Біздің ұлы көш мәңгілік тоқтамайды…

0
248 қаралды

Уильям ФОЛКНЕР,
«Нобель» сыйлығының лауреаты


– Фолькнер мырза, бір сөзіңізде жур­налистерге сұқбат беруді қала­май­­мын депсіз…
– Оның себебі жеке бас мә­с­е­лесінің әсері басымдау тұратын­дық­тан болар. Егер қойылған сұ­рақ шығармашылығым турасында болса онда оған мейлінше жауап беруге тырысып келдім. Ал, жеке бас туралы сұрақ қойылса жауап беруім де, жауап бермеуім де мүм­кін. Осылай істеуге ғана құлықты­мын. Ал, осы ұқсас сұрақтарды ер­теңінде тағы қайталар болса мүмкін басқаша жауап қайтаруым да ғажап емес…
– Өзіңізді жазушы тұрғысынан қалай бағалайсыз?
– Егер мен өмірде болмаған бол­сам басқалар мені еске алып шы­ғарма жазар еді. Эрнест Хе­мин­гуэй, Достевский тағы бас­қа­лар. Шынтуайтында, бұл Шекс­пир­дің драмаларындағы үш кан­дидат секілді әңгіме. Бірақ «Гамлет» пен «Жазғытұрымғы кешкі түс дра­ма­сы» ең маңызды еді. Бұны кімнің жазғаны емес, кімнің істегені ұтым­ды болмақ. Мұнда артист маңыз­ды рөлде емес, қайта оның жа­сампаздық қабілеті басым орын­да, себебі айтарлықтай еш­теңе­сі болма­ған­дықтан шығар… Уил­лям Шекспир, Бальзак, Гомер­лер ұқсас шығар­маларды бір дә­уір­де өмірге әкелді. Олар мың не­месе екі мың жыл жасар болса баспагерлер басқа жазушыларды мүлдем қажет етпес еді.
– Бұл сөзіңізден кейін енді ай­тар­лықтай ештеңе қалмаған сы­ңайлы, мүмкін жазушының өз стилі маңызды орында тұратын шығар?
– Әрине маңызды орында тұ­ра­ды. Әркім өз шаруасына бас қа­тырса өз стилін қалыптастыра алады деп ойлаймын.
– Сіздің замандастарыңызда солай ма?
– Біз өз арманымызға қанат байлай алмаған пенделерміз. Сондықтан, біздің «құзға құлаған» сәтсіздіктеріміздің көрсеткіші бұлай болмауы керек еді. Егер де мен барлық шығармаларымды қайтадан жазып шығар болсам әуелгі нұсқасындай болмайтынына көзім анық жетеді. Міне, бұл бір шығармашыл адам үшін ақаусыз жағдай. Сондықтан, кім де кім құлшыныс танытып, машақаттан қорықпаса оған табыстың тауы көріне ме? Бұған әрине деп жауап беруге болады.
– Жақсы жазушы болудың қа­тып қалған формуласы бар ма?
– Тоқсан тоғыз пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз жаттығу, тоқ­сан тоғыз пайыз еңбек қажет. Әрі жазушы болған адам әсте өз өзіне қанағаттанбауы тиіс. Шығарма­шы­лықтың аяқталар сәті болмай­тынын ескеруі керек. Үнемі арман мен нысананың жолында жүру қандай шаруа қолыңнан келетінін аңғарудан да басым тұрады. Өз замандастарыңмен, аға буындар­мен өзіңді салыстырып сарсаңға түсудің де қажеті шамалы. Алды­мен өзіңді жеңуге кіріс. Меніңше шығармашыл топ жаратылыстың ұсқынсыз кейіпкері. Олар не үшін таңдауға түскенін өздері де біле бермейді. Қашан көрсең үнемі мұрнына су жетпей жүреді, бірақ мұның себебі неде екенін білгісі келеді.
– Сіздіңше жазушылар шы­ны­мен қатал келе ме?
– Жазушының бірден бір жауапкершілігі ­– оның шығар­ма­шы­лығы. Оның жазғаны ойға қо­ным­ды болса – қатал болса әбестік емес. Жазушының ойға алған арманы өзін мазаласа одан ертерек арылғаны абзал. Барлығы кемедегі жолаушының күнін көз алдыңа елес­тететіндей: атақ-даңық, мара­пат, құрмет, қамсыздық, бақыт де­гендерден алыс болу жұрт сүйіп оқитын таңдаулы шығарманы дүниеге әкелуіне едәуір рөл атқа­рады.
– Ендеше қауіпсіздік, бақыт, ат­ақ-даңқ дегендерден кенде болу жазушы жасампаздығының маңыз­ды факторы болғаны ма?
– Мүлде олай емес. Сіздің ай­тып отырғаныңыз жазушы ойы­ның тыныштығы мен өзіне риза­шы­лығы болса керек. Бірақ, шы­ғармашылық өмірде ешқашан ты­ныштық пен өзіне ризашылық болмауы тиіс.
– Кино саласына ат басын бұрамын деп шығармашылығыңызға нұқсан келтіріп алған жоқсыз ба?
– Егер жазушының негізі мық­ты болса ештеңе де оның шығар­ма­шылығына кері әсерін тигізе ал­майды. Керісінше, жазу­шы өзі­не тым сенімсіз болса онда оның шығармашылығына ештеңе көмектесе алмайды. Өйткені, ол өз ойының әсем қауызын әлде­қа­шан саудаға салып үлгерді.
– Кайсы актермен шығар­ма­шы­лық байланыста болғанды жаныңыз қалайды?
– Хампри Богарт неше жыл­дар­дан бері бірге шығармашылық жұмыс істеп келе жатқан сүйікті актерім. Ол екеуміз «Ғұмырлық ұйқы бар ма?» дейтін түсірілімді бірге түсірдік.
– Тағы басқа қандай кино түсіру ой­ы­ңыз­­да бар?
– Иә, алда Джорж Уарвелс ту­ра­лы кино сценарий жазбақпын. Кейде менің ойымның ұшығы менің жазғандарымның барлығы мінеп-шенеу екенін айғақ­та­ғандай.
– Қазіргі деңгейге жетуге қан­дай техникалық әдіс қолдандыңыз?
– Жазушы хирургиялық әдістерді меңгергені абзал, егер оны жаны қаласа. Техникалық әдіспен жазылмаған шығарманың ұтымдылғы да жоқ деген сөз. Жас жазушылар көзсіздікпен теорияға сүйеніп шығарма жазады. Сосын өз қателігіңді ағаттық жіберу ар­қылы түзеткен дұрыс. Жақсы шы­ғар­магер ешкімнің өзіне жетіскен ақыл-кеңес бере алмайтынына көз жеткізе алады.
– Көптеген оқырмандар сіздің шығармаларыңызды екі қайтара, тіпті үш қайтара оқысақ та түсіне алмадық деп жатады. Оларға не айтар едіңіз?
– Онда төртінші рет оқысын…
– Сіз эксперимент, бақылау және еркін ойлау қабілеті болу жазушы үшін маңызды депсіз, бұ­лар­дың қатарына шабытты болуды қосарма едіңіз?
– Сен дәріптеп отырған шабыт туралы ешқандай хабарым жоқ. Себебі, ол туралы ештеңе білмей­мін, естіген шығармын, бірақ «кез­деспеген » екенмін.
– Жазушылыққа қалай қадам тастағаныңыз туралы әңгіме қозғай отырыңыз…
– Әу баста жаңа Орлеанста тұрып, ананы-мынаны істеп, шамалы тиын-тебен тауып, жан бағып жүрдім. Сол шақта мен Ан­дер­сенмен кездестім. Сол күні түс­тен кейін ол екеуміз беймаза қала ішіндегі ағылып жатқан адамдар арасында тіл табыса ал­дық. Кеште тағы сағынысып кез­десіп, бір-екі құтыны ортаға алып шүйіркелесетінбіз, ол – сөйлеуші, мен – тыңдаушы. Күндіз оның қара­сын да көре алмайтынмын, себебі ол жасырынып жұмыс істейтін. Екінші күні әуелгі тірлігі­мізді қайталайтынбыз. Менің назарымдағы жазушының тірлігі осындай еді. Кейін келе жазушы болу менің басты мақсатыма айналды. Сол кездің өзінде-ақ мен алғашқы шығармамды жазуға кірістім, әрі шығармашылық өмірге аңсарым ауа бастады. Тіпті, Ан­дер­сенге үш апта бойы кездес­пе­генімді де ұмытып кетіппін. Бір күні ол мені тұңғыш рет үйіме із­деп келіп: «Не болды, маған өкпең бар ма?», – дегенінде, оған: « Олай емес, мен кітап жазып жатырмын», – деп жауап қайтардым.
Ол: «Не дейді, Құдай-ау…», – деді де асығыс шыға жөнелді. Мен «Сол­даттың жалақысы» атты кіта­бымды жазып болғанда Андерсен­нің әйелімен көшеде кездесіп қалдым. Ол: «Шығармашылы­ғы­ңыз қалай болып жатыр?», – деп сұ­ра­ды, мен аяқтағанымды айт­тым. Осылай басталып кеткен еді…
– Андерсенге борыштар секіл­дісіз, оны жазушы ретінде қалай баға­лайсыз?
– Ол менің дәуірімдегі амери­кан­дық жазушылардың серкесі, америкалық әдебиеттің жалғас­тыру­шысы. Біз солардың артынан ердік. Біздің бұл ұлы көшіміз мәң­гіге тоқтамайды.
– Өз замандастарыңызды оқи­сыз ба?
– Тым сирек… Мен кітапты бір рет оқығанда онымен құдды дос­тық сезім орнатқандай күй ке­ше­мін. Жас кезімде оқыған кітабым­ды көне досым ретінде қадірлегем. Диккенс, «Конрад», Сервантес, «Дон кихот». Міне осы шығар­ма­лар­­ды және осы авторларды әр жылы қайталай оқып шығамын. Бұл шығармалар мен үшін «Ін­жілмен» пара-пар. Флобер мен Ба­льзактар сынды өз әлемін қа­лыптастыра алды. Жиырма кітап жазса да Достоевский, Толстой, Шекспир­лердің шабыты шау тарт­қан емес. Мелвиле секілді өмірге қайта тумайтын ақынды оқыдым. Бұдан сырт Марлвое, Кампён, Джонсон, Херик, Данне, Кеиц, Шерли се­кіл­ділерді де құр қал­дыр­ғам жоқ. Қазір Эдвард Хаус­менді оқып жүрмін. Бұл шығармаларды қолыма алсам бірінші бетінен соңына дейін зуылдатып оқи салмаймын. Бір ретте бір оқиға бөлігін немесе бір характер туралы бөлігін оқимын. Осылай істегенде ғана бейнебір досыммен кездесіп қысқа болса да бірнеше минут айналасында әңгімелескендей күй кешемін.
– Жазушы Фровдты да оқыған боларсыз?
– Мен Жаңа Орлеанс қаласын­да тұрғанда көбі оның есімін атап жүретін. Бірақ, бір де бір рет оның шығармаларын оқып көрмегем. Шекспирді де ол кезде қолыма алмағанмын, ұмытпасам Мел­ви­ле­нің де еңбегімен ол шақта та­ныс­­паған болуым мүмкін. Әрі «Ақ делфин естелігі» де мұның ішінде.
– Қиял-ғажайып әңгімелерді оқисыз ба?
– Бұл орайда Джорж Симон­ның шығармаларына қызы­ғамын, өйткені оның жазғандары Чеховты еске салады.
– Ұнататын кейіпкеріңіз кімдер?
– Ұнататын кейіпкерім – Сар­ра Гамп. Ол – қаны сұйық, ра­қым­сыз, арақкеш әйел. Ешкімге ала­қан жаймайтын, орай келсе қар­манып қалатын жан. Оның мінез-құлқын айтып жеткізудің өзі қиындау, жағымсыз кейіпкер. Харьюс ханым, Фалыстав, Халл ханзада, Донкихот, Санчолар да ұнататын кейіпкерлерім. Макбез ханымға да көңілім толады. Сарра Гамп қатігез өмір үшін күреседі, күрес жолында ешкімге алақан жаймайды.
– Әдеби сынның өмірде рөлі бар ма?
– Шығармашыл адамның сын-пікірге назар салатын уақыты да жоқ. Қатардағы жазушы бол­ғысы келетіндер сын мақалаларды көп оқиды. Ал, шынайы шығарма жазғысы келетіндердің сын ма­қал­а­­ларды оқуға уақыты жар бер­мей­ді. Шынайы жазу­шы­лардың өзі ең озық сыншы.
– Онда сіз басқалармен өз шы­ғар­маларыңыз туралы пікірлесуді қаламайсыз ба?
– Қаламаймын, себебі – менің бар уақытым шығарма жазуға кетеді. Ниет білдіргендермен пі­кірлесуге әсте зауқым соға қоймас.

Сұхбаттасқан
Джейн Стейн.
Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН.
«Париж әдебиет шолуы» журналынан.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.