Ел тірегі – Ерен тұлғалар

0
96 қаралды

Жұмат ТІЛЕПОВ


Сыпыра жырау
Жүздеген жылдық қиырдан,
Естіледі үнің алыбым.
Ерекше зор боп құйылған,
Кісілік ойлы қалыбың.

Отан мен халық жағдайын,
Жүз жылдықтарға болжаған,
Тақылдап тұрған таңдайың –
Есінде елдің әр заман!

Тоқтамыс пенен Темірдің,
Қабағын баққан қалың жұрт…
«Едіге деген еріңнің»
Аштың сен сырын – білмес сырт!

Дүние менен билікке,
Таласу жұртқа таң емес.
Мың жылдық сендей жүйрікке –
Қасірет ел ғой, мал емес!

Алқалы талай жиында,
Төрінде Алтын Орданың,
Шақырып ел боп ұюға,
Байтақтың қамын қамдадың.

Етегін елдің аштырмай,
Іргеңді сақтап жауыңнан,
Кеудесін ердің бастырмай,
Құтқарған дүр ең дауыңнан.

Ашкөздік сезім өлмесе,
Жақыннан сатқын шығарын,
Сенгенің опа бермесе,
Қандырар дұшпан құмарын…

Барлығын айтқан бажайлап,
Данышпан сендей көп емес.
Тұрқыңа сенің абайлап,
Қарамаса елің – ел емес!

Бастауындай нағыз қайғыңның,
Ноғайлы жұрты мәңгіріп…
Тұрғандағы сөзің, айбындым,
Тоқтамысқа айтқан мәңгілік!

Талаурап атқан таңдарда,
Манаурап батқан күндерде,
Сұңғылалар мен аңғалға,
Айтқаның қазір мінберде!

Асан қайғы
Сенен асқан ақын бар деп білмейді,
Жайлаған жұрт терістік пен күнгейді.
Шығыс пенен батыста да қалың ел,
Сен жайлы айтып, жөңкіледі бейне сел!

Бар сөзіңді жаттап өскен өркенің,
Кеме-ұжданның көтеріп бар желкенін,
Өзің болып сөйлеп кетсе таңғалмай.
Тұра алмайсың тебіренбей, толғанбай?!

Келтірмейім деп, қасірет-қайғы, елге азап –
Елші болдың Тоқтамысқа ер қазақ,
Жәнібекке ақылшы боп айттың сын…
Түсінгенге сөйлеп өттің сөзді шын!

Адам көркі – мінез жайлы жырларың,
Талайлардың қозғап көңіл … сырларын.
Ғасырларға келеді өтіп тоқтамай,
Алып нарды жетелейтін ноқтадай.

Қазақ өзін іздер болса, кімбіз деп,
Тірлігінде жүрген талай «піріміз» деп,
Жандар еске түспей жатады – ол анық,
Болмаса да сыйлы баста шалалық.

Сені, бірақ есте тұтады бар қазақ,
Халқың үшін көрген бейнет, сор-азап…
Бар қазақтың құты сынды өзіңді,
Көрмесек те көргендейміз көзіңді!

Қайғы сөзі бермесе де ешбір сән,
Асанқайғы! Қайғың сенің елге тән.
Саған ұқсап қайғы жұтқан адамдар
Болған елден шығары анық үлкен мән!

Қайғың сенің – қайғы емес пенделік,
Не ақылдан емес және кенделік.
Асанқайғы! –
Елдің мұңын мұңдаумен сен атандың,
Бұл есімде – дәрежесі бар қаһанның,
Ұлылық пен қасіреті бар Отанның!

Сүйінғара батырдың жер бетілік ақырғы сөзі
О, туған жұрт, ер бітімді Марғасқа,
Кім болсам да мен өзіңнің балаң ем.
Сен бас болсаң, мен өзімше сол басқа
Ми боп бітіп, жау жасқаған жанар ем!
Шер көкірек, шерменде жұрт болман деп,
Кек кернеген алдаспанға айналып,
Ел қаймыққан көптікке де «орман» деп,
Айбар болдым … қайта-қайта қайралып!

Жалбарынып қорасанға мал шалып,
Тағдырларың тартылғанда безбенге…
Тәуекелді ерттеп мініп, мен барып,
Араластым бәтуалы «сөздерге».

Кейде жығып, кейде тіпті сүрініп,
Кірдім қанша дауың менен жауыңа.
Сонан кейін жат беталды ұрынып,
Тиіспейтін болды ауыру, сауыңа.

Азаматы боламын деп Алаштың,
О, туған ел, түрін көрдім таластың.
Соның бәрі … барлығы да сен үшін –
Қазіргі, һәм келер ұрпақ өрісім.

Ұйқы көрмей, күлкі көрмей, кештім күн,
Сенің үшін, айналайын, туған жұрт.
Жатқа арын жібермедім ешкімнің
Сол еңбекті өзің тұрмақ, ұқты сырт.

Көпті ерттім, кеңге құлаш сермедім,
Басқа емес… қуат беріп көкте күш.
Жау қолына тізгініңді бермедім,
Соның бәрі болмаса екен көрген түс!

Атқан таңға, шыққан күнге жоқ өкпем,
Өгейсіткен көктен қылық көрмедім.
Қайратына масайрасып егескен–
Жат ісінсе тірі өлік қып жерледім.

Егес кімді жеткізуші еді мұратқа,
Барымтамен басқа бақыт қонбаған?!
Бірақ, зорлар түкірмейді ұятқа,
«Өмірбойы бермейім, — дейді, -жол саған»

«Бізде сіздей жанбыз,-деші, ақырын,
Бас бармағын танауыңа сүйкейді.
Қорқытатын солай жат пен жақынын –
Алпауыт жұрт ылғи өстіп күйсейді.

Күйсейім десе, күйсегіш жұрт күйсесін,
Деу оңай ғой, бір-ақ одан біте ме іс,
Жалмайтұғын талай жанның
өмірі мен жүйкесін,
Таба алмасаң жалмауызды
жуасытар қысқаш тіс?!

Жұрт билемек би боп туған өнерлің,
Рас, елдің біледі әбден қайғысын.
Іргең, бірақ, берік десем, сенер кім,
Аңқаулықпен атың шыққан байғұсым?

Сен деп туған, сенің үшін жаралған,
Талай ерге жерік болған, қайран жұрт,
Мұңың қанша көкірегіңде қамалған
Арман қуған – болсам-ау деп, айбарлы ұлт?

Аз болған соң сенің қайғың ерекше,
О, туған ел – баладай пәк, өр халық.
Жанталастық, жан да бердік керексе,
Сенің үшін сексеуіл боп маздадық.
Маздау керек, от боп жанып өртеніп,
Кетсең дағы қоламта емес, күл болып.
Тырапай асып жатқан артық ерте өліп,
Ынжық күймен кешкенше өмір құл болып!

Осы оймен талай-талай бел астық,
Байсалды ұл да, ожар ер де… бәріміз.
Білекті мен жүректіге сыйластық –
Негізгі деп, жасымыз бен кәріміз.

Рас, ерлік–ешуақ артық болмайды,
Бес қаруың болса, соның, басы — ерлік.
Намысты елдің өңі ешуақ солмайды,
Ондай жұртты жайламайды мешелдік.

Бірақ, неге жауың ылғи әдісті
Ойлап тапқыш, сен дегенде сын-сынақ?..
Көп толғандым…баһадур жұрт, намысты –
Серік еткін – білім, айла, ынтымақ!

Соныменен есейерсің, дүрерсің,
Арманыңа қолың созып көктегі.
Білім, оймен аман-есен жүрерсің,
Теуіп, таптап, мұқата алмас «көп» сені.

Мұнан асып не айтам саған, байтақ ел,
Сүйінғара атым сені сүйінтсін!
Есті, сесті келер ұрпақ көзін шел–
Қаптамасын, дұшпандарын иілтсін!


1Сүйінғара Үргенішбайұлы (1756-1841) – батыр, би. Ресей империясының, Хиуа хандарының, түрікмен билеушілерінің үстемдігіне қарсы күрескен атақты тарихи тұлға.

Досан батырдың айқас алдындағы ойы
Нұр – өмір шалқар көңіл, сұлу назды,
Асқақ ән, ақжарма күй-сиқыр сазды,
Дидарың жан біткеннің есін еміп,
Бір сәтке теңестірген көп пен азды…

Мен таң боп қабілетіңе қайран қалып
Жүргенде … мына оқыс жай ойран салып,
Жанымның жазын таптап, қыс боп қарып
Айқасқа салды әкеліп, қайрап-жанып…

Жақсылық іздеп ылғи елеуреумен,
Күн кешкен бірін-бірі демеуменен…
Басы аз, әлсіз жұртқа жат әуес-ақ–
Сүйкенгіш түкке тұрмас желеуменен!

Жау жасқар бөрі үйірлі арланы көп,
Әрине, күшті елдің арманы жоқ.
Елші де, елгезер де елпең қағып,
Ойынан шығар сөзді айтады дөп.

Біз кімбіз … бір кездегі айдынды елдің,
Ұлымыз, ұрпағымыз айбынды ердің,
Даңқымыз баяғыдай болмаса да
Мұрагер, түп жұртымыз осы жердің.

Көзің тік, көгергір ел, ілгеріге,
Еске алып ерлерді өткен ілгеріде
Ер Сүйін, Сырым, Шотан, Атақозы,
Құлбарақ кімнен кем еді бір ме — бірге!

Найзағай болмаса да көктен түскен
Махамбет, Исатайлар кешегі өткен,
Хан Кене, Жанқожа мен Есет батыр,
Талайға айбар еді іскен-піскен?!

Қонай мен Асау, Барақ, ер Жәнібек,
Балуанияз, Шабай мен батыр Төлеп,
Барлығы Қобыланды батыр болмаса да
Әр кездер елін өткен сүйеп-демеп!..
Жерде әруақ, көктен тәңір назар салып,
Тұрғанда отыра алмайтын жасып, налып,
Біз бағзы шар болаттың сынығымыз,
Суарған құдырет өзі кекке малып.

Кек десе, кектеске біз шыдамаймыз,
Бүгіліп, арды таптап жыламаймыз.
Тура айтып, тура сөйлер мінездіміз
Дос сыйлайды, жауға осымен ұнамаймыз.

Аярсыз адалдарға панамын деп,
Ақиқат шамы болып жанамын деп,
Күреспен бұл дүниеден бабам да өткен,
Ойламан, мен де өзімді қаламын деп.

Өлермін, қорқатыным өлім емес,
Қорқақ жан күреспейді салып егес,
Құлжадай сарбаздарым мерт мінезді
Бұлар да жай жан емес – күлді көмеш.

Шыдатпай қасірет тартқан елдің шері,
Кеудеден үрлер болса намыс желі,
Мың тұрмақ, миллиондарға қарсы аттанар
От шайнап, шоқ түкірген ердің ері!

Суалып дария, мұхит, таулар тулап,
Уда-шу, аңдар тұрмақ, балық «шулап»,
Топырақ отқа өртеніп, күлге айналып
Найзағай көктен жерге доп боп зулап…

Жатса да … жақсылықтан үзбес үміт,
Бірлі-жар көкірегі иман болса жігіт
Сол бізбіз … көгерер ел көктен тілер
Мәңгілік Отанға – ұран, үнсіз үгіт!


Досан Тәжиев (1835-1876) – патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы 1870-1873 жылдардағы Маңғыстау халқы көтерілісінің басшысы.

ХАЛЫҚ БАТЫРЫ – БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ
Бағы жанбай өшкен небір ақылды
Тапқан халқым ғұлама мен ақынды.
Ол анық қой сізге дейін жан аға
Туғызғаны талай дүлдүл, батырды.

Кейі тіпті сізден гөрі білекті,
Кейі тіпті сізден де асқан жүректі
Болған шығар, өйткені бұл кең дала
Ер болмаса кімнен таппақ тіректі?!

Батырлары, қолбастары болмаса,
Ел қорғаған алмастары болмаса,
Мынау дала қаны сіңген бабамның
Дәл осындай далимас еді бұл да аса.

Екі күннің бірінде айқас, аттанмен
Тірлік кешкен батыры өліп, ат келген,
Не болмаса жау әскерін талқандап
Жесірлерін ап келген…
Біздің дала, біздің халық осылай
Қанды қырғын көп көрген.

Әр нәрсеге жіті тігіп жанарын,
Жанынан бір тастамаған жарағын,
Ер көңілді жауынгерлер болғанмен…
Соңғы соғыс жылдарындай дәл ешкім
Танымаған ер ұлдарын даланың.

Тіпті, тіпті жауынгерлер ер көңіл
Туа жүріп, тұта жүріп бұл өңір.
Бәрін бірдей танымайтын бір сәтте
Айналайын, біздің біздің дүрегір…

Өшкен заман. Көшкен керуен жырын мен
Айтпақ емен. Шапқан, қуған. Бүлінген.
Мен өзіңіз туралы тек сөйлеймін
Адамзатты қорғасқан
Снарядтар сойқанынан,
қылыштардың жүзінен.

Қайран аға, сарбаз бастап, сап құрап,
Ақбоз атпен өрт ішінде шапқылап,
Жүрген сені халқың тұрмақ таныды Ел
Дидарыңды көрсем деді соқырлар,
Дауысыңды естісем деді тас құлақ.

Халқың үшін тапқан талай асылды,
Ғұламаны, көріпкелді, ақынды,
Батыр ағам, сен ерекше жансың
десем иланғын
Өйткені анық, күллі Ел боп амандығын тілеген
Тарих ешуақ білген жоқ-ты
Саған дейін бізден шыққан батырды!
Таба жүріп, көре жүріп асылды…

Пікір қосу