Шәмші фотоальбомы

0
52 қаралды

ҚР Ұлттық кітапханасындағы «Нәзира Дәулетова» атындағы залда «Шәмші Қалдаяқов» фотоальбом-кітабының тұсаукесері өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, Ш.Қал­даяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясы, «ARNA-B» баспасы ұйымдастырған тұсаукесер рәсімінде ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы Өмір­зақ Айтбайұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері, «Па­расат» орденінің иегері Амалбек Тшанов, жазушы-пуб­лицист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәр­сенбай, жоба авторы, композитор, «Құрмет» орденінің ие­гері Қалдыбек Құрманәлі, Ауылшаруашылық ғылымының докторы, профессор Арыслан Асанов, «Arna-b» баспасының директоры Бақыт Ойса қатысып, Шәмші жайлы тағылымды әңгімелер айтса, Сәкен Жақсылықұлы, Тахмина Әшімбекова, Елжас Оспан сынды әншілер Шәмші әндерін нәшіне келтіре шырқады.
«ARNA-B» баспасынан шыққан, «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шәмші Қалдая­қов» атты жеті бөлімнен құралған, тұңғыш фотоальбом-кі­тап­та Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сый­лы­ғының лауреаты, ҚР Әнұраны авторларының бірі, ком­позитор Шәмші Қалдаяқов жайында жан-жақты мә­лімет беріледі.
Ауқымды жинақтың «Менің Қазақстаным» атты алғашқы бөлімі композитордың отансүйгіштікті, туған өлкені жырлайтын әндерінен тұрады.
Фотоальбом-кітаптың екінші бөлімі «Өмір-өзен» деп ата­лады. Бұл бөлім – Ш.Қалдаяқов өмірінің әр кезеңдерін қам­тыған тұтас фотошежіре.
«Сол бір кез есімде…» деп аталған үшінші бөлімде компо­зи­тордың замандастары, кезінде онымен дос-жаран, сырлас болған адамдар Шәмші туралы өз естеліктерімен бөліседі.
Шәмшінің барша жұртқа әйгілі әндері «Шәмшінің әні» атты төртінші бөлімде әншілердің суретімен бірге мейлінше кеңінен қамтылған.
«Сарғайған суреттер сыры» атты бесінші бөлімде кезінде Шәмшімен естелікке суретке түсіп қалған немесе өз қо­лымен фототаспаға тартқан адамдар сол бір сәулелі сәт тура­лы сыр шертеді.
«Аманат» атты алтыншы бөлім уақытында композитор­дың тұтынған заттары мен киімдерін – пианиносын, ман­долинін, мүштегін, бөркін, шапанын, тағы басқа бұйым­да­рын сақтап қалған жандардың жүрек жылытар естеліктерін қам­тиды.
«Шәмші-мұра» атты соңғы бөлім композитор мұрасын на­си­хаттап, зерттеп жүрген жанашыр азаматтар, олардың ой-пікір, ұсыныстары, атқарып жатқан іс-шаралары жайын­да баяндайды.
Фотоальбом-кітапты құрастырған – Шәмшінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші, композитор Қалдыбек Құр­манәлі.
Бұл ауқымды топтама бүкіл жоғары, арнайы орта және жалпы білім беретін оқу орындарының студенттері мен оқу­шыларына, сондай-ақ хас өнерге іңкәр жалпы қауымға ар­налған.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.