«Талай сұлу тілегімді құп алған…»
18.08.2015
2023
0

3«…Жер бетінде қанша жүрек бар болса,
Сонша жүрек махаббатты жырлайды…».

С. Есенин.

(Соңы. Басы өткен санда)

Исраил Сапарбай

***

Экзотика демекші… әлем жыр жау­һар­ла­рының бірі де бірегейі – «Парсы саз­да­ры» Есенин шығармашылығының үз­дік туын­дысы ғана емес, жазылу мәнері мен ма­залы мақамы көркемдік тұр­ғы­сы­нан әлі күн­ге көпшілігімізге үлгі. Өзі қол­дан тұр­ғызбақ болған «жұмағына» өзі же­те ал­май жер жастанған әлгі патшадай емес, ке­рісінше, нұрлы, сырлы Пейіш әле­мін Есе­нин өз ішінен тапты! «Іздегенге-сұра­ған» де­мекші, оған Кировтай кең пейіл­ді, сергек көңілді кемел басшының бек­зада бейі­лін қосыңыз. Ол аз десеңіз, қай заманда да айбарлы ағзамынан гөрі айдарлы ақы­нын жүрегіне көбірек жақын тұ­татын орыс жұртының әншейіндегі көл­пар көңілін көз алдыңызға келтіріңіз. Сол көңілдің, сол бейіл­дің, несін жасырайық, қай тараптан да біз­дің қанымызда әлі күнге дейін қайнап-пісіп жатпағаны бесенеден белгілі. Ащы да болса, бұл шындық. Ал Шын­дықтың бетіне тура қарау да тумы­сымызға сын…
Біз «Есенин де шынайы махаббат бол­ды ма?..» деген сауалға әлі толыққанды жа­­уап бере алған жоқпыз. Бәлкім, «Парсы саз­дарын» қайта парақтау, парықтау ба­ры­сында не «бүкке», не «шікке» көз же­т­кі­зер­міз…
Ауруымның әлпештейін несін мен,
Ебі келсе, енді еркіне көнбеймін.
Тегеранның таңғажайып кешімен
Шайханада шалығымды емдеймін.

Басқаға емес,
Маған тиіп төр мына,
Шайханашы бек келтіріп баптауын,
Ащы арақ, тәтті шарап орнына
Қара шәйдің жеткізеді мақтауын.

Сыйла, сыйла,
Бәрі де тұр жарасып,
Мейманыңды-бейғамыңды жас, бұлаң.
Маған қарап қиылады қарашық
Торғын торы пәрәнжінің астынан.

Біздің жақтың салты басқа,
Ғұрпы да…
Ақшасыз-ақ аймалаймыз аруды.
Бәлкім, көнер, бәлкім, көнбес ырқыңа,
Қызға бола жұмсамаймыз қаруды.

Бір сәт емес,
Азық болар біраз күн
Ал мына бір қылдай нәзік жан үшін
Түрлі-түсті кілеміне Шираздың
Қосып берем Хорасанның шәлісін!

Ал, Қожайын,
Мәйін жүріп, жай басып,
Баптап, шақтап, келістіріп құй шәйді!
Жаны жібіп, қаны жүріп… жайғасып,
Жас мейманың жамбасына қисайды.

Кіргенге де, шыққанға да жолы ашық,
Есік жаққа елең қаға бермеші.
Маған текке қараған жоқ қарашық,
Ақ бетіне көлегейлеп пердесін…
Қожайынның шәйханасы – осы тұры­сын­да Есенин үшін жаңа ашылған Жұмақ есігі. Мұның қасында Мәскеудің мәйханасы әдірем қалса болмай ма?! Ал шәйхана ішін­де… Періште сипатты сұлу қыздың сұл­ба­сы, әлде, ақ тұман арасынан, әлде, ақ­шәлі ішінен еміс-еміс елес беріп, көрінер-кө­рінбесте көзді арбайды. Әйгілі Гете
«…шіркін-ай, сегізіншісі болып соңынан қо­сы­лар ма едім?!» деп армандаған, аң­саған әлем­ге мәшһүр жеті Шайырыңыз да осы қа­сы-көзі қиылған хас сұлуға қай­ран қал­ған, тамсанған, қызыққан, бірақ сұқ­тан­ба­ған!.. Өйткені, Шығыс әдебі әдемі қызға сұқ­тануды әдетке айналдырып көр­мепті. Ал мына аңсары мен аусары алып­қашпа ат­тай егіз-қатар тізгін қаққан жирен шашты шайырға не десек болады?
«Ауруымның әлпештеймін несін мен,
Ебі келсе, енді еркіне көнбейміннің…» ар­жағында не тұр? Серт пе, дерт пе? Екеуі де бар. «Ауруы» естірек те, «шалығы» ес­­­кірек пе, қалай? Қалай десек те, ақын кеу­десінде аударыспақ ойнаған алай-дү­лей бір сезімнің бой көтергені анық!
«…Маған қарап қиылады қарашық…»
Торғын торы пәрәнжінің астынан…
Бұрын:
Көйлегі көк,
Көздері де аспанкөк
Сүйіктіме жан сырымды ашқам жоқ…» деп көре-көзге бәлсінетін бәдікшіл шайы­рыңыз табан астында бәйітшіл күйге көш­кендей әсер қалдырады. Солай-ау шамасы… Әрі қарай оқиық:
«…Біздің жақтың салты басқа, ғұрпы да,
Ақшасыз-ақ аймалаймыз аруды.
Бәлкім, көнер, бәлкім, көнбес ырқыңа,
Қызға бола жұмсамаймыз қаруды…» Салыстыру ма, салғастыру ма? Екеуі де емес. Көз алдыңызда айран-асыр күй кешіп отыр­­ған ақын кейпі. Шәйға шашалмаса да, ша­рабын аңсамаса да, шәйі шымылдық ар­жағынан қызды емес-ау ноқаттай қа­ра­шықты көргеніне мәз, тіпті, шала мас. Бұ­рын-соңды түсіне де кірмеген, ішіне де ен­­беген ертегіге бергісіз шырын-шербет әз­бараи бір әлем. Тек орыс жұрты ғана емес, тұтас Батыс жа­мағаты жарым-жар­ты­лай жала­ңаш­тана бастаған, (қазір жа­лаңаштанып болған) жырым-жырым жұ­лым-жұлым жұқпалы аурудың мұнда жұ­­ғанасы да жоқ! Ана жақта… қала жақта аң­сары мен аусары әуейілікке ауысуға ай­налған ақынның мына жердегі көргені мен сез­гені көңіл без­бенінде берекесіз күй кешулі. Әйт­кенмен, ақыннан асқан көр­гек, сергек һәм сезімтал жан иесі жоқ-ау дерсің мынау фәни дүниеде! Ғұмыры бір сәттік қана жалаң, жадағай, жалт етпе сезім жанардан өлімші күйде өшіп тынып, оның есесіне тұла бойда қунақ бір толқын тулап шыға келгендей:
«Бір ғана емес, азық болар біраз күн
Ал мына бір қылдай нәзік жан үшін
Түрлі-түсті кілеміне Шираздың
Қосып берем Хорасанның шәлісін!»
Шындығына жүгінсек, бұл да өт­кін­ші, әрі-беріден соң әлгіндегі жеті шайыр әлдеқашан жазып кеткен қиыр-шиыр соны соқпақтың соңы ғана. Соны ел­ден бұрын өзі сезгендей Сергей өлең соңын:
«…Маған текке қараған жоқ қарашық,
Ақ бетіне көлегейлеп пердесін» деп дәр­күмән көңілін дәмегөй ниетпен жұ­батқан болады. Олай етпеске лажы да жоқ. Шығыс аруының шынайы шырайы шымыл­дық ішінде ғана көзге шалынса керек. Пер­де мен пәрәнжі жұмыртқа ішіндегі ақ уыз бен сары маңыздың саққұлақ сақшысы ғана деп біліңіз… Қиялымен қызық­ты­рып, елесімен еліктірген экзотика діттеген жерге жеткізсе жақсы-ау… Әліптің артын бағайық.

***

Үйде қамалып, Ордада омалған ақын – тор себеттегі құсалы тотықұс. Тотықұсқа құ­дайым қос қанатты торығу үшін бермеген. Ақынға да солай – ілуде келер үргедек шабыт үйге сыймайды, үкілеп қосар үйірі бол­маса. Мәскеуге сыймаған ақын нақ бір он­да нағашысы жайғап алатындай Питерге асықты. Оның алдында қиялдағысын қай­дам, қияндағы Америкадан біржола түңі­ліп қайтқан. Орыс-орманына қайтып орал­ған соң да оған әйтеуір бірдеңе олқы соқ­ты да тұрды. Біресе Батумиді бағытқа алып, біресе Тифлисті жағалап қысқа күн­де шиірген асықтай шиыршық атты. Бағзы-баяғыда оқып тауысқан Шығыс шайыр­ла­рының шаһбаз жырлары өмір өрмегінде қайта тоқылып, желбір-жекен жетібояуы­мен көз жәуін ала берді, ала берді… Иза­дораға да қарасын көрсетпегелі біраз болды. «Қайда барар дейсің, түптің түбінде өзі­ме қайтып оралар…» деген Татьянаның (Бе­ниславская) талмай күткен тағаты да тау­сылуға таялды.
Құрықтан босаған арғымақ көңілі Тәш­кен жаққа жалт бұрылып, иен далаға ен салып, із тастағаны да естияр елдің есінде. Бі­рақ бұл сапарда не өндірді, нені ұқты – бізге ізім-қайым белгісіз. Пушкиннің қал­мақ даласына келіп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының бір нұсқасын жаздырып алып кеткені жайындағы ауызекі әңгіме де ел жадынан өшіп тынғандай бүгінде… Оны айтасыз, тым бергідегі Шә­кәрім мен Достоевскийдің өзара жазысқан хаттарын таптым деген бір тарихшы болсайшы!.. «Анық Тәшкенге аяқ іліктірген екен, қарыс аттам жердегі қазақ сахарасына біздің Сергей қалайша бұрылмай кете барған?» деген сыңар сауал әлі де әп­тариқатымыздан айырып, мазалауын қояр емес. Әйткенмен, құнарлы, шырайлы Әзір­байжан жері біз бен сізден гөрі әл­де­қайда бақытты һәм мейманалы екен. Қыс­қа да нұсқа Есенин өмірінің ең айшықты, ең бедерлі беттері басқа емес, нақ осы арада дүниеге келді. Әзіз Гетенің көкейін­дегі көксеуге елден бұрын елкезер Есенин қол жеткізді! Дүние кеңісінің, ақын өрісінің, өлең жемісінің бір өнегесі, міне, осы! Ақын­ға «дүниеге келер-кетер пенденің бірі» деп қарамай, қа­лауын­ша ерік берген елдің енжайлау көңі­лінен айналып кетсең болады! Әйт­пе­генде, бізде Сергейлер сирек, Алек­сандр­лар аз ба?! Шайыр шабытына қа­нат бітірер Шаганэ – қыздарымыз қан­шама?!. Әттең-ай, әттең…
…Көз алдыма тағы да қаламдас доста­рым Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай, Тынышбайлар қаз-қатар тұра қалды… Ке­шір­гейсіңдер кертартпа ке­жір-кещелігімізді…
«Керенау, кербез, бір керім..,
Жақпайды маған сол жерің…» Абай сө­зі ерінімде күбір қақты. «Парсы саздары­на» қайта үңілдім:

Көгілдір ауа, көк тұнық,
Сағыммен сәнді сонау шың.
Аптапқа ерін келтіріп
Барасың қайда, жолаушым?
Көгілдір ауа, көк тұнық.

Алдыңда – сайран сәнді бақ,
Көз тартар гүлдер әрқилы.
Жасарып көңіл, жан қунап,
Ауада әтір аңқиды.
Алдыңда – сәруар сәнді бақ.
Таралса бойға күн нұры,
Талықсып кетер тал бойың.
Салкерім бақтың сыңғыры
Сағади салған әндейін.
Талықсып кетер тал бойың.

Мен ғана емес, масаң гүл,
Қаперсіз,
Қамсыз,
Жан тыныш.
Перімен бірге Хасанның
Сыбызғы сазын сарқып іш.
Мен ғана емес, масаң гүл.

Сарғайса өңі санамның,
Сабасы қайда ақылдың?
Аңқыған иісін самалдың
Алқына жұтып жатырмын.
Аңқыған иісі самалдың…
Өзініз байқап отырсыз: албырт ақын­ның оқыған-тоқығаны мен көрген-білгені табысып-жұптасып өзгеше бір әлем құрап отыр. Сол әлемге елігіп, елітіп біз де еніп ба­рамыз байқамай, бажайламай. Өлең­мен, оның әр буын, ырғақ сазымен үндес­кен сүмбіл сезім, сұңғыла сұлулық Сізді мынау бір бей-берекет бейопа дүниеден біржола бездіріп, берекелі де бейбіт, мерекелі де меймана, сәнді де сәруәр әлемге әуелетіп ұшқандай! Қайда? Әрине, өңдегі Әзірбайжан, қиялдағы парсы еліне! Кіммен! Әрине, серішатыс Сергеймен!
…Алдыңда-сайран сәнді бақ,
Көз тартар гүлдер әрқилы.
Жасарып көңіл, жан қунап,
Ауада әтір аңқиды…
Есениннің ел кезіп жүріп қияннан тап­қан, қиялдан соққан әзіз әлемі, міне, осын­дай! Ендеше, жазалы жүректің мазалы ма­хаббаты да осында деп біліңіз!..

***
Махаббат демекші… Көкейімізде әлі де сол сауал… бір-екі ауыз сөзбен Есенин әле­мін толықтай ашып болдық деуден аулақпыз. Дегенмен, сауалға із салар саңлауды сәл де болса тапқандаймыз – санамен, түйсікпен. Табиғатына тән шығар, ақында алыпұшпа сезім де, аяулы махаббат та аз болмаған. Бірер сәтке Константиново селосын еске түсіріңіз: келісті, кер­без келіншекке барып-келіп жүрген байызсыз, бақылаусыз бозбала… Келе-келе бал­қы­маға айналған балауса сезім, өзекке шоқ түсірген тылсым өбіс, гүлсім сәт. «Сылқым келіншек сенің не сәнің, есіңді жисаң ет­ті?..» деген Ана сөзін жүре тыңдаған Сары ба­ла… Сол бір жалт етпе жалғызілікті сәт­тер­дің жарылқауындай дүниеге келген жа­сампаз дүние – «Анна Снегина»… Одан кейін­гі Мәскеудегі өткен серуенді һәм сер­гелдеңді он жыл. Адасу, табысу, ажырасу, қауышу… одан кейінгі елес қуу, ес жию, еңсе тіктеу, еркіндік аң­саудың енсіз-түпсіз қиыр-шиыр қияметі… Осылардың арасында өз уақыты өзіне жет­пеген ақын цейтнот­қа түсіп қалған шахматшыдай алабөтен ала­сұрады. Жол-жөнекей жолыға кетсе желімдей жабысып соңынан қалмай қоя­тын жеңіл етек желбегей қыз-қырқын. Ақынға біткен ақ-адал, ақеділ жүрек қай­сысына жалау бола алсын?.. Бірін сүйеді, бірін емексітеді, бірін алдарқатады… Сөйте жүріп жан-жүрегімен аяйтыны да аз емес. «Тентек, сотқар, же­ңіл­тек, жүргіш…» деп жел-өсекті олай да былай қоздырып, қоз­датып жүрген әлде­кімдер мұны, арине, қаперге алғысы кел­мейді. Ал, шынтуайтында, ақын түгілі кез келген ақыл иесі нәзік жы­нысты қыз жү­регіне үңілумен бірге оның алмағайып тағдырына да бейтарап қарай алмайды. Мына өлеңді оқи отырып іші­не шындап үңілсеңіз, әншейіндегі «сот­қар» Сергейдің сергек те сезімтал, көргіш те байқағыш, мұң­шыл да сыршыл екеніне тит­тей де күмә­ніңіз қалмайды:
Саған қарау аянышты һәм мұңлы,
Қайда сол бір мөлдір, желбір қыз бала?..
Қойсайшы бұл ақыр-тақыр тағдырды,
Ендігі еншің – күрсіні мол күз ғана.

Таскенеше жабысты екен қанша ерін
Жас денеңе қызығып та үзіліп?
Қандыра алмай жүрсің бе екен жан шөлін,
Көзіңді ілмей,
Көңілің нілдей бұзылып?..
Жә, несі бар!
Керегі не үркудің?
Кімнің мұңын, шынтуайтта, кім ұғар?
Өмір деген өзгермелі шіркіннің
Өңі,
Түсі,
Күнгейі мен күні бар…
Маңдайымның шамшырағы жанса да,
Марғау ғұмыр кеше алмадым тамсана.
Кемшіліктер кетті менен қаншама,
Өмір өксіп өтті менен қаншама…

Сылқым дүние –
Сырласым да мұңдасым,
Саған кімнің қышып жатыр иегі?
Көрмеймісің ақ қайыңның сұлбасын,
Қабырдейін қаңсып қалған сүйегі?..

Ерте ме кеш…
Бір келеді құрбан шақ,
Біз де қунап,
Қуарармыз дәл өстіп.
Қыз кезінде қызыл-жасыл гүлді аңсап,
Қайғыру да,
Айға ұлу да әбестік.
Жалғыз соқпақ, мың-сан із… Зымыран­дай заулаған едел-жедел уақыт… Болмай жатып болдырған демесек те, түбі шикі тіршіліктің түңілер тұстарының ту сыртынан аңдуы… Көре алмайтын көп дұшпан де­месек те, көрінбейтін Көлеңке мен ерін­бейтін Елестің қашып құтыла алмастай қараң-құраң алдынан шыға беруі («Қара адамды» жаздырған да солар) әрине, кім-кімді де қажытпай тынбайды.
Көп ішіндегі жалғыздықтан жаман нәр­се жоқ – жүре келе өз көлеңкең де құбы­жық­қа айналуы да әбден мүмкін… Бір қы­зығы, дәл осындай жалғыздан-жалғыз сәт­терінде ақын дос-жарандарын емес, жақ­сы көретін немесе ұнататын ұрғашы қауым өкілдерінің бірен-саранын ғана жа­нына жуықтатады. Жәй, ермек емес, ке­рі­сін­ше, екі жақтың жан жарасын серіктесіп-сел­бесіп жамап-жасқау үшін:
Бейопа, беймағына
Кетсінші әрі кезбе кез!
Келші, аяулым, жаныма,
Сырласайық көзбе-көз.

Шашың да алтын,
Күз де алтын…
Айдан өңің аумайды.
Құлын мүшең, қыз қалпың
Қызықтырып баурайды.

Дәм-дауасын Даланың
Ұмытқандар қаншама.
Қармағына қаланың
Іліккендер қаншама…

Дүйім дүние дүбірі
Жұмағыма жетпейді.
…Құрбақаның құрылы
Құлағымнан кетпейді.

Жатаған үй, жаппа там
Шығар ма әсте есімнен?!
Ана, сенің ақ батаң
Мені ақын ғып өсірген.

Сарғалдақтай сол бала
Неге бүгін шет құмар?
…Тобықтай құс торы да
Сайрағысы кеп тұрар.

Сайрай-сайрай жақ тынар,
Салқын тартып өнебой.
Жағалауға лақтырар
Бізді де ертең Телегей…

Суық құшақ сұм ажал –
Өлгендердің өң-түсі.
А-н-ау соқпақ, мына жол –
Келгендердің еншісі.

…Бейопа, беймағына
Кетсінші әрі кезбе-кез!
Келші, күнім, жаныма,
Сырласайық көзбе-көз.
…Бұдан әрі соза берудің қажеті жоқ. Атал­мыш өлең қай жылы, қай күні, қай са­ғатында жазылғанына қарамастан, онсыз да қыршын кеткен ақынның қима­сына, сырласына қиыла қарап отырып қи­ған соңғы сәті сияқты. Әр шумақтың әр та­лын талдаудың да артық екенін сезіп-бі­ліп отырған жәй бар. Кейбіреулер бағ­зы­бір ақындар жайында әртүрлі әттеге­н-ай­лар айтып, өзінше сәуегейсиді: «…жас кет­ті, әлі де жүре тұрғанда мұнан да артық, ай­шықты өлеңдер жазар ма еді…» деп. Саттар, Төлеген, Жұмекен, Мұқағали, Пуш­кин, Рубцов… және біздің кейіпкеріміз ту­ра­сында айтатын болар. Бірақ тағдыр, бұй­рық, жазмыш, ажал деген біз үшін тыл­сым да құпия жәйттерді қайда қоясыз? Пен­денің айтқаны мен дегені қашан алдынан шығып еді? Оның үстіне «Аузына Алла сөз салған» ақын тағдырын пенделік өл­шем­мен өлшеуге қайсымыз хақылымыз?
«Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артынан сөз қалдырған?..» де­ген Абай тұспалын тура мағынада түсіне білу де сана сарасына сын болса игі. Сол «өл­мейтұғынның» бірі Сергей Есенин мұны кү­нібұрын айтып, алдын-ала жазып кетсе, таң қалмасқа не ылаж?
Қарлы жапан.
Жалғыз Ай адасып жүр көкте кең.
Мынау өңір,
мына өлке бұрынғыдан бөп-бөтен.
Ақ қайыңды қуарған
енді қайтіп көктетем?
Кім өтті екен өмірден?
Өзім өлген жоқ па екем?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір