Пржевальский қазаққа қотыр тай әкеліп қосқан адам емес
12.06.2019
1149
0

(Қажытай Ілиясұлының «Жылқыны ойласам, жылағым келеді» атты мақаласына шолу)

Тірі адамға өмір пульсі соғып тұр, ал оның өлшемі – уақыт, сондықтан да кез келген адам импульс­тардың өлшемінен шығып кете алмайды. Бәрі де күні кеше сияқты көрінгенімен, Қажекеңнің, Қажытай Ілиясұлының жүрек пульсінің соғуы өз орбитасынан шыққан күнімен есептесек, «Жылқыны ойласам, жылағым келеді» атты мақаланың жазылғанына табаны күректей 20 жыл өтіпті.

Қажекең қазақ тарихы мен жыл­­қы жайында айтқанда: «Қазақ өзін тану үшін, әуелі жылқыны жыға тануы шарт», – дейтін. – Өйткені, қазақ тарихы мен жылқы тарихы әу бастан бірге өсіп, біте қайнасқан тарих. Қазақсыз жыл­қы тарихы тірілмейді. Бұл екеуі бөлінсе, тарих тамырына зақым келгендіктен, зорлықтан бөлінеді. Зорлық жайла­ған жердің тарихында жүйе, мұ­ра­сын­­да ие болған емес. Баяғы турашыл қазақтардың «белгісізден би, белдеусізден үй шығаратын» тұсы да сол. Әлеумет­тік теңсіздіктен шындық шырағы қараулап, тарих өшкін тартады. Сон­дықтан да оны қайта жазу қа­жеті туған жоқ па?! Ал өшкін тарт­қан тарих өлген тарих емес, тірі­леді. Тарих тірілгенде, оған зорлық жасаушылар өзін-өзі ұстап береді. Бұйырса, ендігі ізденіс қазақ тари­хына да, жылқы тарихына да жа­сал­ған зорлықтың ініне су құя­ды. Басқа жолы жоқ. Ендеше, ең алдымен, тұлпардың түбін тінту керек. Жылқының арғы атасын анықтамай тұрып, оның қашан жаралғанын, қайда жаралғанын білмей тұрып, қазақ тарихына төккен тер, төңкер­ген қол зая. Жатпай-тұрмай жылқы­ның ізіне түсу керек және шығу тегін білу керек».
Ал енді Қажекеңнің 1998 жыл­дың қараша айында әуелі «Жетісу» газеті сосын «Қазақ әдебиеті» газеті жарыса басқан «Жылқыны ойласам, жылағым келеді» атты мақаласында көтерілген мәселе­лерге назар аударып көрейік:
«Алматыдағы Орталық мұра­жай­ға барсаңыз, тұсына «Құлан 93 түрлі шөп жейді» деп жазылған құла­ғы қарағайдай көк есекті кө­ре­сіз. Оның жанында В.В.Климов­тің «Ло­шадь Пржевальского» деген кіта­бынан үлкейтілген бір топ көкала есектің суреті тұрады. Суретке берген автордың сипаттамасы мынадай: «Куланы или полу-ослы – родственники и ослов и лошадей».
Мінеки, бұл шындық пен өті­рік­тің, дұрыс пен бұрыстың, жыл­қы мен есектің шекарасы. Олай деуі­мізг­е себеп – бұл өз аяғынан келмей, зорлықпен, есеппен келген есек. Жай тұрмай, асса зерт­теу­шінің, қал­са көрерменнің дүниетанымын тұмандатып, құ­лан­ның ізінен адастыру үшін тұрған есек…
Құлан – жылқының түп атасы. Жаратылыстық жақындығы, та­би­ғи қандастығы болғандықтан, жылқы оны жатырқамай, үйір­лесіп кетеді. Керек десеңіз, құлан­ның айғыры сәуріктен үйір тартып алады», – дей келе шетелде тұ­ра­тын жылқытану тарихын жүйелеген Мамырқан Қа­лиас­­қарұлының «Қазақтың жылқы шаруашылық шежіресі» атты кітабынан былай тиянақтайды: «На­ғыз жылқы (екуус)… тақтұяқты бол­ғанымен, қазіргі жылқылардан айқын парықты. Мұндай жыл­қыны қазақ «Құлан» деп атаған. Мысалы, басы үлкен әрі ұзын, қушық, борбайлары шидиген ұзын… Шежірені жылқы атасы­ның бес сатылы даму тарихы бойын­ша жинақтағанда, құлан – (нағыз жылқы) қазіргі қол жыл­қыла­рының ата-тегі» (5-6-б.).
Енді өзіміз аздап ойланайық. Дәл сол кезеңде, адамзат арасында кәсіпкерлікке деген қандай ұм­ты­лыс, қандай құлшыныс болған еді? Қысқасы, тіршілік әліппесін ашқан кім? Естеріңізде шығар, ерте дүние тарихында, құланды ең алғаш қолға үйреткен, ағаштан үзеңгі жасап, мін­ген, арбаға жеккен скифтер тайпасы деп оқымап па едік? Иә, оқы­дық.
Ендеше сол құлан (нағыз жыл­қы) – Керқұланның да, Тарпаң­ның да, Африкадағы шұбар жыл­қының да түпатасы. Ал Скифпен – Қазақ­тың да, Ғұнның да, Түрік­тің де түбірі бір. Ендігісі мидай жазық емес пе?!»
Қажытай Ілиясұлы «Прже­-
ва­льский жылқысы» деген не?» деген сұрақ қойып алады да, оған былай деп тағы өзі жауап береді: «Ол – кәдімгі біз айтып отырған құлан. Ендеше оған Прже­ва­льскийдің қатысы қанша? Әңгіме осында тұр ғой. Жасырып-жабатын не бар, Пржевальский қазаққа қотыр тай әкеліп қосқан адам ем­ес, не бір бие құлындатып көр­ген жоқ. Бірақ бұл дақпырттың шығу себебі былай: кезінде орыс экспедициясымен Пржевальский Орта Азияны үш-төрт мәрте шарлаған кісі. Ресей патшасы бірде оған Ақсуды іздетіп, енді берде Зайсаннан Мырзаш деген кісіге жол бастатып, сонау Тибетке дейін барған ғой. 1876 жылы қай­тар­да Жоңғар даласындағы құлан­ның мол үйіріне кезігеді. Жай саяхатшы емес, генерал-майор шені бар, әс­кери адам құралсыз жүре ме? Бір­еуін дереу атып алып, басы мен терісін мұражайға өт­кізе­ді. Болған, біткені осы…
Арада 5 жыл өткен соң, 1881 жы­лы патшалық зоологиялық мұ­ра­жайдың сүтқоректілер бөлі­мі­нің меңгерушісі – И.С.Поляков гене­ралға жағынғысы келе ме, әлде басқа да «есеп-қисабы» бар ма, әйтеуір құланның қу басы мен қураған тула­ғына қарап отырып, «Пржевальский жылқысы» деген ұйғарым жасай салады. Тіпті осы тулақтың пұшпа­ғынан ұстап, өзінің де атағын шы­ғар­ғысы келгендей. Өйткені, алғашқы сипат­тамаға: «Екуус – Пржевальского, Полякова» деген ғой, білдіңіз бе?! Сіз оны айтасыз, И.С.Поляков: «Бұл жылқы шығыс ­еу­ропалық тар­паңға жатпайды және өзінің түр-түсі бойынша, Азиялық жабайы есек пен кәдімгі жылқының арасындағы жануар», – деп соққан. Құланның тулағын тумысында көргені осы болса, қазақ арасында жүріп, оның басын мұжымаса, ештеңесін зерттемесе, енді не де­сін?! …

Руда Зайкенова,
Қазақ Ұлттық қыздар
педагогикалық университетінің профессоры

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір