Тарихты әдебиетпен астастырған
24.10.2015
1616
0

????????????????????????????????????

Халқымыздың даңқты перзенттерінің бірі Ілияс Есенберлин біздің Атбасарда дүниеге келгендігін, аса талантты жерлесіміз екендігін біз әрдайым мақтаныш тұтамыз. Артында сөз қалдырған әрі өз халқының тарихын қаузап жазып, қазақ әдебиетін аса құнды, мәңгілік өлмес шығармаларымен толықтырып, бай мұра қалдырған жазушының есімін асқақтату шаралары ел көлемінде жүріп жатқандығына қуанамыз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ілияс Есенберлиннің шығар­ма­шы­лы­ғын­­да атақты «Көшпен­ділер» трилогиясы негізгі орын алады, ол эпика­лық құлаш-қарымымен, оқиғалардың серпінділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғаларының бейнесі­мен, тілінің шы­най­ылы­­ғымен және айқын­дылығымен ерек­ше­ле­неді», – деп кемел жазушының қа­лам­­герлік еңбегіне жоға­ры баға беруі Есен­берлин жұлдызын биіктете түседі.
Бүгінгі және келер ұрпақ ендігі арада Есенберлин есімін әрдайым қастерлеп, шығармаларын оқып, терең меңгеріп, өз халқымыздың рухани нәрінен сусындап отыруға міндетті.
Ілияс Есенберлин 1915 жылы Атбасар қаласында дүниеге келген. Болашақ жазушының балалық шағы қиындықпен өткені белгілі. Өйткені, оның балалық және бозбалалық шағы қазақ халқының қайғылы да қиын кезеңіне тап келді. Жиырмасыншы ғасырдың Қазан төң­ке­рісі, одан кейінгі азамат соғысы, 20-30 жыл­дардағы аштық пен түрлі әлеуметтік сілкіністер Есенберлиндердің де отбасын айналып өткен жоқ. Ілияс бес жасында жетім қалды. Анасының қазасынан кейін төрт бала, Ілиястың өзі және әпкесі Назым, Ілияс, інісі Раунак және әкесінің ертеректе қайтыс болып кеткен ағасының ұлы Ахметқали өгей әкеге қарап қалды. Жағдайлары қиын болды. Ашыққан, жа­лаң­аш қалған кездері де аз болмады. Ке­йінірек өгей әкесінің қолындағы бұл тұрмыстарына да зар болып қалады. Өгей әке үйленіп кетеді. Әпкесі тұрмысқа шығады. Раунакты туыс ағайындарының бірі асырап алады. Ал тоғыз жасар Ілияс­ты балалар үйіне тапсырады. Бұл – 1924 жылдың қаңтар айы еді.
Балалар үйінде жетім бала Ілиястың қабілетінің жаңа қырлары ашылады. Ол қабырға газетіне өлеңдер жаза бастайды. Бұл оның әдеби шығармашылыққа жасаған алғашқы қадамы еді. Кейде бала­лар үйінің алдында отырып алып, ұзақ ойға шоматын. Бала күнінде естіген әңгімелері мен оның кейіпкерлері бірінен соң бірі көзінің алдынан өтіп жататын-ды. Байсалды да ойшыл бала тәрбиешілердің назарына бірден ілігеді. Өйткені, ол бас­қа балалардан өзінің өр мінезімен, тіл­азарлығымен ерекшеленген-ді. Бойына біткен қабілетімен таныла білген Ілияс төртінші сыныпты аяқтағаннан кейін Қызы­лорда қаласындағы көрнекі тәжіри­белі мемлекеттік қамтудағы мектепке оқуға жіберіледі. Қызылордада үш жыл оқиды, жетінші сыныпты бітіреді. Содан кейін Қарсақпай қаласындағы аудандық атқару комитетінің жалпы бөлім меңгеру­шісі қызметіне орналасады. Көп ұзамай Алматының Тау-кен институтының даяр­лық курсына жолдама алады да, оқуға түсіп, студент атанады. Талантты жас инс­титутта өз ортасына тез танылады. Соның бір айғағындай, студент Ілияс Есенберлин 1937 жылы Қазақ ССР-нің алғашқы Конституциясы қабылдаған І-ші төтенше съез­інің делегаты болып сайланған болатын.
Кешегі Ұлы Отан соғысы басталғанда Ілияс Есенберлин де қолына қару алып, майдан даласынан табылды. 1942 жыл­дың қаңтарында Старая Русса маңындағы шайқаста капитан Есенберлин оң аяғы­нан ауыр жарақат алып, бір жылдай Кост­рамадағы госпитальда жатып емде­леді де, 1943 жылы мүгедек болып елге оралады.
Ілияс Есенберлиннің шығармашылық-тағы алғашқы қадамын ең әуелі өлең жазудан бастаған-ды. Ақындық қадамы сәтсіз де болған жоқ. Есенберлиннің қала­мынан туған жырлар мен поэмалар өз құндылығын күні бүгінге дейін жойма­ған­дығын әдебиеттанушылар айтып та, жазып та жүр. Қаламы төселген Есенберлин кейін ондаған фильмдерге сценарийлер жазып, өзін драматургияда да сынап көреді. Қаламгердің «Таудағы шайқас» пьесасы көп жылдар бойы республикалық жасөспірімдер театрының сахнасында қойылып та жүрді. Бұл шығармашылық үлкен жолға түсудің алғашқы баспалдақ­тары еді. Есенберлиннің мақсаты – роман сынды кесек дүниелер жазу болатын. Алайда, 1950 жылы Ілияс Есенберлинге жала жабылып, он жылға сотталып кете барды. Қарақұм каналын салудың ауыр жұмысына жіберілді. Ол бұл азаптан Ста­лин қайтыс болғаннан соң, яғни 1953 жылы ақталып, босатылады. Есенбер­лин­ді өмірдің қатал сынағы да, ауыр тағ­дыры да талантты жанның жазуға, әде­би­етке деген құштарлығын өшіре ал­мады.
«Көшпенділер» трилогиясын жазу 1945 жылдан бастап ойымда болды. 1960 жылы үш романды жазуға кірістім. Ұзақ дайындықтың себебі анық: тарихи материал автордан табандылық пен ұқыптылықты талап етеді», – деген өз естелігі жазушының өлмес шығармаларын жазуға ұзақ ойланып, үлкен ізденіспен кіріскенін айғақтайтын дәлел. Жасы ұл­ғай­ғанына қарамастан кейінгі жылдары Есенберлин жылына бір роман жазып отырған көрінеді. Жазушының алғашқы ірі романы «Хан Кене» 1969 жылы баспадан жарық көріп, өз оқырмандарының ойынан шықты. Бұл кітап қолға түспейтін құнды дүниеге, халқымыздың рухын кө­тер­ген шынайы асыл мұраға айналды.
Қазақтың арғы-бергі тарихын әдеби шығармаға арқау етудің тың жолын тұң­ғыш рет Ілияс Есенберлин салды. Әрине, қазақ тарихын жазғысы келген қалам­гер­лер болды, бірақ батылдықтары жет­пе­ді. Өйткені, тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Қазақстандағы ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары» атты тарихи зерттеу еңбегінде Кенесары Қасымұлының Ресей патшалығына қарсы азаттық күресі туралы жазамын деп, 1952 жылы сотталып кетті. Түрмеге түскен, азап тартқан бұдан басқа да қазақ тарихшылары мен жазушылары аз болмады. Үрей билеген шақта көптеген жазушылардың мұндай тарихи тақырыпты қозғауға батылдары жете де бермеді. Міне, соған қарамастан Есенберлиннің «Хан Кене» деп роман жазуы – үлкен ерлік екені даусыз. Әрі Іли­яс Есенберлин жай ғана батылдық көрсетіп қоймай, тарихи тақырыпқа ең алғаш сәтті қалам сілтеген жазушының бірі болды. Алайда, Ілияс Есенберлиннің «Хан Кене» романы қаламгердің өзін қуғынға түсірді.
Сол қудалаушылыққа қарамастан Ілияс Есенберлин 1971-1973 жылдары «Алмас қылыш», «Жанталас» атты тағы да екі романын жарыққа шығарды. Бұлар тарихи трилогияны құраған еді. Жазушы бұл романдарында қазақ даласының ХV ғасырдан бастап, ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі қазақ халқының Жоңғар, Қытай, Хиуа, Бұхар хандықтарымен және Ресей империясымен күрделі қарым-қатынастары жайлы тарихи деректердің бетін ашты. Қаламгердің бұл шығарма­лары Есенберлиннің нағыз жазушылық қарым-қабілеті мен шынай талантын айқындап берді. Жазушының «Көлеңкең­мен қорғай жүр», «Алтын аттар оянады», «Маңғыстау майданы» мен «Өсиет», «Алыс­тағы аралдар», «Махаббат мейрамы» және «Аққу құстар қуанышы» романдары өз оқырмандарын дер кезінде таба білген дүниелер болды. 1979-83 жылдары «Алтын Орда» трилогиясын жазады. Бұл трилогия және «Алты басты Айдаһар» мен «Айдаһардың өлімі» романдары да Есенберлинге дейін қазақ әдебиетінде көтерілмеген мәселелерді қамтыған туын­дылар еді. Ал «Алтын аттар оянады», «Ал­тын құс» романдары әдемілікті, әсем­дікті бейнелейді. Сол алтын ат та, алтын құс та 30 жыл өткен соң жаңа гераль­ди­калық бейнелер нышаны ретінде пайдаланылды. Көшпелі өркениет кейпі ретінде жылқы, соның ішінде қазақы жылқының «қанаты» Қазақстан Республикасының Елтаңбасын айқындап тұрса, «алтын құс» дала қыраны ретінде еліміздің Көкбай­ра­ғын айбаттандырып тұр.
Жазушы Есенберлиннің тарихи романдары сол кездегі Қазақстанның кәсі­би тарихшыларының қолынан келе қой­ма­ған жүкті арқалады. Қаламгер кеңестік идеологияның шектеп қойған шеңберінен шығып, қазақ даласының өткен тарихи кезеңдері мен оқиғаларының және сол кездің тарихи тұлғаларының тұтас жылнамасын жасады. Дала көшпенділерінің мәдениеті мен экономикасын, өмір салты мен әдет-ғұрыптарын батыс елдері ал­ғашқы қауымдастық дәуіріндегі тағы­лық­қа сайып келгені жасырын емес еді. Ілияс Есенберлин өз романдарымен міне, осы көзқарасты тұтасымен өзгерт­кен жазушы болды.
«Ақын, тау-кен инженері Ілияс Есенберлин проза жазуды кештеу бастаса да, өз ғұмырында он жеті роман жазып үлгерді. Оның кітаптары әлем­нің отыздан астам тілінде аударылып, жалпы саны тоғыз миллиондай тиражға жеткен. Әдеби сыншылардың болжауынша, Ілияс Есенберлиннің шығармалары қайта-қайта шығарылып, өзінің жағымды да, әсерлі күшін жоймады», – деп, әдебиет зерттеушісі Ахмет Дүйсембаев жазған­дай, жазушының тарихи романдарының ішкі мәні Елбасымызды бүгінгі «Мәңгілік ел» идеясымен ұштасып жатқандай.
Өзінің төл тарихына сусындап отырған туған халқын сол төл тарихымен табыс­тыр­­ған жазушы Ілияс Есенберлин жүрек талмасы сырқатына қарамастан Мәс­кеуге барып, өзінің «Алтын Орда» романына жабылған жаладан қорғауға барған сапары кезінде, 1983 жылдың 5-ші қа­занда қайтыс болды. Биыл, яғни 2015 жылы аса талантты да дарынды жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына жүз жыл толып отыр. Осыған орай Ілияс Есенбер­лин­нің өзі туған Атбасар қаласының ор­талық алаңына жазушының ескерткі­шін тұрғызу туралы мәселе көтеріп, халыққа сол жайында үндеу тастап едім, менің бұл бастамамды аудан әкімі А.Н.Никишов және аудандық мәслихаттың депутаттары бірден қолдап кетті. Арнайы есеп-шот аштық. Жазушының ескерткішін жасатуға арналған бұл есеп-шотқа ең бірінші болып аудандық мәслихат депутаттары ал­ғашқы бір миллион теңге қаржы аударса, аудан әкімі де өзінің бір айлық жа­ла­қы­сын қосты. Ескерткішке қажетті қар­жы­­ны халық өз еріктерімен көтеріп әкет­­ті. Осы орайда мемлекеттік және аза­­маттық, ауданның білім беру, ден­сау­лық сақтау, мәдениет салаларының қыз­меткерлеріне, мекемелер мен ұжым­дарға, сонымен қатар «Аждар и К» серік­тес­тігіне, «Қамқор Локомотив» акцио­нер­­лік қоғамына, жекелеген кәсіп­керлер мен азаматтарға, ауылдық округ­тердің әкім­дік­теріне шексіз алғысымызды біл­­діреміз.
Енді міне, заманымыздың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің ескерт­кіші оның өз туған қаласы Атбасардың орталық алаңына көрік беріп тұр. Қалам­гердің музейі мәнді де сәнді қалпымен сыр шертеді. Ел мен елдіктің символы Есенберлинге деген өз жерлестерінің шынайы құрметі мен сүйіспеншіліктері мәңгі толастамайды.

Бағдат Борұмбаев,
Атбасар аудандық мәслихатының хатшысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір