«ЧИІР ШӨЛӘНІ» – ТҮРКІСТАНДА ЖЫР ТОЙЫ

0
150 қаралды

Түркідүниесі ақындарының басын 25 жылдан бері қосып келе жатқан, әр екі жылда бір мәрте өткізілетін «Чиір шөләні» атты ақындардың жыр фестивалі биылғы жылы Түркістан шаһарында салтанатты түрде жалауын көтерді. Сонау
1992 жылы алғаш рет түрік тілдес ағайынға шақыру жіберіп 1-кезекті бас қосуын Османлының алғашқы астанасы Бурса қаласында бастаған екен. Келесі жолы едел-жедел қимылдап Қазақстанға өтініш білдіріп Сол тұстағы ҚЖО-ның Төрағасы Қалдарбек Найманбаев ағамыздың белсенділік танытуының арқасында Алматы қаласында ашылған еді. Әне сол жолы махаббат жыршысы Тұманбай Молдағалиев ағамыздың «Физули» атындағы Халықаралық сыйлықты алды.
21 желтоқсан күні басталған фестивальдің тізгінін қырғыз ақы­­ны Алтынбек Исмайыл мен қазақ ақыны Танагөз Толқын­қызы ұстады. Екі мемлекеттің ән­ұраны орындалған соң жиынды ҚЖО Төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иеге­рі Ғалым Жайлыбай ашып беріп, төгілтіп тұрып өлең шу­мақтарын оқыды. Онан ары ға­лымдар мен шешендер фес­тивальдің мән-маңызы туралы баяндама жасап, Түркиядан арнайы келген қонақ­тар мен Қазақ-Түрік Қожа Ахмет Иассауи атын­да­ғы универ­сите­тінің бас­шылы­ғы құттықтау сөз­де­рін арнады. Тү­рік­тің Мәдениет министрінің орын­басары арнайы ұшып келіп, жы­лы сөзін айтып, жиналған сек­сеннен аса ақынға алғысын біл­дірді. Жалпы, бұл «Чиір шө­лә­ні» жобасының авторы, идеяның иелері Мехмет До­ған мырза мен Ибраһим Улви Яуыз бейлер Кеңес­тер одағы ыды­­рай сала түр­кідүниесі ақын­дарын бір астаудан ас жеп, бір бұлақтан су ішуге шақыратын осындай үлкен жобаны бастаған екен, содан бері табандылық танытып қиындық­тарды жеңіп қыз­мет етіп келеді. Мақсаттары – әдебиеттің алтын көпірін салып, өнердің шекарасыз өңірін қалып­тастыру. Міне, қазақ же­ріне екін­ші мәрте айналып соғып Түркінің үні асқақ­та­ды. Анау-мынау емес қазақ­қа ең жақын жыр тілінде жүректерді жақын­датты.
Көпке түсінікті болу үшін ай­та кетейік, «Чиір шөләні» деген сөз – «чиір» өлең, жыр деген сөз­де, «шөләні» кәдімгі шүлен, шуақ, шұ­ғыла, шашу, береке, сый, тарту деген мағынаны меңзеп тұр. Ен­­деше, бұл мерекені «Жыр шуа­ғы» деп меншіктеуімізге болады. 25 жылдан бері түркі халықтары қоныстанған өлкелерде үздіксіз өткізіліп келе жатқан жыр мейра­мына елімізден көптеген жыр дүл­­дүлдері қатынасып, ана ті­лімізде өлең оқып қазақтың үнін биік мінбелерде ағайынға жеткіз­ген болатын. Ақындардан Ұлық­бек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Болат Шарахымбай, Жарас Сәрсек, Төреғали Тәшенов, Дүкен Мәсімхан, Құл­Керім Елемес, Телман Нұрақы­нов, Танакөз Ілиястар қатысып келген болса (шараға қатынасқан өзге ақындардың аты-жөнін білмегенім үшін кешірім сұрай­мын), бұл жолы Роза Сейілхан, Гүлімай Әбішқызы, Исраил Са­парбай, Шәкизада Әбдікәрі­мов, Саят Қамшыгер, Дәркен Танабай, Кендебай Қанат секілді жаңа есімдермен толықты.
Жер шарының бетіндегі қы­рыққа жуық түркітекті халықтар қоныстанған Қиыр Шығыстан – Батыс Еуропаға дейін, Байқал­дан – Ақ теңізге дейінгі алып жат­қан ұлан-ғайыр аймақтардан ат басын бұрып аталған мекенге келіп жететін ақындар жолдың алыстығына, шекараның шек­теуіне тосылмай тоғысып жата­ды. 2017 жылғы 12 кезекті «жыр шуағы» мейрамы түбі бір түр­кілердің рухани астанасы Түр­кістан қаласына көш керуенін түзепті. Қазақстанның Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығы мен «Чиір шө­ләні» қозғалысының 25 жыл­дығы тұспа-тұс келуіне орай, Алаш мемлекетінің 100 жыл­дығы­на дәл келген айтулы жылда ақындар­дың пірі, сопылардың ұстазы, тақуа­лардың таңғажайып үлгісі Құл-Қожа Ахмет Иассауидің жат­қан жері «Төрт қақпалы Түркістан, қос қақ­палы Қожа-Ахмет» (Т.Тәше­нов) кесенесінің түбінде өткізілуі тегін болмаса керек!.. Шынында түркі дүние­сіне даналық дәнін сеуіп, парасат білімін жайған ұстаздың аты алты қырдан асып алысқа кеткен. Әсіресе, қалам ұстаған ақын­дардың бабаға соқ­пағаны жоқ. Оның даңқы ғана емес ілімі, жырлары, «рухы – Құ­ран, формасы – өлең» хикметтері көкірек­терге қонған болатын. Бұл жолыда жан-жақтан сусаған шайырлар шөлден келген үйірлі жылқыдай суатқа бас қойды. Ба­баның зәу­лім кесенесіндегі әу­лиенің басын­да отырып Құран оқы­ды, бөл­мелерді адақтап зиярат жасады, жер асты мешітін, Қылуетті құмарлана тамашалап мойындарын алға созды.
Тілі орыстанған Ресейдің құ­ра­мындағы Сібірдің түріктері жете алмады, жақындау жердегі Татар, Башқұрт, Құмық, Ноғай­лар жүген-ноқтасыз жетті. Онан алыстау көк түріктер мен Көко­ғұздарда(гагауыз) қала қоймады. Ежелгі көршілеріміз Қырғыз қыр­дан асып, Өзбек өзенді жа­ғалап жанымыздан табылды. Ота­ны жат қолындағы ұйғырдың өкі­лі Бішкектен келіпті. Молдауадан, Косовадан, Қырымнан, Әзірбайжаннан, Кипрден, Түрік­меннен, Тәжікстаннан ақын­дар ат басын кермеге байлады. Әр халық өз тілінде өлең оқы­ды, алды үш рет, арты бір реттен жырларын шашу етіп жұртқа ұсынды. Сол ақындардың арасында аға ақындарымыз Исраил ақынның сыршыл сыпайы лирикалары, Ұлықбектің рухты жырлары бойымызға қан таратса, Шакизаданың адуынды асқақ үні залды теңселдірді. Танакөздің «Дұғасы», Розаның астарлы сырлы жыры, Гүлімайдың «біртүрлі» бөлек бітімді шумақтары мәнері­мен төгілді. Саяттың «Мағжаны» мен Дәулетбектің «Тұтастығын­да» қосып қоюға болады.
21-22-23 желтоқсанда үш күн бойы жалғасқан фестивальдің күн тәр­­­тібі бойынша түркі әле­мін­де мәртебесі жоғары ақындар­ға ар­наулы уақыт қойып өлең Шүленін шашу етті. Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев, Түрік ақыны Хусейін Байқара, Қазақ қаламгері Қал­дарбек Найманбаев, жастық­тың жыршысы Тұманбай Молда­ға­­лиев, түрікшіл Мехмет Акиф, Қожа-Ахметтің шәкірті сопы Юнус Әмре атындағы атаулы мез­­гілдер бойынша ақындар ал­ды­ға шығып жырдан шашу шашты.
Әр бір басталған істің соңы бо­латыны секілді үш күн бойы созылған жыр тойының ақырын­да барша өлеңнен шүлен таратқан ақындарға сертификат берілді. Ал дәстүрі бойынша мемлекетіне, ұлтына, деңгейіне қарай Қырғыз ақыны Атантай Акпаровқа Махмуд Абдулбакы атындағы, Түрік ақыны Мустафа Өзчеликке Мағ­жан Жұмабаев атындағы, Татар ақыны Ремис Аймедке Алишер Наваидің досы болған Султан Хусейін Байқара атындағы атаулы сыйлық берілді. Екі жылдан кейін, өзбек ағайынның пейілі кеңі­се, осы күнге дейін үнсіз жат­қан Тәшкентте өткізіліп қалуы мүм­кін деп күбірлесіп жатты ұйым­дастырушы туғандар.
«Саның қырық,
туың бар ал­тауыңда,
Құт-берекең орнында, аң тауың да.
Асыл текті ағайын, тосырқамай,
Қауышатын кез жетті қаңтарылма!»
– деп, біз де ат басын Алматыға бұрдық.

Дәулетбек Байтұрсынұлы.
Алматы–Түркістан–Алматы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.