ЕҢ ҮЛКЕН МӘДЕНИ БАЙЛЫҚ
Рахманқұл БЕРДIБАЕВ
Жарты ғасыр бұрын
«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІНІҢ ЖАРЫҚ КӨРГЕНІНЕ БИЫЛ 85 ЖЫЛ. ОСЫ УАҚЫТ ІШІНДЕ БАСЫЛЫМ ҰЛТТЫҢ МҮДДЕСІН, ТІЛІН, ӘДЕБИЕТІ МЕН ӨНЕРІН ҚЫЗҒЫШТАЙ ҚОРЫП КЕЛЕДІ. ӘСІРЕСЕ ҚАЗАҚТЫ ДӘСТҮРІ МЕН ТАНЫМЫНАН, ТАСҚА ҚАШАЛҒАН ТАРИХЫНАН АЖЫРАТЫП, МӘҢГҮРТ ЕТУ САЯСАТЫ АШЫҚ ЖҮРГЕН КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ҰЛТҚА АРАША БОЛҒАН ТҰЛҒАЛАР АЗ ЕМЕС. 85 ЖЫЛДЫҚҚА ОРАЙ, СОЛ ТҰСТА КӨТЕРІЛГЕН СОҚТАЛЫ ТАҚЫРЫПТАРДЫ ГАЗЕТТЕ ҚАЙЫРА ЖАРИЯЛАП ТҰРУДЫ МАҚСАТ ТҰТТЫҚ.
Ұлы Отан соғысы қарсаңында шығуын тоқтатқан «Қазақ әдебиетi» газетi он бес жылдық үзiлiстен кейiн 1955 жылы 14 қаңтарда қайта жарық көрдi. Оған дарынды ақын Сырбай Мәуленовті Бас редактор етiп қойды. Бұл репрессияның райы қайтқанымен, коммунистiк идеологияның өктемдiгi әбден асқынып тұрған, қаламгерлер халықпен бiрге социалистiк догматизмнiң қасаң да тар шеңберiнде шерменде болған тұсы едi. Барлық баспасөз ол кезде тек қана бесжылдықтар тынысы мен социалистiк жарыс, өндiрiс, шаруашылық пен саяси науқандар, жоспар мен мiндеттемелердiң орындалуы туралы ғана жазып, ұлт тағдыры, жұрттың рухани-әлеуметтiк мұң-мұқтажы, мәдени-әдеби, тарихи көкейтестi мәселелерi назардан тыс қалатын. Дәл сол кезеңдегi үлкен мәдени оқиғаның бiрi – көп жылдар бойында тоқталып қалған «Қазақ әдебиетi» газетiнiң қайтадан шығуы едi, – деп еске алады публицист-ғалым, ұлт мүддесiнiң өткiр мәселелерiн көтергенi үшiн қудаланса да, алған бетiнен қайтпаған Рахманқұл Бердiбай. – Әдебиет газетiнiң пайда болуы жұртшылық ойының өрiстеп, жаңа қуатпен қанат жаюына септестi… Өзгелердi қайдам, бiздер, газеттiң сол кездегi жас қызметкерлерi ендiгi жерде баспасөз бетiнде халықтың көкейкестi мәселелерi көтерiлетiн, мұның өзi ұлттық оянуға соны серпiн беретiнiне қатты сенетiн едiк. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң басшылары Сырбай Мәуленовтен, Сафуан Шаймерденовтен, Жұбан Молдағалиевтен бастап қатардағы қызметкерлерге дейiн қалайда үлкен, iргелi мәселелер қозғау арқылы халыққа қызмет ету парызын терең сезiнетiн. Менiң қаламгерлiк өмiрiм дәл осы тұста басталғанын сәттiлiк санаймын… Газеттiң үлкен рухани серпiлiске түскен жылы елу алтыншы жыл болды. Дәл осы жылы басылым бетiнде қазақ тiлi, тарихы, мәдениетi, ұлт мектептерiнiң аянышты халi жөнiнде аса маңызды мақалалар басылып, жұртшылық пiкiрi кең көлемде көрiнiс тапқан едi. Айталық, газет қызметкерi
Р.Бердiбаевтың «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласы қазақ қоғамын дүр сiлкiндiрдi.
….
Мақалада қоғамда белең алып бара жатқан орыстандыру саясатына қарсылық бiлдiрiлген болатын. Иә, дәл осы кезеңнен бастап орыстандыру саясаты ашық түрде кең көлемде жүргiзiлiп жатқан. Ауыл мектептерiн үздiк бiтiрген балалар жоғарғы оқу орындарына түсе алмай, құлайтын болды. Себебi, қабылдау емтиханы кезiнде орыс тiлiнен шығарма жаздыру үрдiс ала бастаған. Осыдан кейiн орыс тiлiнде шығарма былай тұрсын, диктанттың өзiн қиналып жазатын қазақы ауыл баласының мүшкiл халын көз алдыңызға елестетiп көрiңiз.
Сонымен, сол тұста жұртшылық пiкiрiн туғызуға мұрындық болған, кезiнде жас авторға атақты қаламгерлерiмiзден жылы лебiз есiттiрген, үкiметiмiздiң 1956-1957 жылдардағы үш қаулысының дүниеге келуiне себепкер болған, автордың өзiне таяқ жегiзiп, ұлтшыл атандырған, «итжеккенге» айдалудан басқаның бәрiне душар еткен, қызметiнен шығарғызған, «Социалистiк Қазақстаннан» бастап «Правда» газетiнiң бетiнде сынға ұшыратқан, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң жұмысы туралы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң жасырын қаулысында «саяси қате жiбергендердiң» бiрiншiсi атандырған мақалада не айтылып едi?! Мiне, оқып көрiңiз! Бұдан 51 жыл бұрын жарияланған дүние. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Бүгiнде Тәуелсiз елмiз. Бiрақ, тiлге қатысты сөз таусылып бiте ме осы? Материалды оқи отырып, бұны да ойлай отырыңыз.
(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)
ПІКІРЛЕР1