Хамелеон бола алмаған қайран ақын
07.06.2019
966
0

Е, кейде тауып, кейде қауып айтатын Өтекең, Өтежан Нұрғалиұлының да өмірден өткеніне сегіз жылға таяп қалыпты-ау! Дыбыстан шапшаң ұшатын әскери ұшақтар көз алдыңнан зу еткен торғайдай лезде жоқ болып кетеді де, артынан қара жерді қақырата күркіреген дауысы жетуші еді ғой. Міне, бүгін Өтекең де жоқ, бірақ санаңды алапат үнімен селк еткізетін, жоғары эмоциялық кернеуде лапылдай жанған жырлары қалды.

Ол кейбір қаламдастарындай топырлатып мадақ өлең жазбады, аласармайтын ақсүйек өнер – поэзияның құнын түсірген жоқ, жанын жалдап жүріп, он шақты кітап шығарды. Соғыстан кейінгі елдегі ауыр халді, бүгінгі жуылмаған метей шелектей базданған қоғамды шерлі де шелді жырларына арқау етті.
Ол үйінде екі-үш құрақ көрпесі мен бірер текеметінен басқа дүние жиған жоқ, бірақ қабырғасын сықып кітапқа толтырды.
Ол күлбілтелемейтін, бүгежектемейтін, аярланбайтын, қоғамның да, адамның да өңезді жарасының аузын жұла сөйлейтін. Оның тотияйындай ащы, оқтай өткір пікірлері әдеби немесе әлеуметтік ортада әлемет жарылыс тудыратын. Опасыздарға, сатқындарға шегіртке көзі атып кетердей шұқшиятын. Ол өмірден жорға дуадақтай бұғып өткен жоқ, қасқайып кетті.
Өтекең рушылдық, ішмерездік, сыбай­ластық, тілемсектік, жағымпаздық сияқты жидіген пәлекеттерді бойына дарытпай, қанына сіңірмей кеткен жампоз.
Қазақта талантты ақындар үздік-создық, сирек те болса туып отырады. Сол бір айғыр топтың омырау тұсында құйғыта шапқандардың бірі – Өтежан Нұрғалиев. Сонау бозбала кезінде Байғанинде жатып, жыр барабанының дүңкілдеген дауысы Алматыға жетіп, астанаға шақыртумен келген аз шайырдың бірі – тағы да Өтекең еді.
Кен іздеп, динамитті мол салып, тұтас дөңдерді аспанға ататын геологтардай, ол қазақтың өлең жазирасында қопарылыс жасады. Қалай дегенмен де, «Соғыстың соңғы жазы» деп аталатын төрт жыр кітабы соғыс жайлы жазылған шала-жансар ондаған кітаптан артық болмаса, кем емес.
Иә, соғыс жайлы ойлағанда, бейнебір алтын шынжыр тізбегіндей немесе түнде атылған пулеметтің жарқырауық оқтарындай Өтекең жырлары ойға оралады.
Өтежан өлеңдері соғыстан кейінгі ел ішінің өмірін бүге-шігесіне дейін түгел көрсеткен ғажайып панорама.
Осы орайда, мына бір «Сырғанақ» деген өлеңіне назар салайықшы:

Ауылымызда шаңғы да жоқ, шана жоқ,
Коньки теуіп сырғанайтын бала жоқ.
Құйрықпенен сырғанайтын қыратқа,
Шыққысы кеп көкірегімде жанады от.

Дей көрмеңдер қиял қусам мұны жат…
Кетті ғой деп сол алысқа тым ұзап…
Сол алыста,
Бір топ бала көк итке,
Мінгесіп ап сырғанап жүр күн ұзақ.

Бұл ойынды ойын көріп күлмеңдер,
Ит мінді деп ине тілмен ілмеңдер!
Қан бұршақтап жауып өткен көк мұзда,
Өлген итті шана қылып мінгендер…

Келмей қойған жылда сол бір көп құрбан,
Өгіз болды жүнін жұлып доп қылған.
Соғыс біздің анамызды жесір ғып…
Соғыс біздің шанамызды жоқ қылған!

Төрт аяқтап тауға шықтық тырбаңдап,
Мен ентігем, олар күлед ыржаңдап.
Көк тазы тұр
Тау басында.
Ажалдай…
Төс табаны темір құсап жылмаңдап.

…Іздеп кеттік үлкейген соң басқа ермек,
Уақыт өтпек, өмір озбақ, жас келмек.
Сол күндерді ойлап кетсек кей-кейде
Күрсінеміз шарамызды жас кернеп…

Әбу ақсақал Сәрсенбаев өзінің «Толқында туғандар» кітабында түйенің қабырғасын коньки қылып сырғанаған балалар туралы жазды.
Ал, Өтекеңдер шана орнына өлген иттің денесін пайдаланған! Мұндай «шана» бәлкім дүниежүзінде болмауы да мүмкін, мұндай «ойынды» тіпті әлем әдебиетінен ешкім кездестірмеген де шығар?!
Иә, сонау кездері жоқшылықтың неше атасын көріп өскен, көз жасын жұдырығы­мен, мұрынын жеңімен сүртіп, қыс күндері күпісінің жеңдері мұздай жалтырап жүретін 1940 жылдардағы қара домалақтардың ішінен Өтежандай өр ақын шықты…

Жұмабай Құлиев

(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір