Жаңа басш­ылар ескі сүрлеуге түспегей!
24.02.2017
1415
0

Осы газеттің 6 нөмірінде шыққан «Зиялылар бас қосты» дегенді (Айтмұхамбет Қасымов) оқып, соған үн қосуды құп көрдім. Көңіліме медеуі: облыс әкімінің, менің түсінуімше, мәдениет жөніндегі орынбасары Әсем Нүсіпова, Мәдениет, архивтер мен құжаттама басқармасының бастығы Азамат Мұхаметчинов істерін игі қадамнан бастапты. Екеуі де жаңадан сайланған екен, облыстың мәдениет, оның ішінде әдебиет пен өнер мәселелеріне бірден көңіл бөліп, арнаулы жиын өкізіпті. Бұл – қоғамның шын мәніндегі қоғам болуы оның мәдениет дәрежесінің биік болуына тікелей байланысты екенін ескеру деп ойлаймын.

Жиында облыстың марқұм болған әй­гілі ақын-жазушыларының аруақтарын сыйлау, әдеби мұраларына көңіл бөлу туралы дұрыс пікірлер айтылыпты. Сондай-ақ, бүгінде есен-сау жүрген ақын-жазушылар­дың жас таланттарға үлгі-өнеге көрсету­ші­лер ретінде бағаланғаны да жөн болған. Алайда, менің түсіне алмағаным: Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыс­тық бөлімінің жуықта сайланған директоры Әлібек Қаңтарбаевтың көзі тірілер тізімінде: алдымен аталуға тиіс қаламгерлер бүгінде әдебиетіміздің ақ­сақалдары болып отырған 85 жастағы Уахап Қы­дырханұлы, 82 жастағы Ғаббас Қабыш­ұлы және олардың өкшесін басып келе жатқан Кәдірбек Сегізбаев, Сәбет-Хан Ғаббасов жоқ. Неге? Бұл сұраққа мен өзімше жауап берсем: облыстың мәдениет мәселе­лері жайындағы бұрынғы басшыларында ұмытуға болмайтынды ұмыту прин­ципі болды. Оған осы аты аталған жазу­шы­лар­дың мүшелтойлары облыс көлемінде өткізіл­мегені немесе мүлдем ескерілмегені дәлел.
Мен мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нен 31 жыл сабақ бердім, қазір зей­нет­­­кер­мін. Көптеген ақын-жазушылар­дың шығармаларын оқыдым және әлі де оқи­мын. Мен, мысалы, Уахап Қыдырхан­ұлын да, Ғаббас Қабышұлын да сырттай білсем де, әдебиетке сіңірген еңбектеріне әбден қанықпын. Уахап Қыдырханұлы пу­б­­ли­цист жазушы, тарихшы, дін зерттеушісі. Ол Құран Кәрімді Қазақс­тан­да алғаш қазақ тіліне аударды және Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тапсыруы бойынша екінші рет қайталап шығарды. Сол еңбегі де облыста еленбеді. Өскеменде жылда өткізіліп жататын әдеби шараларға шақырылмады. Сонымен қатар, мен бір шағын жиында Уахап Қыдырханұлының Райымжан Мәр­секов деген кісі туралы әңгімесін естідім. «Ахмет Бай­тұр­сыновпен дізе қоса көп іс тындырған саяси қайраткер болған. Менде көп дерек бар, бірге түскен сурет­тері бар. Бірақ сол ар­дагерді өзі туып-өскен Ұлан ауданының басшылар, тіпті облыстың басшылары мен зиялылары анық білмейтін сияқты, атында мектеп бар деп естідім, басқа ешқандай таным­дық әрекет жа­сал­ғанын білмей­мін», – деді. Бір жігіт тұрып: «Уаха, өзіңіз неге жаз­бай жүрсіз?», – дегенде ол кісі: «Денсау­лы­ғым, әсіресе, көз шіркінім қолымды бай­лап жүр. Егер Ұлан ауданынан немесе облыстық «Дидар» газеті редакциясынан сергек журналист інілерімнің бірі келіп әңгімелесер болса, айтып берерім аз емес», – деді.
Ал Ғаббас Қабышұлының кім екені ту­ралы басқаларға да, жерлестеріне де айту қажет емес. Жұртшылыққа таныс тұлға. Облысы ол кісіні де құрметтеп көрмепті. Оны ­жақында, 16 ақпанда, «Жас алаш» га­зе­тінде шыққан «Халқыңыз барда қамық­паңыз, аға!» деген хат-мақаладан білдім. Авторы – публицист-жазушы Талғат Айт­байұлы басты сөзін басқа жазушыға арнап отырып, Ғаббас Қабышұлы туралы ойында облысы да, ауданы да ол кісінің қадірін білмей келе жатқанын ашынып айтыпты. Ең болмаса, жасы 70-ке, 80-ге толғанда «құт­ты болсын» деуді білмепті. Жерлесі бол­масам да, мен қатты ұялдым. Облыстың, ау­данның зиялылары неге шет қалып отырған?
Әсем Нүсіпова мен Азамат Мұхамет­чиновке осыны құлаққағыс етейін дедім.
Жәкен Елеуұлы.
Алматы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір