Адам деп ат қойған соң…
13.10.2017
652
0

(Қ.Жиенбай шығармашылығындағы қазақ қоғамының шындығы)

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай – қазіргі қазақ прозасында өзіндік беталысы, жазу мәнері қалыптасқан қаламгер. Заманның аумалы-төкпелі қиыншылығына қарамастан қаламын серік еткен оның «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте» романдары мен повестері, әңгімелері оқырманға жақсы таныс. Жазушының туындыларында қазіргі уақыт пен өткен кеңестік кезеңдегі адамның тыныс-тіршілігі, қоғам мен адам, адам мен табиғаттың арасындағы байланыс, одан туындайтын күрделі мәселелер кейіпкер болмысымен терең суреттеліп, бұрқ-сарқ қайнауы мен толғанысы басым көркемдік әлем оқырманға есігін айқара ашып жатады.

Бүгінгі шағын мақалада оның бәрін жіліктеп, тарата айтуды мін­де­тімізге алып отырған жоқпыз, ол ал­дағы уақыттың еншісінде. Де­ген­мен жазушының әрбір шығармасы өз алдына тиянақталған көркем дү­ние дегенімізбен, оларды байла­ныс­ты­рып тұратын ортақ желі, тенден­ция болады. Біздің бүгінгі әңгімеміз соның бір парасы жөнінде.
Қ.Жиенбайдың «Ұста» атты әң­гімесінің соңында өз ісінің хас ше­бері Тоғанас ұста ауласындағы ұста­ха­насын өртейді. Автор «Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Бәлкім рас, бәлкім өтірік…» дегенмен, оқыр­ман кейіпкердің шешімді іс-әре­кетін айқын сезінеді.
Әңгімеде қазақ қоғамының шын­­дығы суреттелген. Бәлкім, жет­пі­сін­ші, мүмкін сексенінші жылдары Арал теңізі жағалауының халқы ту­ған жерін тастап, үдеріп жан-жақ­қа көше бастады. Енді қайтсін. Табиғат-Ананың жауһар сыйына адам қолы­мен қиянат жасалып, сағасынан қиылып, тартыла бастады. Содан соң… Ауа райы өзгерді. Тұзды шаң­дақ аспанға көтерілді. Адамдарды жал­маған неше бір сұмдық індеттер мен жарымжан, құбыжық болып дү­ниеге келгендер көбейді.
Сондай алмағайып кездің бірінде әңгіменің бас кейіпкері теңіз жаға­сын­дағы Бөген балық зауытының қайықшы-ұстасы Тоғанас та көптің бі­рі болып, бар тапқанын жиып-те­ріп Алматыға – Кеңсайдың етегіне қо­ныс аударған. Кіші күйеу бала­сы­ның араласуымен. Қайбір шекесі қыз­ғаннан. «Арқа жайлы болса, ар­қар ауып несі бар?..» Теңіз тартылып, зауыт тоқтаған. Балықшы ауылының тірлігі, суреткер Ә.Нұрпейісов жаз­ған­дай, ырың-жырың.
Тоғанас алғашқыда ағаш ұстасы жерде жатқан жоқ, өз кәсібіммен нә­пақамды табармын деген. Қателе­сіпті. Ақыры нәсіп содан бұйырып, қаладағы жерлеу бюросының табыт жасаушы шебері болып шыға келді. Тағы да сол пысық күйеу баласының арқасында.
Дүние асты-үстіне түскен ту та­ла­қай замандағы бұйрықты қойсаң­шы. Қайық жасаушы шебер күндер­дің күнінде мұсылман ұғымына мүл­де жат табыт жасаймын деп ой­лап па? Кейіпкердің ішкі әлеміндегі жа­нын жеген күйзелістің сыры осын­да еді. Автор осы кереғарлықты әң­гімеде шым-шымдап шебер аша­ды.
«…Бүгінде кімнің кімде не шар­уа­сы бар, әйтсе де безбүйректенген бөгде сөзден аулақ жүргенді жақсы көреді. Кімнің ішіне кім кіріп шықты дейсің. Тоғанастың кәсібі турасында көшкенде көп пенденің көкейінен шыға бермейді. Тәтті дәмді аш­қа­рақ­тана жұтып келе жатып, кенет бір тастүйін тамағыңнан не ары, не бері өте алмай кептеліп қалғандай күй ке­­шесің ақыр соңында. Несін жа­сы­ра­ды, теңіздің тартылуына байла­ныс­ты Арал жағалауынан ана жылы Ал­матыға қоныс аударған Бөген ба­лық зауытының бұрынғы қайықшы-ұстасы Тоғанас Күнбергенов бүгінде осын­дағы жерлеу бюросының тап­сыр­масы бойынша табыт соғады. Кәдімгі тақтайдан соғатын табыт. Қай жағынан болсын: әдемілігі, ық­шамдылығы, тақтайлардың сүр­леніп, бір-бірімен жымдасуы жа­ғы­нан дейсіз бе, қалай десең олай де, қа­былдаушылардың сынағынан сү­рін­бей өтеді. Тендерден де Тоға­нас­тың аты ылғи алдымен келіп жүр. Се­бебі, әр табытқа мынадан үстеме ақы төлейсіз деп, жерлеу бюро­сын­да­ғылардың мазасын алып жатқан То­ғанас жоқ. Бергендеріне риза, тіп­ті екі-үш ай айлық алмаса да үйрен­шікті шаруасын дөңгелете береді. Өз есебі өзінде. Қайда болсын, шын ние­тімен істеген шаруаның аяқсыз, нә­тижесіз қалғанын кім көрген. То­ғанас та соған сенеді. Осы күнге дейін бірде-бір табыты кері қайтқан емес. Керісінше, әрбір мереке тұ­сын­да жерлеу бюросындағылар То­ға­настың ерен еңбегін де елеп еске­ріп, бірнеше тұсына мөр басылған мақ­тау қағазын беріп жібереді. «Рақ­мет» дейді Тоғанас, одан әріге те­рең­деп барғысы келмейді. Сол қатырма қа­ғаздарды мақтанышпен біреуге көрсетсе не дейсіз, бір түрлі жүрегі қа­ламағандай үйге апаруды да артық санап, қамыс сарайдың бір бұрышы­на тыға салады».
Мәселе де осында. Ұрлық жа­са­ған жоқ. Біреуге қиянат істемеді. Ақ тер-көк тер болып еңбек етіп тапқан нәпақасы. Отбасын асырауға жетеді. Қолының ұсынықтылығымен үй-жайын да жөндеп алған.
Жазушы оның жұмыс үстіндегі шабытты сәтін әдемі бейнелейді. Өйт­­кені ол өз ісінің шебері ғой. Ағаш­ты сүргілегенде қолы қолына ілеспейді. Самайынан жылтырап тер шық­қан сайын дүниені ұмытып рақат күй кешеді. Тек жалғыз болсын деңіз. Мүйізгектенген алақанымен жо­нылған тегіс тақтайдың бетін аса бір ұқыптылықпен әрі-бері сипайды. Одан соң бір көзін сығырайтып оның түзу-қисықтығын тексереді.
Шебер мінсіздікті ұнатады. Өз ісі­нен титімдей кемшілік байқалмауы тиіс. Бұл әдет Тоғанастың бойына әб­ден сіңіп қалған. Жұмыстың жақ­сы нәтижесі көңіліне шабыт береді. Алайда… Тағы да сол: ол бұл ісінің бас­қа ешкімнің білмегенін, естіме­генін қалайды. Үйге бөгде адамның, қонақтың келгенін жақтырмайды.
Бірақ көңілдің терең түкпіріндегі бұл жайсыздықты өзгеден жасыр­ған­мен, өзіңнен жасыра алмайды екен­сің.
«Ой-хой, ой-хой-ау, өзім соққан қайық­та шалқамнан жатып жан тап­сыр­сам, сосын теңіз толқындары қай­да айдап әкетсе де бәрібір. Бәл­кім, теңіз түбіне шым батып, бал­дыр­лардың арасынан мәңгілік ме­кенімді тауып, балықтарға жем бо­лармын» дейтін бір кездері қиял­данып. Бұл оның бала күнінен теңіз­дің жағасында өсіп, жаны теңізбен терең қабысып кеткендігінен еді. Ол арман-мұрат бүгінде әдірем қалды.
Иә, бұйрық дегенді қойсаңшы, осы Тоғанас теңіз жағасынан ірге кө­теріп басқа жаққа көшемін деп өмірі ойлап па? Ұрпақ өрбітіп, нәпақасын теңізден көрген дүйім ел де кіндік қаны тамған атамекенін күндердің күнінде тастап, үдере өзге өңірге қоныс аударамыз-ау деп пе? Бірақ туған жерден тұрақ таппай, ел аман, жұрт тынышта дүркін-дүркін көш болған. Адамдар жекелеп те, ауыл-ауыл болып та көшкен. Ал олар­дың бірі барған жерінде тастай батып, судай сіңсе, қайсыбірі маң­дайына жазылған әр алуан күй кеш­кен. Кейінгі ұрпақтары, бәлкім, сол өңірге үйренісіп кеткен болуы мүм­кін, ал өздері өле-өлгенше туған же­рін, атамекенін, теңізін сағынып өтті. Теңіз қайтып оралады деген үміт­пен күн кешті.
Жазушы Қ.Жиенбайдың туын­дыларындағы тұрақты желінің бірі осы десек қателеспеспіз. Кейіпкер­лері шөпке тышар дөкейлер емес, қара­пайым адамдар. Солардың әр алуан реңктегі көңіл-күйлері, жан күй­зелісі, тағдыр-талайы, туған жер­ге деген толассыз сағынышы туын­дыларының арқауы болып келеді.
«Ұста» әңгімесіндегі Тоғанастың жан күйзелісінің бір түйінін осыдан іздейміз. Ел қатарлы тірлігі бар, еш­кімге алақан жаймайтын оның көңіл аңсары мүлде бөлек. Бала күнінен теңіз жағасында өсіп, теңіз мінезін бойына сіңірген оның алғаш күн кө­ріс қамымен қолға алған тірлікпен біте қайнасып кетуі мүмкін емес бо­латын. Өйткені оның жаратылысы басқа.
«…Сірә, теңіз жағалауында ту­ған­дардың ішкі әлемі ылғи асқаралы армандар мен тосын толғаныстардан тұрады. Соқпа толқынның әсері ере­сен, қызуқанды. Бір жерде бір сағат ты­ныш отыру дегенді атамаңыз. Тоға­настың көкірегіндегі үнемі қыз-қыз қайнап жататын тогы күшті ак­кумулятор – сол. Содан айыр­ма­сын деп жаратқанға жалбарына­ды».
Жазушы Қ.Жиенбайдың қалам тер­беу ерекшелігі – шығармада кейіп­керін бірінші орынға қояды: дү­ниеге, төңірекке кейіпкер көзімен қа­райды, оның ішкі толғанысына, сезім-түйсігіне бірінші кезекте мән бе­реді. Сондықтан да, жасыратыны жоқ, туындыларының қайбір тұста­рын­да динамика жетпей жататын секілді көрінетіні де рас. Дегенмен бұл, біздіңше, жазушының таңдап ал­ған өзіндік жазу мәнері және оны автор біршама жақсы игерген.
Мұны «Ұста» әңгімесінен де кө­ре­міз. Шығарманың бүкіл тіні жаны таза Тоғанастың көңіл-күйіне, ішкі ар­палысына құрылған. Автор кейіп­керінің жанының мөлдірлігін, әсі­ресе жұмыстан соң мұнтаздай болып жуы­нып, тазаланып, өзін іштей дайын­­дап бейіттердің басына баруы­мен аңдатады. Қазақтың маңдайына біт­кен небір қасқалары мен жай­саң­дары жатыр мұнда. Алдымен аруақ­тарға құран бағыштайды. Әр бейіттің алдында біраз кідіріп, ойша тілдеседі. Содан соң… Жауын-шашыннан бір бүйі­ріне қарай қисайған құлпытас­тарды ерінбей-жалықпай қайта тік­тейді. Темір шарбақтарының есі­гін бекітеді. Бәлкім, қайбіреулерге түсі­нік­сіз көрінетін оның бұл қарекеті – шын мәнінде кейіпкердің жан дү­ниесінің тазалығының белгісі. Сөйт­кен адамды жұмыссыздықтың – заманның илеуін айтсаңшы. Қайық не, табыт не, күнкөрісің болса жетеді емес пе – деп әлдекімнің ащы тілін бе­зе­геніне ол ешуақытта төзе алмас.
Тоғанас бұл тәлкекке көнбе­ген­мен, көңілінің терең түкпіріндегі аң­­­сарын бәрібір жеңе алмайды. Те­ңі­зін сағынады. Атамекенін аңсайды. Теңіз­дің бетінде өрлей жүзетін, өз қо­лымен жасалған мықты қайық­та­рын іздеп, оны түсінде көреді.
Бір қоғамнан екінші қоғамға өту оңай емес. Кеңестік қоғамның жүйе­­­сіне негізделген экономика 90-жыл­дары үлкен қиыншылыққа ду­шар болды. Ол жеке адамдардың тағ­дырына күшті әсер етті. Жұмыс­сыздық, жаңа қоғамдық қатынастарға бейімделе алмау, психологиялық, ма­териалдық кедергілер осы кезең­дегі қазақ қоғамының айналып өте алмас шындығы болатын. Ал, әде­биеттен қоғамның шындығы қалыс қалмауы керек.
Міне, осы желі жазушының «Тоқ­та, өлесің бе…» повесінде жаңа қы­рымен тереңдетіледі. Шығарма­дағы бас кейіпкер Бөрібай маршрут­тық автобустың жүргізушісі. Алма­ты­ға келгелі үшінші жыл. Өзінен гөрі әйелі Гүлжәмила пысық екен. Жаңа ортада барлық билік соның қолына тиген. Үшінші жыл басқа­лар­д­ан қалмаймыз деп жанығып үй салып жатыр. Бөрібай таңның атысы күннің батысына дейін автобус жүр­гізеді. Қаражат керек, құрылыс тоқ­тап қалмауы тиіс. Сөйтіп сілікпесі шы­ғып үйге әзер жетеді. Ертеңіне та­ғы сол. 594-ші «рафигін» от алды­рып, айдап кетіп бара жатады.
Алайда, жазушының өзге кейіп­кер­лері тәрізді Бөрібайдың да ішкі әле­мі мазасыз. Үш жыл болыпты ше­­ше­сін көрмегелі. Үш жыл болып­ты туған жеріне аттап аяқ баспағалы. Мына қым-қуыт арпалыс тіршілік бұ­рын біршама еркін күйде болған оның жанын жаншып бара жатқан­дай. Оны айтасыз, соңғы кездері әйе­лімен арасындағы әңгіме де қиыс­пайтын тәрізді. Қалай емен-жар­қын боларсың… Тамағын ішіп, бойы жылыған соң, жантая кетіп қор ете қалуды бүкіл жан-тәні тілеп тұр­са. Оның үстіне әйелі де өзгерген: бил­ік тиген әйелді биліктен тайдыру оңай деймісің. Әрі-беріден соң, Бөрі­бай қойшы дейді өзіне-өзі. Өз үйі­нің жұмысы, өз тірлігі ғой…
Шығармадағы кейіпкер қалпы осындай. Кейде пенде көңілмен сырт­тай тон пішесің: қара жерді қо­па­рып күнделікті тірлік үшін өліп-өшіп жұмыс істеп жатқандарда не ой болсын деп. Бөрібай туралы да солай ой түюге болады. Әйтсе де жазушы Қ.Жиенбайдың кейіпкері ойшыл, те­біренгіш. Жан дүниесіндегі астаң-кес­теңі шығып жатқан құбылысқа бей­тарап қарай алмайды. Адам­дық­тан алыстап, қапаста тұншығып бара жат­қан көңіл бір сілкіністі тілейді. Кі­сілігін аңсайды. Өзін жоғалтып алу­дан қорқады.
«Бөрібайдың жүрегі шаншиды. Мы­на жігіт қандай бақытты! Сөзін қара­шы! Ұртын толтырып-толтырып сөй­лейді. Әйеліне де мәтіби. Оның келі­сімінсіз-ақ қонақ шақырады. Ауыл­ды сағындым дейді. Қызық өзі. Оу, ауылды сағынбайтын адам бола ма. Сартап сағыныштың бетіне су бүр­кетін оңай әдіс – әлгі ауыл­да­сың­ды қонақ етіп, барыңды аузына то­сып, шер тарқатып, сосын бір төсекте бас түйістіріп ұйықтау. Рақат. Несіне жасырады, өз басы ондай бақыттан әзірге мақұрым. Үш жыл. Үш жыл біраз уақыт. Үш жыл түгілі бір жылдың өзінде де талай өзгерістер бо­лады ауылда. Әлі күнге дейін Бөрібай соның бірін де ести алмай ке­леді. Қалай, қайтіп естиді? Кеп­кісінің күнқағарын мемілдете киіп алады да, жан-жағына назар салмай, тек 594-ші маршруттың бағытынан көз алмайды. Дөңгелек шығыр бойы­мен зыр қағатын цирктегі ақ тиын секілді. Өкпесі өшкенше бір орында тұрып, айнала береді, айнала бе­реді».
Бөрібайдың көңіліндегі түйткіл бұл ғана емес.
«Тірі жүргеніңе тәубе дейсің. Оның өзі де салыстырмалы. Мәсе­лен, мына отырған Бөрібайды тірі адам қатарына қосуға бола ма. Өзіне салса қосқысы жоқ. Өлген, әлдеқа­шан өліп біткен деуге де шыдамы жет­пейді. Соны біреулер айтса екен дейді. Біреулер айтса… әкіреңдеп өре түрегелместен, үн-түнсіз көз­де­рін жыпылықтатып өстіп отыра беру­ге қайлы. Дүние күйіп кетсе де ана­сына сәлем беріп қайтатын-ақ жө­ні еді. Үш жыл. Тірі адам үшін бұл біраз уақыт. Бірақ Бөрібай тірі жүріп соны да істей алмады. Туған жерді са­ғындым, не сағынбадым деп был­жырағанша турасын айтпай ма. Бара алмады. Басқасы басқа, үш жылға дейін туған анасын бір көрмеу деген не сұмдық?! Солай, әлгі брезент плащ астындағы әңгімедей, немесе се­ріктесінің Бөрібайдың кеудесіне сұқ саусағын қадап тұрып айтқанын­дай болды да шықты…»
Жазушы Бөрібайдың ауылға бір жағы неге бара алмай жүргенін де оқу­шысына аңдатады. Баяндамайды, кейіпкерінің көңіл сүзгісінен өткізіп, ішкі қайнауымен жеткізеді. Оның да түп-төркіні қоғамдағы 80-жылдар­дың соңында басталып, 90-жылдары шыр­қау биігіне жеткен аласапыранға келіп тіреледі екен. Кеңес өкіметі құ­лап, елді жұмыссыздық жайлаған­да, Бөрібай Бетпақтың сар даласынан темір сынықтарын жинауға шыққан. Күндіз-түні тыным таппады. Табыс­тың көзіне айналды. Сондай сапар­дың бірінде серіктесі Тұрсынбайдан айырылып, істі болды. Бір ауылда тел өскен, еш қастығы жоқ, оның ор­нында Бөрібайдың да өліп қалуы мүм­кін еді, қайтерсің ажал Тұрсын­байға тура келді. Аудан орталығына шақыртқан тергеуден Бөрібай зә­резап болады. Ауылда жүру де оңайға тимейді. Арыстай азамат өліп отыр, соңында улап-шулап қатын-балала­ры қалды. Осындай сүргіннің бірінде Бөрібай тағдыр айдап, бір жағы әйе­лінің «ақылымен» ойламаған жерден Ал­матыдан бір-ақ шығады. Оның ал­дында ғана Бөрібайдың шешесі мен Тұрсынбайдың шешесі Биба­ти­ма арада адам өліп, өкініш-ашудан ары­ла алмай жүргенде, қайта кезде­сіп, екеуі аңырап бірге қосыла ар­ман­­сыз жылап жоқтап алып, ақы­рында Бибатима кешірім хатын жа­зып берген. Бөрібай оны білмей­ді.
Жазушы повесте осы шетін жай­ды қиыстырып әдемі өрбітеді. Енді міне, Бөрібай ауылын, анасын өлер­дей сағынып жүр. Арадағы кешірім хат­ты білмейді, өзін «іздеуде» деп са­найды. Төретамда әскерилердің ас­ха­насында, қонақ үйінде жұмыс істе­ген Гүлжәмила мұнда да ұсынық­тылық танытқан. Алғашқыда сеңдей соқтығысып әр есікті бір тоздырып жүр­ген Бөрібайды ылдым-жылдым жұмысқа да тұрғызады.
Жалпы, Қ.Жиенбай шығар­ма­шылығындағы бір сипат – оқиғаның бір арнамен біраз уақытқа дейін қа­лыпты дамып келе жатып (кейде ол ұзаққа созылып кетеді), күтпеген тұстан бұрқ-сарқ қайнап, асты-үс­тіне түсіп сала беруі десек, «Тоқта, өле­сің бе?» повесінен де осы ерек­шелік аңғарылады. Бөрібайдың үй жұ­мысына адамдар әкелуі, сөйлесе келе олардың да «тартылған теңіз жа­ғалауынан болуы», тіпті ауылда жүр­ген анасының шаруасын тынды­рып, адал кемпірдің санап тұрып ақша­сын алуы – Бөрібайдың сағы­ныштан от болып жанған көңіліне одан сайын еселеп май құйған. Бөрі­бай, әрине, оларға ішкі «жұмбағын» айтқан жоқ, дегенмен оқыс шешімге келген. Келесі күні кешке ананы-мы­наны алып, іштей дайындалып, ақ­тарыла әңгімелесіп, ауылына, анасына деген сағынышын басуды ойлап, үйіне асыға жеткен. Сөйтсе, пысық әйелі оларды қуып жібе­ріп­ті.
Бөрібайдың жүрегі қабынып кетті. Жедел от алған машинасын құй­ғыта жөнелді. «Тоқта, тоқта, өле­сің бе?..» деген болар-болмас үн тым алыстан естіледі. Бәлкім, анасының, қа­рындасының даусы…
Повесть осылай аяқталады. Бө­рібайдың жан дүниесін аптап болып күйдірген сағынышы да, ана алдын­дағы өтелмеген перзенттік парызы да осылай орта жолдан үзіледі. Тағ­дырдың тәлкегімен Алматыдан бір-ақ шыққанмен, ол бәрібір үлкен қа­лаға сіңісе де, үйренісе алмады. Ауылдың кеңдігін, кең пейілділігін аңсады. Теңізін, Сырдариясын са­ғын­ды. Жалғызсырады.
Ауылдан үлкен қалаға келіп, сіңі­се алмай, талай қиындықтарды көріп, түрлі жолға түсіп, адам айтса сен­гісіз сұмдықтарға барып жататын­дар да – несін жасырамыз, ол да қа­зақ қоғамының шындығы. Жел­пілдеген қыздарымыздың бет-аузы ші­мірікпейтін жезөкшеге айналуын­да әлеуметтік астар жоқ деп ойлап көріңіз. Ана неге баласын тастайды, намыссыздық қайдан шықты? На­рық, ақша-байлық билеген заманда адамдық құндылықтар неге төмендеп барады. Тәуелсіздік жылдарында елі­міздің, халқымыздың жеткен жақ­сы жетістіктері бар, әрине. Де­генмен ұлт болашағына қауіп-қатер төндіретін кеселді мәселелердің де қоғамда бары рас. Адамның жүрегі қат­қылданып, безбүйректеніп бара жатқан уақытта ұлтқа шынайы әде­биет пен классикалық өнер керек. Оған кең жол ашылып, адамдардың жүре­гіне ізгілік нұры, сәулесі түсуі қа­жет деп білеміз.
Қоғам шындығының бір пара­сы жазушы Қ. Жиенбайдың біз жоға­ры­да сөз еткен шығармаларына ар­­қау болған. Автор заманның ауырт­­палығымен бетпе-бет келген қара­пайым жанның тағдырына, ішкі әле­міне үңіледі. Ал ол мейлінше терең, иірімді. 90 жылдар оларды түрлі күйге, сергелдеңге салған. Сон­да да жазушының кейіпкерлері адам­дық қасиетін жоғалтып алмауға тырысады.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымының докторы, М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ профессоры.

Тараз қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!