БІР СУРЕТ ПЕН БІР МАҚАЛА ЖАЙЫНДА

0
407 қаралды

100-жылБиыл қазақ халқының тарихында орны бөлек 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы ғой. Соған орай ойда жүрген бір жайтты жазғым келіп, біраз әдебиет ақтарғаным бар еді. Сонда халқымыздың тарихына қатысты «бұл қалай?» деп таңғалатындай, тіпті «мынау масқара ғой!» деп ренжитіндей оғаш нәрселер де кезікті. «Осындайлардан арыла бермесек, тазара бермесек, кейінгі ұрпақ оны жаңсақ қабылдап қалады ғой» деген ой келіп, солардың бір-екеуін жұртқа жариялауды жөн көрдім.


фотоТұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
тұңғыш қазақ энциклопедияшыларының бірі

1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азия­дағы Ұлт-азаттық көтеріліс пат­ша­лық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған еді ғой. Петербургтегі ор­талық үкімет оны жан-жақты талдай ке­ліп, көтерілістің аса қауіпті өңірі Түр­кістан өлкесі, оның ішінде, әсіресе, Қы­тай­мен шектесіп жатқан Жетісу облысы деп тауып, ондағы көтерілісті тез арада қан­ға бояп басудың стратегиялық жос­па­рын жасады. Ол жоспарда Жетісу облысын барлық жағынан қоршап, кө­терілісті тез арада тұншықтыру; ол үшін күшті қаруланып, арнайы жасақталған «жа­залаушы» отрядтар жіберу; жергі­лікті ка­зак-орыстар мен қоныс­тану­шы мұ­жық­тарды мобилизациялап, бұра­та­на­лар­ды аяусыз жазалау мен талап-тонауға ба­рынша пайдалану; көтерілісті жаныш­тап басқан соң, байлығы мол, шұрайлы да көрікті жер­лерді бұратана­лардан тазартып, тек қана орыстар тұратын ме­кен­­ге айналдыру және басқа мәселелер бел­гіленді.

Осы стратегиялық жоспарды жүзеге асыру сол кездегі Жетісу, Сырдария, Фер­ғана, Самарқан, Закаспий облыстары қарайтын Түркістан өлкесінің ге­нерал-губернаторы әрі әскери қол­бас­шы­сы А.Н.Куропаткин мен Аягөз, Қа­­пал, Лепсі, Жаркент, Пржевальск (Қа­рақол), Верный (Алматы), Пішпек уез­дері қарайтын Жетісу облысының генерал-губернаторы әрі Жетісу казак-орыс әскерінің атаманы И.А. Фольбаум­ға жүктелді.

Өлке мен облыстың бар билігін уыс­тарында ұстаған бұл самодержавие қол­шоқпарлары стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға жандарын сала кірісті. Тамыздың 14-інде Жетісу облысында, 24-інде бүкіл Түркістан өлкесінде тө­тен­ше әскери жағдай жариялады. Ерекше құқылы әскери дала соттарын құрды. Жер-жерде мұздай қаруланған «жазалаушы» отрядтар жасақтады. Жергілікті казак-орыстар мен қоныстанушы мұ­жық­тарды мобилизациялады. Сөйтіп, Же­тісудағы көтерілісті тез арада аяусыз басуға адам саны 30 мыңдай «жазалаушы» күш жұмылдырылды.

Түркістан өлкесінің губернаторы әрі әс­кери қолбасшысы Куропаткин жер-жерге аттанатын «жазалаушы» отряд­тар­ға: «Бұзақыларға қарсы шешуші және еш­қандай жас, жыныс ерекшелігіне қа­ра­май аяусыз жазалау жүргізілсін!» деген қанды бұйрық берді. Мұнысы көте­рі­ліске шыққан бодан халықты ең­бек­теген баласынан еңкейген кәрісіне дейін еш­теңе­сін қалдырмай қырып-жой деген ге­ноцидтік бұйрық еді. Олар оны одан да асыра орындады. Жетісу облысынан 420 мыңдай қазақ, қырғызды зең­бірекпен ат­қылап, Қытайға босып кетуге мәжбүр ет­ті. Тау-тасқа тығылған кемпір-шал, ба­­ла-шаға, бейбіт халықты қынадай қыр­ды, мал-мүлкін тонады, үйлерін өр­теді. Қолына түскен қазақ, қырғыз, ұй­ғыр, дүнгенді кез келген жерде атып ке­­те берді.

Жетісу көтерілісі бәсеңдеп, басылуға ай­налған шақта Куропаткин Ташкенттен Алматыға келді. 16 қазан күні өзі тө­рағалық етіп, облыс губернаторы Фоль­баумды және облыстың қазына, жер, жерге орналастыру, көші-қон, әс­кери басқарма, тағы басқа басшыларын қатыстыра отырып үлкен кеңес өткізді. Ол кеңес қорытындысында Куропаткин: «орыс солдатының қаны тамған жердің бәрі қазақ, қырғыздардан тартып алынсын!» деп жарлық берді. Жаркент уезінің Албандар мекен еткен Кеген жазығы, Те­кес, Шәлкөдесу аңғары, Қарқара өңі­рі; Пржевальск, Пішпек уездеріндегі Ыс­тықкөл жағалауы мен Кебен, Шу жа­зығының бөліктері қазақ-қырғыздан та­зартылсын; бұл жерлерде тек қана орыс­тар тұратын ерекше Пржевальск уезі құрылсын, ол екі приставқа бөлі­не­тін болсын деп бұйырды.

Куропаткин Түркістан өлкесін бас-ая­ғы 6-7 ай ғана биледі. Осы уақыт ішін­де 347 адамды дарға асуға қол қо­йып­ты, 3000-нан астам адам көтеріліске қатысқаны үшін түрлі жазаға тартылыпты. Ал оның «…жас, жыныс ерекшелігіне қарамай аяусыз жазалау жүргізілсін!» деген бұйрығымен сотсыз, тергеусіз қы­рыл­ған бейбіт халық мыңдап саналады.

Осы Куропаткин орыс энциклопе­дия­ларына енген екен. Онда «Орыс әскери қайраткері, инфантерия генералы» деген анықтама беріліпті. Бірнеше жыл Ре­сейдің әскери министрі болыпты. Орыс-жапон соғысында ондағы барлық қарулы күштерді басқарған екен, бірақ жеңіліске ұшырап, дарынсыз, жігер­сіз­дігімен көрініпті. Бірінші дүниежүзілік со­ғыс­та біраз уақыт Солтүстік майданды басқарып, онда да сәтсіздікке ұшырапты. Одан кейін, 1916 жылдың шілде айынан бастап Түркістан өлкесінің генерал-гу­бернаторы әрі әскери қолбасшысы болып, ондағы көтерілісті басуға басшы­лық еткені айтылыпты. Уақытша үкі­мет­тің рақымшылық жасауымен 1917 жыл­дың мамыр айынан өмірінің соңына дейін Псков губерниясындағы өз име­ниесінде тұрыпты.

Кеңес дәуірінде, 1968–78 жылдары шық­қан 12 томдық тұңғыш қазақ энциклопедиясы Қазақстанға, қазақ халқына жаулығынан басқа ештеңесі болмаған патша үкіметінің бұл қолшоқпарын энциклопедияға енгізген жоқ еді. Ал тәуелсіз елімізде шыққан «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында оған «жоқ­таушы» табылып, арнайы мақала беріпті. Не үшін берді!? Берген екен, ол адамның қазақ халқы мен Орта Азия ха­лық­тарына жасаған қиянатын, шовинистік, гено­цид­тік бет-бейнесін ашып беруі керек еді ғой. Жоқ, олай етпейді. Орыс энцик­лопедия­сындағы мақа­ланы қайталап, солардың тұрғысынан жауырды жаба тоқиды. Онымен қоймай, орыс энцикло­педиясын өзінше «толық­тырып»: «Куропаткин Қазақстанның тарихына, сауда қатынасына, географиясына қатысты бірнеше еңбек жазды» деп (5-т., 101-б.), оны қандай пиғылмен жазғанына қара­мастан, Қазақстанға еңбек сіңірген, жақ­сылық жасаған адам етіп көрсетеді, бүй­регі бұрып, іш тартады. Өкінішті-ақ!

* * *

Бірде 2004 жылы шыққан «Жетісу» энциклопедиясын ашып отырып, 312-бет­те тұрған бір әскери адамның су­ре­тіне көзім түсті. Басы жалаңбас, мойы­нын­­да крест, омырауы толған ор­­ден-медаль, патшалық Ресейдің генерал мундирін киген. Сурет «Жетісу ка­зак-орыстары» деген мақаланы елден ерек­ше айшықтап, сәндеу үшін берілген екен. Мақала көлемінің үштен бір бө­лігін алып тұр. Осынша әспеттелген бұл адам кім болды екен деп сурет астындағы жазуға қарадым: «И.А.Фольбаум. Же­тісу казак-орыс әскерінің атаманы» деп жазылыпты. Жетісудағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске байланысты бұл атаманның кім екенін білетін едім. «Әке-ау, бұл қалай болғаны!?» деп таң­ғал­дым.

Оның әлгі суретін халқымыздың осы кітапқа енген бірнеше ардақты ұл­дарының суреттерімен салыстырып көр­дім. Жетісу Ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Тоқаш Бо­киннің суреті (214-б.) мен Қарқара-Ал­бан көтерілісі басшыларының бірі Ұзақ батырдың суретінен (606-б.) екі еседей; мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың суреті (517-б.) мен халқымыздың мақ­та­нышы Шоқан Уәлихановтың суретінен (602-б.) бір жарым еседей үлкен екен. Патша үкіметінің қолшоқпары болған казак-орыс атаманының халқымыздың аты аталған перзенттерінен де артық әспеттелгеніне іштей ренжіп, «масқара-ай!» дедім.

Енді оның Жетісу көтерілісін басу­дағы бейбіт халыққа жасаған қырғын-қиянаттарын айтпай-ақ, мұрағаттарда жатқан бұйрық-жарлықтарынан үзінді келтірейік.

1916 жылдың 14 тамызында уезд бас­ты­ғына берген бір жарлығында былай депті: «Верный уезінде алғаш бас көтер­ген­дердің бірі Ботбай болысы болатын. 10 тамызда хорунжий Александров өзі­нің қоластындағы жүздігімен барып, осы болыстың үш ауылындағы адамдарды түп-тұқиянын қалдырмай түгел қыр­ды, үйлерін өртеді, малдарын айдап әкетті… Бұларды осылайша тәубеге келтіру керек!».

1916 жылдың 13 қыркүйегінде Лепсі уезі­нің бастығына жолдаған жеделхатын­да: «Біздің әскерлер мен қарулы пересе­лендерге мынаны жеткізіңіз: көтерілісті тез басудың бір ғана жолы бар. Ол – бас­қаларға сабақ болу үшін бүлік шы­ғарған бірер болыстың бірнеше жүз адамын бірден қырып тастау», – дейді.

Бакуревич деген «жазалаушы» отряд бас­тығына берген бұйрығында: «Жол­дарыңда кездестірген киргиздардың (қа­зақтардың) бәрінің көзін құрта бе­рің­дер, ешқандай аяушылық болмасын!» депті.

«Жазалаушы» отрядтардың бас­тық­та­ры­на жіберген бір жеделхатында бы­лай деп бұйырады: «Қазақтардың аз ­ғана болса да тобын көрсеңдер, бүлік­ші­лер деп санаңдар да, аяусыз жазалаңдар. Қолға түскендерін әскери сотқа тартып, дереу дарға асыңдар… Аяушылық деген болмасын!».

Сондай-ақ, Фольбаум 1916 жылғы Же­тісу Ұлт-азаттық көтерілісін ұйым­дас­тырушылардың бірі Тоқаш Бокинді тұтқындау немесе өлтіру жөнінде по­лицияға тапсырма беріпті.

Жетісудағы көтеріліс басшыларының бі­рі Бекболат Әшекеевті дарға асуға бұйырған да осы атаман.

Міне, «Жетісу» энциклопедиясында су­реті елден ерекше әспеттеліп берілген Фольбаумның шынайы бет-бейнесі осындай.

Ресейде царизмді жойған 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Куропаткин Ташкентте тұтқындалған екен, бірақ Уа­қытша үкімет оны қайта босатып жі­беріп­ті. Ал Фольбаумды тағдыр Ақпан төң­керісіне жеткізбей-ақ жазалапты. Ол бейбіт халықты қырғынға ұшыратқан бұйрық-жарлықтарын асқан ерлікке, қы­рандыққа балап, өзінің сол кезде неміс­пен соғысып жатқан орысқа жат кө­рінетін аты-жөнін «Соколов-Со­ко­линс­кий» деп өзгерткен екен, бірақ оның «қызығын» көре алмай, 1916 жылы қа­зан айының аяғында өз ажалынан ана дүниеге аттанып кетіпті.

Халқымыздың осындай қас дұш­пан­дарын қастерлі кітап – энциклопедияға енгізу, енгізіп қана қоймай, ептеп дәріп­теу, суретін ерекше әспеттеп беру нені көрсетеді?

Энциклопедия көптеген адамның қатысуымен шығатын ұжымдық еңбек қой. Жоғарыда біз тілге тиек еткен екі нәрсеге солардың бірде-бірінің мән бермеуі біздің 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске қатысты тарихымызды он­ша жақсы білмейтінімізді көрсетеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытауда берген сұхбатында «…үлкен та­рихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек… Тарихын білмеген ұлттың бо­лашағы да бұлыңғыр», – деп, тарихымызды білуге үндегені есімізде.

Халқымыздың сан ғасырлық Ұлт-азаттық көтерілістерінің ең биік шыңы болған 1916 жылғы көтерілістің 100 жыл­дығын атап өту Елбасымыздың үн­деуіне үн қосып, сол бір қаһарлы жыл­дың қатпарлы тарихын білуге қызмет етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір қосу