Жамбыл және 1916 жылғы көтеріліс

0
1 868 қаралды

24-betҚазақстанның түкпір-түкпірін қамтыған Ұлт-азаттық көтерілістің басталуына патша үкіметінің 1916 жылғы маусым жарлығы түрткі болып қана қойған жоқ.  Елдің әбден титығына жеткен патша өкіметінің қорлауы, кемсітуі, отарлық саясаты, шұрайлы жерлерді тартып алып, жергілікті халықты қайыршылыққа ұшыратуы да көтеріліс отын үрлейді. Бұл – қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Торғайдан Амангелді Имановтың, Жетісудан Бекболат Әшекеевтің ел бастап шыққан ерліктері сол күннің өзінде халық арасында жыр болып, аңызға айналды.

1916 жылғы көтерілістің ішкі-сыртқы си­­патын, қазақ ауылында болған тар­тыс­тар­дың көріністерін, күрестердің шиеленіскен ке­зеңдерін Жамбыл жырларынан айқын көруге болады. Ақын өз шығармаларында 1916 жыл қарсаңындағы қазақ халқының ауыр жағдайын, сол кездегі тарихи шын­дық­ты шынайы көрсете білген. 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қа­тынасты, патша жарлығына қарсы кө­те­рілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді, өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды.
Қазақ жастарын окоп жұмысына алады де­­ген хабарды естігенде ел басына төнген қа­­терді Жамбыл былай жырлайды:
Верныйдан жандаралдар бұйрық қылды,
Құйрығы бұйрығының тіпті зілді.
«Отыз бір – он тоғызды алад» деген
Суық хабар халықты бұлқындырды.
Жамбыл бұрыннан екі жақты қанауда бо­л­ған еңбекшілерге бұл жарлық халықтың ба­­сына түскен жасындай, жығылғанға жұ­ды­рық деген пікірді айтады, ел халін одан әрі нашарлатып, олардың азаматтық құқық­та­рын, ар-намысын табанға таптап, жаныш­қан патша үкіметінің зұлымдығын, жексұрын кескінін өткір өлеңмен әшке­релейді. Ол бұ­қара халықтың осындай ауыр жағдайға ұшы­рау себептерінің түп тамырын ашып, елді пат­­шаға бас имеуге, бағынбауға, оның оз­быр­­лығына қарсы күресуге шақырады.
Жамбыл 1916 жылғы Ұлт-азаттық көте­рі­­лістің туу себептерін, халықтың билеуші топ­­тарға деген қарсылығын жырларында ай­қын сипаттайды. Мәселен, «Зілді бұйрық» де­ген өлеңінде:
Пристав келіп қалды бала сұрап,
Ел жатыр бермейміз деп қойдай шулап.
…«Қырсаң да баламызды бермейміз» деп
Тайсалмай әке-шеше жатыр сұлап, –
деп халық наразылығын көрсетеді.
Ол осы көтеріліске қатынасқан, тарихи оқи­ғаның куәсі болған. Сондықтан халық ба­сындағы ауыр халге күйініп, қолына дом­бы­расын қару етіп, елді рухтандырып, патша үкі­метінің қанауына қарсы көтеріліске ша­қырған. Жамбылдың шығармалары – біз үшін қымбат қазына. Өйткені, ол 1916 жыл оқи­ғасына арналған жырларында тарихи шын­дықты нақты түрде баяндап бере ал­ған.
Жетісудың губернаторы кейбір жергілікті би, төрелердің дем беруімен Верныйға ақын­дарды жинап алып, ел ортасында үгіт жүргіз, ақ патшаны мақта деген сыңайдағы бұйрық береді. Сол күннің өзінде патшаны, соғысты ма­дақтамадың деп қарт Жамбылды абақтыға да жабады. Жамбыл мұны өзінің «Менің өмі­рім» деген жырында төмендегідей етіп ес­ке алады:
Ақыны, әнші, күйші қыруар жан,
Аймағын Жетісудың жинап алған.
Сабаннан төсек, ерден жастық істеп,
Жатарға жай салғызды ат қорадан.
Сорпасы капустаның «ыстығына»
Сөткесіне кісіге бір қара нан!..
«Үгіт айт, патшаны мақта!» дейді,
«Болып жатқан соғысты жақта» дейді.
«Жыр айтсаң, құдай мен пайғамбарды айт,
Онан басқа жырыңды айтпа!» дейді.

Ұстаған қанды тырнақ елді қысты,
Кім болмақ ызаланса елден күшті?
Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда,
Николай ұрған доптай тақтан түсті.
Бұл жырын Жәкең былай аяқтайды.
…Жабырқаған халықтың көңілі өсті.
Сөйтіп, Жәкең 1916 жылғы Ұлт-азаттық кө­терілістің созыла түсіп, 1917 жылғы ақ пат­­шаны тақтан құлатқан Ақпан төңкерісіне ұласқанын айқын көрсетеді. Бұдан отар­шылдық пен қанауға ұшыраған халықтың ашу-ызаға булыққан шақта қандай күшке ие болатындығын байқаймыз. Ондаған жылдар бойы ұйқыда жатқан қазақ халқы ел басына күн туып, жау алқымнан алып, жан қысылған кез­де өз күш-құдіретін көрсете білді.
Жамбыл Жетісуда болған көтеріліс ке­зінде жай бақылаушы ғана емес, дүрліккен ел­мен бірге боп, оның жаршысы, жыршысына айналады. Ақын «Зілді бұйрық» жырында ел көтерілісін болған оқиғалар негізінде көр­сетеді. 1916 жыл жөнінде жазылған бай фольк­лор материалының арасынан бұл жыр­ды тапқан профессор Есмағамбет Ысмайылов екен. Өлеңді 1939 жылы Жамбылдың өзі­не оқып көрсеткенде менің жырым мұнан мол еді, бұл оннан бір бөлігі ғана депті. Өлең­нің бірде-бір сөзі өзгерместен 1940 жылы ба­сылған Жамбыл шығармаларының бір том­дығына енгізілген. Кейінгі 1946 жылы шық­қан толық шығармалар жинағына содан алы­нады.
Верныйдан 19 бен 31-ді аламыз деп келген пристав отрядына жастар топталып, Қар­ғалы өзенінің бойында қарсылық көр­се­теді. Ұсталған жастарды түрмеден босатып, бай, болыстарды өлтіреді. Ақын өз жы­рында жер, кісі аттарына дейін дәл етіп атау­ға, болған оқиғаны болған күйінде ай­туға тырысады. Онда аталған Бекболат, Сат­тар, Қалиғұл, Байбосын – Жетісуда кө­терілісті бастаған, ақын өз көзімен көрген бел­гілі батырлар. Ақын бұл жырында тек ба­тырлық дәстүр ғана емес, жалпы халықтық қозғалысты суреттейді.
Верный уезіндегі Қарғалы шұға фабрика­сы жұмысшыларымен Үшқоңыр жайлауын­да­ғы Қарамолда деген елдің біріккен ереуілі болады. Ереуілді Бекболат Әшекеев және сар­баздары Байбосын Тамабаев, Қалығұл Сапабаев басқарады. Ереуілді Верныйдан шық­қан жазалаушы отряд қанға бояп басады. Бекболат пен Байбосынды патша жен­дет­тері ұстап алып халықты қорқыту үшін Ал­матының солтүстік іргесіндегі Боралдай де­ген жерде 1916 жылы 9 қыркүйекте дарға асып өлтіреді. Азаттық аңсаған ерін дарға асу арқылы патша әкімдері қазақтың сағын сындырдық деп ойлайды. Міне, Жәкең осы оқиғаның ақиқатын ашып отыр.
Жамбыл «Зілді бұйрық» жырында Же­тісу­да, соның ішінде, сол кездегі Верный уе­­зінде болған Қарғалы, Самсы, Қастек кө­теріл­істеріне кеңінен тоқталады. Мысалы, жыр­да Қарғалы көтерілісі туралы былай делінеді:
Жиылды боз балалар бір кезеңге,
«Қарғалы» деген тасқын бір өзенге.
Пристав кетті «еріксіз аламын» деп,
Көресің бұл істі деп, кезегінде.

Бәрін де ол пристав жаттап алды,
Басшыларын қағазға қаттап алды.
Аттандырып бұл елге солдаттарын,
Басты-басты кісіні саптап алды.
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жаныңда қан, малыңда қалмай маңыз.
Оразаның күні еді сол уақытта,
Бұл күнде оразаны не қыламыз!

Суында Қарғалының ауыз ашты,
Бір бәлекет халыққа душарласты.
Басшылары кеткен соң тағат алмай,
Жиылған жұрт дағдарып жанталасты.

Келді де, алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап.
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жөнелді абақтыға соры қайнап.

Жақсыдан жақсы қоймай алды сайлап,
Қамалды абақтыға қырғыз-қазақ.
Білмеді не болғанын сырттағы жұрт,
Қамалғандар тірідей тартып азап.

Шулайды абақтыға қамалған көп,
Сырттағы жүр: «Біз енді қайтеміз?» деп.
Губернатор, жандарал жауапқа алды:
«Жайлауда ту көтеріп, шапқан кім?» деп.
Ешқайсысы айтпаған соң айғай сап кеп,
Өзі айтқан жандаралдың «Бекболат» деп.
Бекболат бола қалса ту көтерген,
Бұйрық қылды: «Дарға асып, тарт!» деп.

Қалиғұлды бірге жазды дарасына,
Байбосын қоса кетті арасында.
Абақтыда қалғандар естен танды,
Көзінің қамшы тиіп қарасына.

Әкетті байғұстарды арбаға сап:
«Иманыңды айтатын молдаңды тап.
Үндеріңді шығарма, өңкей надан,
Мұнан былай сөйлеме, аузыңды жап!».
Бұл оқиғаның Жамбыл тарапынан нақ­ты, шынайы тұрғыдан сипатталғанын тарихи құжаттар дәлме-дәл дәлелдейді. Мысалы, Отар учаскесінің приставы 1916 жылы 9 шіл­деде Верный уезінің начальнигі атына арнайы хаттама түсірген (Қазақстан Респуб­ли­касы Орталық мемлекеттік архиві (ҚРОМА, 44-қор, 1-тізім, 19573-іс, 3-парақ.). Онда 8-шіл­де күні бір мың адам жиналған «Үлкенсаз» жайлауында пристав қазақтарды патша жар­лығымен таныстырған кезде Қарғалы, Бидалы, Күрті, Ұзынағаш болыс­тарының бір топ жақсылары мен ақсақалдары жарлыққа қар­сы шыққаны айтылады. Олар: «Әскерге адам бермейміз! Атқа қонамыз! Соғысқа ба­рып өлгенше, осында өлгеніміз артық!» де­се­ді. Отар прис­тавы түсіндіріп те, қорқытып та байқайды, бірақ одан еш нәтиже шық­пай­ды.
Приставтың жанында осы жиылыста Қар­ғалы болысы – Сандыбай Шаңбаев, Би­далы болысы – Қырбас Ботабаев, Күрті бо­лысы – Қасембай Айғожин, Ұзынағаш болысы – Есдәулет Асылбеков, полиция бастығы Федор Брянцев, Ботпай болысының писарі А.Бронников және шабарман Қисым Ақмұрзин болған екен (ҚРОМА, 44-қор,1-тізім,19573-іс, 3-парақ.). Пристав осыларды болған оқиғаның куәгері ретінде алға тартады. Сөйтіп пристав патша жарлығына қарсы шыққан ел жақсылары мен ақсақалдардың тізімін жасап, оны уезд бастығына жеткізеді. Кейіннен 16 шілде күні сол тізім бойынша Верный түрмесіне жаңағы аталған 4 бо­лыс­тың 34 адамын әскер жіберіп, айдап әке­­ліп қамайды. Архив құжаттарына қара­ғанда, олар: Қарғалы болысынан: Әмір Тө­леу­баев, Садық Рысбеков, Тайсабай Дайырбеков, Есбай Медеуов, Әбиір Жәнібеков, Игібай Балғабаев, Жәншік Әлденов, Үмбетбай Әбілов; Бидалы болысынан: Қасымбек Бақтияров, Есенқұл Күртібаев, Әбдіраим Бөлшекбаев, Туматай Жанқұлы, Байбосын Шалтанбаев, Жексембі Найманбаев, Байғабат Байшүгіров; Күрті болысынан: Түгелбай Танқышов, Бөлекбай Тастанбеков, Әбділда Кенсатов, Жарқымбай Маденев; Ұзынағаш болысынан: Әлімбай Оспанов, Бөлшекбай Байбақов, Кенебай Қозыев, Таймасын Меңлібаев, Тепселбай Құттынбеков, Ахмет Құлжабаев, Шортанбай Жынынчанов, Ақберген Оспанов, Қондықбай Бекбаев, Абижан Тоқбергенов, Тайтелі Мұрзалин, Ша­ғай Ысмайлов, Кенебай Баетев, Изембай Сарыбаев, Рахым Отарбаев (ҚРОМА, 44-қор, 1-тізім, 19573-іс, 5-парақ.).
1916 жылы 17 шілдеде аталған адамдарды 3 айға Верный түрмесіне қамау туралы Же­тісу облысы әскери губернаторының арнайы қау­лысы шығарылады. Артынан олардың үс­тіне 6 адам әкеліп, тағы қамайды. Олар: Күрті болысынан – Қожмамбет Қилыбаев, Ас­қар Ибрагимов, Изембай Нұрабаев, Иманәлі Байхожин; Ұзынағаш болысынан – Қоқым Майкин және Омар Саркөбенов (ҚРОМА, 44-қор, 1-тізім, 19573-іс, 9-парақ.).
Міне, сөйтіп патша жарлығына наразы­лық білдіргені үшін ғана аймаққа беделі мен атағы күшті 40 адамды қамауға алып, олар­дың халықпен байланысын үзеді. Жергілікті патша чиновниктері олардың халық ара­сындағы ықпалынан және наразылықтың басқа аймақтарға таралуынан қаймығады. Бірақ соған қарамастан патшаның әміріне қарсылық үлкен ереуілдерге ұласады.
Кейінірек қамалғандар сұраққа алынып, тергеліп, патша үкіметі 26 адамды 23 шілдеде тұт­қыннан босатады. Оған халықтың талап-ті­легі, наразылығы себеп болады. Ал қал­ған­дары 3 ай бойы түрмеде ұсталады.
Ақын аталған жырда Самсыдағы Ботбай көтерілісі жөнінде былай дейді:
Самсыны алған екен Ботбай қамап,
Оларды жігітімен кетті сабап.
Тұтқындарды босатып ала алмады,
Бір пәлеге екінші пәле жамап.

Пристав та Самсыға барған екен,
Жәнібектің мешітін қамап алған екен.
Жәнібек қажы жанына ара тұрды,
Бір болыс ел жиналып барған екен.

Ала алмай күні бойы әлек болды,
Жәнібек приставқа себеп болды.
Ертеңіне құтылып Ұзынағашқа –
Шаңдатып келе жатты қара жолды.

Бөлек-бөлек топтанып шоқтай болып,
Бай көпесті өлтірді Ботбай болып.
Қолына онан басқа түк түспеді,
Кезсе де бұл маңайды әбден шолып.
Бұл көтерілістің қысқаша барысы мен маз­­мұны былай еді. Майдандағы қара жұ­мыс­қа адам алу жөніндегі патша жарлығы Верный-Пішпек жолында орналасқан Самсы бекетінің айналасындағы Ботбай болысы халқын да дүрліктіреді. Жер-жерде жиындар, басқосулар өтеді. Көрші болыстарға хабаршылар жіберіледі. Бас біріктіріп, өзара көмек көрсетудің шаралары жасалады.
Осы кездегі Ботбай болысының басшысы Қал­дыбек Алғадаев тыл жұмысына жібері­летін адамдардың тізімін жасауда белсенділік танытпаған екен. Тіпті, ешқан­дай іс-әрекет ж­а­самаған. Сондықтан Пішпек уезі нача­ль­ни­гінің 1916 жылы 26 шілдедегі Жетісу облысы әскери губернаторының атына жазған рапорты бойынша 1916 жылы 3 тамызда тура көтеріліс қарсаңында Жетісу облысы әскери губернаторы Фольбаумның бұйрығымен Қ.Алғадаев болыстық қызме­ті­нен алынып, оның орнына бұрынғы бо­лыс­тыққа кандидат болып жүрген Қасен Әжібаев тағайын­далады (ҚРОМА, 44-қор, 1-тізім, 19743-іс, 1,6-парақтар.). Бірақ бұдан іс ілгері баспайды. Қайта халықтың ызасы мен кегі шегіне же­тіп, дауылды шақ жақындай түседі.
Жаңа болыстың 5 тамыз күні тыл жұмыс­тарына адам жинау жөніндегі жиналысы өтпей қалды. Себебі дәл сол күні Самсының төменгі жағында жарлыққа қарсы 500 адамнан тұратын топтың жиылысы болып, онда олар бірауыздан әскерге бала бермеу жөнінде шешім қабылдады. Жұрттың көпшілігі осын­да бас қосып, ал қалғандары осы жиын­ның хабарын тағатсыздана күтті. Осы жиын­ның, ал кейіннен көтерілістің басшысы бол­ған адамдар мыналар еді: болыстыққа кан­дидат Бейсебай Қанапия, бұрынғы болыс бол­ған Ақкүшік Жолдыбаев, би Досым Боқ­басаров; ақсақалдар мен байлар: Қасеней Ай­дарбеков, Қалдыбай Тайторов, Әб­діжаппар Самалтыров, Жақыбай Бекбердин, Кетембай Рысқұлбеков, Әлдеке Бейсембінов, Байтөбей Өтелінов, Үшкемпір Саурықов, Қасым Қаражанов және т.б. Әбдіжаппар Самалтыров пен Естай Арықбаев Ырғайты болысына барып, бірлесіп көтерілу жөнінде келсіссөздер жүргізді (ҚРОМА, 797-қор, 1-тізбе, 36-іс, 158-парақ). Көтерілісшілер №4 ауылдың биі Қарымсақ Дайдейден қызметтік мөрін тартып алды.
Көтеріліс басшылары қатарында сонымен қатар Қалдыбай Байғазы, Құтпанқұл Сәт­баев, Әбдіхалық Абаданов, Байғұл Шың­ғысов, Бердібай Майемгенов, Омар Қал­қа­манов, Битен Жақыпов, Қарынбай Қаш­қым­баев, Жасыбай Ахменбетов, Сүлеймен Баятов, Толқымбай Рыспаев, Қалығұл Жолдыбаев болған. Бұлардың барлығы Ботбай болысының өзінен еді. Олармен бірге көрші болыстардан қатысып, басшылықта бол­ған­дар қатарында Батыс Қастектен Шерікбай, бұрынғы халық соты Шалғымбай, бұрынғы билер Қашаған, Аршабек, Тайторы болысынан бұрынғы халық соты Темірбек аталады (ҚРОМА, 797-қор, 1-тізбе, 36-іс, 60-61-парақтар).
1916 жылы 6 тамыз күні кешке қарай әскер­ге жігіт жинауға келген Отар учаскесінің приставы мен оның жендеттеріне қарсы халық наразылығы басталады. Самсыны Ботбай болысының және көрші болыстардан көмекке келген 5 мың адам қоршап алады. 1916 жылы 7 тамызда Түркістан өлкесінің ге­нерал-губернаторы А.Н.Куропаткиннің атына жіберілген жедел телеграммада Жетісу облысы әскери губернаторы М.А.Фольбаум Самсыдағы қазақтардың көтерілісі туралы былай деп хабарлайды: «Сегодня вечером скопища киргизов Ботпаевской, Восточно и За­падно-Кастекских, Ргайтинской и Тайторинской волостей Верненского уезда в районе ст. Самсы оказали явное неповиновение отарскому участковому приставу и проявили враждебность, испортив телеграф и нарушив правильность почтового движения. … Для наказания бунтовщиков и охраны русских селений высланы войска» (Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане. Сборник документов. – М., 1960. 332-333-б.б.).
Міне, сол шақта атағы осы аймаққа бел­гілі, елге беделді Майлыбайұлы Жәнібек қа­жы көтерілген қарусыз халықтың ке­лешегін ойлап, олардың өмірін сақтап қалу, пат­ша жандаралдары сөзсіз қаулатып жіберетін әскерінің қатал жазалау шараларын жұмсартып, тіпті, мүмкін болса, бетін қайтару үшін пристав пен жиналған елдің арасына жан дәрмендеп арашаға түседі.
7 тамыз күні таңертең приставы бар, пошта ұстаушысы бар топ шағын әскери отрядпен Ұзынағаш, Верныйға қарай қашып шығады. Кейіннен, қыркүйек айында Отар учас­ке­сінің приставы мен Самсы пошта стан­циясының пошта ұстаушысы Никитин біраз жасағымен бірге 7 тамызда таңертеңгі сағат 6-да 3-4 пәуескемен Казано-Богородское се­лосына (қазіргі Ұзынағашқа) қашып шыққандығын мойындауға мәжбүр болады (ҚРОМА, 44-қор, 1-тізім, 28881-іс, 132-парақ.). Көтерілісшілер пошта бекетін, телеграф баға­наларын талқандаған. Бірнеше орыс мұжықтарын, көпестерді қолға түсіріп, тұт­қындайды.
Самсы көтерілісінің дабыры патша жандаралдарының бір-біріне жіберген жедел телеграммалары мен хаттары арқылы Верный, Ташкент, Петроградқа дейін жетеді. Жедел түрде әскери отрядтар жасақталып, көтерілісті басып-жаншуға жөнелтіледі. Алғашында Самсыға есауыл Бакуревичтің жазалаушы отряды жіберілген екен. Тең емес шайқастарда екі жақтан да шығын болып, біраз қазақтар қолға түседі. Жендеттер бейбіт халықты талайды. Пошта жолын қалпына келтіру үшін хорунжий Александров басқарған тағы бір жүздік әскер жіберіледі. Есауыл Бакуревичтің отряды Тоқмақтағы көтерілісті басуға жіберілгендіктен Самсыға енді Верный дружинасынан прапорщик Махонин бастаған рота әкелінеді (Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане. Сборник документов. – М., 1960. 336-б.). Сөйтіп, Қастек, Тарғап, Отар, Самсы көтерілістері тамыздың ортасына қарай көрші Пішпек уезінің жеріне, Тоқмақ аймағына ауысады.
Патшаның зілді бұйрығы шілде айының басында Верный уезі Батыс Қастек болысы жұртына да келіп жетеді. Жарлықпен таныс­тыру үшін болыс басшылары Шығыс Қастек, Батыс Қастек, Шиен болыстарының адамдарын жинап, жалпы жиналыс өткізеді. Онда осы аймаққа беделі мен ықпалы бар Сарымсақ Шынтеміров, Ахмет Қожамқұлов, Сейдалы Садыбеков, Нақысбек Қанаев, Досқожа Қашағанов, Нүке Сатыбеков, Қашаған Рысқұлбеков, Тайжан Шынтеміров, Бейсебай Қасқарауов, Әбдікерім Сәмбетов, Рахмат Андосов, Керімбай Қожамбердиев, Алакүшік Ұлтанов, Сандыбай Жаманқұлов сияқты азаматтар сөз сөйлеп, әскерге адам бермейтіндіктерін, патша жендеттеріне қарсы шығудың керектігін ашық айтады.
Бұл кезде болыстар әскерге алына­тын­дардың тізімін жасап та қойған еді. 200-ден астам тізімге іліккен адамның аты-жөні осы жиналыста оқылады. Олардың көпшілігі кедей, жарлы-жақыбайлардың балалары еді. Жалпы жиналыс таяу арада көтеріліс жасау керек деп шешеді. Көршілес жатқан болыстарға адамдар жіберіледі. Нұрғожа Түргенбаев, Көкбай Қасқоров, Рысжан Елекенов сияқты ұсталар найза, қылыш, айбалта, шоқпар жасауға кіріседі (Национально-освободительное восстание казахских трудящихся против царизма в 1916 г. Сборник воспоминании и материалов. – Алматы, 1937. 142-б.). Ұрыс жоспары жасалып, патша солдаттары бекінген Шиен, Бұрған бекеттеріне шабуыл жасап, басып алу белгіленеді. Жұрт осы көтерілістің басшылары, қолбасшылары етіп Сатай Көбегенұлы Қарашевті және осы өңірге белгілі аңшы-мерген Нүке Сатыбековті сай­лайды. Көтерілісшілерде отты қару жоқ­тың қасы еді. Тек Нүке Сатыбеков баста­ған бірнеше адамда ғана мылтық болған.
Үкімет жансыздары арқылы дайындалып жатқан көтеріліс туралы біліп алып, оның алдын алу шараларын ұйымдастырады. 1916 жылы 6 тамызда Қастекке Верныйдан қаруланған 250 адамдық жазалаушы отряд шығарылады. 7 тамыз күні ұзынқұлақтан хабар алған жергілікті ел-жұрттың қару ұстауға жарарлық азаматтары Шиен маңын­дағы Қаратөбеге жиналады. Жиналған мың­нан аса сарбаз үш топқа бөлініп, патша отрядына жан-жақтан шабуылға шығады. Сатай Көбегенұлы 200 жігітпен сақадай-сай қаруланған жауға қарсы шабады. Ер Сатайға оқ тиіп, ат үстінен аударылып түседі. Көте­рі­лісшілер қаптал тұстан да лап береді. Бірақ жазалаушы топ көтерілісшілерді жаңбырдай жауған оқпен қарсы алады. Осы ұрыста ер Сатай бастаған оннан астам азамат ерлікпен қаза табады. Солдаттар да шығынға ұшырай­ды. Ұрыс барысында Нүке Саты­беков бас­таған мерген аңшы жігіттер Шиен мұжығы Москаленконы, жазалаушы отряд басшысы Пешковты атып өлтіреді (Восстание 1916 года в Казахстане. Документы и материалы. – Алматы, 1947. 122-123-б-б.). Батыс Қастек, Шиен болыстарындағы көтерілістер осылайша аяқталады. Қарусыз халық амалсыздан тау-тасқа шегінуге мәжбүр болады.
Патша әскерлері кейіннен Суықтөбеге қарай шегініп, қырғыз аспақ болған топты қуып жетіп, атқылап, қанды қырғын салады. Кө­теріліс басылған соң оның ұйымдастыру­шылары болған бір топ азаматты патша әскерлері тұтқынға алып, тергеп, сотқа тартады. Көпшілігін дарға асу арқылы өлім жа­за­сына кеседі. Тек 1917 жылғы патша өкі­ме­тін құлатқан Ақпан революциясынан кейін Уақытша үкімет бұл шешімді өзгертеді. Түрмедегі Қастек көтерілісінің жетекшілері босатылады.
Міне, осы Батыс Қастек, Шиен болысын­дағы 1916 жылдың тамыз айында болған Ұлт-азаттық көтерілістің жайын ұлы ақын Жам­был Жабаев өзінің «Зілді бұйрық» деген өлеңінде былай баяндайды:
Шиенде де әскерлермен ұрыс болды,
Сол ұрыста топ басы Саттар өлді.
(Саттар – Сатай болуы керек. – С.С.).

«Саттар өлді, ел қашты» деген хабар,
Ел елдерге жайылды оң мен солды.
Шұбырып тауға қарап ел жөнелді,
Не боларын соңынан кім біледі?
Тауға қашып өрмелеп тасқа бұғып,
Елдің бәрі жанынан түңілді енді.
Ертеңінде ел-елге әскер барды,
Шапшаң түсіп, келсін деп хабар салды.
«Қашқындарды атады» дегеннен соң,
Таудағылар кірер жер таба алмады.
…Аттандық ұлығының қонысына,
Елді сорған борсықтай болысына.
Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,
Көксеген азаттықтың соғысында.
Жамбылдың «Патша әмірі тарылды» деген жырында да маусым жарлығының шығуы, еңбекші халықты екі жақты қанау­дың бұрынғыдан да күшейгені айтылады. Езілген елдің ұлдарын қара жұмысқа алумен қоймай, халықты ата қонысынан, жер-судан айырды, өрісін тарылтты дейді. Жергілікті ұлықтардың патша жарлығын орындау үшін елдің дүниесін, үйлерін тін­тіп, елді тонауға кіріскені көрсетіледі. Ақын көтеріліс ал­дын­дағы осындай ауыр, аласапыран жағдайдағы бұқара халықтың ыза-кек намысын, ой-пі­кірін:
Бүйтіп көрген күн құрсын,
Жапырақтай қалтырап.
Таусылғандай тынысың,
Күнде жүрек қансырап, –
деп білдіреді.
Жалпы, Жамбыл жырларында көтері­лістің тууы, өрбуі, халықтың сана-сезімі оянуы жан-жақты жырланады. Жарлық жа­рия­ланған соң оған қарсы күрес жасауға бел байлаған қарулы көтеріліс Жетісу өлкесінде кең өріс алады. Жая, Қасқасу, Үшқоңыр, Құм­бел, Үлкенсаз, Қарақия, Майтөбе, Қара­бастау, Құлансаз жайлауларында жалғас отыр­ған елдер хабарласып, патша үкіметіне қар­сы соғысуға бәтуа жасаған.
«Патша әмірі тарылды» өлеңі сол оқиға ізі­мен шыққан. Ел Жәкеңнің өлеңдерін жат­тап әкеткен. Кейін көтеріліс саябырласа да Жамбылдың өлеңдері ел аузында сақталып қала берген. Ғали Орманов жазып алған «Патша әмірі тарылды» өлеңі 1946 жылы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналып шығарылған толық шығармалар жинағында алғаш рет жарияланды.
Жамбыл жырларының ерекшелігі – тарихи оқиғаның айқындығында, мазмұн жағы­нан салмақтылығында, терең мағы­налығында. Ең бастысы, ақын жеке ерлікті ғана дәріптемей, батырлардың іс-әрекетін жал­пы халықтық күрес ретінде көрсетіп, олардың рухын жаңа бір сатыға көтереді.
Жамбыл ақын 1916 жылдың батырлары туралы толғанғанда сөз нөсерін төгілте, түй­дектете, әсерлі етіп айтады. Қарт ақын бү­гін­гі ұрпаққа Амангелдінің патриоттық, ба­тырлық істерін өнеге етіп ұсынады.
Батыр бол, балаларым, бәрің-дағы,
Тап берген дұшпан иттің сынсын сағы.
Семсерін Амангелді тот баспасын,
Ел қорға, ұлы күннің туса шағы, –
дейді.
Жамбыл өлеңдерінде тек қайғы, ауыр жағдай ғана емес, сонымен бірге, үміт сәулесі бар. Оны 1940 жылы Жамбылдың бірінші то­мында жарияланған «Халық кегі» деген өлеңінен байқаймыз:
Бой бермес ел өмірі, асау шері,
Тұрса да құрсауланып тоқсан жері.
Бірде от, бірде суды көктей көшіп,
Талпынып тілегіне басты ілгері.
Жамбылдың 1916 жылғы Қарқара көтері­лісі басшыларының бірі – Жаңабай Құдай­бер­геновке қатысы да бір қызық оқиға. Бұл мә­селе жөнінде кезінде «Жетісу» газетінде ай­тылған еді.
Жамбыл 1881 және 1890 жылдары Жетісу­дағы Албан еліне барғанда ел-жұрт құрметпен қарсы алады. Осы сапарында Қарқара жайлауында өткен бір тойда Албанның алты арысының бірі Құдайбергенмен танысады. Қоңырдан шыққан Құдайберген бала жастан әнші, күйші, елге сыйлы еді. Оның арғы атасы атақты Ханкелді (Райымбек атасынан басқа) батыр, одан Балапан би, одан Құлжа, Құлжадан осы Құдайберген. Құдайбергенге дәулет бітіп, сәулет қонған. Ол Суан еліндегі атақты Әжібек қажының қызы Балдайға үйленген. Жамбылға Қарқара жерінде осы Құдайберген серік болады. Ол ақынды қонақ қылып ел-елге ертіп жүреді.
Осы кезде Стамбул сапарынан елге Құ­дай­­берген мен Балдайдың тұңғыш ұлы Жаңа­бай келеді. Ол 1865 жылы Алматы облысы қазіргі Ұйғыр ауданы Қырғызсай деген жерде туған. 1890 жылы Жамбылмен кездес­кен шақта жиырма бестегі қылшылдаған жас, білім алған, көптеген ел-жер көрген жігіт. 1871-1877 жылдары Әжібек нағашы ата­сының қолында болып тәрбие алған, мед­ресе бітірген, Әжібек қажы мен ұйғыр сау­да­гері Уәлибайдың қызметінде болып, Қашқар, Моң­ғол, Қытай, Сібір, Ресей, Орта Азия, Қы­рым, Кавказ, Ауған, Иран, Ирак, Түрік жер­лерін аралаған. Орыс, қытай, араб, ұйғыр тіл­дерін білген. Көргені де, білгені де көп, өзі шешен, өзі зерек, ақыл-ойдың иесі жас жігіт екен. Жамбыл мен Жаңабай бір көр­геннен тіл табысады. Оған Жамбыл жоғары баға береді. Жамбыл Құдайберген ауылының сыйлы қонағы болып он күн жатады. Жам­былдың құрметіне Жаңабай аламан бәйге, жорға бәйге, қыз қуу, жамбы атқызу, күрес, айтыс, көкпар ұйымдас­ты­ра­ды. Қарқара, Шал­көде, Көлсай, Айғайтас, Көкарша, Қа­рар­ша, Алтынкен, Аспан, Хасан тауларының көрік­ті жерлерін аралатады. Жамбыл осы күндері Жаңабайдың ақбақай торы атын мініп жүреді. Жаңабайдың жүріс-тұрысы, ақы­лы Жамбылға ұнағаны сонша, Жаңабайға ар­нап көлемді жыр шығарады. Одан үзінді кел­тірелік:
Жаңабай жас арыстан, өзі шешен,
Орыс, қытай, ұйғырдың тілін білген.
Қашқар, Моңғол, Қытай мен Ресейдің,
Иран, Ирак, Түріктің жерін көрген.
Аралап алатаулық қырғыз елін,
Өзбек, Түрікменнің көрген жерін.
Сібір, Алтай, Атырау, Кавказ, Қырым,
Қазақтың аралаған тау, тас, төрін.
Естідім Жаңабайдың жүрген жолын,
Жаңабай жігіт екен асқан дарын.
Байқайтын алды-артын, оң мен солын,
Қазақтың маңдайына туған бала,
Жаңабай қалар мәңгі ел есінде…
Бұл өлең жолдарын тарихшы, журналист Құр­ман Қожа-Ахмет Алғазыұлы Шарғын ақын­нан жазып алған екен.
Кейіннен Жаңабай Құдайбергенов 1916 жылғы Жетісудағы Қарқара Ұлт-азаттық кө­терілісі басшыларының бірі болады. Патша үкіметінің жендеттері оны ұстап, аяқ-қо­лына кісен салып, Қарақол түрмесіне қа­майды. 12 тамызда оның серіктері – Қарқара кө­терілісінің көрнекті басшылары Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, тағы басқа­лар­мен бірге «түрмеден қашуға әрекет жасады» деген жалған сылтаумен атқызып тастайды. Ол батыр, қолбасшы болған. Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы селосының орталық алаңында оның және көтерілістің бір топ құрбандарының аты жазылған қызыл мәрмәр ескерткіш тұр. Шонжының бір көшесі Жаңабай Құдайбергенов көшесі деп ата­лады. Қарқарада «Ереуіл төбе» деген қа­сиетті төбеде Қарқара Ұлт-азаттық көтері­лісінің бір топ басшысын мәңгі еске қалдыру үшін зәулім ескерткіш орнатылған. Сол ес­керт­­кішке Жаңабай Құдайбергенов есімі ал­тын әріппен ойылған. Сонымен Жамбыл ақын­ның айтқаны келіп, Жаңабай өзінің ер­лік ісімен ел есінде қалды.
1916 жылғы көтеріліс және оны ұйым­дас­тырушылар мен оған қатысушылар туралы ха­лық ақынының бірнеше жыры бар. Ақын­ның өмірбаяндық хикаятын жазушы Сапарғали Бегалиннің айтуынша: «Жамбыл сол 1916 жылғы оқиға жөнінде бірсыпыра жыр айтыпты. Бірақ ол жиналып жазыл­ма­ған» [Бегалин С. Жамбыл: Өмірбаяндық хикаят. – Алматы, 1996. 128-б.]. Өйткені, шын ақын өз айналасында болып жатқан оқиғалар мен құ­былыстардан тыс қала алмайды. Әсіресе, өз халқының тағдыры шешіліп жатқанда ақын шамасы келгенше тарихи шындықты дәл беруге тырысқан. Жамбыл ел қамы үшін, халықтың басына келген ауыртпалыққа қат­ты күйзелген, әсіресе ер азаматтар Бек­болат­тың, Сатайдың көтерілуі, олардың оққа ұшып, дарға тартылуы аса күңіренткен. Жам­­был­дың жан күйін онан сайын ауырлат­қан жағдай – халықтың босып Қытайға қарай ауғаны, қалған елге солдат шығып, ойына келген зорлық, зомбылықтың жасалуы. Сондықтан 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс – Жамбыл ақын шығарма­шы­лы­ғындағы ең негізгі тақырыптардың бірі.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің оқытушысы, тарихшы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.