Ұлт алдында ары таза…
15.12.2017
1507
0

Заңғар КӘРІМХАН,
«Қазақстан тарихы» интернет
порталының шығарушы редакторы


– Өткен ғасыр басындағы түрлі тарихи толқулар «алашшылдардың» халық тағдыры жолында шешуші роль иесі атануына әсер етті ме? Әлде олар Алаш Орда автономиясын құру – өздерінің ұлт алдындағы тағдыр берген миссиясы деп қабылдады ма?
– Бүгінгі бейбіт күннің көзімен қарағанда, өткен ғасыр басындағы Алаш кезеңі телегей-теңіз орта­сында қалт-құлт еткен қайықтай болғаны шындық. Оған жалпы қазақ даласының геосаяси жағ­дайының тікелей қатысы бар. Дүниежүзіндегі державалар ара­сын­да кісінің көзін қыздыратын байтақ жерге ие қазақ ұлтының бұл артықшылығын әлгі импе­риялар бірнеше ғасырлар бойы көре алмай келді. Ұлы дарияның төсінде қалтыраған жалғыз да жалқы қайық ескексіз бағыт алмасы тағы да айқын нәрсе. Осы тұста қазақ оқығандарының бір мақсат пен мүдде жолына бас қосып, ұлттық оянудың дүбірлі кезеңін бастады. Тарих сағаты осылай соқты.
Бұған көрнекті тарихшы
М.Қойгелдиев: «Бізге бүгін жал­пыұлт­тық деңгейде қорытын­дылап, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниета­ным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы – сол дүние­танымдық тарихтың өзегі. …Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстіндегі өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харе­кеті», – деген тұжырым береді.
Тілден, ділден, психологиядан ажырата бастаған отаршылдық процестің ендігі мақсаты – ұлттық тіректің соңғы тұяқ серпуі – діннен айыру, шоқындыру саясатының ашықтан-ашық жүргізіле бастауы Алашшыл азаматтардың бірігуіне сеп болды. Яғни алаш ұлт-азаттық күресі Қарқаралыда жазылған петицияның жазылуынан бастал­ды десек, оған әсер еткен оқиға – орталық және солтүстік, шығыс өлкені жаппай шоқындыру саяса­тына қарсылық танытқан дін қай­раткерлерінің наразылығы, жазық­­сыз қуғындалуы. Азаттық күресінің шарықтау шегі 1917–20 жылдар аласапыранында халық өз тағдырының аумалы-төкпелі уақытқа тап келгенін сезді. Екі үлкен жалпықазақ құрылтайын өткізуге дейінгі болыстық, уездік, облыстық сьездерді ұйымдастыру, партия құрып, бағдарламасын жариялау, үгіт-насихат, баспасөз ісінде «Қазақ», «Сарыарқа» газет­терін ашып, пайдалану, сол арқылы халық арасынан әділ сайлау өткізіп, нақты тұлғаларды, лидерлерді шығару ісінде Алаш қайраткерлері белсенді роль атқарды. Және мақсатқа жету үшін жандарын құрбан қылды, шәйіт кетті.
Алаш Орда – автономия емес, Алаш – автономия. Оның зоры: демократиялық ұлттық негіздегі автономия. Біз қазіргі күнде «зайырлы, құқықтық мем­лекетпіз» деп жүргеніміздің сол кезеңнен басталғанын мойындауы­мыз шарт. Алаш Орда – ұлттық кеңес, қазіргіше айтқанда үкімет. Терминдер, нақты атаулар орнын тауып тұрмаса, ғылым жолынан жаңылады. Алаш автономиясын жариялау туралы қаулы қабылда­нып, оның іске асыруды, яғни шынайы мемлекеттің ірге көтеруін бір айға шегерді. Мұның ең үлкен себебі – халықты қорғау мақса­тында әскер құру екені белгілі. Сөйтіп Алаш Орда үкіметі соңғы қасық қаны қалғанша жауларымен айқаса жүріп, көздеген мұратына жету үшін ештеңеден де тартын­бады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкей­ханның: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып таста­ғаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалды­рып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алды­мыз­да зор шарттар бар», – деген сөзінен олардың тарихи миссиясы аңғарылады. Әлемдік ақыл-ойдың жиыны бір басында жетерлік қазақ оқығандарының есімдері ұлт алдында да, уақыт алдында да ары таза, ойы биік қалпында тарихта қалады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір