ҰЛЫ ҒҰЛАМАНЫҢ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
16.04.2022
2379
1

 «А.Байтұрсынұлы қазақ балалар әдебиетіне де үлес қосқан» деген сөз алғаш естіген кезде тосындау көрінуі мүмкін. Өз ғұмырында  ұлтының руханияты үшін қырауар жұмыс істеп, көптеген әдеби, ғылыми және публицистикалық еңбектер жазған ұлы ғұламаның балалар әдебиетіне мойын бұруға  мүмкіндігі болды ма? Шығармашылық жұмыстармен айналысатын жылдарының едәуір бөлігі  түрлі қоғамдық-саяси жұмыстармен, одан қалса қуғындауда, айдауда, түрмелерде өтті ғой.

1909 жылы Патша  самодержавиесінің саясатына ашық наразылық білдіргені сезіліп қалып, алдымен Семейдегі түрмеге қамалады да, 1910 жылы жер аударылады. 1913 жылы Орынбор қаласында алғаш рет «Қазақ» газетін шығара бастайды. Оған 1917 жылдың аяғына дейін басшылық жасаған. «Алаш» партиясын ұйымдастырушылардың бірі ретінде 1918-1919 жылдары Алашорда үкіметін жасақтау шаруаларымен жүреді.

1919 жылы Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшесі, 1922-1925 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі болады. Одан кейін Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде журналистік, 1925-1929 жж. Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушылық қызмет атқарған. 

1929 жылдың маусымында қамауға алынып, Архангельск облысына жер аударылады да, 1934 жылы бостандыққа шығады. Бірақ 1937 жылғы қызыл террор кезеңінде тағы да тұтқындалып, ақыры желтоқсанның 8-і күні «Халық жауы» деген жаламен атылып кетеді. Осыншама ауыртпашылықпен жүрген замандарда, біреу қайда, балалар әдебиеті қайда? Ұлы ғұламаның соншалықты өлермендігі, еңбекқорлығы еріксіз таң қалдырады.

 «Қырық мысал» (1909 жылы Петербург), «Маса» (1911 жылы Орынбор) атты кітаптарының мазмұнына қарап отырсақ,  «Қырық мысал» жинағына енген дүниелері балалар мен жасөсіпірімдер түсінігіне жақын. Білім мен ғылымды ел ішінде насихаттауға арналған бұл жинақ өз кезінде жақсы танымал болған. Оның ішінде балалар мен жастарға арналаған шығармалары да бар.

Бажайлап қараған жағдайда А.Байтұрсынұлының «Қырық мысал» кітабы негізінен аудармадан тұратынын аңғаруға болады. Бұл жөнінде автордың өзі:

«Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,

Әзірге қолдан келген осы барым»,  – деп түсіндірген. Қысқа шығармаларының біразы таныс сюжеттері негізінде нәзира үлгісімен жазылған. Мысалдардың сюжеттік қаңқасы И.С.Крыловтікі болғанымен, жалпы рухына қарасаңыз, қазақи түсініктен онша алыс емес. Персонаждардың өзара қарым-қатынасы, өмір суреттері мен құбылыстарын қазақи ұғыммен бейнеленеді. Кей мысалдарда кездесіп қалатын жылқы, қасқыр, қозы, қымыз, қой және т.б. детальдар  – орыс ұғымына келе қоймайтын көшпелі жұртқа тән қазақи атрибуттар. Автордың осы мысалдарында тіпті ішінара қазақша мақал-мәтелдерді де қолданып жіберетін тұстары да жоқ емес.

Осындай дәлелдерден келіп, кейбір зерттеушілер А.Байтұрсынұлын қазақ әдебиетіндегі жазбаша мысал жанрын дамытушы ретінде танысақ деген пікір айтады. 

«Сондықтан да ол аудармаларын мектеп бағдарламасымен шектемей, қалың қазаққа арнайды, қараңғылық пен езгіге қарсы күресуге, елді білім, ғылым жолына үгіттеуге пайдаланады. «Қырық мысалдың» ел ішіне кең тарап, Ахметтің атын да шығаруға себеп болғаны осыдан. «Қырық мысал» әдебиет тарихына жай қатардағы аудармалардың бірі ғана емес, жаңа мағынадағы салмақты, салиқалы ойымен, жарқын көркем бейнелерімен тың еңбек болып кірді» дейді академик С.Қирабаев .

А.Байтұрсынұлы кез келген сюжеттің жалына жармаса бермей, тағылымдық-тәлімдік жағына баса мән беретіні байқалады.

«Маса» жинағындағы «Оқуға шақыру» өлеңінің мазмұны таза насихаттық сипатта:

«Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап!

Жуынып, киініңдер шапшаңырақ.

Шақырды тауық мана, әлдеқашан,

Қарап тұр терезеден күн жылтырап».

Қазақ халқы қараңғылықтың батпағына батып, малшынып шыға алмай отырған уақытта образ іздеп, мәймөңкелеп жатпастан, осындай тікелей үгіт сарынындағы ұрандардың керек болғаны түсінікті.

«Мен қалай оқуға бардым» атты шағын әңгімесінің мазмұны да жас бүлдіршінді оқуға ынталандыру екені айқын. «…Бiр күнi ойнайын деп бардым. Әбiш кiтап оқып отыр екен. Тыңдасам, кiтабында жұмбақ, мақал, өлең, басқа да жақсы сөздер көп екен. Оқу үйренсем, мен де солай оқыр едiм деп, ойға қалдым. Үйге қайтып келдiм. Оқуға барамын дедiм. Әкем мен апам бұл ойымды ұнатты. Ертеңiне әкем менi оқуға апарып бердi» деген баяндаулар кіші жастағы баланың ұғымына сай. Мұнымен танысқан жас  өреннің де оқуға деген ынтасы оянатыны анық.

А.Байтұрсынұлының «Маса» атты жинағы балалар әдебиеті талаптарын толық қанағаттандыра алмаса да, ішінара үгіт сөздерімен назар аудартады. Оған енгізілген мысалдардың жас баланы ойландыруға, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге баулитын насихаттық ұстанымы айқын. Ондай туындыларының атын атап, тілге тиек ететін болсақ, «Ат», «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Қаздар», «Есек пен үкі» және тағы басқа мысалдары. Бұлардан басқа «Қарға мен құмырша», «Жібек құрты мен өрмекші», «Балықшы мен балық», «Серке мен түлкі», «Торғай мен қарлығаш» тәрізді мысалдары ұғымға жеңіл болып келгенімен, айтар ойлар салиқалы, салмақты.

Езу тартқызатын шағын әңгімелердің өзінде оқырманды тапқырлыққа, логикалық ойлануға баулиды. «Үлеске ұсталық» деген әңгімесі қазақи анекдоттың үлгісі сынды. Мұнда аңшылықта жүрген екi сарт пен бiр қазақтың атып алған құстарын өзара қалай бөлісіп алғаны баяндалған. Екі сарт өздері дұрыс бөлісе алмай, билікті қазаққа берген екен. Ол болса: «Бисмилла, безгелдек!» деп қойып, безгелдектi алып жанына, «Былай жатсын дуадақ» деп, дуадақты екінші жанына, «Сыбағама – қоңыр қаз» деп, өзiнiң алдына қойды дейді. Сөздің қысқасы, әлгі қазақ атылған құстардың көбін өзі алып, екі сартқа бір-ақ үйрек беріпті.

Әрине, шынайы өмірде сарттардың қырда көшіп-қонып жүрген аңқау қазаққа алдана қоюы екіталай. Автор бұл арада қазақты еті тірі болсын деп, әдейі пысық етіп көрсеткен сияқты.

Қазақта «Сезікті секірер» деген мәтелдің бары белгілі. Осы тәмсілдің түбі қайдан шыққанын А.Байтұрсынұлы «Бақсы» деген әңгімесінде былай баяндайды.  Бiр қазақтың ақшасы ұрланады да,  ақыры өздері таба алмайтын болған соң, ауыл адамдары бақсыны шақырады. Бақсы жиналған жұрттың аяқ киімдерін тегіс шештіреді де: «Мен жынымды шақырамын. Ол жылан болып келiп, ақшаны алған ұрының аяғын шағады» деп ескертіп қояды. Сонан қобызын тартып, сарнап отырады да, кенеттен: «Ал, шақты!» деп, шар ете қалады. Сол-ақ екен,  айнала қоршап тұрғандардың бірі тұрған орнынан секіріп кетіпті. Сөйтіп ұры байғұс өзін өзі осылай ұстап берген екен. «Сезiктi секiрер» деген мәтел осыдан қалған көрінеді.

А.Байтұрсынұлының жоғарыда айтылғандардан басқа «Екі балықшы», «Талас», «Енші үлесу», «Ата насихаты», «Ақылды соқыр» әңгімелері қысқа жазылғанымен, белгілі бір философиялық ойға негізделген. Олардағы оқиғалардың ең басты түйіні – үлкенді де, кішіні де тапқырлыққа, еңбекқорлыққа баулу.

 Өз кезінде әлі қараңғылық бұлты сейіле алмай жатқан кезде ұлы ағартушының қоғамдық санаға әсер етіп, білімнің жылт еткізіп сәулесін шашқан, халық ағарту саласында жасаған еңбектерінің өзі бір төбе. «Оқу құралы», «Тіл құралы», ересектердің сауатын ашуға арнап жазған «Әліпби», «Жаңа әліпби» атты оқулықтары осы қатардан орын алмақ. Сондай кітаптардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлының Телжан Шонанұлымен бірігіп жазған «Бастауышқа арналған оқу кітабы» атты еңбегі. 1928 жылы жарық көрген осынау құнарлы оқу құралы негізінен 3-4 сынып оқушыларына арналған екен. Мұнда да авторлардың оқушылардың ұғымымен, дайындық деңгейімен санасатын тұстарын аңғару қиын емес.

Аталған кітапта жинақталған білім көздері, оқушы балаға ұсынылатын түрлі ақпараттар бүгінгі күн талабынан тым алыс жатқан жоқ. Кітаптағы «Жандықтардың жер жүзіне таралуы», «Алғашқы адамдар», «Ертедегі қазақ тұрмысы», «Төрт түлік, «Құстар», «Өсімдіктің таралуы» және «Құрылықтар» деп аталтын тақырыптарға үңілсек, келтірілген  мәліметтердің әлі де ескіре қоймағанын, кейбір деректерінің бағалы  екенін байқар едік. Содан бері тоқсан жылдан астам уақыт өтсе де, аталған кітаптың құны жоғалды деуге болмайды.

Яғни, уақыт талабын бүгін де қанағаттандыра алатындықтан, мүлде көнеріп кетті деп айта алмасақ керек. Сондықтан ол оқулыққа тарихи жәдігер ретінде ғана емес, әлі де кәдеге аса алатын мүмкіндігі бар асыл мұра ретінде қарағанымыз абзал.

Бір ауыз сөзбен түйіндейтін болсақ, ұлы ағартушы ғалымның қазақ балалар әдебиетін дамытуға қосқан азды-көпті үлесі бар екендігін біреу білсе, біреу білмес. Осы жағын ескере жүру керек деген оймен жазылған бұл шағын мақаланың мақсаты ұлы ғұламаның балалар әдебиетіне де қосқан үлесі жөнінде оқырман қауымды қысқаша хабардар ету.

Нұрдәулет Ақыш,

М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының

бас ғылыми қызметкері, филология

ғылымының докторы

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.02.2024 | 22:48

Керемет әйтеуір бір нәрсенің көмегі тиді ғой😂👏🏻👏🏻👏🏻

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір