ЖАМБЫЛ ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІНДЕГІ АЙТЫС АҚЫНДАРЫНЫҢ ПОЭЗИЯСЫ
01.08.2021
1350
0

   Ақындар айтысы – түркі өркениетінің көпғасырлық тарихында ата-бабаларымыздың рухани құндылықтары құрамында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан киелі сөз өнері. Ауызша және жазбаша дәстүрмен дамыған айтыс жырларынан халықтың терең ойлауға тән көркемдік эстетикалық және психологиялық-философиялық дүниетанымын даралана қалыптастырды.

         Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі салтанат құрып келе жатқан жаңа тарихымызда айтыс ақындарының поэзиясы классикалық көркемдік деңгейдегі  бұрынғы дәстүрді дамыта жалғастырды. Қазақ әдебиетінің ауызша поэзиясындағы философиялық толғаулары мен дастандарын, түре және сүре көлемдегі айтыстарын тұтастандыра дамытқан поэзия алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармашылық үрдісін қазіргі жаңа тарихымыздағы жас толқын ақындар өзіндік мәнерлі өрнектерімен жаңғырта жырлап келеді.

          Жамбыл ақынның айтыс поэзиясы қазіргі Тәуелсіздік дәуіріндегі айтыс ақындары жырларына классикалық көркемдік негіз болатын басты ерекшеліктерімен жүйелене бағаланады:

  • біріншісі – шағын шумақты түре және кең көлемді эпикалық толғау-дастан сипатындағы сүре айтыстарының қатарласа қолданылып тұрақты жырланатыны;
  • екіншісі – түре және сүре айтыстарының барлығының да ұйқастық өрімдерінің көркем мағыналы сөздермен, сөз тіркестерімен, халық даналығының ақыл-ой қорытпалары мақал-мәтелдермен, афоризмдермен өріле өрнектелетіні;
  • үшіншісі – суырыпсалма (импровизация) өнерінің психологиялық ықпалдылығы аясында туған халқымыздың ата-бабалық киелі ұстанымдарын, отаншылдықты, әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді, Қазақ мемлекеттілігін қалыптастырған, дамытқан хандарымызды, би-шешендерімізді, батырларымызды, Алаш көсемдерін, көрнекті қайраткер тұлғаларымызды ұлттық рух мақтанышымен жырлау;
  • төртіншісі – әлеуметтік-тұрмыстық ортадағы жағымсыз қасиеттерді (арамдықты, екіжүзділікті, өтірікшілікті, опасыздықты, күншілдікті, масылдықты, мәңгүрттікті, мансапқорлықты, зұлымдықты, т.б.) әшкерелеп сынайтын тәлімгерлік-тәрбиелік дүниетаным ұлағатының айқындылығы.
  • бесіншісі – тыңдаушыларды айтыс жырларының ағыл-тегіл төгілген бейнелі өрнектерімен үйлестіріп сүйемелдейтін домбыраның күмбірлеген, сырнайдың құйқылжыған әуендерімен тұтастыратын мақамдардың-саздардың әуездік сарындарының эстетикалық әсерлілігі.

     Поэзия алыбы Жамбылдың, оның ұстазы Сүйінбайдың  және олардың дәстүріндегі ақындардың айтыс поэзиясындағы осы аталған ерекшеліктер ХІХ–ХХ ғасырлардағы және қазіргі ХХІ ғасыр басындағы ақындар шығармашылығына тұрақты бағдар болғаны рас.

     Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген жаңа тарихымызда баба дәстүрлі суырыпсалма (импровизация) өнерінің психологиялық-поэтикалық тұтастықтағы ықпалымен жырлайтын талантты ұрпақтың жаңа толқын өкілдері ауылдық, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық ақындар айтыстарындағы Жамбыл дәстүріндегі жырларымен халықтың қабылдау ықыласын иеленді. Суырыпсалма-төкпе ақындық щығармашылық психологисымен туындаған жырларымен жаңа жас толқын ақындарымыз Ұлы Даламыздың байырғы дәстүрлі сөз өнерін жаңғырта, түлете дамытты.

     ХХ ғасырдың 90-жылдары мен қазіргі ХХІ ғасыр басындағы айтыс поэзиясы дамуы үдерісіндегі ақындар шығармашылық даралықтарымен халыққа танылды. Атап айтқанда, Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Серік Құсанбаев, Бекарыс Шойбеков, Елена Әбдіхалықова, Оразалы Досбосынов, Дәулеткерей Кәпұлы, Әзімбек Жанқұлиев, Айтақын Бұлғақов, Ақмарал Леубаева, Кәрима Оралова, Әбілқайыр Сыздықов, Ринат Зайытов, Айбек Қалиев, Серік Қалиев, Аспанбек Шұғатаев, Серікзат Дүйсенғазин, Мұхтар Ниязов, Бақыт Жағыпаров, Жансая Мусина, Балғынбек Имашев, Еркебұлан Қайназаров, Болатбек Оразбаев, Мейірбек Сұлтанхан, Рүстем Қайыртайұлы, Шұғайып Сезімхан және т.б. жас толқын ақындар баба дәстүрдегі айтыс поэзиясының көркемдік сапасын жаңа өрнектерімен байытты.

     Жаңа дәуіріміздегі айтыс ақындары суырыпсалма (импровизация) қуатымен төгілген поэзияны бейнелілік-көркемдік өрнектерімен жырлап, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Біржан, Кенен, Нартай Шашубай, Көкен, Манап, Қалихан, Әселхан, т.б. көрнекті ұстаз тұлғалар дәстүрін жаңғырта жалғастырды. Ең бастысы – айтыс поэзиясында Қазақстан Республикасының отарлық бұғаудан құтылғаны, ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттерінің қалпына келтірілгені, әлем өркениеті кеңістігінде Тәуелсіз мемлекеттер қатарында танылғаны, т.б. дәуірнамалық-тарихнамалық тақырыптардың ұлттық рух серпілісімен жырланғандығы. Ақындар Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанын, мемлекеттік рәміздеріміздің (Ту, Елтаңба, Әнұран) қабылданып бекітілгенін, ұлттық валютамыздың – теңгенің айналымға енгізілгенін ақындар азаматтық-ұлттық мақтанышпен толғады. Сонымен бірге, Алаш арыстарының (Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев) жарқын тұлғаларының ұлттық тарихымыздағы биік тұғырларының қайта қалпына келтірілгеніне арналып тебіреністі жыр-шашулар төгілді. Алыс, жақын шетелдердегі қандастарымыздың Атажұртқа орала бастаған көші-қон үдерісі азаматтық марқайыс сезімімен жырланды. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ЮНЕСКО шешімімен хакім Абай Құнанбайұлының 150, Махамбет Өтемісұлының 200, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойларының өткізілгені халықтық қуаныш тебіреністерімен мадақталды. Қазақ өркениетінің әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғалары Мұхаммед Хайдар Дулатидің 500, Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойлары да жалпыұлттық рухани мәртебелену аясында жырланды. Алаш арыстары белгілеп бекіттірген мемлекеттік шекараларымыз негізіндегі Тәуелсіз Қазақстан Республикасы географиялық аумағының халқымыздың мәңгілік меншігі, Атажұртты жатжерлік басқыншылардан, шапқыншылардан, отаршылдардан қорғаудың, сақтаудың ұрпақтар үшін мәңгілік борыш екендігін аманаттау, міндеттеу ақындар жырларымен тұжырымдалды. Айтыс ақындары халқымыздың ата-бабалық киелі салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, фольклорлық, әдеби және мәдени-тарихи мұраларын жаңғырта бағалау ұстанымын халықтық-педагогикалық тәлім-тәрбие негіздері аясындағы насихаттық сарындарымен толғады.

     Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі салтанат құра бастаған жаңа дәуіріміздің жетістіктерін осылайша қуана толғаған айтыс поэзиясының ақындары жыр сайыстарының арқауында азаматтық сыншылдық сарындарды да дамытты. Ақындардың суырыпсалма жырларының сыншыл сарындары  қазақ поэзиясының тарихындағы көсем жырауларымыздың (Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Марғасқа, Доспамбет, Жиембет, Үмбетей, Бұқар), ақындарымыздың (Шал, Сүйінбай, Махамбет, Дулат, Шортанбай, Мұрат, т.б.) халықшыл-күрескер ойларының жалғасындай сипатымен өрнектеледі. Атап айтқанда, жекешелендіру кезінде билік иелерінің халықтың ортақ байлығын иеленіп кеткен озбырлығы, өмір бойы адал еңбегімен күн көрген қарапайым халық өкілдерінің ортақ мүліктен құр қалып тақыр кедейлерге, жұмыссыздарға айналғаны, сыбайлас жемқорлықтың, парақорлықтың асқынғаны, халық мүлкін, қаражатын заңсыз иеленгендердің жемқорлығы-қорқаулығы үшін жазаланбайтындығы, жемқор-парақор алаяқтардың шет елдерге қашып кетіп, сол жақта аман-есен өмір сүріп жатқандары, халықтың қалт-құлт еткен тұрмыстық хал-ахуалының төмендігі, шет елдік алпауыттардың Қазақстандағы өндіріс орындарын пайдаланудағы шектен тыс өктемдігі ақындар айтыстарында әшкерелене қамтылып келеді. Ақындар жетім балалардың шетелдіктердің асырауына сатылып жатқанына, қазақ аруларының шетелдік қалталылардың көңілдестеріне немесе екінші әйеліне айналғанына күйзеле, күрсіне жыр арнады. Сонымен бірге, мемлекет құрушы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толыққанды еншілей алмай келе жатқанын ақындардың күйзеле толғауы –нағыз зар замандық мұңды-шерлі сарынның көрінісі! Мемлекеттік басқару –билік жүйесіндегі кейбір жауапты шенеуніктердің қазақша сөйлей де, жаза да алмайтын рухани мүгедектігі – біздің қазіргі халықтық-қоғамдық трагедиямыз. Қазіргі айтыс поэзиясының ақындары қазақтың ұлттық дүниетанымынан жұрдай, дүбәра көзқарастағы әділетсіз билік иелерін әшкерелей сынау арқылы киелі ата-бабалық сөз өнерінің шыншыл-демократиялық қызметін сенімді дәлелдеулерімен халқымыздың ыстық ықыласын иеленді.

     Тәуелсіздік дәуіріндегі айтыс ақындары – Отанымыздағы мәдени үдерістегі қызметтерімен де танымал тұлғалар. Республикалық, халықаралық айтыстарда суырыпсалма-төкпе ақындығымен даралана танылғандардың барлығы да орта және жоғары білім иелері. Бірқатары филология ғылымдарының кандидаттары докторлары, ғылым магистрлары (Мэлс Қосымбаев, Елена Әбдіхалықова, Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсенғазин, Дәулеткерей Кәпұлы, т.б.).

     Қазақстан Республикасындағы жоғары білім берудің іргелі ордаларында (Абай атындағы ҚазҰПУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, т.б.) айтыс ақындарының жас толқын өкілдерін жетілдіріп, іріктеу жұмыстары әртүрлі деңгейде жүзеге асырылды. Қазақстандағы жоғары білім берудің тұңғыш қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде 2016-2021 жылдары аралығында «Менің пірім – Сүйінбай» тақырыбымен еліміздегі жоғары оқу орындары білімгерлері (студенттер, магистранттар) қатысатын жас ақындар айтыстары тұрақты өткізіліп келеді. Қазылар алқасының сараптауымен бағаланған жеңімпаздардың одан кейінгі республикалық, халықаралық жыр сайыстарына қатысулары бағдарланады.    

     Бұл – қазақ халқының баба дәстүрлі ұлттық сөз өнерін жаңғырта дамытудың ықпалды жолы. Көркем поэтикалық мағыналы сөздер мен сөз тіркестері түзілген жырларды суырыпсалма шеберлігімен төгілте толғаған жаңа жас толқын ақындар ортасынан дараланған кемел ақындардың ұлттық әдебиет қазынасын толықтыра берері анық. Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің Халықаралық Одағының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман – ХХ ғасырдың 70-90-жылдары мен қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы қазақтың айтыс поэзиясының әлем өркениетіне, танылуына зор ықпал етуші тарихи тұлға, 2015 жылдың желтоқсан айында «Намибияның Виндхук қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің сессиясында Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп жолдаған «Айтыс – импровизация өнері» атты номинациясы Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекті тізіміне енгізілді» («Егемен Қазақстан», №233 (28711), 4 желтоқсан, жұма, 2015 жыл, 1-бет). Осы комиссияның 2014 жылғы сессиясында БҰҰ ЮНЕСКО-ның тізіміне өз елімізден «Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері» және Қырғызстанмен бірлесіп ұсынған «Киіз үйді жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» атты номинациялары да енген еді. Бұл орайда, көпғасырлық тарихында Ұлы Даламыздағы материалдық және рухани мәдениет салаларының жетістіктерімен жалпыадамзаттық өркениет дамуына ықпал еткен халқымыздың дүниетанымын танытатын ақындар айтыстарының маңыздылығын айрықша бағалаймыз.

     Қорыта айтқанда, әлем өркениетіне қазақ сөз өнерінің құдіретін ХХ ғасырдың 30-40-жылдарында тұңғыш танытқан поэзия алыбы Жамбыл атамыздың киелі дәстүрі қазіргі рухани жаңғырудағы жаңа тарихымыздың жас толқын айтыс ақындары поэзиясының көркемдік-эстетикалық қуатымен жалғаса береді. Бұл – Ұлы Дала Елі – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының әлем өркениеті кеңістігіндегі шексіз  болашаққа ұласатын дүниетаным ұлағаты.  

Темірхан Тебегенов,

филология ғылымдарының докторы,

профессор, ҚР Гуманитарлық

ғылымдар Академиясының

академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір