ШӘМШІ ӘНІ АУЫЛЫНДА ӘУЕЛЕДІ
Тұтас бір ұрпақты әнімен әлдилеген, әуенімен тәрбиелеген Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әніне биыл 60 жыл толып, еліміздің Әнұранына айналғанына 10 жыл толып отыр. Композитордың туған күніне орай өткізілген мереке осындай мерейлі даталармен тұспа-тұс келді.
Шара Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы орталығындағы Мәдениет сарайында суретші Әділхан Мәлік пен бір топ шәкірттерінің «Сағыныш сазын самғатқан – Шәмші» атты сурет көрмесімен ашылды. Көрмеге Шәмші Қалдаяқов әндерін бейнелеген 20 картина қойылды. Табылхан Рена, Едіге Бақытжамал, Төлеген Бақытгүл, Оразбай Наурызбай сынды өңірлік суретшілерге жетекшілік жасап, жіті қадағалаған Әділхан Мәлік бұл жұмыстарды салуға бір ай уақыт кеткенін айтады. Көркемсурет көрмесінде сонымен қатар, ежелгі Отырар тарихын қамтыған жаңа туынды картиналар да халық назарына ұсынылды. Бұрын ежелгі Отырарды бейнелеушілер тек сыртқы көрінісін суреттесе, бұл жаңа туындыларда суретшілер қаланың ішкі тіршілігін де бейнелеген.
Отырардағы Мәдениет сарайында «Менің Қазақстаным» ән байқауының ақтық сайысы өтті. Салтанатты кешке арнайы келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерманов, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановтар байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, барша отырарлықтарды қуанышымен құттықтады. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың құттықтауын Ұласбек Сәдібекұлы жеткізді.
Композитор мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу, әсем әндерін насихаттау мақсатында өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Менің Қазақстаным» ән фестивалінің гала-концерті Ш.Қалдаяқов ауылындағы «Алпамыс батыр» спорт кешенінде жалғасты. Кешке арнайы қатысқан облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов барша оңтүстік жұртшылығын өнер мерекесімен құттықтап:
«Шәмшінің киелі Отырар жерінде дүниеге келуі заңдылық. Себебі, бұл жерде – ұлы ойшылымыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің кіндік қаны тамып, бабтардың бабы Арыстанбаб бабамыздың рухы тыншып жатқан киелі мекен.
Шәмші ағамызды осы бабаларымыздың рухы жебеген шығар. Осындай шағын ауылдан бүкіл әлемге танымал азаматтарымыз шыққан. Бұл дегеніңіз – біздің әрбір жеріміз, әрбір ауылымыздың қасиетті де киелі екендігін білдіреді.
Ал бүгінгі күні Шәмші Қалдаяқовты біз ел тағдырымен, Отан тарихымен біртұтас бейне ретінде танып отырмыз. Өйткені, композитордың «Менің Қазақстаным» әні еліміздің Мемлекеттік Гимніне айналып, мемлекеттік рәміздердің қатарынан орын алды. Егер ұлы композитордың еліне, туған халқына махаббаты болмаса, осындай ән тумас еді. Осындай әнді өмірге алып келген Шәмші ағамыздың ұлтжанды, рухы мықты екендігін білдіреді.
Әнұранымыз Елбасымыз шет мемлекеттерге жұмыс сапарымен барғанда, спортшылармыздың Олимпиадаларда, әлемдік жарыстарда жеңіске жеткен кездерінде орындалады. Бұл әннің құдіреттілігін көрсетпей ме, ағайын! Сондықтан да Шәмші есімі, оның даңқы бүгінгі таңда тек біздің өңірдің мақтанышы ғана емес, кең байтақ Қазақстанның мәртебесіне айналып отыр.
Шәмші әндерінің мерекесін бүгін өзінің туған ауылында, ұлылардың мекені – Отырар топырағында өткізіп отырмыз.
Біз Шәмші әндерімен есейіп, оның махаббат вальсімен тербеліп өскен ұрпақ – Қалдаяқов ғасырында туғанымыз үшін бақыттымыз», – деді.
Сондай-ақ, облыс басшысы Елордамыз Астана қаласында дара талант иесіне Оңтүстіктің атынан еңселі ескерткіш орнатылатынын, Шәмшінің туған ауылында да ескерткішін қою және музыка мектебін ашу керегін атап өтті.
Құттықтау сөзден соң өңір басшысы жүзден жүйрік шыққан байқау жеңімпаздарын марапаттады. Үшінші орынға Түркістан қаласынан келген «Асу» дуэті лайықты деп танылды. Облыс әкімінің арнайы жүлдесі арыстық Жұлдыз Әділбековаға бұйырды. Жүлделі ІІ орынды созақтық Гүлбану Шалабаева иеленсе, байқауға Шымкент қаласынан сынға түскен Тұрғынбек Бекзат І орын төрінен көрінді. Ал байқаудың бас жүлдесіне композитордың жерлесі, Отырар ауданының тумасы Руслан Ақынбеков ие болды. Байқауға қатысушыларға облыс әкімінің арнайы сыйлығы табысталып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген мәдени шара Оңтүстік өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Алмас АҚЫЛБЕК.