Менің Алма апайым

1
199 қаралды

 

 

 

 

Алма ҚЫРАУБАЕВА.

 


– Молдабек, болашақ туралы не жос­парың, не ойың бар?- деді Алма апай сабақтан соң мені оңаша алып қа­лып. Күтпеген жерден аңтарылып қал­дым да, жатсам-тұрсам ойлай­ты­ным оқуға түсу екендігін айттым. Апай әдеттегідей сабырлы, салмақты қал­пымен бет-жүзіме ойлана қарап:
– Құда қаласа, оқуға да түсесің ғой. Сонан соң, алда З. Қабдолов, Т.Кә­кішев, Р.Бердібаев, Р.Нұр­ға­лиев­тер сынды үлкен ағаларың дәріс бе­реді. Сол кездерде өкінбеймін де­сең, мен саған бір ұсыныс айтпақ­пын… Меніңше, сенің әдебиет та­ри­хын зерттеп, зерделеуге икемің бар сияқ­ты. Көріп жүрміз, көп студент­тер әлі ерте деп, 5-курсқа дейін бос жү­ріп, уақыттан ұтылып, үлкен ғы­лымға кешігіп барады. Солай болмас үшін, сен мақұл көрсең, екеуіміз бұл шаруаға ертерек, осы күннен бастап кіріссек қалай қарайсың?..
Бұл – 1978 жылдың алғашқы ай­лары, ҚазМУ-дің Дайындық бө­лі­мінде дәріс алып жүргенімізге, не­бары 4-5 ай шамасы өткен тұс еді. Алма апай әдебиет пәнін оқытатын. Мұн­дағылардың алды 5-10 жыл ең­бек етіп келген естияр, сақа жастар. Мен де 2-3 жыл құрылыста жұмыс­шы болып, әскери борышымды өтеп, біршама өмір өткелектерін арт­қа салғам.
Әсіресе, әскер қатарында көрген «құқайларым» тәуір-ақ ысылуға мәжбүр етті. «Түһ!» деген түкірігің жер­ге мұз болып түсетін Сібірдің аяз­ды түндерінде бүрсеңдеп қару асы­нып күзетте жүріп, сыныптас до­сым әрі туысым Қабылдың пошта жә­шігімен жіберген көп кітабының іші­нен Абайдың 1961 жылы жарық көрген академиялық таңдамалысын, Т.Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» атты зерттеу кітабы мен социолог-пси­хо­лог ғалым Виктор Пекелистің «Адам қа­білетінің қайнары» еңбектерін үтір-нүктесіне дейін ежіктеп оқып, жал­ғыз дауыстап жатқа айтып, жү­рек түбінде бұғып-бұлқынып жатқан арман-қиялыма қол созатынмын, әрі десе, ауыл-елге деген сағыныш-шерімді солай басатынмын. Соның «жағымды» салдары шығар, сол жыл­дары мен айнала-ортама абыз Абай­дың бүкіл өлеңдері мен Қара сөз­дерінің өн бойында тұнып жат­қан тұңғиық қайғы-мұңға оранған пәл­сапамен қарап, бөлекшелеу бол­мыспен жүріп-тұрғандаймын.
Менің осынау «дертті рәпәтім», ал­дындағы әрбір шәкіртінің жан-дү­ниесін қалт жібермей бақылап, әр­қайсысының мінез-құлқына сай бейім-қабілетіне жол аша білетін, дара дарынды Ұстаздың сұңғыла на­зарынан тыс қалмаған сыңайлы. Бұл менің арада жылдар өткен соң ба­рып көз жеткізген байламым…
Сонымен, «егер де Сіз солай деп ма­ған сенсеңіз, мен қуана келісе­мін!» деген жауабымды алған бойда, қолымнан жетелеп отырып, үйінде төсек тартып жатқан атақты ғалым Б.Кенжебаевқа, Қазақстан Ғылым Ака­демиясы М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының әде­биетші-ғалымдары: М.Бөжеев­ке, Н.Сағындықоваға, Ш.Сәтбаева­лар­ға апарып таныстырды. Бәрі де үлкен ба­сымен кішіпейілдік танытып: «Ке­ліп тұр, айналайын. Алманың үміт күтер шәкірті болып, әдебиет та­­рихына үңілемін десең, бағыт-бағ­дар сілтеп, көмектесуге біз даярмыз» дес­ті…
Өзгелердің, асқанда алты ай, не­месе екі-үш ай ізденіп жазатын дип­лом жұмысын, мен осылайша, Ал­ма апайымның тікелей жетек­ші­лі­гімен бес жылға жуық ізденіс үс­тін­де жүріп жаздым. Рецензентім ре­тінде, Бейсекең үйіне ай аралатып бол­са да барып, ақыл-кеңесін алып жүр­дім. Көзі нашар көретіндіктен, «бір абзац жазсаң да, соныңды маған оқып бер» деп, дауыстатып оқытып, ерін­бей тыңдайтын. Қорғайтын күн жет­кенде, пікірін өзі айтып отырып «бұл диплом жұмысы айрықша деп ба­ғалауға лайық» деп жаздырды да, соңына төсекте жатқан күйі ирек­те­тіп қолын қойды.
Мені Аспирантураға қалдыру ту­ралы Алма апайымның Мем­ле­кет­тік Комиссия алқасы алдындағы ұсы­нысын өзге де ғалым-ұстаз­дар­дың қолдауына қарамай, тағы да сол «қиял жетегіне» ерік беріп: «Мен үл­кен өмірді көргім келеді. Осында ал­ған білім-білігімді, ең алдымен, ауыл оқушыларына сіңіруден бас­та­сам деймін. Ғылымға сосын келе­мін!» деп «бұлданып», еркін жол­да­ма­мен елге кеттім. Әуелде, «осының бе­кер болмағай, тым қызулық еттің бе?» деп өкініш еткенімен, Алма апайым артынан өзіне тән айнымас ұстамдылығымен «мүмкін, сенікі де дұрыс шығар» деп ақжол тілеп қала берді.
Оңтүстік облыстың Өзбек­стан­мен шекаралас ең қиыр шетінде – жол­сыз, сусыз, иен құм даланың ор­та­сында жатқан Әлімтау қаракөл қой совхозында мектепте мұғалім болып еңбек еттім. Қазақ радио-те­ле­дидары көрсетпейді. Газет-жур­нал­дар некен-саяқ жетеді… Аудан ор­талығынан 80-90 шақырым қа­шық­та, ұмыт қалған осы ауылда Шы­қаңның «Алғашқы мұғалімінің» күйін кешіп, кәдімгідей қиналып жүрген күндерімде, қайран Алма апайым ай сайын дерлік үзбей хат жа­зып, жігерімді жанып, ақыл-кеңе­сін айтып, Алматыдағы әдеби-мә­дени жаңалықтардан құлағдар етіп жүрді…
Екі жыл өткенде, «факультет де­каны болып Тұрсекең (Т.Кәкішев) сайланды. Сен туралы пікірі жақсы. «Кел­сін, өзімізге қызметке қабыл­дай­мыз» деді. Енді қарайып қала­сың, қайт» деп апайым Алматыға шақырды. Өзім де намысқа тырысып әзер жүргем, қайтып келдім…

* * *

Үнемі қарапайым, жарасымды киініп, бір қалыпты жүріп-тұратын Алма апайдың дәріс үстіндегі биязы үні, ұғынықты да тиянақты сөз сап­тауы – аудиториядағы барша шәкір­тін айрықша баурап алатын. Оны сүй­мейтін бірде-бір студент көрме­дім. Бәріміз апайдың сабағын тағат­сыз­дана күтетінбіз.
Аяқастынан қызықты бір та­қы­рыпқа шығарма жаздырады. «Ақындар» өлең шумақтарымен кес­телеуіне болады. Жазбалары­мыз­ды алмастырып, бір-бірімізге пі­кір, сын айтқызады. Қызу пі­кір­талас өрбиді. Бір ғажабы, ешкім де апайдың назарынан қалыс қал­май­ды. Өзгелерімізді де соған жұ­­мылдыра отырып, әркімнің өз ойын ашық, еркін жеткізуіне көңіл қояды. Тауып айтылған жал­ғыз ауыз сөзге мән береді, баға­лай­ды, көңілімізді марқайтады… Осы бір өнеге келе-келе бәрімізге сіңе бастағандай, бір-бірімізді құрмет­теуге үйрене бастадық. Алма апай­дың дәрісінде жақсы оқитын, на­шар оқитын студент деген шек-шекара, бөлекше қарым-қа­ты­нас ұмыт болады. Әрбір шәкірті өзін «бірінші» сезінеді… Мұндай ға­жайып сиқыр иесі бола білген Ұстазды мен өз басым оған дейін де, кейін де көре алмадым… Ал ән сал­ғандағы көмейінен бұлықсып, тербеліп, үзілдіріп шығатын ерек­ше әуезді дауыс иірімдері ше?!..
Бірде Алма апай мені үйіне ер­тіп апарды. Ол кезде мен Ғылым Академиясының және Орталық кітапхананың Сирек қолжазбалар қо­рындағы төте жазу үлгісіндегі жә­дігерлерді өздігіммен оқып-үй­реніп, өз бетімше жұмыс істеп жүр­гем. Содан ба, аллергия болып, сау­сақтарымның арасын экзема де­ген қышыма жара басып, көп азап шектім…
Апайымның шаңырағының табал­дырығын алғаш аттау оңай болған жоқ. Жүрегім дүрсіл қағып, именіп, әзер кірдім. Қуықтай екі бөлмеде мен күт­кендей сән-салтанатты жиһаздан дә­неме жоқ. Есесіне, өзіміз ауылда кө­ретін жұпыны құрақ көрпе, көпшік­тер мен сырмақ, тоқыма кілем сияқты қо­лөнер бұйымдары көзіме оттай ба­сылды. Кітаптары, жұмыс столы… Ол кезде апайдың екі ұлы бар екен: Ұлар мен Бұлан. Байқаймын, бастарындағы қоян терісінен тігілген құлақшын-ма­лақай, аяқтарындағы жүнін ішіне қара­тып тіккен жылы байпақтары мен қолғаптарына шейін қолдан пішіп тігілген. Бала кезімізде өзіміз де киіп өс­кен тәберік дүниелер. Үш-төрт жас ша­масындағы екеуін де ұқыптап киін­діріп жатып апай:
– Апайыңның аздап ине-жіп ұс­тай­тын жаман өнері бар. Дүкендікінен осы тәуір ме деймін, – деп қояды. Ба­­­­лаларын есік алдына шығарып кел­ген соң, төсеніш салып, дастархан жайып, шай берді. Мені қысылмасын де­ген болуы керек, емін-еркін әңгімеге көшті:
– Анау қолыңдағы жара мазаңды алып жүр ме? Ескі кітаптардың шаң-то­заңында сондай микробтар болатын құ­сайды. Дәрігерлер не дейді? Тіпті бол­маса, қазақша ем-дом жасатып көр­сең қайтеді? Ауылда үлкен кісілер бар ма еді?..
Осылайша, суыртпақтап сыр тарта отырып, алдағы уақытта қолжазбалар­ды ақтарғанда, аузы-мұрнымды қосып жұқа дәкемен байлап отыруды тап­сыр­ды.

* * *

Алма апай 1993-жылы Жандосов ау­лынан Қазақ гуманитарлық мәде­ниет лицейін ашқанда, біздің үлкен қызымыз Маралды өзі сұрап қолына алды. Үш жыл бойы өз үйі-өз төсегінде жатқызып, өз қызындай мәпелеп тәр­биелеп, лицейде оқытып, ас-суына шейін көтерді. Ең болмаса, оқу ақы­сын төлейін дегендей бір сөз айтқа­ным­да:
– Біздің лицей – ақылы оқу орны емес. Жағдайларыңды білем ғой, Ма­рал да менің өз қызым. Көрпе-тө­се­гімді аяймын ба, қайта Мөлдірге серік болады (інісінің қызы, сол кезде ол да қо­лында). Біздің балаларға да жақсы, бәрі сабаққа бірге дайындалады, – деп, ондай әңгімеге орын жоқ екенін аң­ғартты.
Еліміз тәуелсіздігін алысымен, зор ынта-жігермен кірісіп, бар салмақ-жү­гін жалғыз сүйрелеген Алма апай­дың осы бір жаңа мектеп үлгісі, өкінішке қа­рай, құзырлы тараптардан түсінік-қол­дау таппай, үш жыл өмір сүріп, жа­бы­лып қалды. Ол туралы 1997 жыл­ғы телехабарда берген сұхба­тын­да:
– Бұл бір толғағы жетпей дүниеге кел­ген дүние болды. Алайда, мен өкін­беймін. Осындай, Мағжандар арман еткен халық педагогикасына негізделген, әлемдік өркениетті ны­сана тұтатын ұлттық оқу жүйесін құруға толық мүмкіндік бар екенін біз дәлелдедік. Біздің бұл бастамамыз келешекте қандай да бір формада болмасын іске асатынына күмәнім жоқ, — деген еді ұлы Ұстаз… Тағдыр менің нәсібімді де әдебиет тарихы ғылымынан емес, тележурналист кәсібінен бұйыртты. Үлкен үміт еткен ұстаз үшін бұл да бір өкініш болды. Десе де, көзі тірісінде өзім түсіріп эфирге шығарған, бүгінде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының мұрағатында сақталынып отырған ұлы Ұстазым туралы бірнеше бей­нетуындыларды есіме алып, іштей ақталғандай да боламын…

* * *

Алма апай ғылым саласында ежел­гі түркілердің ерлік шежіресін жа­сады. Орта ғасырлардағы иісі түр­кі жұртына ортақ жәдігер жауһар­ла­рын алғаш зерттеушінің бірі болды. Сол замандағы жазба әдебиеттің 19-ғасыр соңында қайта жаңғырып, 20-ғасыр басына дейін күшті да­мы­ған үлгісі – қазақ қисса-дастандарын сабақтастыра зерттеген еңбектері әдебиет тарихына қосылған сүбелі үлес болып қалды. Жоғарғы оқу орын­дарына арналған құнды оқу­лық­тары бір төбе. Жамбылдың ірі жыр­шылық-жыраулық, ақындық дәс­түрі туралы тың ойлар айтты. «Он алты қызбен айтысын» жеке кітап етіп шығарды. Әсіресе, Алма апай өзі­нің талғампаз әншілік өнері ар­қасында, жыр алыбының ұмытылуға ай­налған тамаша ән-әуендерін тір­нектеп жинап, өз орындауымен өмір­ге қайта әкелді. Осындай қыруар ғы­лыми-шығармашылық қызмет­терді абыроймен атқара жүріп, өз әкесі, атақты Сыр сүлейлерінің сы­нығындай Халық ақыны Мүтәлліп Қыраубайұлы мен балаларының ұлы атасы Жамбыл Жабаевтың рухына лайық тәлімді ұрпақ тәрбиелеп қал­дыруға да уақыт тапты.
Ауыр сырқаттан көз жұмғанына көп жыл өтсе де Алма апайымның асыл бейнесін көп елестетемін. Әсі­ре­се, әуезді үні құлағымнан кетпей­ді…
Көзсіз тәуекел мен алып-ұшқан ар­маннан басқа Алматыда таяныш-ті­регі жоқ, белгісіз бір ауылдың ба­ла­сы – мына маған соншама қай­та­рым­сыз қамқорлық жасағандай Ал­ма апайдың маған туыстығы жоқ еді. Жерлес те емес-ті. Кісіге еткен түйірдей қайырымның өзі саудаға са­лынатын бүгінгі нарық заманының ұрпақтарын аяймын. Әйтсе де, ең бол­мағанда, «орамал тон болмайды – жол болады» деген ата салтымен, сол асыл апайымның иығына бір ақ жібек орамал жауып болса да ілтипат көрсетуге жарамағаным өзегімді өр­тейді… Әрқашан, мен сияқты мың-сан шәкірттеріңіздің дұғасындасыз әруа­ғыңнан айналайын, қадірлі Ал­ма апай!

Молдабек ӘЖІБЕКҰЛЫ,
тележурналист,
мәдениет қайраткері.

1 пікір

  1. Керемет жазылған….1990 -95 жылдары Казгу дің филфагында Алма апайдан дәріс алған шәкірттерінің бірі едім…Оқытушы мен шәкірт арасындағы қатып қалған субаррдинация дегенді жоққа шығарып, әр шәкіртіне, оның өзіндік пікіріне құрметпен қарайтын Аяулы да ерекше жаралған ұстаз еді Алма апайымыз… Оқып отырып мен де небір жақсы қасиеттерін есіме алдым… Жаныңыз жәннатта болсын Ұстаз!

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.