Олжас Сүлейменов және «Таза планета»
14.05.2021
3173
2

Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар «Адамзаттың ақыны» дәрежесіне көтерілген, әлемге әйгілі көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, білгір түркітанушы, лингвист ғалым, Халық жазушысы,  Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Омарұлы Сүлейменов 85 жасқа толып отыр.

Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі


Олжекең Мәскеуде білім алып жүрген жас кезінде-ақ, тарихи жадымызды оятқан «АЗиЯ» еңбегімен айрықша танылды. Ғарышты бағындырған адамзат баласының ерлігін паш еткен «Адамға табын, Жер, енді!» атты поэмасы әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Ел басына атом бомбасының қара бұлтын үйірген дәуірде Елбасы қолдауымен «Невада-Семей» халықаралық қозғалысын құрып, ұлт тағдырына арашашы бола білген қайраткер ақынның ерлік әрекеттері қазақ даласының ядролық сынақтардан арылуына жол ашты.

Биыл сексен бес жастың биік белесін бағындырып, шығармашылық қуатын жоғалтпаған, қолынан қаламын тастамай, сүбелі сөзін хатқа түзіп, биік мінбелерден кесек ой айтып жүрген болмысы бекзат, танымы терең, тағылымы мол тұлғаның бүгінге дейін жүріп өткен өмір жолы мен сан қырлы шығарма­шылы­ғы­ның әлемдік әдебиет пен мәдениеттегі орны мен рөлі, парасаттылық өресі кейінгі буынға үлгі-өнеге.

Олжас Омарұлының жыл сайын туған күнін Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті оқытушылары мен жастарының арасында өткізетін жақсы дағдысы бар.  Олай болатын себебі – оқу ордамызда  тәрбие жұмысы­ның тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жыл­дан бері «Олжас Сүлейменов атында­ғы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Бұл инс­титутқа ақынның есімі жай беріле салған жоқ. Қайраткер тұлға осында оқи­тын ауылдан шыққан студенттермен жиі кездесіп, университеттегі рухани кештер мен әртүрлі мәдени-көпшілік, спорттық шараларға жиі қатысып тұрады. Сондай әсерлі кездесудің бірінде: «– Аграрлық университетке келген сайын мен қарапайым ауыл балалары арқылы қасиетті қазақ жерінің құдіреті мен ауылдың иісін сезініп, рухани байып қаламын», – деп ағынан жарылып, ақтарыла сөйлеген еді ақын. Студенттермен қауышқан сайын ол рухани кемелдену мен бейбітшілік мәселесі, тарих тағылымы, жаһандану дәуіріндегі төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жайы, еліміздің экологиялық проблемалары, «Таза планета» идеясы және жоғары оқу орындарының халықаралық білім ке­ңіс­тігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір алмасып отырады. Олжекең университетімізге үнемі қолдау көрсетіп, жастарымызға қамқор болып, барлық игі іс-шараларымыздың төрінен табылып келеді.

Біздің басты міндетіміз – заманауи ғылымды меңгерген, сапалы білім мен сындарлы тәрбие алған, ұлттық рухпен сусындаған білікті мамандар легін тәрбиелеп шығару. Сонымен қатар, бүгінгі студент болашақ қоғам қайраткері, ұжым басшысы, саяси өмірге белсене қатысушы, ұлттық мәдениет насихатшысы болуы тиіс. Осы орайда біз студенттерді тәрбиелеудің маңызды бағытының бірі ретінде Олжас Сүлейменовтің ақындық тұлғасы мен азаматтық, адами қасиеттерін үлгі етіп, қызметі мен шығармашылығынан тағылым алуды таңдадық.

Универсиеттегі О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты жанынан 2013 жылдың мамыр айында «Таза планета» музейі ашылды. Оның басты тақырыбы – экологиялық мәселелер және Қазақстандық қоғамның атом қаруына тыйым салу жолындағы ауқымды істерімен таныстыру.

2018 жылы музей «Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы боп қайта құрылды. Олжекең: «Таза планета – бұл таза жер, таза ауа, таза ұят және таза көңіл. Ал тазалықпен тәрбиеленген ұрпақтың келешегі зор болмақ. Өйткені адам тек маман ғана болуы керек емес, сонымен бірге көңілі ашық, жақсы адам болуы керек», –  дегенді жиі айтады.

«Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы үш залдан тұрады. «Ядролық қару – әлемге төнген қауіп» атты бірінші залы да әлемге атом қаруының бірінші құрбаны болған Жапония жеріндегі Хиросима мен Нагасаки қалаларының трагедиясына, Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарына арналған фотоэкспозиция қойылған.

         Орталықтың екінші залы «Ядролық қарусыз әлем» деп аталады. Бұл залда келушілер Елбасы, ҚР Тұңғыш Преззиденті Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құруға бағытталған бастамаларымен таныса алады. Залда осы тақырыпқа арналған кітаптар көрмесі орналасқан.

      «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы» атты үшінші зал қозғалыс тарихына арналған.

«Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы белсенді жастарды жұмылдырып, жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді. 29 тамыз – Семей полигонының жабылған күні. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша бұл күн –  Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілген. Осыған байланысты, 2018 жылдың 29 тамызында университетте Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 27 жыл толуына және «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының 30 жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем» атты кездесу-конференция өтті. Конференцияға қатысу үшін 30 адамнан тұратын делегация – «Жапония – Еуразия елдері» қоғамының мүшелері шақырылды. Қазақстан тарапынан конференцияға «Қазақстан-Жапония» достық байланыстар қоғамының мүшелері, «Невада-Семей» Халықаралық ядролық сынаққа қарсы қозғалысының мүшелері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері, журналистер, Жапонияның белсенді достары, жапон тілін оқитын жастар қатысты.

Бүгінгі қоғам осы планеталық масштабтағы қасіреттерден бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін маңызды сабақтар алуы керек. Біз жарылыстың қайғысын есте сақтау ғана емес, ядролық сынақтың салдарын зерделеуге тиіспіз. Ядролық қарусыз әлем құру – бұл бүкіл жер халқының басты міндеті болып қала береді.

Ауыл шаруашылық бағыттағы білім мен ғылымды негізге алған университетімізде 90 пайыздан астам қарапайым ауылдан келген ұл-қыз­дар оқиды. Сырт көзге қарағанда мұн­дағы жастар өнер мен әдебиеттен алыста жүргендей көрінуі мүмкін. Бірақ бізде де дарынды жастар баршылық. Олжастай ірі қайраткер тұлғаның жастардың арасына келіп, пікірлесуі оларды қанаттандырып, жігерлендіреді.  Студенттердің әлемдік мәселелерге араласып жүрген Ол­жас Сүлейменовтей сүбелі сөз иесінің әңгімелерін өз аузынан естуінің үлкен тәрбиелік және тағылымдық мәні бар. Ақынның шығармаларымен таныс­қан сайын әрі әрбір кездесуден соң жас­тар түркі дүниесіне үңіліп, Алаш тарихына зер салып, әдеби әлемге барлау жасап, жаһандық қайшылықтар мен қауіп­тердің мән-мағынасын терең ұғынуға мүмкіндік алады.  Сонымен қатар, Олжас Сүлейменовтің қоғам қайраткері ретінде халықтар арасында насихаттап жүрген «Таза планета», «Таза ел» идеяларының студент жастар­дың экологиялық санасын қалыптас­тыру­дағы әсері күшті. Олжастың әлемдегі мәдениеттер үн­дестігі, тілдердің өзара байланыстылығы мен байытылуы, ұлттық болмыстың жа­һандану заманындағы болашағы туралы ой-пікірлерінің әлем халықтарының тағ­дыры үшін маңыздылығы өте зор.

Алдағы уақытта да университет «Олжас Сүлейменов атында­ғы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» арқылы көрнекті ақынның еңбектері мен азаматтығын студент жастарға кеңінен насихаттап, олардың интеллектуалды түрғыдан қалыптасып, жетілу бағытындағы жемісті жұмыстарын жүйелі жалғастыра бермек.

 


Құлаққағыс

«Олжас Сүлейменов және «Таза планета» халықаралық ғылыми-практикалық конференция

 2021 жылдың 18 мамыр күні сағат 11.00-де Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және  көрнекті ақын, аудармашы, әлемге танымал әдебиетші, лингвист-зерттеуші, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 85 жасқа толу мерейтойына арналған «Олжас Сүлейменов және «Таза планета» атты онлайн режимде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Конференция жұмысының бағыттары:

1. Жаһандану дәуіріндегі тіл мен мәдениет. Қоғамдағы тұлғаның орны. 3. Қазақстан Республикасындағы жастар саясатының өзекті мәселелері. 4.Қазіргі кезеңдегі педагогикалық және ақпараттық технологиялар. 5. Жасыл әлем және жаңа технологиялар. 6. О.Сүлейменов шығармашылығы және жастардың планетарлық санасы.

Конференцияға ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басшылары, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының басшылары, танымал ғалымдар, еліміздегі белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаламгерлер, Олжас Омарұлының шетелдегі достары, ТМД мен Қазақстандағы ардагер волейболшы командалас әріптестері, университеттің оқытушы-профессорлары, жас ғалымдар, студенттер қатысады.

Елдегі жағдайға байланысты «Олжас оқулары» байқауы өткен жылдан бері онлайн-режимде ұйымдастырылуда. Конференцияда осы байқауда топ жарған өнерлі студенттер ақынның өлеңдерін оқиды.

Халықаралық конференция жұмысы Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу универсиетінің Facebook парақшасынан тікелей көрсетіледі.

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 14.05.2021 | 17:17

keremet

Аноним 15.05.2021 | 06:40

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір