ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ЖАРШЫСЫ
1 қыркүйек күні ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде университет табалдырығын алғаш аттап отырған 1-курс студенттеріне арналған көшбасшылар (лидерлік) дәрісі өтті. ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» кітапханасында өткен бұл дәрісте білімге құмар жалынды жастарға тағылымы мол ғибратты мағлұматтар берілді.
Дәрісте ҚазҰУ-ды әр жылдары бітірген үздік түлектер жылы лебіздерімен бөлісіп, студенттік өмірге деген сағыныштарын жастықтың қызықты оқиғаларымен сабақтастырды.
Көшбасшылар дәрісі факультет деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлының студенттерге арналған ізгі тілегімен басталды. Факультет деканы дәріске қатысушылардың дұрыс таңдау жасағанына және болашаққа азық боларлық білім жинауларына, білім мен тәрбиенің ордасына айналған ҚазҰУ өмірінің белсенді студенттері болуларына шынайы тілектестігін білдірді.
Нағыз білімді студенттердің алаңына айналған ҚазҰУ кітапханасында өткен бұл жиын өз жалғасын «Жалын» баспасының директоры, қазақ қауымына аса танымал қаламгер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлының тарихи айғақ пен тарихи дәйектерге толы ғылыми мазмұны терең дәрісімен ұштасты. Жазушы бұл лидерлік дәрістің кітапханада өтіп жатқандығын құптай отырып, жастардың өнегелі өмір сүруінің қаруы – кітап оқу және кітапхананы күнделікті тұрағына айналдыруы екендігінің астын сыза отырып, ерекше атап өтті.
Дәрісті «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы жалғастырды. Оқуға түсу тауқыметінде кездескен жағдаяттарды баяндап, ұстаздармен қарым-қатынастағы өте қызық тұстары мен естен кетпес өте қызықты естеліктерімен бөлісіп, тыңдармандарды әдемі әзілімен тәнті қылды.
Ал «Асыл арна» телеарнасының бас директоры, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхаметжан Оразбайұлы Тазабеков имандылықтың алтын діңгегі адами парасаттылық екенін салиқалы да салмақты ойларымен айшықтады.
«Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген хакім Абайдың философиялық тұжырымымен ұштастыра отырып, отбасылық тұлғадан гөрі қоғамдық тұлға болудың маңыздылығын өмірлік мысалдармен саралап өтті. Дәріс оқушы бүгінгі заман жастарының, технология дәуірі жастарының ақпараттық әлемде өздеріне қажетті білімді таңдай алуларын, ал әлеумет желілеріндегі ақпараттар тасқынының қажеті мен зиянын ажырата білудің маңыздылығын дәйектеп көрсетуі дәріске қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Студент кезде таңдаған мамандығының әрбір қырын меңгеруге уақытты көп бөлудің, ешбір істі кейінгі күнге қалдырып, опық жемеудің маңыздылығын да әдемі сөз өрнектерімен шебер бейнелеп берді.
Студенттік күндеріне табандап қалған жас білімгерлерімізге арналған конференция Жалпы, тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мадиева Гүлмира Баянжанқызының, Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жолдасбекова Баян Өмірбекқызының, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірболат Алуа Берікбайқызының, Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақымбек Съезд Шардарбекұлының ғылыми-инновациялық жоғары деңгейдегі дәріс үлгілерімен және құттықтау жылы лебіздерімен жалғасты.
Дәрістің есте қаларлық ерекше тұстарының бірі – Шет тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының канди-даты, профессор Молдағалиева Айжан Айдынғалиқызының ағылшын тіліндегі құттықтау сөзін дәріске қатысушы бірінші курс студенттерінің лезде сөзбе-сөз аударды. Сөйтіп, бүгінгі заманауи жастардың бірнеше тіл білу деңгейлерінің жоғары екенінің куәсі болдық.
Ал Шетел филологиясы мен аударма ісі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Карагойшиева Данель Алмабекқызының ағылшын және неміс тілінде мүдірмей дәріс оқуы «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген бабалар сөзінің айқын дәлелі болды.
Филология және әлем тілдері оқытушы-профессорлар құрамының бірнеше тілді меңгергені, кәсіби біліктіліктерінің жоғары екендігіне дәріске қатысушы бірінші курс студенттері шынайы тәнті болып, сапалы білім алып, тәуелсіз Қазақ еліне қызмет ететіндеріне сеніммен қарап, қанаттанып қайтты.
Себебі, ҚазҰУ – білімнің қара шаңырағы! ҚазҰУ – жарқын болашақ жаршысы!
К.КҮРКЕБАЕВ,
Филология және әлем тілдері факультеті деканының ғылыми-инновациялық және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары.