Қазақ даласы – тарихта қалған ұлылардың алтын бесігі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы — түгел түркі мен Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналары хақ. Мақалада айтылған ұлт тарихының алтын тамырына терең бойлаған зиялы қауым өкілдері мен қабырғалы қаламгерлердің білдірген ой-пікірлері әлі де толастар емес. Біз бүгін солардың біразын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қабдеш Жұмаділов,
Қазақстанның Халық жазушысы
Тарихты зерттеу ғылымына, тарихи көркем әдебиетке жол ашылды
Мен Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын ауруханада жатып, бірер күн кеш оқыдым. Бірақ, ауру төсегінде жатсам да, өзіме қатты ұнаған мақалаға үн қоспай қала алмадым.
Президент мақаласының оқырманды бірден баурап алу себебі неде? Меніңше, көптің көңілінде жүрген жайларды дөп басып айта білуінде. Және оның басқа емес, Президент ауызынан шыққанында. Осындағы кейбір фактілер әр кезде шет-пұшпақтап айтылып та жүрді. «Кейде би айтқанды құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген сөз бар. Президент бұл жолы ұлтымыз мақтаныш етер мәселелерді біртұтас концепцияға айналдырып, биік бағдарлама дәрежесіне көтерген.
Жылқы туралы алғашқы бөлім – мақаланың қолқа жүрегіндей. Жылқы дегеніміз – қазақ. Қазақ дегеніміз – жылқы. Көшпенділер ұзақ ғасырлар бойы Еуразияда үстемді орында болуы – желден жүйрік сәйгүліктердің арқасы. Мақалада салт атты сарбаз тұлғасы мен атты әскердің құдіреті өте орынды айтылған. Фольклорда, эпостық шығармаларда тұлпардың тұлғасы батырдан кем сомдалмаған. Мысалы, Қобыландының Тайбурылы, Қамбар батырдың Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубас аты дегендей…
Отaршылдар көшпенділердің жаны жылқыда екенін жақсы білді. «Қазақты жылқыдан ажыратып жаяу қалдырмайынша, біздің ырқымызға көнбейді» – депті Голощекин. 1929-1930 жылдары кәмпескеден түскен өзге малды түгел сойып, Ресей қалаларына жөнелткенде, орыстар етін жемейтін жылқыны қайтеміз деген мәселе туған екен. «Онда жылқыны сай-сайға иіріп қойып атыңдар» – депті Голощекин. Бұйрық табанда орындалған. Қарулы солдаттар жылқыны сайға қамап тұрып пулеметтің оғына ұстаған. Міне, Қазақстандағы миллиондаған жылқы осылай қарап болды. Бұл тақырып менің «Сәйгүліктер» атты повесімде жан-жақты суреттелген.
Атты баптау, ер-тұрманын сайлап атқа міну – өз алдына бір мәдениет. Бірақ, қарап отырсаңыз, біздің түркілер, оның ішінде біздің қазақтар да бар, атқа міну үрдісінен қарайып қалған секілді. Тарихи киноларға қарасаң, сарбаз арба айдаған кісідей тізгінді екі қолымен бірдей ұстайды. Тақымы ертоқымға жабыспай қопаңдайды. Ал біздің бабаларымыз тізгінді сол қолында ғана ұстаған, оң қолын қамшыға, тағы басқа қаруға қалдырған.
Ендігі бір әңгіме – киіз үй туралы. Сәнді қалалар, әсем сарайлар салған жұрттарға талас жоқ. Ал, бір сағатта тігіп, бір сағатта жығып ала қоятын киіз үйді көшпенділер ғана ойлап тапқан. Күші басым жау таяп қалған кезде, үйлерін жығып, бір етасым уақыт ішінде жұртын сипатып кеткен…
Осыдан экология мәселесіне келуге болады. Біздің бабаларымыз жерді аялаған, өріс-қонысын тоздырмаған. Бір жерде бір айдан артық отырмайтыны содан. Балаларға көк шөпті жұлдырмаған, көк талды қидырмаған, өзен-бұлақ бойларында кір жудырмаған…
Ал қазақ көшінің сан түрі бар. Хандық дәуірдегі қазақтың көші айшылық алыс жол басқан. Қыста Сырдария бойында, қалың қопалы Арыс, Шудың бойын қыстап, жазда Арқа жерін жайлаған. Мамыр, маусым, шілде, тамызда Ертіс, Есіл, Тобыл бойларын жайлап, қыркүйекте көштің бетін қайтадан түстікке бұрған. Мұндай ұзақ аламан көштің үрдісі Жоңғар шапқыншылығынан кейін ғана үзілген. Көш – қазақтың салтанаты, қазақтың көрмесі. Көш барысында ер-азаматтар, қыз-келіншек, жас әйелдер сәнді ертоқымдарын ерттеп, сәйгүлік аттарына мінеді. Кілем-кілшесін жүк үстіне жауып, жол-жөнекей «Бұл кімнің көші?» дегізіп, көш бойын сауық-сайранмен өткізеді. Асықпайды. Асығатын не бар? Батыры мен биі көшпен бірге келе жатыр, хан ордасы да сол көштің жуан ортасында. Демек, сонау Сыр бойынан Арқаға дейінгі айшылық алыс көште тойын тойлап, аңын аулап, төрт түлік малын шұбыртып асықпай көшетін болған.
Көшпенділер көшуді бір азап деп, бейнет деп қарамаған. Аспандағы құстар қалай қалықтап ұшса, қанатым талды демесе, көшпенділер де көш үстінде өздерін солай сезінген. Көшпенділердің өмірін сезінбейтін адамдар ғана кейде мұны қате ұғынады. Өткенде бір жазушының тарихқа арналған кітабын оқып отырсам, көшті бір бейнет, бір ауыршылық, адам басына түскен бір қасірет қылып суреттейді. «Қашан жетер екенбіз?» деп, есі шыға шаршап-шалдығып келе жатқан бір адамдар… Бұл – көшпенділер табиғатын білмейтін адамдардың долбары.
Тағы бір ойға оралған нәрсе – Президент мақаласында қазақтың бір кездегі өндірісін, алтын мен күмісті, мыс пен жезді қалай алғанын атап өткен екен. Осы тұста қазақтың тағы бір өнері еске түседі. Еуразия даласында, мәселен, арбаны ойлап тапқан – қаңлылар. Жалпы, қаңлы деген сөз – арбалы деген сөз. Көз алдыңызға елестетіңіз: қырық-елу арбадан құралған қаңлының көші келе жатыр. Сол кездегі арбалардың қаңғыр-күңгір еткен дауысы түстік жерден естілетін болған. Бара-бара, «арбалы» деген сөзден «қаңлы» деген сөз шыққан. Бұл өте ертеде, біздің жыл санауымыздан неше ғасыр бұрын қаңлылардың арбамен көшіп жүргенін білдіреді. Ал, ол заманда төрт дөңгелекті көлікті ойлап табу – қазір самолетті немесе ракетаны ойлап тапқанмен бірдей. Қытай деректерінде осы дерек сақталынған.
Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында алдағы істелетін міндеттерді де қағыс қалдырмаған. Ұлы есімдерді ардақтау бөлімінде де ойластыратын жайлар баршылық. «Тарихты үйрену мен патриоттық тәрбие мектеп қабырғасынан басталу керек» – депті мақаланың бір жерінде. Осыдан кейін өткен жылдары тарихты керексіз деп танығандар, тарих пәніне қысым көрсеткендер, тарих сабағының сағаттарын азайтқандар қайтадан ойланатын шығар деген үміттеміз!
Ахметжан Ашири,
жазушы
Елбасы идеясы тарихи сананы жаңғыртты
Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір шаңырақ астында бейбіт ғұмыр кешіп жатқан егеменді ел.
Күн сайын қарыштап дамып жатқан мемлекетімізде ата-бабаларымыздың сан ғасырлық мұрасының қайта жаңғыруы, кеңейтілген, терең зерттеулермен және тың идеялармен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрініс табуы шын мәнінде қуантып отыр. Екі бөлімнен тұратын мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруда» атап көрсетілген мақсат-міндеттердің жалғасы әрі толықтырылып қарастырылған нұсқасы іспеттес.
Қазақ елі тамыры тереңде жатқан тарихи өлке. Бұл кең даладан археологиялық зерттеулер негізінде талай құнды жәдігерлердің табылғанын білеміз. Сол құнды қазыналардың басын құрап, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу туралы Елбасының идеясы тарихи сананы жаңғырту мен өткенді саралау, дәріптеу бағытында жасалатын үлкен іс және тарихты заманауи түрде жеткізудің көркемдік құралы болмақ. Халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін жинақтап «Дала фольклоры антологиясын» жасау қазақ тілінің шұрайлылығын әрі бай мұрасын көрсететін жұмыс болатынына сенімдімін.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы бізге тың, қайталанбас идеяларды ұсынып отыр. Ендігі жерде барша қазақстандықтар болып, осы мақалада көрсетілген тұжырымдамалар бойынша жұмыла еңбек етуіміз қажет.
Рафаэль Ниязбеков,
ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Тарихымызға қайта үңілу – ұлылық
Біздің дамуымыздың ең басты белестерінің бірі болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жариялануы және бұл бастаманың жалпыхалықтық сипатта қолдау табуы, жарқын болашаққа қадам басқан қазақстандықтар үшін айтулы оқиғалардың бірі болмақ.
Себебі, төл тарихымызға қайта үңілу, оны байыппен зерттеп-зерделеу, ұлттық болмысымызды қайта жаңғырту, ежелгі мәдениетімізді қайта қарау, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеу – мемлекетіміздің жан-жақты дамыған әлемнің озық елдерімен тең дәрежеде қатар тұруына мүмкіндік береді.
Қазақ даласы – тарихта қалған ұлылардың алтын бесігі болған қасиетті мекен. Ұлы дала талай ұлыларды дүниеге әкелгенін, біз жақсы білеміз. Елбасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу идеясы ғибратты ғұмырымен есте қалған тұлғаларымызға көрсетілген зор құрмет деп білемін. «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару ұлылардан қалған ұлағатты насихаттау мен өскелең ұрпақтың санасына сіңіру жолында жасалған үлкен еңбек болатыны анық.
Біздің болашағымыз жастар десек, бұл мақалада көрсетілген тың идеялар мен бастамалар жастардың өсуі мен шығармашылық дамуы жолында маңызды рөл атқаратын фактор болмақ. Осы мазмұны бай тұжырымдамада көрсетілген тілектерге сай жастарымыз белсенді еңбек етіп, қызмет жасаса талай шыңдарға жетіп, талай асуларды бағындыратынына кәміл сенімдімін.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын
«ЖЕТІ ҚЫР» феномені хақында…
«EGEMEN QAZAQSTAN» газетінде Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы шықты. Оны мақала деп емес, Президенттің бұрын жария еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының парасаттылық негізіндегі басты ұстыны, матрицасы десек те болады. «Ұлт тарихындағы Кеңістік пен Уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі бөлімнен тұратын ол мақаланың алғашқы бөлімі «Ұлы даланың жеті қыры» туралы баяндаса, екінші бөлімі сол «жеті қыр» феноменінің елдің бүгіні мен болашағына қалайша қызмет етуі жайындағы басты алты тұжырымнан тұрады.
Иә, аталмыш мақаланы оқып шыққан соң, қатты толғанғанымызды жасырмаймыз. Өйткені, ел тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап, Ұлы даламыз бен Көшпелі Өмір Сүру Салты (КӨСС) және Отырықшы тірлік ету салты (ОТЕС) ғаламаттарының сырына үңілумен, өзімізше зерттеп-зерделеумен келеміз. Елбасының бұл мақаласының біздегі ой-толғамдарға да, жалпы, сан саладағы ғалымдарымыз бен зиялы қауымның аса көрнекті тұлғаларының Елтану ғылымы жолында атқарып жатқан шаруаларына да, елдің рухани тірлігіне де өте қуатты серпін берерлік маңызы мен мәнісі айрықша. Кеңістік пен Уақыттағы Ұлт Тарихын, рухани жаңғыру арқылы, барынша кемелтану жолындағы жасампаздық жұмыстарының да осы мақаладан кейін бұрын-соңды болмаған пәрмен мен қарқын аларына сенеміз.
Бағзы бабаларымыздың «Өзін таныған – Тәңірісін таниды» нақылынан білетініміздей, Өзтанымның жеке бас үшін де, Ел үшін де, Адамзат үшін де маңызы орасан. «Сөзім – Өзім» (С.Торайғыров) демекші, Өзтаным ғылымы Сөзтанымнан басталады. Сөзтаным – Жазмыштану (Тарихтану). Себебі, кеше ғана отырықшылыққа еріксіз мойынсұнған халқымыздың атамзаманнан бергі генеалогиясы мен тағдыр-тарихы – Ата Тілінде сақталған. Ата Тіл, біз үшін – ұлттық дүниетаным, салт-дәстүр, тарих, өнер, кәсіп, ғылым, білім, дін. Ол – бүкіл өміріміз. «…Қазақ Тілін білсе еді: ғылым-білім де осында, дін де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті», «Асылы, Қазақ Тілі – жұмбақ, не айтса, бәрінің шешуі бар, шешуін білуге тырысу керек» дейді әулие Мәшһүр Жүсіп.
Сөзтанымда «Атқа міну мәдениетінің» де өз пәлсапасы бар. Ол ғылым «Адам – сөйлескенше, жылқы – кісінескенше», «Жылқыға бас білдіру», «Қазақ – жылқымінезді» секілді рухани сансыз формулалардан басталған. Сөзтаным мен Сөз культінің – Президентіміз баян еткен «Мәңгілік Ел» идеясының басты теориясы әрі Ұлы даланың басты қыры екені сөзсіз.
ПІКІРЛЕР1