Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ. ЖАҢА БЕТБҰРЫСТЫҢ ЖИНАҚЫ ЖҮГІ
Жұматай Жақыпбаев Кенежирен туралы әйгілі өлеңдерінің бірінде: «Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін, бес моторлы самолетке баспа-бас» деп өкінетіні бар. Бес моторлы самолет бола ма, жоқ па, білмейміз, дегенмен, бірнеше (бәлкім, бес) моторлы қаламгерлер болатынын көріп-ақ жүрміз. Бауыржан Халиолла – солардың бірі.

Бір кезде үзіліңкіреп барып қайта жалғасқан өнердің бірі – айтыс еді. Қазір біз мәдениетті поэзия сарайына енгізбеуге тырысатын өнердің осы саласы өлеңге таласы барларды әбден сынайтын мектеп болғанын мойындауымыз керек. Суырыпсалмалылық, ең алдымен, ойдың ұшқырлығын талап етумен қатар, белгілі бір дәрежеде оған көркемдіктің де қосылуы қажеттігін ескертіп отырады. Қалай болғанда да, еліміздің Тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс жаңғырған осы сала әсіресе сексенінші жылдардың соңында теледидар көрермендерін көгілдір экранға телміртіп қойғаны ұмытылмайды. Әрине, қазір де қадірі түсті дей алмаймыз, ал қадірі түсуге жақындаған кездері болса, бұл – ақынның емес, айтысты ұйымдастырушылардың һәм сол айтысты цензура жағынан бақылап отыратындардың кінәсі. Ескі идеологияның тұтас мазмұнын емес, тонын ғана өзгерту, небір сорақылықтарының үстінен аттап өту тыңдармандарды ғана емес, айтыс ақындарының өздерін де әлдебір селсоқтыққа итермелегені даусыз. Ауызша айта алмағандарын қағазға түсіруге ниеттенудің бір себебі осы болса керек. Әйтсе де кітаби ақын болудың да өз шарттары бар, айтысты тастап (немесе үзіліс жасауға бекініп) келгендерді жазба поэзия толайым қабылдай бермейді. Бұлай болу үшін өзгеше талант керек. Бұл ретте бұрынғы айтыс ақындарының Есенқұл Жақыпбековті жолбастаушы ретінде алға ұстануының осындай себебі бар.
Сол Есенқұлдың ықыласы құлаған әріптес інілерінің бірі Бауыржан Халиолла еді. Айтыстан таза поэзияға бет бұрғандардың бірегейі де осы Бауыржан болды, яғни екінші моторын іске қосты. Бұны Есенқұл да құптаған сықылды. «Сұр бөлтірік» деп аталатын өлеңін Есенқұл осы Бауыржанға арнаған болатын. Сол алғашқы кезеңде Бауыржан «Ақындыққа ақталу» деген өлеңін жазды.
…Жағым сауып, қанша сөз
қауғаладым,
Қайда барып құныңды дауламадым.
Бір азғантай дүниені, пенделікпен,
Сахнаға шығып ап саудаладым.
Қызартпастан бетімді
өрттей қылып,
Белсендіге беделім өтпей құрып…
Аш-жалаңаш жұртыма кеңес бердім,
Өз ақылым өзіме жетпей жүріп.
Қайран өнер, киеңнен қорқам бүгін,
Санам – дала,
ойым – шөл,
сортаң – жырым.
Қайырыңды берсе ғой, қалған күнге
Рахатынан азабы мол тағдырым.
Есенқұлдың баяғыда жазғаны бар еді: «…Айтысқа қатысып жүріп, ел аралап, жер аралап, өмір таныдым. Соның бәрін өлеңіме арқау еттім. Әйтпесе өрісі тар тіршілікке құл болып, мүлде өшіп кетер едім. Ептеп болса да өлең жазып жүрдім. Бірақ бәрібір өлең жазатын ортаны сағынушы едім. Жазба ақын жолдастарым мені жек көріп кетті. Ал мен оларды жек көре алмадым. Бұл заманда сол баяғы поэзияға адал достарымның өзі азайып кетті. Бизнесте, үлкен қызметте жүргендер бар, баяғысынша өлеңге адалы аз қалды. Қазір олардың шегірткедей шенеуніктерден айырмасы аз. Енді мен оларды жек көруге айналдым…» («Тазқара құстың тағдыры», «Ан Арыс» баспасы, Алматы, 2012 жыл).
Біз, әрине, Бауыржанның кімді қалай жақсы көргеніне, кімді неге жек көргеніне куәлік ете алмаймыз, дегенмен екі кеменің басын ұстаған есті ақындардың бастан кешетін ахуалы шамамен осылай болатын шығар деп топшылаймыз.
* * *
Ал Бауыржанның бұл жаңа қадамы құтты болды. Бірінен соң бірі «Жұмбақ қыздың жанары», «Нәзік бұлт көшіп барады», «Таң менен бесін арасы», «Жан тебіреніс» тәрізді жыр жинақтары жарық көрді. Міне, енді Алматыдан жарық көрген «Жүрегімдегі жазулар» деп аталатын жыр кітабын (2024 жыл) оқып отырмыз.
Жоғарыда ақынның үш шумақ өлеңін келтіргенімізден кейін еске түсіп отыр, қалам иесі, не болса да, өлеңге өзін қоспай отыра алмайды. Бәлкім, бұл негізгі мақсат та емес шығар, дегенмен нені сүйетініңді, нені жек көретініңді сыздықтатып еске салып отырмасаң, жырыңның шырайы кірмейтіндей болады және бұл ретте бізге тұтас өлеңді қайтадан көшіріп шығу міндет те емес.
Мысалы, мынау («Өзекті өртеп жүрген ой») әлдекімге арналған шумақтар. Әлдекімге дейтін себебіміз, жырда «Дүниенің діңгегін ұстап тұрған / Тек екеуміз емеспіз жер бетінде» немесе «Басылсаңшы кішкене сабыр сақтап, / Басам дейсің қашанғы төрді астыңа» деген сияқты тармақтар бар. Сыпайы ескертулер ғой. Солай деп келеді де ақын өлеңін:
Азаматтың қадірі білінеді
Жаға-жеңсіз жейдеге оранғасын, –
деп аяқтайды. Сөйтіп, жайбарақаттықты жастанған сезімді оқыс селт еткізеді. «Жаға-жеңсіз жейде кию» дегенді, әрине, әркім де түсінеді. Көз алдыңызға расымен де қымбат костюм де, желең плащ, пальто да емес, екі метр ақсүп мата елестей кетеді. Бір жерден оқығанымыз бар еді, бір ақылды қария өлерінде, «әке, дүниеден өткеніңізде қалай аттандырып салайық» деп кеңес сұраған баласына, тар лақатқа денесімен бірге көзі тірісінде өзі үнемі пайдаланған әлдебір ұсақ-түйек дүниесін жерлеуді өтінеді. Ал қабірге барған кезде жаназа шығарған молдалар жерлеудің неше заманнан бері келе жатқан қағидасын айтып, әлгі нәрселерді жолаттырмайды. Мысал әңгіменің мәнісі: өлген адам өзімен бірге о дүниеге ештеңе де алып кете алмайды екен. Осыны Бауыржан мына өлеңінде екі тармаққа сыйғызып жіберген.
Әрине, өлең болғасын, оны ақын жазғасын, мына тіршіліктің фәниі де, бақиы да назардан қағыс қалмайды. Әрі-беріден соң қазіргі сауатты ақындар, неге екені белгісіз, бақилық ғұмырға ерте дайындалады. Тіпті кейбір жап-жас жігіттердің әлі басына түспеген трагедиялық ахуалды таусыла жырлайтынына еріксіз таңғаласың. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» немесе «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» дегенді Абайдың өзі қырық жастан енді асып бара жатқан шамасында жазғанын ескеріп, тоқтау айтайын десең, қазір заманның өзі жастарды ерте есейтіп жатқанын ойлап, үнсіз қаласың. Сауаты жоқ халқы бар Абайдың дәуірі мен неше түрлі ақпараттар кимелеген мына дәуірдің ақынды ғана емес, сонымен бірге өлеңді де өзгертіп бара жатқанын амалсыз мойындайсың. Сол себепті өлеңдердегі фәни мен бақиға сабырлықпен үңілесің. Бұл тақырыптан, әрине, Бауыржан да сырт қалмайтыны белгілі. Ақынның «Осы ма өмір дегенің?» деп аталатын өлеңін оқып көрелік.
Жүгенге сыймай басымыз
Жүйткідік қанша шақырым?
Ағарып кетті шашымыз,
Ағалық жетті ақырын.
Тарта ма жылдар жазаға,
Болашақ бізге не дейді?
Тойлардан гөрі, қазада
Толғанар сәттер көбейді.
Тағдырдың әділ безбені,
Тұнады мұңға төңірек.
Ортаға қосып өзгені,
Ойлайтын болдық көбірек…
Елеусіз түбі қалмаймын,
Жоқтайды жұртым мені ертең.
Ұйықтайтын жерді қамдаймын,
Ұзарған сайын көлеңкем…
Өлеңде асқақтық та, өзін-өзі алабөтен жақсы көру де жоқ. Автор әлдекімдерді қыжыртуды да көздемейді. «Тойлардан гөрі, қазада толғанар сәттер көбейгенін» еске салады. Ал соңғы тармақтарда ше? «Ұйықтайтын жерді қамдаймын» дейді. Фәни дүниенің бұлжымас заңдылығына
мойынұсынады. Бауыржанның да жасы 45-ке кеп қалғанын ескерсек, оның бұл жаста осылай жазуы ғана орынды екеніне қосыламыз. Шумақтар «Осы ма өмір дегенің?» деген өлең атауын расымен де ақтап тұр. Әлгі қазақтың қара өлеңіндегі: «Дүние, ойлап тұрсам, шолақ екен, / Адамдар бір-біріне қонақ екен» дейтін оралымдарды дәстүрлі әншілердің орындауында тағы бір рет тыңдағыңыз келіп кететінін қайтерсіз.
Бір ескеретін нәрсе, біздің ақындарымыз лириканың не екенін білгенімен, соңғы жылдары табиғат лирикасын азайтып алды. Көктемді жырласа, өлең бастан-аяқ жеке адамның көктемгі көңіл күйі болады да шығады. Ал көктемнің наурыз, сәуір, мамыр тәрізді үш түрлі айы болатынын ескеретіндер сирек. Сол сияқты күз туралы өлеңдерде де әрқайсысы жеке тақырып болуға
лайық қыркүйек, қазан, қараша айларын шұқшия зерттейтіндер көп емес. Қажет десеңіз, суық желдің өзі осы үш айда үш түрлі болып құбылады ғой: суық жел, қара жел, қарыма жел, үскірік жел, ызғырық жел, қара дауыл жел, теріскей жел, т.б. Не дегенде де, ұлы Абай негізін қалап берген табиғат лирикасынан қашқақтау әлде, ақындарымыздың бұл реттегі немқұрайлығын, әйтпесе табиғат туралы түсінігінің таяздығын білдірсе керек.
Кезінде Афанасий Феттің «Мамыр түні» деген өлеңін оқыған соң әлемге әйгілі романдар жазған классик Лев Толстойдың өзі Афанасий Афансьевичке хат жазып (ол кезде қазіргідей қалта телефон жоқтығы мәлім), басынан өткен бір жайды баян етеді ғой. Сонда ұлы жазушы: «…Өзіңіздің өлеңіңізді оқығам. Көңілім толқып, әлденеге көзіме ыстық жас тығылғаны. Үйге келген соң әйеліме оқып берейін десем, көңілім одан сайын босап, тіпті оқи алсамшы…» деп сырын айтады. Табиғат лирикасының осындай құдіреті болатынын да ұмытпауымыз керек-ау.
Ал Абайға қайта оралсақ, әдебиет оқулығынан бұл кісінің адам психологиясын ғана емес, табиғаттың да тілін жетік білгеніне талай куә болдық емес пе. «Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты,/ Құмары екеуінің сондай күшті» деп келетін өлеңі қандай. Бұны айтып отырған себебіміз, Бауыржанның «Жұлдыздар ойыны» деп аталатын өлеңінің көңілімізге ерекше ұнағанын сездіру еді. Өлең былай өріледі:
Қара түн, көлеңкең кеп құлар суға,
Сұлу Ай – сәндеп таққан сыңар сырға.
Телмірген Темірқазық – төрің жазық,
Сен де, әлде, жалғыздыққа
құмарсың ба?
Көктегі мұңлы әуен мен мың
бір жақұт,
Сорлайды құпиясын Күнге ұрлатып.
Сыр менен сезімдерге ау құрады
Шолпан-қыз шолпыларын
сылдырлатып.
Көз сала қоймас ешкім десек қырдан,
Олар да өздерінше есеп қылған.
Қайдағы, еліре кеп еңкейгенде,
Етегі ашылады Есекқырған.
Әуеге әр қиялмен ту ілісіп,
Жалқысын мықынынан жұбы құшып,
Басқасы жасырынбақ ойнап кетті,
Жан-жаққа жамырасып,
тығылысып.
Ей, аспан, тіл қатпағың
келді-ау бүгін,
Түсіріп, тойларыңның нем бар құнын.
Несіне жасырасың қызығыңды,
Төменнен көріп қойдым мен барлығын.
Әлгі «күн–күйеу, жер – қалыңдықтың» бұл да бір сыңары тәрізді. Бала шақтан жұлдыздарға телміріп өскендерге тым түсінікті жолдар ғой. Расында да жұлдыздардың өз өмірі бар екеніне осы өлеңді оқи отырып сенгің келеді. Бұған қосымшаласақ, кең далада (мейлі, тар көшелі болса да, ауылда) туып-өскендерге жұлдыздар тым жақын болады. Әлденеге ынтық, әлденеге құмар бала көңіл қою қара меңсіз қара түндерде осы жұлдыздармен сырласады. Тіпті ақындар жыр кітаптарының атына жұлдыздарды қосқанды мақұл көреді («Жер астындағы жұлдыздар», Ғафу Қайырбеков; «Бұлақтағы жұлдыздар», Күләш Ахметова; «Жұлдыз жарығы», Ұлықбек Есдәулет; «Жұлдызым жоғары», Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай; «Таныс жұлдыздар», Ертай Ашықбаев; «Кетемін көкке жұлдыз боп», Сабыр Адай; «Күндіз аққан жұлдыздар», Болат Жетекбай; т.б.).
Сол жұлдыздарды арқау еткен мына өлең бір кезде көңіліңді талай алабұртқызған өткен кезеңдерді қайта тірілтеді. Қазір де бұлардың әлдеқайда көшіп кеткен ештеңесі жоқ, түнде тымық ауылдың үстінен төбеңе төнеді де тұрады. Рас, қалалықтарға көбірек көрінбейтін болуы керек немесе күні-түні тынымсыз қарбаласпен жүретін қылқима тұрғындардың тар бөлменің терезесі арқылы аспанға қарап армандап жатуға уақыты да жоқ. Сөйтсе де осы өлеңнің әлдебір жылы лебін сезінесің. Әуелгі шумақтарда автор үшінші жақтан сөйлеп келеді де, ең соңында кенет бірінші жаққа ауысады: «…Несіне жасырасың қызығыңды, Төменнен көріп қойдым мен барлығын». Еш өтірігі жоқ, «бір көрген біліс, екі көрген – таныстыққа» салсақ, бір емес, екі емес, күнде көріп жүрген жұлдыздармен сырласуға, наз айтуға кез келген адамның, соның ішінде ақындардың да құқы бар. Бауыржан да сол құқын пайдаланады және өлеңді әдемі әзілдік ишарамен аяқтайды, дәмсіз философияға ұрынып, жырдың жүгін орынсыз ауырлатпайды. Жалпы, қазір табиғатқа аялап қарау бірінші кезекке шығып тұрғаны мәлім. Ал табиғаттың ажарын осындай жұмыр да жақсы өлеңдер аша түседі. Егер Бауыржан шындап іздене түссе, табиғат туралы талай тәуір жырлар жаза алатыны шығармаларынан байқалып-ақ тұр.
Енді Бауыржанның тағы бір өлеңін мысалға келтірейік. Рас, бұл табиғат лирикасы емес, бірақ табиғат заңдылығын еске салатын жырлардың бірі. «Менің қолтаңбам» деп аталатын өлең.
Тарыққанда тұрлауы жоқ тірліктен,
Дел-сал болар дүлей көңіл дүрліккен.
Жарық ғалам, бір тамшы жас –
тал денем,
Жанарыңнан жерге түсем
сырғып мен.
Құмға сіңем, таңсық емес
тәтті өлім,
Сәби кезге арым таза ақ кебін.
Періштенің парағында жазулы
Бұрынғы өмір… және осынау
сәттерім.
Жалқы Тәңір, жығылғанда ұлан ер,
Дәргейіңе ап, өзің жәрдем қыла гөр.
Жұрт – жолаушы, табыт – көлік,
көр – жолым,
Тәнім ғана тіршілікке куәгер.
Елеңдеме, ерітші деп, қарағым,
Жұдырығын ашып кетер қонағың.
Қос мекенде қалықтаған,
құс-жаным,
Қызыл от па, қызу бақ па – қонарың.
Сосын мүлде сайрандамай ортаңда,
Сапар шегем, сәтті күні жортам да.
Мына жақта қалатұғын қалқиып
Құлпытас пен құлақты үйім – қолтаңба.
Әсіре бейнелеусіз, әлеміш бояусыз жазылған сабырлы жыр. Әркімнің де басына келетін осы бір сәтті ақын ешбір күшейтпелі суреттерсіз қарапайым жолдармен-ақ баяндап береді. Мына дүниеде қорқынышты ештеңе жоқтығын, жазмыштан ешкім де қашып құтыла алмайтынын еске салады. Кей ызғарлы молдалар секілді тозақпен қорқытпайды, кей ақкөңіл молдалар секілді жұмақпен жарылқамайды. Қолтаңбаң әрі-беріден соң құлпытасың мен төрт құлақты үйің (әрине, періштенің парағына жазылып қалатын өмір жолың) екенін баян етеді. Жұртқа ұнаса да, ұнамаса да, өзіңе лайық тіршілікпен тербеткен осы қалпыңа шүкіршілік айтасың.
Әрине, қос ат мініп қашсаң да құтқармайтын өлімнен қорықпау, негізінен, дұрыс. Бірақ осыны Бауыржан өз өлеңдерінде жиі қайталайтыны көңілге қаяу түсіретінін де ескерген жөн болар еді. «Күнкөріс», «Өзімді өзім қайрап», «Кей кезде көзім ілінбей…», «Кей кезде…», «Түнгі сарын», «Ғұмырыма ұқсас мұң», «Қабілет», «Жалбарыну» тәрізді басқа да көптеген өлеңдерінде автор айтпақ ойларын соңында ылғи бақи дүниеге әкеп тірей береді екен. Рас, мұндай сопылық сарын әрідегі Ясауиден бастағанда, біздің қазақ өлеңіне жат әуез емес. Бірақ осы өмірдің, мына заманның әрқилы сәттерін толғай отырып, бәрібір өлімді еске сала беру үнемі өзіңді-өзің ақтаудың немесе көзі тостағандай ажалдан қорықпаудың ең тиімді құралы бола алмайтынын да ұмытпаған жөн. Біз баяғыша «қазіргі өлеңдерде жаңарған заман, жаңа адамдардың оптимистік тұлғасы көрініп тұрсын» деген уағыздарды қайталаудан аулақпыз. Әйтсе де, тіпті бір жайды үздіксіз қайталап отыруға тура келгенде де, бәлкім, ішкі мазмұнды былай қойғанда, өлеңнің сыртқы формасын да өзгертіп, оқырманды жалықтырып алмаудың қамын ойлаудың ешқандай әбестігі жоқ.
* * *
Ал жалпы алғанда, Бауыржан Халиолланың 280 беттік мына жаңа жыр кітабын кезекті шығармашылық белесі деп жайдақтай салуға келмейді. Біріншіден, бұл кітапқа осы жасқа дейінгі жазған жырларының ең жақсы дегендерін іріктеп енгізген. Екіншіден, қай беттен де көңілге қона қалатын шырайлы шумақтар табылады. Үшіншіден, әр шығармасын қағазға түсіргенде де жауапкершілік талапты ұмытпағаны көрініп тұр. Біздіңше, ең бастысы да қаламгердің өзіне қойылатын талапқа салғырт қарамауы. Рас, тек талапқа сай жыр жазуға ұмтылу кей кезде өзін-өзі басы артық тежеп отыруға соқтыруы да мүмкін. Сондықтан да Бауыржан өз кітабын өзі қайта парақтап шыққан шақтарда сол мүлт кеткен тұстарын келесі кітаптарында қалай қайталамауды да ойлап отыратын шығар деп үміттенеміз. Өйткені айтыста тыңдарманның құлағына әбден сіңіп қалуы үшін бір жайды сөз аралата бірнеше қайталауға тура келетін болса, мәдениетті поэзия тап-тұйнақтай жинақылыққа негізделеді, артық тармақ қоспауға тырысады. Осыны меңгерген ақынның қаламынан алдағы уақытта да тіні бостау жырлар тумауға тиіс.