ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ЖОҚТАУ
26.02.2016
2378
0

Жамбыл+1Әңгімені өзіне Жамбыл сыйынатын, жырына жұрт сүйінетін асқақ ақын Сүйінбай Аронұлы жайынан бастау дұрыс болар, абзалы. Әдетте ақындарды еске алғанда, кім-кімнің де бойын жауапкершілік сезім баурап, ойына қос-қабат міндеттердің қатар оралатыны бар ғой. Сондай жауапкершілік билеп архивімді аштым. Архивімде КСРО кезінде «Орталық Мемлекеттік әдебиет және өнер архивінен» көшіріліп алынған көп материал бар екен.  Қолжазба «Жамбыл өлеңдері мен естеліктер» деп аталады. «120 бет. 1939-1944 ж.» деген белгі таңбалар бар. Жоғары жағына Бәдел Тұрсымбаев деген азаматтың аты-жөні жазылыпты.

Бәдел Тұрсымбаевтың қолжазбасынан бір байқағанымыз, ол түп-түгелімен Жәкең аузынан жазылып алынбаған секілді. Кей­бір жазбалар Жәкеңмен қатар жасасқан әлдеқашан көздерін суық топырақ жапқан замандастарының естелік әңгімелері. Несі бар, бұл да игілікті бір іс. Ол-ол ма, аракідік тас­қа басылған жазбалар да бар қолжазба ара­сында. Қалай десек те, бәрі жиналып бір жүйеге қызмет ететін осы сала-сала істердің ба­сы-қасында кезінде Бәдел Тұрсымбаев жүрген болса құрметті-ақ іс.

Бір бума (папка) қолжазбаның ішінен біреуіне нақтылап тоқталайық. Қолжазба – «Жамбылдың Сүйінбайды жоқтауы» ата­ла­ды. Қос бетті жазудың көлемі – 13 парақ. Сарғайыңқы парақтардың сақталуы әзірге тәп-тәуір. Сиямен жазылған қолжазбаның соңғы бетіне «Бірлік» колхозының мүшесі 67 жастағы Үрестембеков Рысбайдың ай­туы­нан» жеп жазылыпты. Әңгіменің жазылып алынған ай-күні көрсетілмеуі өкінішті.

Әңгімешінің айтуына қарағанда, бұ­лар­дың ауылына Қарабек аталатын бір кісі келіпті. Асығыс жүріс ыңғайы бар. Мән-жай­ды сұрағандарға: «Сүйінбай әкеміздің жиынын өткізуге ақылдасайық, қатар жат­­қан ағайындарды ақылға шақырыңдар», – деп ауыл адамдары жұмсап, сонымен ақыл­­дасуға бас қосу жиынына шақырып жүрген адамдар едік» (2-бет) деп жауап беріпті ол.

Әңгімеден бірсыпыра жайға қанығамыз. Айталық, Сүйінбай суық күзде дүниеден қайтқан. Ақын өмірін зерттеушілер үшін бұл бір таптырмас дерек көзі. Қаза бір шаңы­рақта болғанымен, қайғы мұқым Шапырашты руына, тіпті иісі қазаққа ор­тақ. Екейдің ел жақсыларының алыс-жа­қын ағайын ақсақалдарын жиып, алқалы кеңеспен ақын асына дайындалуында осын­дай мән бар. Ал мұндай құрмет ел жұр­тының аса сыйлы адамына көрсетіледі. Ілу­де бір көрсетілер елдік ерен кәденің Сүйінбай пешенесіне жазылуы дұрыс па еді? Әбден дұрыс-ты. Ол берісі Екей, әрісі Ша­пыраштыны қойып, иісі қазаққа аты шық­қан, дүйім қазақ жұрты атынан айтысқа түсіп «ақсұңқар құс боп шаңқылдап» абыройы аспандап өткен ақын-ды.

«… кешке жақын шалдардың төбеге шығып отыратын күндегі әдеті еді, – дей­ді одан әрі әңгіме сабақтаған қарт, – тө­беге мен де барып отырдым» (4-бет). Ел қамы, жұрт қамын жер қайран қарттардың осындай бас қосулары да көзден бұлбұл ұшты-ау бұл күнде. Әрі өткен тәжірибе, көне әңгімені кәрі зердеден жас құлаққа өткізетін де дәстүр ісі еді ғой.

Өткен-кеткенді әңгіме етіп отырған қарттардың бірі «Сүйінбайдың ас-жиыны қалай өтер екен?» деп төңірегіне ой тас­тайды енді. Сол сәт «Сүйінбайдың ас-жиы­нын көрсек деген ой сол отырған адамдарға да, маған да үлкен әсер етті», – (4-бет) дейді әңгімеші.

Ұзамай Екей елінің ақсақалдары Сүйін­бай ауылына кеңеске барып оралды, мән-жайды біліп қайтты. «Сүйінбайдың ас-жиынын қалай өткізу жөнінде Шапырашты елінің бірқатар адамдары қатынасты, ақылдасып мына қорытындыға келді: 300 шамасында үй тігілсін, 3-4 күн қонақ алынсын. Құнан ат шабылатын болсын, Шапырашты елінің жігіттері ол жиынға қызмет істесін деп тиянақ болды деді барып келген адамның біреуі» (5-бет).

Рыс­бай қарияның бала шақта көрген, білген әңгімесіне ден қояйық…

«Ауыл адамдары екі үй апарамыз, бие байлап, саба апарамыз деп дайындайды. Ауылымыз Құтырған өзенінің бойында.

3-4 күннен кейін үйді көшіріп барып, қондырып келді. Онан бірер күн өткеннен кейін, ауылымыздың барлық адамдары аттарын ұстап, ерттеп түгелдей атқа мініп, Құтырғанды өрлеп көп адам боп келе жатырмыз Құтырғанның басына таман келіп күн шығысқа қарай қырқамен жүре бастадық. Онша көп жер жүргеніміз жоқ, үш-төрт қырқа асып қана, осы күнгі «Үш­бұ­лақ» колхозының поселкесінің терістік жағындағы кезеңнен шыға келсек, Қарақыстақтың даласы, Найманбайдың жазығына тігіп тастаған қазақ үйлер кө­рінді.

Өте  көп жиналған адамдар. Сол жи­нал­ған адамдар ішіне біз де барып қосылдық.

Келген адамдардың барлығын аттан түсірмей алдарынан атты даяшы адамдар шығып қарсы алып жатыр.

…атымды бір адамға ұстатып, өзім жа­яу түсіп, отырған адамдарға бардым. Сол отырған адамдар ішінде Жамбыл да бар екен. Сол өзіміздің ауылдан барған адамның біреуінен сұрап едім, сонау қара сақалды қара кісі деді.

…Сол уақытта Жәкеңнің 51-52 жас ша­ма­сында болуы керек. Сақал шашына ақ кірмепті. Құбатөбел ғана киімі бар екен.

Мен Жамбыл өлең айтар ма екен деп ой­лап едім, өлең айтқан жоқ. Жиынды кім­дер басқаруы керектігін, жиынды қалай өткізу туралы ақылдасты отырғандар. Ол күн осымен кетті.

Кешке жақын ауылы жақындар ауылына кетті де, алыстан келген адамдарды тігілген үйлерге орналастырса керек. Біз ауылға ке­тіп, ертеңіне қайта келдік. Бүгін кешегі адам­нан 10 есе көбейіп кетіпті жиналған адамдар.

…Ел орынға отыра басқа бір үйден осы үйге Жамбылды шақырып келді.

Отырған адамдар шай ішіп жайлан­ған­нан кейін біраз жай әңгімелесіп отырды. Содан кейін ендігі сөз Жамбылға берілсін деді.

Жамбыл домбыраның құлағын бұ­рап, дауыс ырғағына келтіріп, отырған көп­ші­лікке қандай өлең ұнайтынын сұрап, көпшілікпен амандасу ретінде азырақ өл­ең айтты. Сонан отырған көпшілік «Ала­тай–Жапарқұлды» айтуын өтінді. «Ала­тай–Жапарқұлды» айтқаннан кейін «Көрұғлының» бір бұтағын айтты. Ол кү­ні осымен аяқтап, отырған ел демалуға кіріс­ті. Жәкеңнің бұл түні айтқан «Алатай–Жапарқұл» мен «Көрұғлының» өлеңін өте көңіл қойып тыңдап, көз жазбай қарап құлақ құрышын қандырып, құмардан шыққандай болып, мен де елмен бірге де­малуға кірістім.

Ертеңіне таң атты. Сөре бәйге шабылды. Сонан ел қайтты. Өзіміз жатқан үйге келіп су­сындағаннан кейін Жәкең қай үйде өлең айтып жатыр екен деп іздеп жүріп, Сүйін­байдың баласы Малыбайдың үйінен таптық. Жәкеңнің айтқан өлеңін тыңдап тұрған адамдар үйдің сыртында өте көп екен. Мен тұрмақ, үлкен кісілер жақын бара алатын емес…

Жәкеңнің үні ашық әдемі дауысы алыстан-ақ анық естіліп тұрды.

Сонда Жәкең Сүйінбай ақынды ес­ке түсіру ретінде, көпшілік ортасында ай­тып жатқан жоқтауы. Менен бұрын қанша айтқанын білмеймін, өзім келіп тыңдағаннан кейін ұққаным:

Алғаш өлең айтқанда,

Ақымбектің асында,

Ақбөкендей қырланып

Сүйекең барған жиынға.

Өлеңнен өрнек шығарып,

Сүйекең салды қиынға!

Мінген аты көк Серек,

Ауылы көшті Сүйекең,

Қара бір қыстақ бөкселеп.

Жиырма бес жасында,

Сүйекең өлең қозғады,

Топты жарып екшеліп.

Қарауылда Ноғайбай

Қалың қара тоғайдай

Жайнап бір жүрген Сүйекең!

Өтіп бір кетті дүниеден,

Қосым бір тартқан Ноғайдай.

Қасқарауда Қарабай,

Ағаштан ұзын қарағай.

Жоқтамайын десем де,

Жайнап бір жүрген Сүйекем,

Зарың бір өтіп барады-ай.

Есіктің алды көк бетті,

Көк бетті жылқым жеп кетті.

Ақыл айтып Сүйекем;

Ырыс алды – ынтымақ,

Ынтымақ бұзба деп кетті.

Жәкеңнің бұл Сүйінбай туралы айтқан жырынан ұққаным көп еді. Бірақ та хат танитын кісі болып жазып алмаған соң, жасың өсіп қартайған сайын ұмытшақ болып, жас күніңде ұққан сөздеріңді естен шығарып алады екенсің. Болмаса, Жәкеңнің бұл жиында айтқан көп өлеңін білуші едім» (8-9-10-11-беттер).

Ауыл қариясы естелігінен және бір жайды аңғарғандаймыз. Сүйінбай ақын қаза болды. Ол өмірден кетті, ақындық алқалы топтан кетті. Есесіне, жырдың жаңа дүлдүлі, жырдың жас перісі – Жамбыл алқалы топқа беттеп келеді. Ұстаз толғаған жыр жалауын жерге түсірмей шәкірт іліп алып барады.

Сүйінбай асында Жәкең айтатын «Ала­тай-Жапарқұл» қандай жыр? Ол жырдың зерттеушілер құлағына күні бүгінге дейін шалынбағаны қалай? Ал «Көрұғлы» әңгімешінің айтуына қарағанда, ұлы ақынның үйреншікті жырының бірі болса керек.

Ауызекі әңгімеленген естелікке біз жүр­дім-бардым қарай алмасақ керек. Ол естелік қолжазба күйінде де әдебиет. Қазақ жағдайында қолжазба әдебиетке енжарлау қарайтын секілдіміз. Асылында, қолжазба қалпында «Жамбылдың Сүйінбайды жоқтауы» әдебиетке мықтап қызмет ете алады. Ол алдымен Сүйінбай, Жамбыл өмірін зерттеушілерге қызықты дерек, мол мәлімет береді. Ал олардың өмірінен көр­кем шығарма жазғысы келген кісіге Сүйін­бай асының қай жерде, қалай өткені жөнінде қосымша материал береді. Оны архивте ғана сақтамай, зерттеушілер әдеби мақсатқа пайдаланса, ал өзін естелік райында кітапта жарияласа жарасады. Бұл қолжазба, басқасын қойғанда, Сүйін­байдай ақиық ақынын, жампоз жы­ра­уын халықтың жыл бойы азалағанын ай­ғақтайтын дерек. Азалағанда да қазақ, қырғыз ақындары кейде бірге, кейде кезек­тесіп жыр толғап жоқтапты Сүйекеңді! Де­мек, бұрынғысы бар, бөртіп өніп-өсіп келе жатқан бүгінгісі бар, халық ақындары өмірін деректейміз десек, олармен қатар ғұмыр кешкен замандастары әңгімесіне құлақ түрген, түрлі дерек жиған абзал. Ол үшін халық ақындары өмір дерегін жинау, өзгеше шығармашылық психологиясын ыждағаттай зерттеу ләзім.

Құлбек ЕРГӨБЕК.


 

• Жақсының лебізі

АҚЫЛ-ОЙДЫҢ АЛҒЫРЫ

«Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны».

Мұхтар ӘУЕЗОВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір