Әдебиеттің алтын САҒАТЫ
23.10.2018
1605
0

(Сағат Әшімбаев шығармаларының үштомдық жинағын оқығанда)

«Әдебиетте орын көп. Өйткені әркімнің өз орны бар. …Қашанда әркімді өз тұрғысынан бағалау керек. 2.12.1985 ж».
Әшімбаев күнделігіне түскен тамшыдай ой бізге осылай сөйлейді. Бұрын ашылмаған парақтарды ақтарыстырып қарағанда көзге оттай басылған алғашқы СӨЗ – осы. Бұдан басқа адамгершілік, азаматтық, парасат… әрі қарай жалғасып кете береді. Ал мына СӨЗ әдебиеттегі Сағаттың тап-таза болмысындай жылы ұшырасты.
«Әдебиетте орын көп» болса ақын-жазушы да көп. Бірақ көптің бәрін білуге қауқарың жете қояр ма? Білерсің, мойындау?.. Бұның ешқайсысын да мойындамайсың. Көп болғандықтан. Классиктерді ғана оқып үйренген көз басқаларды қалай көрсін. Пәлі, талғамың өсіпті.
Тек мықтыларды, классиктерді… сөзінен бұрын жеткен атақ-даңқ. Міне, бізді қызықтыратыны. «Пәленше деген ақын отызға жетпей-ақ бүкіл әлемді аузына қаратыпты. Түгенше деген жазушы бір роман жазып Нобель сыйлығын алыпты…». Толассыз жауған ақпарат арасынан осыны құлағың шалып қалса сырттай тамсанасың. Қандай ғажап жазушы?! Неткен мықты ақын! Патша көңілді оқырманға кім не айта алады? Ал қазіргі әдебиеттің ауылында жүргендер ше? Бұлар оқырмандардан, әрине, басқаша. Бұлардың екі түрі бар: бірі – өзінен басқаны мойындамайтын кіл «классиктер» де, екіншісі, (классик демей-ақ қояйық, жақсы жазушы) қабілеті бола тұра әдебиет мәселесіне келгенде үн қатпайтындар. Алғашқысы ауызбен айды бағындырса, кейінгісі артықтау кетсе абыржиды, өз салмағымнан ауыр сөз айтып қоймадым ба деп.
Кімнің орны қай жерде екенін халық пен уақыт анықтайды деседі. Дұрыс та шығар. Әдебиетті ардың ісі десек, онда бұндағы әрбір оқиғаға көзжұмбайлықпен қарау арсыздықтан бұрын, қылмыс болып шықпай ма? Халық пен уақыт та әдебиетке келгенде сергек санаға жүгінбеуші ме еді. Өйткені бұл жерде «әркімнің өз орны бар. …Қашанда әркімді өз тұрғысынан бағалау керек».
Сағаттың осы бір СӨЗІ әдебиеттің кешегісін, бүгіні мен ертеңін бағамдауға бағдар бола алатындай.

***

Біздің Сағатпен таныстығымыз бала кезден басталмады. Шалғай­дағы мектептің қуыстай кітапха­на­сындағы онның сегізі оқулық болса, ілуде бір келетін әдеби туын­дыларды місе тұтпай, кітапқа жаны жақын-ау деген жандардың үйін жағалап кетесің. Тапқан бірлі-жарым қаламгерлердің шығармасын ешкімге көрсетпей, оңаша оқисың да кейіпкер достарыңмен бірге небір қызықты оқиғалардың артына түсіп алып, ілесіп кете бересің. Сосын… Сосын жүрегіңді қозғаған сөз тізбектеріне қайтадан үңілесің. Бір емес, сол бетті бірнеше қайтара аш­қаныңды білмей де қаласың. Бес жүз бет романды екі күн, екі түн­де оқып бітірдің. Енді келіп еліктеу басталады. Жаны жоқ парақтардың ішіндегі тірі кейіп­керге… Кейіпкерге де емес, сол кейіпкерді тірілткен, сенімен сырластырған суреткерге.
Бұл – шығарманы оқып біт­кеннен соңғы көңіл-күй. Жалаң еліктеу емес, әуелгі әсерден шы­ғып, саналы түрде баратын қа­дамың. Ішкі әлеміңді қопарып, бір сәтке жан дүниеңнің астаң-кестеңін шығарған, жақсылыққа деген сенімді жүрегіңде көктеткен өзің үшін ендігі асқақ тұлғаға ұқсауға тырысу.

***

Ол бала кезінде көп кітап оқыпты. Абайға еліктепті. «Абай биігі, Абай тағылымы – арманым», – депті. «Қазақты түсіну үшін Абай­ды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт». Жү­регінде көктеген көркем сөз күнделігіне осылай көшіпті. Оның биік болмысына алыстан қараған жан алдында тұрған Хакімді таныр еді. Қаламымен, мінезімен, аза­мат­тығымен де ұқсай алыпты. Абайға.
Сағатпен алғаш Алматының орталық кітапханасында жақын­нан танысқан едік. Оның (маған бұл кезде әлі беймәлім болған) өлшеуге келмес телегей білімі екі елі кітап сөресіне сыйып тұрғандай көрініп еді.

***

Кітап… Әшімбаев есімі атал­ған­да әуелі замандастарының әлі күнге аңыз қып айтар кітапқ­ұмар­лығы еске түседі. «Маған әлем әде­биетін тауыса оқып не керек? Са­ғат-ақ айтып береді» деген сарындағы сөз де Сағат туралы ай­тылған ақиқат пен аңыздың арасында жүретін. Алпысыншы жыл­дар ақыры мен ғұмырының соң­ғы сәттеріне дейінгі, ширек ға­сыр аралығындағы қазақ әде­биетін Сағат Әшімбаевсыз елес­тетіп көріңізші. Онда қазақ әдеби сынының бір аяғы ақсап, шай­қалып тұрар ма еді.
Жақында қолға түскен «Сағат Әшімбаев шығармаларының» үштомдығын парақтағанда сыншы шығармашылығының ауылына қайта барғандай әсер болды. «Қазақ энциклопедиясы» бас­па­сы­­нан жарық көрген жаңа жинақ­қа оның Күнделік беттеріне төгіл­ген сырлары, өзі туралы жазылған естеліктер мен сыни мақалалары еніпті. Бұл жинақты құрастырған, күнделігін кітап қып шығаруға мұрындық болған – сыншының жары Шәрбану Бейсенова.
Бұндағы басты жаңалық – үшінші томында. Соңғысынан бастаудың да себебі бар. Үшінші томның негізгі салмағын Күнделігі арқалапты. Күнделікке түсініктеме жазған Дүйсен Мүсірәліұлы Сағат­тың 45 қалың дәптер жазып қал­дырғанын айтады. Бұны ол бастан кешкен әр сәтін бейнелейтін жай күнделіктен гөрі сыншының «шы­ғар­машылық лабораториясы, шеберлік мектебі» депті. 45 дәп­тер­дің оншақтысы сөздікке арнал­ған. Орысша оқыған кітаптарының қажетті деп тапқан жерін түртіп алып, жанына аудармасын бірге жазыпты. Дәл осындай бес мыңнан аса тіркес бар екен.
Үшінші томның алғашқы бө­лімі – «Жүректен шыққан жаз­ба­ларында» Сағат қаламынан туған ой орамдары сұрыпталып беріліп­ті. Бұл ой-толғамдарын жазуға сеп болған да оқыған мыңдаған кітап­тың әсері. Сөзге дәлел болсын, «Бі­рін­ші дәптердің» бірінші сөзін­де: «Уәли сөз – әулие сөз, пайғам­бар­дың сөзі дегенді білдіреді екен. Абайда бар, «Өлең сөздің пат­шасы» деген өлеңін қараңыз. Уәж­ді-уәли», – делініпті. Содан соң «Л.Толстой 34 жасында үйленген. Ол 1870 жылы Петр туралы роман жазуға отырған…», – дейді де әрі қарай осы сынды деректерді жаза келе: «Роман – әдебиеттің сим­фо­ния­лық оркестрі», – деп ұлас­ты­рады. Бұдан басқа фактілер мен солардан түйген ойлары қаншама. Әдебиетке қызыққан жұртқа бұл жазбалар қойын дәптерге көшіріп алып оқитын дайын сілтеме іспет­ті. Одан әрі кітап Сағат Әшім­баев туралы ой-пікірлер, сыни көз­қа­рас­тар, мөлдір эсселермен жал­ғасады.
Үштомдықтың бірінші және екінші томдарынан 1967 жылдан (бұл кезде жиырмадағы студент) бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін сыннан қол үзіп көрмеген сыншы Сағатты танисың. Бала шағынан басталған әдебиетке құштарлық есейе келе жазушы не ақын ретінде емес, оны әдебиетке ғылыми тұрғыдан араласуға әкел­ді. «Сын – әдебиеттану ғылымы­ның фундаменті. Әдебиет адам­тану ғылымы десек, сын әде­биет­тану ғылымының фило­со­фия­сы», – дейді ол. Сағатты біле­тін­дер оның кітапты жай оқырман ретінде емес, сыншылық талғам­мен астын сызып оқығандығын айтады. Әлі сын жанрына қадам баспай тұрып-ақ жас Сағат бір оқыған туындысын кітапханадан екінші қайтара жаздырып алған кездері болыпты. Оның сын саласына келуі жай кездейсоқтық емесі содан. Оқуға құмар жеткін­шек азаматтық үнін қоғамға жет­кізе­тін құрал – қаламсап екенін ерте аңғарған сияқты. Талант таби­ғатын тап басқан әдебиет­тану­шы Құлбек Ергөбек «Сағат­тың кітап оқуы – жүйелі оқу. Сіңі­ріп оқу. Оқығанын айтар ойы­ның арқауына айналдырып сала­лы ой айта білу – Сағат сыншының бір артықшылығы!», – депті.
Әшімбаев сындарының ерек­шелігі – бірден нәзік сезімге әсер ететін көркем тіл шеберлігінен бұрын, өткір дәлелімен нендей мә­селе болсын уәж айта алар нақ­тылығында. Сенбесеңіз, жинақты аш­ып, асықпай парақтап шы­ғы­ңыз. Ондағы сыни мақалалардың бас-аяғы бар ғылыми дәйекті ең­бек екеніне көзіңіз жете түседі. Ол әлдебір әдеби процесс, не ақын-жазушының шығармасы туралы сөз қозғағанда алысқа бармай-ақ орыс әдебиетшілерінің еңбек­те­рімен салыстыра қарастырады. Олардан нені алу керегін жазады. «Сыншыл ой сипаты» мақала­сында «Л.Леоновтың Толстой, Чехов, Грибоедов, Пушкин, Горький туралы жазған мақалала­рының әрқайсысы мазмұн, форма жағынан айырықша тұрған сыншыл көркем ой жаңалықтары» екенін айтып келеді де «Осы іспет­тес үздік үлгілерге керекті жерінде көз қырын салып қойғанның артықтығы жоқ», – дейді. Сынау­дан бұрын, қаламгерлерге жол сіл­теп, бағдар көрсетеді. Сын мұратын осылай дәлелдейді.

***

Сағат Әшімбаевтың тілдік қорында ең көп кездесетін сөз – «азаматтық» болса керек. Бұған онымен бірге ілесіп жүретін «немқұрайлылық» пен «тоғышар­лықты» қосыңыз. Алғашқысын Сағат ту қып көтерсе, соңғыла­рымен өмір бойы күресіп өтті.
«Өртеңге шыққан гүлдей ә дегеннен-ақ жайнап, жарқырап көзге түсті. Ол табиғаты таза, өзі­нің кіндік қаны тамған Аспан­таулар әлемінің мөлдір бұлағын­дай, кәусар бастауындай, жасыл құрағындай қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздай алыптарынан бастап, одан кейінгі ақын-жазушыларға, өзінің тұстастарына, сол кездегі оқырманы көп қазіргі «Жас Алаш», бұрынғы «Лениншіл жас» арқылы қалың жұртшылыққа қаршадайынан-ақ танылып үлгеріп еді. Өз ортасынан суыры­лып шығып ерте көзге түсіп еді». Мырзатай Жолдасбеков бір кез­де­рі өзі дәріс берген шәкіртін осылай еске алады.
Кей тұлғалар үнемі асығады. Бәлкім бүгін, дәл қазір осы істі ол іс­темесе сол қалпында мәңгі қа­лып қоятындай көрінетін шығар. Егер бұны жалпы алып қарасаң олардың не себепті асыққанын пайымдағандай боласың.
«Достоевский әдебиетте таза жиырма бес жылдай ғана уақыт қызмет еткен. Сондықтан да оның әрбір босқа өткен сағат үшін қи­налуына еріксіз сенеміз де…», – депті Сағат. Бала кезінен кі­тап­ха­наны тауыса оқитын білімге құш­тар Сағаттың босқа өткен са­ғаты болды ма екен?.. Оның ақ қа­ғазға тамған маңдай терінен уа­қыттың исі аңқиды. Оқумен өткен ұзақ әрі қысқа уақыттың. Бәл­кім бұндай адамдардың жүре­гіне шоқ салып, алға жетелей­тін, асық­тыратын Құдайдың өзі шығар.

***

Сағатты жақынырақ таныған кез келген жаннан сұрасаңыз оның парасат биігіне көтерілген азаматтық ұстанымды бәрінен биік қойғанын айтады. Қоғамға сөз айта алар азаматтық үнің болмаса оқыған кітабыңнан, жазуыңнан не пайда. Әшімбаев осыны түсінген, ұққан және ұқтырған сияқты. Өйткені ол өз дәуірінің дертін тап басып, оған әуелі әдебиет арқылы ем ұсынған, кеселді мінезіне күйініп, қал-қадерінше сынап та баққан Сағат қой. Белгілі бір кезеңнің емес, адамдыққа, азаматтыққа тұғыр болар мәңгілік ӘДЕБИЕТТІҢ АЛТЫН САҒАТЫ…

Нұрлайым БАТЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір