«АБАЙ ЖОЛЫ» – НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ЛАЙЫҚТЫ ШЫҒАРМА
10.10.2018
2084
0

Жәмила Кынажы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің оқытушысы:


Жәмила Кынажы – қазақ ақын-жазушыларының таңдаулы шығармаларын түрік тіліне аударып, екі ел арасына дәнекер болып жүрген аудармашы. Жәмила ханым қазақ тілін терең меңгеру үшін қайсыбір жылдары Қызылорда қаласында тұрыпты. Тәржімашы Нобель сыйлығына бірден-бір лайықты шығарма – «Абай жолы» деп біледі.

– Бұған дейін Ғ.Мүсірепов, Б.Соқ­­пақбаев, Ғ.Жайлыбай, Н.Ораз т.б қазақ ақын-жазу­шы­ла­­­рының шығармаларын түрікше сөй­леттіңіз. Қа­зақтың әдеби тілін ау­дару қиын­дық тудырмады ма?
– Қазақ тілі – өте бай тіл. Әсі­ресе, дәстүр мен тілдің қарым-қа­ты­насын ойлап қарасақ, аудар­ма­ла­рымда қазақтың салт-дәстүріне байланысты көптеген сөздер кез­деседі. Бұл сөздердің кейбіреуі мен өмір сүретін ортадағы салт-дәс­түрдің ішінде жоқ. Мысалы, та­биғатпен, жан-жануарлармен, қа­зақ хал­қының көшпелі ке­зең­дегі өмір салтымен байланысты сөз­дер кейде мені қатты қинайды. Бі­рақ, мен шамамен он сегіз жыл­дан бері қазақ тілін зерттеп, оқып бі­лумен ай­на­лысып жүрмін. Сон­дықтан, қазір ау­дарма жасағанда аса қатты қи­нала қоймаймын. Дегенмен әр жазушының немесе ақынның жазу стилі, мәнері ықпал етеді. Мы­салы, Ғабит Мүсіре­повтың тілі өте көркем, әдеби шеберлігі жо­ғары деңгейде. Мүсірепов құдды бір зергер сын­ды сөздерді сұрып­тап қолданады. Осы мәнерінің ерек­шелігіне байланысты клас­си­калық еңбегі «Ұлпанды» аудар­ған­да біраз тер төккенмін. Тіпті, «Ұлпандағы» көптеген сөздерді бү­гінде қазақ­тардың өздері тү­сіне алмай қи­налуы мүмкін. Ал, «Ме­нің атым Қожа­ны» аударғанда тіп­ті кинал­мадым десем болады. Себебі, Бердібек Соқпақбаев ба­рынша жеңіл және түсінікті тілде жаза­тын жазушы. Сосын, «Менің атым Қожа» балалар әдебиеті бол­ғандықтан тілі аса қиын емес. Нұр­ғали Ораздың әңгімелерін ау­дарғанда да аса қиналдым деп ай­та ал­маймын. Әңгімелері оқыр­манды баурап алады және ті­лі жеңіл.
Прозалық аударма мен поэ­зия­лық аударма арасында өте үл­кен айырмашылық бар. Проза­лық аудармада мағына мәтіннің тұ­тастығына байланысты бол­ған­дық­тан оңайырақ. Адам бір сөз­дер­ді түсінбесе де мәтіндегі оқиға же­лісіне қарап түсінбеген мағы­наларды жорамалдай алады. Ал, бі­рақ өлеңнің аудармасы олай емес. Өлеңді аудару үшін ақын болу ке­рек десек қателесе қой­май­мыз. Өлең ау­дарғанда негізгі тілдегі көркем­дік пен әсерді ауда­рылған тілде жет­кізу өте қиын. Мұны жасай алу үшін тек қана аудар­машы емес, сонымен қатар, белгілі дәре­жеде әде­би талғамға да ие болу керек. Ғалым Жайлы­байдың өлеңдерін аударғанда расында қатты қинал­дым. Өлең­де аз сөзбен көп нәр­се­ні түсіндіру керек. Сонымен қа­тар сөздердің ауыспалы мағы­на­лары, сино­нимдері, баламала­ры да қосы­лады. Осылардың бә­рін бір ау­дармашының түсінуі қиын. Мы­салы, Ғалым Жай­лы­бай­дың өлеңдерінде ақынның туып-өс­кен жеріне байланысты көп­теген мәлімет бар. Әр сөз сол жер­лерді меңзейді, қазақ оқыр­ман­дары­ның санасында сол жерлерді сурет­теуді мақсат етеді. Ақынның туып-өскен жерінде ертеде бо­лып өткен көптеген оқи­ға тұспал­дап суреттеледі және қа­зақтың көптеген ұлы тұлғала­рының ат­тары аталады. Сондық­тан, өлең­дерді аудару үшін осы ерекшелік­тердің бәрін оқу, түсіну, аударудан бұрын жақсылап іздену керек. Осы себепті өлең аудару қиын жә­не күрделі. Мен енді өлең ауда­рамын деп ойламаймын. Не­гізгі ісім прозалық аударма екен.
– Түрік жазушылары мен қазақ жазушыларының тіл қолдануда қандай өзгешеліктері бар?
– Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Себебі, түрік жазу­шы­ла­ры мен қазақ жазушыларының арасында тілді қолдану мәселе­сінде өзге­ше­лік жоқ. Менің ойым­ша, әр жазу­шы­ның, әр ақын­ның тілді қол­дануы өзгеше, өзіне тән мәнерде бол­мақ. Сол себепті жалпы мы­на­дай деп айту мүмкін емес деп ой­лаймын.
– Кәсіби аудармашы ретінде көр­кем аударма жасауда неге көңіл бөлу керек деп ойлайсыз?
– Ең алдымен әдеби аударма жа­­сайтын адам өз тілін және ау­да­ратын тілін жақсы білуі керек. Со­нымен қоса аудармашының өзін­де де әдеби талғам болуы қа­жет. Себебі: әдеби аудармада не­­гіз­гі қағида әдебилік, оқыр­манға әсер ете алу. Қарапайым және тілі жа­тық емес аударма оқырманға әсер етпейді. Шығар­ма ана тілін­де қаншалықты ке­ремет болса да, нашар аударма ол шығарманы қате тануға себеп болады. Ке­ре­мет еңбекті құнсыз­дандырады. Сол себепті аударма­шының кү­нә­сі өте ауыр. Сондай-ақ, аудар­ма жасау үшін тілді жақсы білу жет­кілікті емес, ау­дар­ма жаса­ла­тын елдің мәдение­тін де жақсы білу ке­рек. Мысалы, мен қазақ­шадан ау­дарма жасағанда қазақ хал­қы­ның жылқыға қатысты дәс­түрін біл­ме­сем, жылқының қазақ халқының өмі­ріндегі маңы­зын білмесем не­месе бүркіт пен аңшылықты, қа­зақтың аңшылық дәстүрін, көш­пелі кезеңдегі сал­танатты көш көрінісін білмесем – мұны тек қана қолымдағы мә­тінге сүйене оты­рып оқырманға дұрыс жеткізе ал­­­маймын.
Сол себепті әдеби аударма жа­сағанда аударма жасап жатқан тіл­ді білу жетпейді, сонымен қа­тар сол тілді жасаған мәдениетті де өте жақсы білу керек. Мен қа­зақ менталитетін үйрену үшін бір жыл Қызылордада тұрдым. Сол жерде қазақ халқына бай­ла­ныс­ты көптеген нәрсе үйрендім. Қа­зір де үнемі қазақ халқының тілі, тарихы және әдебиетіне бай­ланысты зерттеулер жасап, көп оқи­мын. Жиі-жиі Қазақстанға ба­рамын және күн сайын қазақ­тар жайлы жаңа бір нәрсе үйре­не­мін, осылардың бәрі де қазақ­ша­дан жасаған аудармаларымның са­пасын жақсартады.
– Осыған дейін Орхан Памук­тың шығармалары қазақ тіліне ау­дарылып, оқырмандардың сұра­ны­­сына ие болды. Біздің қай қа­лам­гердің шығармасы сіздердің ел­де сұраныста?
– Орайы келгенде айта ке­тейін, Түркияда Орхан Памуктан бас­қа да көптеген мықты жазу­шылар бар. Түрік әдебиеті клас­сик жазушыларға толы. Бірақ кей­бір саяси себептермен Орхан Памук Нобель сыйлығын алған соң Қазақстанда да оның ең­бек­тері аударылды деп ойлаймын. Алай­да, қазақ халқының түрік әде­биетін тек Орхан Памук ар­қы­лы танып білуі мені барынша қа­мықтырады. Алдағы уақытта тү­рік әдебиетінің күшті қалам­гер­лері қазақшаға аударылар де­ген үміттемін. Түр­кияда соңғы жылдарда көп­теген қазақ жазу­шы­ларының ең­­бектері жария­ланды. Ғ.Мү­сі­ре­пов, Б.Соқпақ­баев, Ш.Мұр­та­за, Р.Отарбаев, Р.Сей­сенбаев, С.До­­­санов, С.Елу­бай, М.Байғұт, Б.Нұр­жеке, Н.Қапалбекұлы, А.Аши­ри, Н.Ораз, М.Отарбаев сын­ды қазақ жазу­шы­ларының еңбектері түрік­шеге ауда­рылды. Күн өткен сайын қа­зақ әдебие­тінен жаңа шығар­ма­лар түрікшеге аудары­лып жа­тыр. Түрік оқыр­мандары қазақ әде­биетін осы шығармалар ар­қы­лы танып білуде. Осы мә­селеде, әсі­ресе, Қазақстанның Түр­кия­да­ғы елшілігі мен Еуразия Жазу­шы­лыр одағының Бенгү баспа­сын атап өту керек. Екі тараптың серіктестігімен соңғы жылдары жо­ғарыда атап өткен барлық қа­зақ жазушыларының еңбектері түрік тіліне аударылды. Екі жақ бірі­гіп өткізген жиын­дарда қазақ жазушылары түрік оқырмандар­мен кездесті, қазақ әдебиетін та­нытуға арналған көптеген кон­ференциялар мен шаралар өтті.
– Әдеби сын жанры әр халық­тың әдебиетінің дамуы мен өсуіне қа­жетті жанр. Сіздерде бұл сала­ның дамуы қалай?
– Иә, әдеби сын әдебиеттің да­муы үшін аса маңызды. Сын болуы керек, сонда әр жазушы өзін осы сынға қарап жетілдіретін болады. Ашығын айтқанда, қазақ әде­биетінде әдеби сын жанры біз­дегіден әлдеқайда жоғары дей ала­мын. Мысалы, қазақ әдебиеті тарихы кітаптарының ішіндегі тарауларда поэзия, проза, театр және әдеби сын бөлек-бөлек та­қырып ретінде қарастырылады. Біз­де әдеби сын біраз артта қал­ған жанр. Қазіргі таңда осы сала­да жұмыс істеп, еңбек етіп жатқан жазушылардың саны күн өткен сайын артып келеді. Бұл да қуан­тады.
– Егер мүмкін болса қазақ жа­зу­шы­ларынан кімді және қай шы­ғар­масын Нобель сыйлығына ұсы­нар едіңіз?
– Қазақ жазушыларының арасын­да менің көптеген жасы үлкен аға-әпкелерім, таныс­та­рым, дос­тарым бар. Мен сүйіп оқи­тын өмір­­ден өтіп кеткен классик қа­зақ жазушылары бар. Осылардың арасынан біреуінің есімін ерекше атау қиын. Сон­дықтан бір ғана адам­ның атын айтуым дұрыс бола қоймас. Бірақ Мұхтар Әуе­зов­тің «Абай жолы» романы аса көр­некті туынды. Қазақ тілінің шыңы, сондай-ақ, қазақ мәде­ние­­тінің де керемет үлгісі. Мұх­тар Әуезовтің «Абай Жолы» Но­бель сыйлығына шы­нында да лайық­ты деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір