Өткен жылға өкпе жоқ

0
107 қаралды

Бақыт БЕДЕЛХАН,
ақын, драматург

«Туған ай – тураған еттей» дейді екен бұрынғы­лар. Өткен жылдың соңында Халықаралық «Рух» әдеби бәйгесінен поэма жанры бойынша бас бәйге алдым, соның нәтижесінде Мәдениет және спорт министрлігінің демеуімен «Ауадағы жазу» атты жыр кітабым шықты. Ол кітапқа «Ұлым, саған айтам…» (Бекжан Тұрысқа арналған) және «Тағдыр тақтасы» (Асанәлі Әшімовке арналған) атты екі сахналық шығармам мен өзге де поэмаларым енді. Осы кітаптың тұсаукесері кәдімгі кеш дең­гейінде Жазушылар одағында өтті.

Биылғы жылдың тағы бір жетістігі – 12 нау­рыз күні Жазушылар одағына жұмысқа кел­дік. Сосын «Ұлым, саған айтам…» қойы­лымы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрының репертуарына енді әрі бірнеше рет қойылып, көрерменнің жақ­сы бағасын алды. Онымен қоса, «Қара­сай» атты драма жазып бітірдім, «Алматы түні – түнгі қала» атты музыкалық драма жазылу үстінде, көп өтпей аяқталып қалар. Жалпы айтқанда, үнемі шығармашылық үстіндемін.
Аз болса да осындай жетістіктер сыйлаған осы жыл мен үшін аса қадірлі жыл. Елбасы­мыз­дың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының өзі біздің шығармашылыққа, руханиятқа деген ынта-ықыласымызды үдете түсті. Ұлттық сананы, тарихи сананы қалыптастыру жолында қағаз-қаламымыз қолымыздан түсе қоймайтынына кәміл сенем.
Сөз соңында, барша Қазақ еліне, ұлы даласын ұлықтап, мәңгілігін мәртебе тұтқан жалпы Алаш жұртына жылдарыңыз нұрлы, айларыңыз арайлы болсын деймін. Келер жыл келелі дүниесімен, мол шығармашылық табыстарымен қуантсын!


Серік Асылбекұлы,
жазушы, драматург

2018 жылы орыс тілінде көлемі 35 баспатабақ болатын «Осенний романс» атты кітабым мен «Күзгі романс» деп аталатын 15 баспа­табақтық екі кітабым мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрді. Бұл екі жинаққа әңгімелерім мен повестерім, драмалық пьесаларым енген. Олардың алғашқы сынақ таралымы – 5 мың, екіншісінің таралымы – 1 мың дана.

«Осенний романс» – менің орыс тіліндегі үшінші кітабым, бұның алдында Кеңес одағы кезінде «Зимние каникулы», «Прощальный бал» деп аталатын әңгімелер мен хикаяттар жинағым жарық көрген болатын. Сонымен қатар, осы жылы әдеби зерттеу жанрында жазылған бірнеше мақалам әртүрлі ғылыми жинақтар мен мерзімді баспасөз беттерінде жарияланды. Сондай-ақ, «Желтоқсан желі», «Күзгі романс», «Империядағы кеш» деп аталатын пьесаларым Алматы, Қостанай, Көкшетау, Ош қалаларындағы қазақ және қырғыз драма театрларының сахналарында қойылды.
Келе жатқан Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтар мен барша ақ ниетті адамзат қауымына зор бақыт, денсаулық, бейбіт өмір тілеймін. Баршамызға ұлы Жаратушымыз жар болсын!


Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Биылғы жыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жалғасқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаламен есімде қалды. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей» күй кештім.

Дала кезіп, көше берген деп отырғандар үшін емес, өзін осы Даланың иесімін деп өсетін келер ұрпағымыз үшін қуандым. Көшпенділер мәдениеті дегенді әлемге танытар кезеңнің келе жатқанына қуандым. Ерлері аттың жалында ұйықтап, әйелі түйе қомында бала тапқан Даланың рухы мықты өжеттер мекені екенін, әлі күнге ат құлағында ойнайтын ұрпағы барын дәлелдеудің күні туғаны зор мақтаныш емес пе? Қысқасы, ақын жүрегімнің бір жарасы жазылғандай болды. Оның үстіне Ақордамызда тұңғыш президентіміздің қолынан марапат алдым. Үш томдық еңбегім мемлекеттік тапсырыспен жарық көріп, бүкіл кітапханаларға таратылды. Өзім сатам деп қинал­майтын болдым, демеуші іздеп те жаутаңдаған жоқпын. Енді есте­ліктерімді жазып жүрмін,оның да бір сәті түсер деген үміттемін.


Сәуле ДОСЖАН,
жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

2018 – Ит жылы шығармашылығым үшін табысты жыл болды. Жазушылық – менің тағдырым. Сондықтан оның жолындағы әр тірлігім маңызды. Поэзия мен проза жанрында бірдей жетістіктер бұйырды.

1. Елордамыз Астананың жиырма жылдық мерейтойына арналған «Ел тірегі – Елорда» Республикалық жыр мүшәй­ра­сын­да бірінші жүлдені иелендім.
2. Ресейдің «ЮНОСТЬ» журналының үшінші санына шыққан «Когда женщина заложница» (аудармашысы Ғосман Төлеғұл) деген хикая­тымды оқырмандар жылы қабылдап, сондай атпен орыс тілінде кітап болып шықты.
3. Англияның «Hertfordshire Press» баспасынан «The Tragedy of a Bastard» («Көрдемшенің қасіреті») атты кітабым ағылшын тілінде шықты.
4. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруы­мен, Жазушылар одағы мен Ұлттық Академиялық кітапхана­сының бірлескен жобасымен Германияда өткен Қазақстанның әдебиет пен өнер форумында «Өгей жүрек» кітабым неміс тілінде шығып, Берлиндегі ең үлкен кітапханада танысты­ры­лымы болды.
5. Жыл соңында «Үлкен үйдегі үрей» деген кітабым «Qazyna» баспасынан шығып жатыр. Бұл романым осымен үшінші рет қайта басылып жатыр.
6. «Өгей жүрек» деген шығар­мам БҰҰ-ның алты тіліне аударылуда.
7. «Көрдемшенің қасіреті» деген Англияда шыққан кітабымды Еуропалық оқырмандардың жылы пікірімен Халықаралық БУКЕР сыйлығына ұсынып жатыр. Отанымдағы оқырмандарым да тілеуімді тілеп отыр. Барлығына мың алғыс!
Міне, Тазы жылында жеткен тамаша жетістіктерім. Аллаға шексіз алғыс!


Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын

Абай: «Адам өзіне есеп береді», – дейді. Сол айтқандай, жыл басталған кезде адам не жасаймын, не бітіремін деп ойланады, ал жыл аяқталған кезде ойға алған дүниелерімді жүзеге асыра алдым ба, асырсам қай дәрежеде асырдым деп толғанады.

Мені көптен мазалап жүрген дүниелер бар еді. Биыл сол істерді қолға алып, екі үлкен шаруаның басын қайырдым. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының аясына толығымен сыйып кетердей, соған толық жауап берер­дей екі еңбек болды. Біріншісі, мен туған топырақ Жамбыл облысының Сарысу ауданы, Игілік ауылы деп аталады. Осы Игілік ауылында өнерге қатысты менің алдымда шоқтай боп көрініп тұрған Мәді Шәуітұлы деген кісі болатын. Ол кісі тірі болғанда келесі жылы 110-ға толар еді. Өзі сексен бес жасында ғұмырдан өтті. Он сегіз жасында екі көзі бірдей шешек ауруынан көр­мей қалған. Соған қарамай алапат мол мұраны, қазақтың көне күйле­рін бүгінгі күнге жеткізді. Қазақ ра­диосының алтын қорында жиыр­ма төрт күйі өз орындауымен тартылып сақтаулы тұр. Біздің Қаратаудың мектебі де, Теріскейдің мектебі де, Арқаның мектебі де тоғысқан, соның ұшар шыңындай боп тұрған өте көне күйлерді бүгінгі тыңдаушыға паш етті. Қадым за­маннан сыр шерткен күйлерді жеткізуші жалғыз, дара тұлғалар­дың бірі осы кісі болды. Жетпіске келген кезінде немересі алдында ойнап отырып, көзін тырнап ала­ды. Сонда ғайыптан жанары ашы­лып, жарық дүниені көру бақы­ты­на ие болады. Міне, осындай тағ­дыр­лы кісі болған. Осы кесек дарынға маған ескерткіш қою па­рыз секілді болатын. Алдымда тұр­ған ай мүйіз­ді талант еді. Дін­мұхаммед Қонаев­тың, Мұқа­ғали Мақатаев­тың, Тұманбай Молда­ғалиевтің мүсін­дерін жасаған, Мәс­кеуде оқыған Алтай Бейсенов деген азаматты қолқалап жүріп ауылға, Мәдениет Үйінің алдына ескерткішін жасат­тырдым. Қаржы­лық мәселесін өзім шешіп, өз қал­тамды қағып жүріп салынған дүние болды. Және де бұл кісінің жазған-сызған еңбек­терін жи­нақ­тап кіта­бын шығардым. Оның қар­жысын да өз тарапымнан та­уып, биік тұл­ғаға бар жанымды салып, жақсы іске жаршы, мұрын­дық болдым. Осы ескерткіштің ашылуына орай белгілі тұлғаларды Жамбылға алып барып, Мәді Шә­уіт­ұлы жөнінде республикалық конференция өт­кіздім. Осы – биылғы қуаны­шым­ның басында тұрған дүние. Мұны ұзақ тарқатып айтуға да болады. Ал, екінші айта­тын нәрсе, Жазу­шы­лар одағы ұйым­дастырған «Та­рихи өлкетану» аясында Сарай­шыққа барып, алпыс бес беттей поэма жазылды. Он үшінші ғасыр­дан бастап қопа­рып, қан қасап кезеңнің уытты сүгірет­терін зерлеп жазып шық­тым. Әлі мұны толық­тырамын деп ойлай­мын, тарихи эпопея болуы да мүмкін. Міне, биыл осын­дай істер­ге нүкте қойып отырмын. Қырық тоғыз жасымды осындай дүние­лермен аяқтап жатырмын.


Жұмаш Кенебай (Көкбөрі), ақын

Міне, григориан жыл санауымен 2018 жыл да аяқталып келеді. Бұл жыл тәуелсіз Қазақ елі үшін де есте қаларлық жыл болды.

Тәуелсіздіктің 27 жылдығын атап өттік. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан Жазушылар одағымен тек сырттай ғана атүсті байланыста болсам, осы жылы төрағалыққа ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған жаңа лек келгелі одақпен қарым-қатынасым белсенді бола түскендей. Одақ өткізіп жатқан толып жатқан мәдени және әдеби шаралардың барлығына арнайы шақыртылып, пікірімді ашық білдіру мүмкіндігіне ие болдым. Бұл жылдың тағы бір жаңалығы – Жазушылар одағының «Әдеби өлкетану» атты жаңа жобасына бел шеше кірісіп кеттік. Сосын, Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкеновтің бастауымен, бір топ қаламгер Атырау облысына шығармашылық сапарға шықтық. Бұл сапар туралы да жаңа дүниелердің өмірге келетіні даусыз. «Қазақ әдебиеті» газеті ұжымының алдағы уақытта бұдан да биік белеске көтеріле беруіне ті­лектеспін! Қорыта айтқанда, өтіп бара жатқан бұл жыл мен үшін жемісті болғанын несіне жасырайын. Қаламгер әріптестерім, сіздерді алда келе жатқан жаңа жылмен шын жүрегімнен құттықтаймын!


Ырысбек ДӘБЕЙ,
жазушы

Осы жылы «Жылқы атылған жаз» атты романым басылып шықты. «Рух» Халықаралық конкурсында роман жанры бойынша бірінші орын алып еді, соны министрлік 1000 тиражбен шығарып берді. Оқырман жақсы қабылдаған болуы керек, сұраныс көп болды. Сосын өз қалтамнан ақша шығарып, тағы 1000 тираж шығардым. Қазір, міне, жыл аяғы, ол мың тираж да таусылды. Республиканың түкпір-түкпірінен хабарласып, осы романға тапсырыс берушілер үздіксіз шығып жатыр. Алматыда «Qazуna» кітап дүкені сатты, өзіміз алыс аймақтарға почтамен жіберіп отырдық.

Әрине, өз басымда өткен жылмен салыс­тырғанда шығармашылық жақта өзгеріс бар деп ойлаймын. Ол өзгерістер жазу стилін басқа арнаға бұру және жазылатын тақырып төңірегіндегі өзгерістер дер ем. Оның бір пара­сын өткенде «Жас Алаш» газеті ұйым­дас­тырған «Қала мен қазақ» прозалық бай­қауында жүлде алған «Көнбіс» атты әңгімеден зерделі оқырман байқаған да шығар.
Уақыт болса, зырлап өтіп жатыр. Бұйырса келесі жылы оқырман қауымға тағы бір роман ұсынсам деген жоспарым бар. Осы заманды, заманның адамы, кішкентай адамдардың үлкен трагедиясы арқау болған осы романды келесі жылы оқырман қолына тигізсем деген жанталаспен жүріп жатқан жайымыз бар.


Қанат Әбілқайыр,
жазушы

Күнтізбелік Жаңа жыл есік қағып тұр. Тағы да жылыстап бір жыл өтті…

«Бұл жыл маған не берді?», «Мен бұл жылда не жаза алдым?». «Ауыз толтырып айтарлық неміз бар?»…
Осы сауалдарға шама-шарқымызша жауап жазып көрсек…
ҚР Жазушылар одағы мен Алматы облыстық әкімдігі бірлесіп ұйымдастыр­ған «Жетісу көктемі» атты жас әдебиет­шілер форумында Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өттім. Осыдан бірне­ше жыл бұрын ұстазым Дидахмет Әшім­хан­ұлы «Сені Одаққа мүшелікке өткізе­лік. Құжаттарыңды тапсыр» деп тапсырма берді. Мен айналамдағы қаламдас достарымның көбі одаққа мүше емес екенін ойлап, олардың алдына түсіп кетуге ыңғайсызданып едім. Сол себепті, Дидағаның қалауы кейіндеп қалған-ды. 2018 жыл өзімді былай қойғанда, ұста­зымның сол бір қалауы орындалған жыл болды. Одаққа жаңа келген басшылық жұмысын бізді, яғни жас қаламгерлерді мүшелікке қабылдаудан бастады. Аталған «Жетісу көктемі» әдеби форумында «Құйын» атты хикаятым үшін маған облыс әкімі Амандық Баталовтың «Ақ қауырсын» әдеби сыйлығы табысталды. Сондай-ақ, «Бабай бүркіт» атты әңгімем «Ұлт болмысы» журналының әдеби байқауында бірінші орынды, «Үй» атты шағын новеллам «Жас Алаш» газетінің «Қазақ пен қала» әдеби байқауында ынталандыру сыйлықтарын алды. ҚР Президент әкімшілігі мен ҚР Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Әдеби өлкетану» жобасымен Астана қаласына барып, «Айнаның арғы беті» деген хикаят жаздым. Мұның сыртында 3-4 әңгіме дүниеге келді. Өзім қызмет ететін Abai.kz ақпараттық порталына Бердібек Соқпақбаевтің «Өлгендер қайтып келмейді» романынан қиылып қалған тұстарын тауып, бірнеше мақала жария­ладым. Туған жерімнен, яғни Райымбек ауданынан саяси қуғын-сүргін көрген 700-ге жуық адам туралы деректік кітап дайындадым (болашақта жарық көреді). Құдайға шүкір, әйтеуір әліміз жеткенше еңбек еттік. Мен ғана емес, мен құралпы қаламдас достардың бәрі дерлік осы жылы аз тер төкпегенін білемін. Сондықтан да, өткен жылға өкпем жоқ, келер жылға үміт көп…


БАҒАШАР ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, сыншы

Биыл жеке басыма сынағы көп жыл болды. Аллаға шүкір. Егер қырық күн бойы бәрі жақсы боп, ешқандай қиындық көрмей кетсе, ғалым адамдар Алланың назарынан тыс қалдым ба деп алаңдайтын көрінеді. Осы жәйтті еске алып, шүкір етем.

Жеке бастың қуанышы да, аздаған қайғысы да болды. Өткенге салауат. Өмірімдегі қазіргі кезеңде елеулі оқиға деп Астанаға қоныс аударғанымды айтуға болды. Жаңа орта, жаңа жұмыс, басқаша көңіл күй. Ал, шығармашылық жоспарым дейтіндей, менің «Алтын дәптерім» жоқ. Ойға алған, жазсам дейтін тақырыптар бар. Бірақ, соған оқу, тәжірибе жетіспей жатыр. Сондықтан қазіргі шығармашылық жоспарым – оқу. Біраз уақыт көп ештеңе жазбай, өзіммен айналыссам деп ойлап жүрмін.


Мерей ҚАРТ, ақын

Биылғы «Құмай жылы» құтты және ырысты болды. Мен үшін ерекше тосын сыйларға толы болды. Өлең деп өмір сүріп жүрген соң, тауқыметі мен тәттілігі қатар жүретін тағдырға таңданып та қалады екенсің. Ең басты жаңалығым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атандым. Зор қуаныш және жауапкершілік жүктелді. Семей қаласында ҚЖО филиалы ашылып, төрағасы болып сайландым. Ол да сенім мен артылған үміт.

Ақтамасқа шара жоқ. Шығармашылы­ғымда да тың өлеңдер туды, жемісті жыл болды. ҚЖО төрағасы Ұлықбек Едәулеттің қолынан Төлеген Айбергенов медалін иелендім. ҚР мәдениет және спорт министрлігінің жанынан «Жас ақын-жазушылардың кеңесі» құрылды, оған да мүше болдым. ҚР Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы «Әдеби өлкетануды дамыту» атты ауқымды жоба бойынша Павлодар өңіріне барып, тың тақырыптар­да шығарма жазып, ерекше сезіммен қайт­тым. Маңғыстау облысында өткен «Жыр­лай­мын сені, Жаңаөзен» атты рес­пу­б­ликалық жыр додасынан бірінші орын бұйырды. «Жыл таңдауы 2018» байқауында «Жылдың үздік жас дарыны» номинациясын иелендім. Ең басты жаңалығым ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИ­КАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ «ДАРЫН» МЕМЛ­ЕКЕТ­­ТІК ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫНЫҢ «ӘДЕ­БИЕТ» НОМИНАЦИЯСЫ БОЙЫН­ША ИЕГЕРІ АТАНДЫМ! Осы қуанышты еселеп, Шәкәрім университе­тінің «Шәкәрім» медалімен марапаттал­дым. Өңір руxанияты мен қазақ әдебиетіне қосқан үлесіміз үшін деген төсбелгі тақ­тым. Медель, атақ, марапат әрине жақсы, еңбектің, шығарманың бағалануы. Ал, бұған мастанып, масайрап жауапкершілікті сезінбеу теріс екенін жақсы білемін. Жетістігім жайлы сұраған соң жазып отырмын. Арнайы сауал жолдаған «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымына мың алғыс. Бір мақтанып қалдым. Аман болыңыздар!

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.