Саңлақтарды шыңдаушы сахна
27.11.2015
2444
0
591362_1574561166___________________________________Аман Бекенұлы өнердің нағыз тұлғасы  әрі жана-шыры. Сахналық пластика шеберінің қолтаңбасы бүгінгі күні елімізге кеңінен танымал. Пластика әдетте төрт түрлі тұтастықтан тұрады. Олар би, сахна сайысы, ритмика, сахна қозғалысы. Бұларсыз сахна төрі тұл жетім қалады.

Сахна тынысын жетік меңгерген Аман Бе­кенұлы қойылымға шығатын әрбір спек­такл­ьдің кілтін кілтипансыз тауып, сәйкес құбылыстармен құлпыртып шығарады. Сол шеберлік көрерменнің жүрегіне әсерлі­лігі­мен жылылық ұялатады. Тоқетері – театр атау­лы пластикасыз алға баса алмайды. Осы өнерімен ресейліктерді де мойындатқан оны ондағы театр шеберлері аса құрмет тұ­тады. Соны байқағанда: «Мәскеуліктер мен Санкт-Петербургтегі театр мектебі де, Аман ағайды жақсы біледі екен ғой», – деп масаттандық.
Өзінің қызметі мен міндетін терең жа­уап­кершілікпен сезінетін Аман Бекенұлы жет­­пісінші жылдардың басында Алматыдағы Құр­манғазы атындағы Өнер институтының «Дра­ма театры және кино актері» бөлімін ойдағыдай тәмамдаған соң алғашқы еңбек жо­лын осындағы «Актер шеберлігі» кафедрасында ұстаз болудан бастайды. Сол кез­дегі ка­федра меңгерушісі, ҚР еңбек сіңір­ген қай­раткері, профессор Р.М.Қа­ныбаева жә­не кафедраның ұстаздары, КСРО халық әр­тістері, профессорлар Ы.Ноғай­баев, Х.Бө­кее­ва, Ш.Жандарбекова, Ә.Мәм­бе­тов, Е.Диор­диев, Қазақстанның халық әр­тістері, про­­фессорлар А.Тоқпанов, Н.Жан­төрин, Г.Рут­ковская сынды ұлттық өнердің біртуар тұл­ғаларының сынағынан өткен Бекең ке­йін­тінде  осы оқу орнының ректоры қызметін де абыроймен атқарды.
Аман Құлбаевтың шығармашылық ең­бек­тері де ел ықыласына ерте бөленді. Атап айт­қанда, «Сыр мен сымбат монографиясы», «Актер шеберлігі», «Сахна қозғалысы пә­ні­нің негіздері, сахна сайысы оқулықтары» кітаптары күні бүгін оқу жүйесі бағдар­ла­ма­­сынан түскен емес.
Сәл шегініс жасар болсақ, Аман ағамыздың кәсіби үлкен сахнадағы тұң­ғыш қадамы үшінші курста оқып жүр­ген­дегі өндірістік практикасы кезінде-ақ бас­тау алған. Болашақ театр майталманы сол практикасын Алматы мемлекеттік Жасөс­пі­рім­дер мен балалар театры, (бүгінгі Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры) сахнасында өткізді. Онда ол ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» романы бойынша КСРО халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Шәкен Ай­ма­нов сахналаған «Жас Абай» спектакліне өзінің курстастарымен бірге қатысады. Сол бір қызықты күндерді ағамыз былайша ес­ке алады: «Сахнаның шымылдығы баяу сыр­ғып ашыла бергенде «сүйінші, сүйінші! Абай келе жатыр!» деп, айғай салып, ауыл аза­маттарын шақырып, сахнаға шығару ме­нің міндетім болды. Шәкен аға қолымнан ұстап: «Мына кулисаның жанына келіп, қо­лыңдағы қамшыңмен ауаны шеңбер жасай қуанышты дауыспен айғайлайсың. Қарама-қар­сы кулисаға жүгіріп барып тағы да соны қай­талайсың. Содан кейін ғана залға қарап жар салып ұрандайсың!», – деп режиссерлік нұсқауын айтты. Шәкен ағаны біз өте са­быр­лы, өз ісінің нағыз кәсіби маманы, театр­ға бар жанымен берілген биік өнер иесі ретінде танып, бағаладық. Аса білікті де шебер сахна, кино маманы болған ол кісі­ні сахна сәнін енді сезіне бастаған біз сияқ­ты жастар түгел пір тұттық. Ерекше тұл­ғалық қасиеттер ол кісінің бар болмысынан айқын көрініп тұратын. Ұлттық өне­ріміздің маңдайына біткен мұндай тұл­ғалар шоқтығы биік өнер жұлдызы әрине, сирек. Міне, жаратылысы бөлек осындай дара жандардың тәлімі мен өнегесін көріп, өнер биігіне талпындым.
Сахнадағы жолы сәтті басталған Аман Бе­кенұлы кейін, кино өнеріне де араласып, көп­теген фильмдерде эпизодтық рөлдерде ой­нады. Бұдан кейін режиссер Дамир Ма­набайдың «Кек» толықметражды көркем фи­льмінде ат үстіндегі және жаяу ұлттық қару­лармен шайқасатын каскадерлік трюктер қойылымдарын да өзін таныта білді.
Жетпісінші жылдардың аяғында «Музыка өнері және эстрада, хореография» фа­куль­теттері ашылды. Оның құрылуына және өмір­ге келуіне тікелей мұрындық болған осы академияның түлегі әрі профессоры Құл­баев Аман болатын. Аталмыш кафедра оқытушылары, студенттердің толық маманданып, көрнекті өнер қайрат­кер­ле­рінің тәжі­ри­белерін жинақтауына айрықша ықпалын тигізді. Осы акаде­мия­ның бұрынғы ректоры қызметін абыроймен атқарған, бүгінгі күні еліміздің Мәдениет және спорт министрі болып отырған, ұлттық өне­ріміз бен жалпы руханиятымыздың үл­кен жанашыры Арыстанбек Мұхамедиұлы Аман Құлбаевтың өнердегі орнын жоғары ба­ға­лаған еді.
Кімге болса да бір жерде табан аудармай жұмыс жасап, тұрақтылықтың үлгісін көр­сету оңай емес. Бұл жағынан алғанда Аман Бекенұлы Құлбаев қайсарлық пен қа­жырлық танытып 45 жылдан астам уа­қыт қызмет атқарды. Қазір академияның Театр өнері факультетінің деканы, ҚР ең­бек сіңірген қайраткері, өнертану ғылы­мы­ның кандидаты, профессор, академик Аман Құлбаевтың өнегесі мол өмір мектебі – біз­дердің тағылым орталығымыз.
Айгүл ТӨКЕЕВА,
Т.Жүргенов атындағы 
Қазақ Ұлттық өнер академиясының магистранты.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір