ҰЛЫ АНАМЫЗ – БОЗ ДАЛА ТУРАЛЫ ЖЫР
14.04.2017
887
0

Яһуда
АМАНДЫҚОВ,
Халықаралық  Жамбыл атындағы  сыйлықтың лауреаты, Қазақстан  Республикасына  еңбек сіңірген  мәдениет қайраткері


Ақбоз үйдің сыртында,
Ақбоз атпен ойқастап,
Ақ арумен қоштасқан;
Алыс елдің жұртына,
Алты айшылық жол тастап,
Көпті көріп достасқан;
Ел шетіне жау тисе,
Бозборан боп айқасқан;
Ата тонын жат кисе,
Жан алысып шайқасқан,
Бозбаланың жолына
Бозқасқаны шалғанбыз.

Ел бірлігі – дәм-тұзда,
Боз биені сойғанбыз.
Қаһарлы ата абыздан
Ұран, дабыл алғанбыз.
Боз айғырды борбайлап,
Қақырата жауды жарғанбыз.
Жауға бермес жерді ойлап,
Егілген ана, елді ойлап,
Шекені жарық шарт байлап,
Қан толып көзге атойлап,
Жығылсақ жерді құшақтап,
Жерменен жанды ұшықтап,
Қарғаға жем боп қалғанбыз!

Ақтабан болып шұбырып,
Сұларда жолдан жырылып,
Көз аша алмай шаңнан біз,
Жоғалса бала, кәріміз,
Жоқ іздеп тірі – бәріміз,
Түрт те қаш түнде алаулап,
Шекпенді шидем жалаулап,
Қиқулап самала салғанбыз.

Тіріміз бата, тұз ақтап,
Ел жиып ие болғанбыз.
Жалынып жауға жалпақтап,
Айрылмадық ардан біз.

Қаратаудың басынан,
«Қатын қамал» ғып тасынан,
Панасыз бала-шағаны
Жетім боп қалған жасынан,
Жұбатып жинап тасыған,
Бұрымын малақай жасырған,
Аруларды аман алғанбыз.

Олжаға бермес қызды ойлап,
Отырса да ақтық демінде,
Жарытпай қалған баз бейбақ,
Бесіктегі баласы белінде,
Аналарға азық ап барғанбыз.

Сығанақ, Созақ, Бабата,
Отырар, Яссы, Саурандай,
Құланды, Тараз, Сайрамдай
Халыққа қамал құрғанбыз.

Андыздап аламан жау келсе,
Бостандық үшін бал ашып,
Босағаға жылдап таласып,
Қан толып көзге сүмекті,
Тартысып үзіп білекті,
Жарты адым жерге жол бермей,
Жарып алса да жүректі
Тірідей отқа жанғанбыз!

Боз дала, киеңе сыйынып,
Туған ел түгел жиылып,
Өлуден қорықпай қиылып,
Шеһиттер таудай үйіліп,
Төріңде жазық тұруға,
Биіктен дабыл ұруға
«Қарауыл төбе» болғанбыз!

Басынан соның қарасаң,
Ай көріп, жұлдыз санасаң,
Таңында самал тамылжып,
Шақырсаң шабыт орасан,
Обаның астын ойлан, жұрт,
Бақыттымын деп баласаң…
Тарихыңнан емес сырт,
Тізеден қазып қарасаң.

Құранды оқып құрмет тұт,
Бас сүйектерді санасаң?!
Баяғыда алған соғыс жұт,
Батырлар жатыр арасан –
Дейсің бе атам армансыз!?

Сол арман жетті шегіне,
Түсінсең түпкі тегіңе,
Жиһаннан сұлу жиһаз жоқ!
Қазақ көп мүлік жиған жоқ,
Кіршіксіз күмбез көгі мен
Қуанды байтақ Жеріне.

Жердің жанына ене алмай,
Еңбекпен дәулет жеңе алмай,
Жерді табалап түртпеңдер!
«Қу дала» деп шенеп жүр,
Аузын қу шөппен сүрткендер.

Зер салған жанға айнала,
Табалата алмас бай дала!
Арғымақ артқа бұрылмас,
Егіннен етек алғысыз,
Алты айлық жолды айдала.
Жаз бойы өлшеп шыға алмас,
Жап санап жаяу айлана!
Қалың ну егін өнетін,
Жерімді байлық беретін,
Далама нұрын төгетін,
Ауысып таң мен ақшамда,
Дидарын түгел көретін
Күндіз – Күн, түнде – Ай ғана!

Даламның туы жығылмас,
Тоқсан ұлт туыс қаймана.
Бірі үшін бәрі ғұмырлас,
Кім мұны бірлік деп ұғынбас!
Күндейтін дұшпан көре алмас,
Өзі ешнәрсе бере алмас,
Бауырмалдыққа бұрылмас,
Жанартаудан да жылынбас –
Өлген мұз жүрек жәй ғана!

Қызыл тау қырман шоғырда,
Дихан көп жүрген тобырда,
Алты алаш туыссырасып,
Байлықтың бары-жоғы ма,
Құлағынан жалы асып,
Ел отыр ерлікке сынасып!
Жақсылық үшін жарысу –
Ежелден бізге мінәсіп!
Далама сыйған сыр ашып,
Ұранға шыққан ұласып,
Еңбектен шыққан батыры,
Өнерден шыққан ақыны,
Қыдырлы Қазақстаннан
«Керуен тартқан Күн асып»,
Алатау мен Алматы,
«Жетісу – жердің Жаннаты» –
Жайқалып өскен жайлы өңір!

Есіл мен Ембі, Ақжайық,
Даламды көктеп шалқайып,
Бекіре байлық тек сонда.
Әлемге таңсық ол – ғайып!
Алдыңды орап ойнайды,
Жарысып жүрген желқайық.
Даланың халқы тойлайды,
Мұнай мен қатар мал жайып –
Даритын бойға майлы өңір.

Жердің жүзін қаратып,
Қазба байлығын боратып,
Газ, уран, алтын таратып,
Ғарышкерлерін санатып,
Келгенді қайран қалдырған,
Қараудан көзді талдырған –
Ұлытау, Бетпақ, Байқоңыр!

Азамат қиял кешкенмен,
Адамзат әлі шешпеген,
Жұмбаққа жалау тікті деп,
Көре алмас жауға сестенем!
Біздерден заман көп бұрын,
Қалмаған арман кімдерден.
Ғарыштың тылсым түкпірін,
Аралап қашан, кім көрген?!

Ерлікке сайдың тасындай,
Шамырқанса шатынап,
Көктен түсер жасындай,
Қазақтай байтақ, батыр ел,
Ғарышкер қос-қос ұл берген.

Әлемнің артқан жүгі бар,
Жүректерінің түгі бар
Үш арыс көкке ұшарда,
Жеті қат көкке жол тілеп,
Құран мен серпуыс құм берген,
Жүрекке «ЖЕР» деп қысарға –
Қазақстандай қайда өңір!

Игілік үшін ұйымшыл,
Ас ортақ елміз жиыншыл,
Үйренген жайдақ даңқ қумай.
Отанға елдің сыйы шын –
Алатау жонды ақ бидай.
Саудаға әлем жиылсын,
Бізде уран мен көп мұнай.
Әркім-ақ тасып сүйінсін,
Кемелге келсе тап мұндай!
Жерден кен тапқан сүйіншім,
Жазды ала келген аққудай!
Даламның берген табысы-ай!

Сәулетті тұрмыс, сәні сай,
Салтанатына бақ – наны сай,
Қаһарман Қазақ халқымен
Елдессең – жайсаң жаны сай.
Дәстүрге жалғас салтымен,
Заманыма ылайық әні сай.
Керуендеп астық артуым –
Достасқан елге тартуым,
Тасынтпай тұрмас, жарқыным,
Замандастарымның намысы-ай!

Бозала таңды қарсы алып,
Бозторғайдың жырымен,
Қыз-бозбала жар салып,
Базыналы, назды үнімен
«Алтыбақан» басында,
Ән боздатқан түнімен.

Боз жусанның иісіне,
Бозқараған таласып,
Боз інгеннің күйісіне,
Қаптаса қара жер қайысар,
Боз қойына сүйсінер
Боздағыңмын мына мен!

Осынша тарих көріпсің,
Осынша байлық беріпсің.
Кемеліне кенелген,
Етек-жеңі кең елдің
Болашағына сеніпсің!
Ағыла бермей қайтайын,
Жанымдай жырмен айтайын:
Жүрегім сенен от алсын,
Сен маған Ошақ – Отансың!

Салауатты ізгі Анам,
Садаға сенен өз балаң!
Қазақтай бозым тудырған,
Саламат бол, БОЗ ДАЛАМ!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір