бейнеленгендерін сынайды… Сонда жас сыншы Зейнолла Серікқалиев ағамыздың ойында «Әйел – елдің анасы» деген қағида болды-ау, шамасы…
Қазіргі таңда Әлия Бөпежановадай, Бақыт Сарбалаевтай сын шығармашылығының көкжиегінде сиректеу көрінгендіктен болар, әдебиет әлемінде жаңадан шыққан сыншыларды көп байқамадық. Жас жазушылардың сыншылар пікірлеріне құлақ аспайтыны да олардың өз деңгейінде, қабілеттерін көрсете алмауына да байланысты ма деген ойға еріксіз қаласың. Бұндай келеңсіз жағдайға таң қалуға да болмайды. Себебі, заманауи әдеби ағымдарды талдау, нағыз шығармашылық пен жалған тәсілдердің аражігін ашып, оларға баға беретін, әдеби бағдарды реттеп, шығармашылық бағытты болжайтын сыншылар әзірше аздау. Ал қаламы қуатты да қарымды, әлеуетті, әр сөзі мірдің оғындай нағыз от ауыз, орақ тілді сыншылар әдебиеттің ауылына аттарын бұрып, түсіп жатса нұр үстіне нұр болып, жас қаламгерлер оларды қуана-қуана қарсы алатынына ешқандай күмән келтіре алмаймыз. Себебі, әрбір қаламгердің түсінігі бойынша, «сын түзелмей мін түзелмейтіні» баршаға белгілі.


Саят ҚАМШЫГЕР,
ақын, «Серпер» сыйлығының иегері

Сын – бетпердені ашады

Дүниеде қанша адам болса, сонша ой бар. Ешкімнің ойы осы уақытқа дейінгі жер бетінде жұмыр басы ғұмыр кешкен адамның ойымен ешқашан бірдей болған емес. Біреуге ұнайтын метро екінші біреуге ұнамайды. Ал бұл мәселе озық ойлы, сөз маржанын терген ақын-жазушыларға келгенде тіптен нәзік. Екі өңір бір-бірінің диалектісін ұнатпайтынындай, ақындар да бір-бірін мойындай бермейді. Ақын да тұлпар сияқты. Алдынан басқа қараның суырылып озып шыққанын қаламайды. Егер ол жас болса… онда тіпті сойқан!
Сын деген сондай ғажап нәрсе! Әркімнің бет-пердесін ашады. Біреудің боксқа қатысып, бір айдан соң бойында сенімділік оянып, өкшесін аңдамай басқанды ұрып сұлататындай боп жүретіні мен намаз оқығанына көп болмаған жанның алып мұхит секілді Исламды түгел біліп тастағандай ақыл айтқыштығы секілді, жас ақындар, жас жазушылар өзінің шығармасына үңіліп, үтір қойғандарға жауығып алады. Былайша өлеңдерінде сезім пернелері шертілген, бұлақ сылдыраған ақындарды мінезі жұмсақ екен, көркем екен деп қаласың. Ал өлеңі тәжірибелі ақын тарапынан сынала қалса, түрлері түтігіп, шекесінің тамырлары білеуленіп шыға келеді. Бетіне айта алмай, артынан, әлеуметтік желі не медиа арқылы жер-жебіріне жетіп жатады.
Сын да сол үшін керек бір жағы. Кімнің кім екенін көру үшін. Мұқаба бетінде беті жылтырап күліп түскендердің астарын елге таныту үшін.
Нағыз ақын орынды сынды дұрыс қабылдайды. Өз жанына қорғаушы емес, соттаушы көзімен қарайды. «Көлеңке» тарапынан бірді-екілі орынсыз сын айтылып жатса, «мен де ит құсап үріп неғылайын, түсінетін халық аман болсын» деп, көңіліне де алмай, рухани тыныштық тапқан жүрегімен жайбарақат жүре береді.
Біткен іске сыншы көп. Орташа болсаң, бұқара жақсы болсын, шыңдалсын дейді. Жақсы болсаң, кереметтілікке ұмтыл деп тағы сынайды. Әсілі, құдай да құлының бір істі мінсіз жасауға тырысқанын ұнатады. Ендеше сыннан неге үркеміз? Сыналғың келмесе, толғатып дүниеге әкелген туындыңды түпкі бөлмедегі сөренің астына қоя сал.
Керек десең, өзіңе өзің сыншы бол. Түріктің бір ойшылы өз шығармасында жазушы еді, мен де солай өзімді Ескі Саят және Жаңа Саят деп сынаймын. Ескіге жаңаның көзімен баға беремін. Бұрын білімім таяздықтан шала түсінген дүниелерімді қайта түзеуден ұялмаймын. Болат қайнауда шынығады, демек, ақынның шығармашылығы халықтың пікірімен сұрыпталып, өңделіп, түзеліп, кемел бір деңгейге жетеді. Ал кім бұл жазғаныма келіспей, «сынайтын» болса, мархабат, өз сөзім өзімдікі.

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір