Дәурен АБАЕВ, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі: «Басты жауапкершілік – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету»

0
278 қаралды

Ақпарат ағынының қарқыны қатты заманда «отыз тістен шыққан сөз» әп-сәтте «отыз рулы елге» тарап жатыр. Оның ағы мен қарасы мидай араласып, ақпарат кеңістігін қоюлата түсті. Біз бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлымен ақпараттың анығы мен танығы туралы, журналистік этика жайлы, әлеуметтік желі мен ресми ақпарат тарату орындары арасындағы бәсеке жайында әңгімелестік.

– Дәурен Әскербекұлы, «Қазақ әдебиеті» газеті сан жылдан бері қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, руханиятына қызмет етіп келеді. Адамды ізгілікке бастар жол әде­би­ет десек, Сіздің өміріңізде дәл қазір­гі кезде әдебиеттің алар орны қан­дай?
– Дұрыс айтасыз, адамзатты із­гілікке бастайтын – әдебиет. Қа­зақ ертегілерінен бастап фольклор, аңыз­дар мен ауыз әдебиетінің де тамыры тым тереңде жатыр. Сон­дық­тан менің өмірімде әдебиеттің алар орны ерекше. Бала күнімізден қа­зақ жазушыларының шығар­ма­ларын оқып өстік. Ата-анамыздың замандастары да әдебиеттің адал оқырманы еді. Өйткені ай сайын жарыққа шығатын журналдарды жаз­дырып алып, жарыққа шыққан әр­бір туындыны күтіп жүретін. Кі­тап жинау, бір-бірінен алып ке­зекпен оқу сәнге айналған заман­ды көзбен көрдік. Ересектер өздері үшін ғана емес, балалары үшін де түрлі әдебиетті арнайы тапсы­рыс­пен алдыратын. Біздің үйде «Все­мир­ная детская лите­ра­тура» деген сериямен шығатын мұқабасы түрлі-түсті кітаптың барлығы болды. Елдің есінен әлі де шыға қойған жоқ, тоқсаныншы жылдар­дың басында ауылдарда жа­рық жиі сөніп қалатын. Оған қа­зіргі ұрпақ таң қалуы да мүмкін. Екі ай бойы жарықсыз отырған күндеріміз болды. «Әр істің қайы­ры бар» деген сөз рас екен. Жа­рық жоқ болғасын теледидар көре алмаймыз, интернет дегеннің не еке­нінен мүлдем хабарсызбыз. Қас қа­райғаннан түн ауғанға дейін шам­ның жарығымен кітап оқуды әдет­ке айналдырдық. Жолдас ба­ла­лармен жарыса оқып, күндіз кез­дескен сәтте оқыған шығарма­лардың мазмұнын айтып, кейіп­кер­лердің әрекеті мен оқиғаларды талқылаймыз. Кім көп кітап оқыса сол баланың туы жоғары тұратын. Бұл үлкен тәрбие деп ойлаймын.
Мұқабасы қызыл «Қазақ ерте­гі­лері» есімнен кетпейді, «Қаңбақ шал» деп аталатын жинақ та әлі күн­ге көз алдымда. Сырты сары кі­таптың ішінде қазақ ертегілері­нің орысша аудармасы топтасты­рыл­ған. Қазір кез келген шығар­ма­ны қолыңыздағы ұялы телефон арқылы оқи беруге болады ғой. Алай­да, кітаптың орны бөлек. Әке­ден бойымызға сіңген әдеттің бірі кітапты қолымызға ұстап, па­рақтап оқу. Мұның рахатын се­зін­ген адам ғана бағалайды.
Біздің ауылдан ақын-жазушы­лар да, журналистер де көп шық­ты. Оған тау баурайының сұлу та­би­ғаты да өз әсерін тигізген шы­­­­­ғар. Қаламгерлер қауымы ел­ді-мекендерді аралап, оқырмандары­мен жиі жүздесіп жүретін уақыт еді ғой. Сондай кездесулердің бірінде біздің ауылға даңқты батыр Бауыр­жан Момышұлы мен майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов аға­лар келіпті. Менің 3-4 жасар кезім.
Өсе келе Әзілхан Нұршайықов­тың «Махаббат қызық мол жылда­рын» арнайы оқып шықтым, Бауыр­жан Момышұлының «Ұш­қан ұясы» батыр тұлғаға деген құр­метімді арттыра түсті. Әке-шешем мені қос батырдың орта­сы­на отырғызып суретке түсіріпті, ол сурет әлі күнге сақтаулы. Мен үшін оның орны бөлек.
Әлем әдебиетіне де ықыласым ерек­ше. Студент кезімде Латын Аме­рикасы мен Шығыс жазу­шы­ларының шығармаларын оқуға әуес едім, әлі де қолым қалт еткен­де әлем әдебиетін оқимын. Габ­риэль Гарсиа Маркес пен Жоржи Ама­дудан бастап, жапон жазу­шы­сы Рюноске Акутагаваның туын­ды­лары бірден баурап алды. Ал қа­зақ әдебиетінің менің өмірімдегі алар орны ерекше болып қала бе­реді.
– Жалпы ақпарат нарығын қа­да­ғалауда ұстау мүмкін бе? Қазір жур­налистік этика деген мүлдем ұмы­тылып бара жатқандай әсер бере­ді. Әсіресе, ақпарат таратушы сайттар мен порталдарды қараған уа­қытта сондай ой туындайды. Сіз не байқайсыз?
– Біз сөз бостандығын ал­дың­ғы қатарға қоятын мемлекетпіз. Сон­дықтан ақпарат нарығын қа­да­ғалауға мүмкіндік мол болғаны­мен, басылымдардың тақырып таң­даудағы, оны халыққа жеткізу­дегі шығармашылық еркіндігіне шек­теу қоя алмаймыз. Алайда жур­налистік этиканы әрбір қолы­на қалам ұстаған журналист есінен шығармағаны абзал. Мәселен, жа­қында ғана қайтыс болған жазу­шы, драматург Рақымжан Отар­баев ағамыздың: «Көңілінің кірі бар адамның қолына қалам ұс­та­туға болмайды. Өйткені ақ қағаз­дың бетіне көңілінің кірін төгеді», – деген пікірі есімде қалыпты. Әде­биетте ғана емес ақпарат сала­сында жүрген әріптестеріміз де жаз­ған мақаласына, дайындаған бағ­дарламасына үлкен жауапкер­ші­лікпен қарауы тиіс деп ойлай­мын. Өйткені бір ақпараттың өзі адам тағдырына ерекше әсер етуі мүм­кін. Мысалы үшін өткенде ға­на елдің назарына ілігіп, қоғамда қызу талқыланған Оңтүстік Қа­зақ­стан облысындағы жеті жасар ба­ланың болашағы туралы ойлап кө­ріңіз­ші. Баланың және туыс­та­рының аты-жөні жарияланып, мекен-жайы белгілі болып кетті. Эфир­де оның бетін жауып көрсет­ке­німен көршілері, өзге адамдар біліп отыр ғой. «Сенсация» қажет. Алайда, арзан сенсация қуамын деп заңды бұзуға болмайды. Баланың болашағы мен елдегі әр азаматтың тағдыры ойыншыққа айналып кетпеуі тиіс деп ойлаймын. Қазір же­­ті жасар балаға қатысты жария­ланған ақпараттарға біздің ми­нистрлік арнайы сараптама жүр­гізді, мәселенің мән-жайын ба­­­қылауда ұстап отырмыз.
Қазір технология мен интернет қар­қынды дамып жатқандықтан басылымдардың бәрін қадағалап отыруға тырысамын. Әлбетте, сайт­тар мен порталдардың бәрі ақ­паратты қисынсыз таратып жа­тыр деуге болмайды. Оқырман да мейлінше ресми ақпаратқа ғана жүгінгені дұрыс. Этиканы, «БАҚ ту­ралы заңды» кей тұста аттап өте­тін сайттар да біздің назарымызда. Оларға арнайы ескерту хатын жол­даймыз. Заңға қайшы әрекет қай­таланса тиісті шаралар қолдануға тура келеді.
– Қылмыстық Кодекстің 174 ба­бы бойынша, яғни ұлттық, діни, ру­лық, топтық-тектік араздықты қоз­дыру бойынша жазаға тартыл­ған­дардың ішінде әлеуметтік желі­лер­дің үлесі қанша?
– Өздеріңізге мәлім, 2017 жыл­дың 28 желтоқсанында Президент «Ақ­парат және коммуникациялар жө­ніндегі» заң жобасына қол қой­ды. Бұл заң біздің азаматтардың құ­қығын қорғаудың механизм­де­рін күшейтеді. БАҚ саласы мен байланыс операторларының жұ­мы­сына қатысты талаптарды оңтайландырады.
Өткен жылы терроризм мен діни экстремизмді, суицид, зор­лық-зомбылықты насихаттайтын 10 мыңнан астам әлеуметтік же­лі­дегі парақшаның жұмысы тоқта­тыл­ды. Биыл жыл басынан бері, екі ай көлемінде ғана әлеуметтік же­лі арқылы қатігездікті, өзіне-өзі қол жұмсауды және порног­ра­фия­ны насихаттайтын мыңға жуық материалға шектеу қойылды. Өзінің же­ке парақшасын ашып, Заңға қай­шы ақпаратты таратып отыратын азаматтар болады. Біз ең алдымен оларға ескерту хабарламасын жі­береміз. Егер жұмысын өз еркімен тоқтатпаған жағдайда, қолданыс­тағы заңнамаға сәйкес шаралар қол­данылады.
Бұл бағыт қатаң қадағаланып отыр.
Осы мақсатта Ақпарат және ком­муникациялар министрлігінің ресми сайтында «Шағымдану» деп аталатын арнайы сервис жасалды. Яғни, интернетті пайдаланып отыр­ған кез келген азамат заңға сай емес ақпаратты анықтаса шағымдануға мүмкіндігі бар. Барлық шағымға дереу құқықтық бағалау жүргі­зі­леді. Тиісті шаралар қолданылады. Министрлік ақпараттық кеңістікте тиісті заңның сақталуын қамтама­сыз ету барысындағы жұмыстарды бір сәтке де назардан шығармайды.
– Қазір ақпарат ресми БАҚ-тан бұ­рын әлеуметтік желі арқылы тез та­райды. Ақпарат және коммуни­ка­циялар министрі ретінде бұған қарсы тұру­дың қандай жолдарын қарас­тырар едіңіз?
– Кез келген ақпараттың әлеу­мет­тік желі арқылы жылдам та­рауы заңды құбылыс. Оған қарсы тұру­дың қажеті жоқ. Ол қазіргі за­­ман­ның қалыпты үрдісі деп ой­лай­мын. Қазіргі БАҚ осы үрдіс­ке бейімделуі тиіс.
Әлбетте, бүгін интернетті тұ­ты­натындар саны күн өткен сайын ар­тып келеді. Дегенмен біз өткіз­ген әлеуметтік өлшем бойынша көп­теген адамдар үшін ақпарат ала­тын басты құрал теледидар болып тұр. Сауалнама барысында қо­ғамның 63 пайызы жаңалықты те­леарнадан көреді. Ал интернетке жүгінетіндер 38 пайызды құрайды.
Менің ойымша, теледидар мен ин­тернетті бөліп қарауға болмай­ды. Олар бір-бірімен қатар дамып келе жатыр.
Тәжірибеге сүйенсек, барлық сала цифрландырылған жағ­дай­дың өзінде мерзімді баспасөз бә­секеге қабілетті қалпын сақ­тап қалады.
City University of London ұйы­мының соңғы зерттеулері бойын­ша The Guardian басылымының оқырмандары күніне 43 минут уақытын қағаз бетіндегі мақалаларды қарауға жұмсаған. Ал соның он­лайн нұсқасын шолып шығу үшін 41 секундын ғана арнапты. Демек, ин­тернеттегі ақпаратты оқу үшін адам көп уақытын жұмсамайды. Тақырыбын, кейбір қызықты тұс­тарын саусағымен сырғытып шы­ғады да басқа арнаға ауысып ке­теді. Ал газет мақаласын түртіп оты­рып, астын қарындашпен сы­зып қада­ғалайтын оқырманда­ры­мыз бар. Тақырыпты тереңірек түсіну үшін, газетке үңілген абзал.
– Коммуникация сөзінің мағы­на­сы – байланыс. Сіз үшін билік орын­­­­дарының ісін халыққа жеткізу маңыз­ды ма, әлде халықтың сөзін би­лікке жеткізу маңызды ма?
– Маған бұл қызметті Елбасы үл­кен сеніммен тапсырды. Ақ­парат және коммуникациялар ми­нистрі болып тағайындалған сәтте Халық пен Елбасы алдын­да­ғы үлкен жауапкершілікті сезіндім. Жа­қында Президенттің қабыл­дауын­да болдым. Нұрсұлтан Әбішұлы біздің министрлікке бір­неше нақты тапсырма берді. «Жал­пы ақпарат құралдары Тәуел­сіз­дігімізді нығайту, жастарға пат­риоттық тәрбие беру, салт-дәс­түрімізді насихаттау бағытына баса мән беруі қажет» – деп қадап айт­ты. Елімізде қаншама игі істер ат­қарылып жатыр. Соны оқырман мен көрерменге, тыңдарманға жет­кізу басты мақсаттардың бірі бо­лып қала береді. Ұлттық мәде­ниетімізді, тарихымызды және әде­биетімізді насихаттау да бірін­ші кезекте тұрады. Жалпы, теле-ра­дио, газет-журнал, интернет-сайт­тар мен әлеуметтік желідегі бло­герлер ғана емес, ақпаратты тұ­т­ынатын күллі әлеумет ең басты жауап­кершілік – ақпараттық қауіп­­сіздік екенін жете түсінсе екен деймін. Сонда ғана біз Елба­сы­ның Ұлт Тәуелсіздігі мен Мәңгі­лік Қазақстан идеясын айқын се­зінетін боламыз.
Осы тапсырмаларды орындау ба­рысында қоғаммен қарым-қа­тынастың нығая түсетіні де түсі­нік­ті.
Жақында ғана Президент бес әлеу­меттік бастамасын ұсынды. Ел тұрғындарының тұрмысын жақ­сартуға бағытталған бұл бас­тамалардың әрбірі өте маңызды. Өйткені әлемде әлеуметтік бағдар­ламалардың саны қысқарып жатыр. Ал біздің елде халықты қол­дауға бағытталған бағдарлама­лар көбейіп келеді.
Бір ғана мысал: біздің ми­нистр­лікте жұмыс істейтін жастар өте көп. Олар бұл бастамаға қатты қуанды. Бас­па­на алу үшін, ай сайын аздап ақ­ша жинап жүргендерге бұл ба­ғыт қолдау болды. Енді үй алуға қа­жетті 20 пайыз салым болса жет­кілікті. Жас отбасылар өзде­рі­не ыңғайлы, қалталары көтеретін баспанаға қол жеткізеді.
Сондықтан халық пен биліктің ара­сындағы алтын көпір болу жур­налистер қауымына ғана емес, біз­ге, яғни мемлекеттік қызметтегі аза­маттарға да маңызды. Өйткені біз халқымыздың игілігі үшін, елі­міздің биік мақсаттары үшін жұ­мыс істеп отырмыз.
– Бұдан біраз уақыт бұрын «Қа­зақ­стандағы 1,5 млн. адам қазақ­стан­дық ақпарат айдынынан тыс өмір сүреді», – деп айтқан едіңіз. Бұл ста­тистиканы азайту жолында қан­дай шараларды қолға алдыңыздар?
– Мәселен, 600 мыңға жуық қа­­­зақстандық отбасы «сұр табақ­ша» өнімін тұтынады екен. «Сұр табақша» деп отырғаным өзге ел­дің операторлары. Яғни, ша­мамен 1,5 миллион адам өзге елдің ақ­пара­тымен сусындап отыр деген сөз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Сон­­дықтан да «БАҚ туралы жаңа Заң жобасына» елімізде тір­кел­меген спутникті операторлардың таралуына тиым салу туралы ере­жені енгіздік. Алдағы уақытта жер­гілікті билік өкілдерімен бірі­гіп, бұл жұмыстарды іске асыра­мыз.
Қосымша айтатын болсам, циф­рлық эфир мен спутникті те­лехабар тарату бағыты да жандана түседі.
Бүгін кез келген елді мекеннің спутник арқылы телехабар тама­ша­лауға мүмкіндігі бар. Деректер бойынша, 2017 жылы 1,3 миллион тұтынушы «OTAU TV» қостырған. Ал­дағы уақытта оның ауқымын кеңей­ту бойынша жұмыстарды жал­ғастыра береміз.
Интернетті жетілдірсек, ел тұр­ғындарына өзіміздің өнімді көріп, тыңдауға жол ашылады.
Сондықтан 2020 жылға дейін 1249 ауыл­ды жоғары жылдамдықты ин­тернетпен қамтамасыз етуді жос­парлап отырмыз. Ауылдарға са­па­лы интернет орнатудың әлеу­­меттік маңызы да зор. Сол арқылы тұр­ғын­дарға мемлекеттік қызмет көр­сетудің сапасы артады, ме­дици­налық, білім беру, онлайн-сау­да мен тағы басқа бағыттар да­миды.
– Шекаралық аймақтарға біздің елдің электронды ақпарат құралда­ры­ның түгел таралмайтыны аз ай­ты­лып жүрген жоқ. Қазақстанның Ең­бек сіңірген қайраткері, пуб­лицист Нұртөре Жүсіп «Қазақ әде­биеті» газетіне берген сұхбатында «Шу­дың жазығына түскен бетте біз­дің радионың үні өшеді. Қыр­ғыз­станның радио желісі киіп-жарып шыға келеді. Шымкенттің тұсына жет­кенде өзбек радиосы кимелеп эфир­д­і билеп-төстеп өтеді», – десе, Қа­зақстан Ұлттық арнасының жаңа­лықтар қызметі Алматы облы­сы Райымбек ауданындағы жұрттың Қытай радиоларын тыңдайтынын айтып сюжет жасады. Мұндай ол­қы­лықты қалай реттеп жатырсыз­дар?
– Мемлекеттік радиохабарла­рын тарату бір күнде шешіле сала­тын оңай шаруа емес. Мәселен қа­зір бір ғасырлық тарихы бар «Қа­зақ радиосын» 2 миллион адам тың­дай алмай отыр екен. «Шал­қар» радиосының үні 5 миллион тұр­ғынға жетпейді.
Сондықтан биылғы жылы ра­дио қабылдағыштарды орнататын арнайы құрылғыларды сатып ала­мыз. Осылайша, ең алдымен, Ал­ма­ты, Оңтүстік Қазақстан мен Шы­ғыс Қазақстан облыстарының ше­каралық аудандарындағы елді мекендерге радио желісін жеткізу жос­парланып отыр. Содан соң өзге аймақтарға да радиоқабыл­да­ғыштар орнатыла бастайды.
Стратегиялық маңызды сұрақ­тардың бірі – цифрлық эфирлік теле-радиохабарларын тарату. Бү­гінгі таңда халықтың 82 пайызы қам­тылған. Биылғы жылы, Маң­ғыс­тау мен Жамбыл облыстарына цифрлық эфирлік теле-радио ха­барларын тарату жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Цифрлық телевизиялық станция құрылысы­ның жоспарлы түрде орындалуы ми­нистрліктің бақылауында. Ал­дағы уақытта елдің әр түкпіріндегі тұрғындар отандық хабарларды тамашалап, тыңдайды.
– Ақпарат және коммуника­ция­лар министрлігі Елбасының биылғы «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Халыққа Жол­дауын­да айтқан бағыттарға қа­тыс­ты қандай жұмыстарды қолға алды?
– Биылғы Жолдау – ең алды­мен «Цифрлық Қазақстан» бағдар­ла­масын жүзеге асыруды жүйелі түр­де қолға алуға септігін ти­гізді.
«Цифрландыру», ең алдымен, қа­рапайым тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.
Қарапайым мысал келтірейін: сіз қолөнер бұйымдарын жасаумен ай­налысатын болсаңыз, сол жа­са­ған заттарыңызды интернет ар­қы­лы сатуға болады ғой. Өте ың­ғай­лы. Тіпті соғым сату үшін де ба­зарға барып жүрмейсіз. Бұл ең алдымен жол шығынын қысқартады, уа­қы­тыңызды үнемдейді. Мысалдар кел­тіре беретін болсақ цифр­лан­дырудың артықшылықтары мен ха­лық­қа тиімді тұстары өте көп.
Ауылдарда орналасқан мектеп­терге кейбір оқулықтар жетпей жа­­тады. Сапалы интернет арқылы ба­лаңыз өзін қызықтырған шығар­ма­ларды үйде отырып-ақ оқи бе­ре­ді.
Ең маңыздысы – медицина са­ласының мамандары алыс елді ме­кендерге жетіп үлгермей жатқан жағ­дайда, Астанадан арнайы жүйе ар­қылы байланыс орнатып опе­ра­ция жасауға мүмкіндік туады. Осы­лайша халыққа өте қолайлы жағ­дай жасалады.
Сонымен қатар, цифрландыру арқылы білім сапасын жақсартуға, инвестициялық және іскерлік ортаны дамытуға жол ашылады.
Мәселен, биыл біз Astana HUB жо­басын ашамыз. Технопаркте отан­дық және шетелдік стар­тап­тарды тарта отырып, цифрлық эко­номиканы қолдау үшін барлық жағ­дай жасалады. Бірінші кезекте стартап жоба­лар­ға жан-жақты қолдау көрсеті­ле­ді. Бізде жо­ғары технологиялық өнімдер шы­ғара алатын білімді, креативті жас­тар өте көп. Біздің мақсат – олар­дың алаңсыз жұмыс істеуіне то­лық жағдай жасау.
– Телераналардың өз өнімдерін азайтып, аутсорсинг жүйесімен жұ­мыс істеуі несімен тиімді? Жуырда ғана сондай әдіспен сатып алынған «Қо­зы Көрпеш – Баян сұлу» се­риа­лы төңірегінде біраз шу болды. Бұл шудан не түйдіңіз?
– Мемлекеттік тапсырыс аясы өте кең. Сондықтан тапсырысты аут­сорсинг жүйесімен жұмыс іс­тейтін компанияларға да ұсыну ың­ғайлы. Тапсырысты кез келген шы­ғармашылық ұжымға емес өз өнім­дерімен көрермен көңілінен шық­қан, жасаған жұмыстары са­па­лы компанияларға сеніп тап­сы­рамыз.
Иә, ол сериалға қатысты қо­ғам­да талқылау болды. Менің ойымша, та­рих пен дәстүрге қатысты тақырыптар әрдайым үл­кен пікірталас туғызады.
Оның үстіне бізде телехикая ин­дустриясы енді-енді қанат жайып келе жатыр. Әсіресе та­рихи сериалдарды түсіру енді ға­на басталды. Сондықтан, кейбір кем­шіліктер болуы мүмкін. Бұл тал­қылау алдағы уақытта кино өн­дірушілер үшін де үлкен сабақ бо­лады деп ойлаймын.
Телеарналарда арнайы көр­кемдік кеңестер бар. Оның құра­мы­на осы саланың мамандары кі­ре­ді. Фильмді солар жан-жақты қа­рап, шешім қабылдайды. Сосын біз­ге ұсынады.
Осы тұрғыдан келгенде, біз ал­дағы уақытта көркемдік кеңес­терге де талапты күшейтеміз.
Жалпы, біз бірте-бірте те­леар­на­лардағы шетелдік өнімдерді азай­т­уды мақсат етіп отырмыз. Қа­зір қарап отырсаңыздар, ше­тел­дік сериалдар азайды, өз фильм­де­ріміз көбейді.
Бұл тұрғыда м­­емлекет тарапынан үлкен қол­дау көрсетіліп отыр. 2017 жыл­дың өзінде отандық 40 сериал тү­сі­рілді. Осылай бірте-бірте санмен бір­ге сапа да қалпына келетініне се­німдімін.
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейін, 2016 жылмен салыс­тыр­ғанда отандық сериалдардың то­лық уақыты екі жарым мың са­ғатқа артты. Демек шетелдік өнім­дер­дің көлемі бірнеше сағатқа азай­ды. Бұл жұмыс биыл да жал­ға­сады. Біздің сериалдарды өз елін­де көрсетуге Ресей, Қытай, Қыр­ғызстан мен басқа мемле­кет­тер қызығушылық танытып отыр. Бұл сапаның артқанын да аңғар­тады.
– Өзіңіз қай басылымды оқи­сыз, қай телеарнаны қарайсыз, қай радионы тыңдайсыз?
– Жұмыс күнім «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттерін оқудан басталады. Кө­лік­те, ұшақта болсын барлық ба­сы­лымды шолып шығуға тыры­са­мын. Оның арасында, әрине, сіз­­дердің де газет бар. «Қазақ әде­биеті» – ұлт зия­лыларының мінбесі, даңқты қа­ламгерлердің ізі қалған, елі­міз­дің руханиятын, мәдениетін наси­хат­тап отырған қара шаңырақ де­сем қателеспеген болар едім. Қазақ қа­ламгерлерінің пікірі де, шы­ғар­малары да әрқашан құнды, қоғам­ға қажет. Сондай-ақ, таным­дық дү­ниелер ұнайды. Те­ле­ар­на­лар­дың жаңалықтарын мұқият қараймын. Радионы тыңдауға уақыт бола бермейтіні рас. Алайда қандай ха­барлары барын, тың­дар­ман үшін жасалып жатқан жо­ба­лары туралы жақ­сы білемін. Кө­лік­те кетіп бара жат­қанда қазақ күйлері беріліп жат­са, дауысын шығарып тыңдай­мын. Өйткені домбыраның үні, даланың сазы әрбір қазаққа жа­қын. Сондықтан музыкалық мұрамыз­ды да көздің қарашығындай қа­дірлеуіміз керек деп ойлаймын.
Шерхан Мұртаза ағамыздың: «Отан­ды, ұлтты, әдебиетті, оның бо­лашағын сүю үшін көп айқай­дың керегі жоқ. Тынымсыз, жана­шыр, табанды әрекет қажет», – де­ген керемет сөзі бар. Сондықтан ру­хани құндылықтарымызды на­сихаттау жолындағы әрекетті бір сәтке де тоқтатпауымыз қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА

Пікір қосу