Уәлихан ҚАЛИЖАН. Күләш АХМЕТОВА: КҮН мен МҰҢ
05.11.2026
35
0

Қазақтың арда ұлы Әбіш Кекілбаев Күләш Ахметованың авторлық кешінде сөйлеген сөзінде:
– Е, дәурен-ай деген…
…Бүгін, міне кемел тойына келіп отырмыз.
…Күләштің жыры, жүрегіңе сондай жылы, сондай жақын…
…Күннің нұрындай, гүлдің әріндей, нанның дәміндей, сүт­тің өңіндей, бөбектің иісіндей емірентпей, тебірентпей қоймас, кінә тақсақ, кие ататындай жыр.
…Пейіш төріндей гүлдей құлпыра бер, періште көңіл, перизат өлең!
Е, өмір-ай деймін мен.
Ақын Күләш Ахметованың нұры пейіште шалқып жатқанына күмәнім жоқ. Көне шаһар, Тараздың төрінде, Жер-Ананың бауырында көсіліп жатқанына да бір жыл толыпты-ау!
Өмір қысқа ма, ғұмыр қысқа ма?! Кім білсін?! Әрине, мұндайда ұлы Абайға, хакім Абайға жүгінесің…
…Өмір берген Құдайым,
Ажалын да беріпті.
… Күләш Ахметовамен, Қайырбек Асановпен студент­тік шақтан таныс, аралас-құралас жандар едік. 2006 жылы Күләш Ахметованың «Құт» деген өлеңдер кітабы жарық көрді. Келесі жылы ол кітап Қазақстан Республикасының Мемлекет­тік сыйлығына ие болды.
Сыйлықты саралайтын комиссия­ның мүшесі едім. Шын ниетіммен, ақ көңіліммен Күләштің парасат поэзиясының, сыршыл, өршіл, көркем өлеңдерінің құнын бағалап, қолдап дауыс беріп едім.
Сол кітапқа Күлекең мынандай қолтаңба жазған-ды.
«Уәлихан!
Тәуелсіздіктің алғашқы сағат­тарында жазған поэмамды «Лениншіл жастың» бетіне тұңғыш жариялаған сен едің! Сол толғау, дербес елдің жырлары, осы кітапта!
Әрдайым қолың жеңіл болсын! Басыңнан бақ, босағаңнан құт кетпесін!
Ізгі ниетпен, Күләш Ахметова. 2006 ж. желтоқсан».
Күләш Ахметова ақынмен сол жастық шақтан бастау алған көңіл жарастығы ешқашан үзілген емес.
…Қазақстан комсомол Орталық комитетінде қызмет істеп жүрген кезімде, ақын Күләш Ахметова «Қазақстан Ленин комсомолы» сыйлығының иегері атанды. Бұл сол кез­де өзінің құрметімен, салмағы жағынан Мемлекет­тік сыйлықпен парапар еді.
Бізді жақындастыратын тағы бір орта болды. Ол – менің ақырет­тік, түркістандық досым, сыныптасым Нұрмахан Әбуов пен Шәргүл достарымның төр дастарқаны еді. Қайыр­бекпен, Күләшпен осы шаңырақта жиі бас қосатынбыз. Нұрмаханның қызы Жанар мен Қайырбектің қызы Жазира да біз оқыған Алматыдағы атақты №12 қазақ орта мектебінде бір сыныпта оқыды.
Балалардың достығы отбасылық достыққа ұласты.
Осымен сырлас-сыйлас күндерді тамамадап, ақын жырларын қайта оқып, Күләш ақынның күні мен мұңы туралы ойға шомылдым.
Күләш ақынның бір басына жетерлік атақ-даңқы бар. Жамбыл облысының Құрмет­ті азаматы, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, көптеген ордендердің иегері, бірақ өлеңдерін қайта оқып, ой елегінен өткізген кез­де, оның өлеңдерінен жұмсақ лиризммен бірге, ақындық назды түйсінгенім рас.
Ең алдымен, Күләш Ахметова – өз елінің, өз жерінің кермарал жыршысы. Туған жерге деген махаббаты, тау-тасына, өзен-көліне, сұлу табиғатына ғашық жүрекпен жазылған жырлары оның асқақ рухымен кеңістіктегі биіктігін көрсетеді.
Сұлу сөз көркем оймен бірігіп, кестенің жүзіндей, өрмектің түсіндей, жүрегіңді баурап, сиқырлы сөздің әлеміне жетелей жөнеледі.
Ол – поэзия! Ұлы ақындардың бәрінің егізі. Абай, Жамбыл, Ілияс, Сәкен, Қадыр, Тұманбай, Сырбай, Сағи, Фариза, Ақұштап, Марфуға, Мұқағали, Темірхан, Шөмішбай, Есенғали, Ұлықбек, Серік Ақсұңқар, Ғалым Жайлыбай, осылай ой иіріміне қазақтың көркем өлеңінің биік тұлғалары көз алдыңа келіп, қаздай тізіліп кете береді.
Туған жер толғауы Күләш Ахметованың шығармашылығында ерекше орын алады. Өйткені Күләш – екі заманның куәгері. Кеңестік заман мен Егемен Қазақстанның сан тарам жолдары бар. Қиындығы мен қуа­нышы бар. Қасіреті мен бақыты бар. Соның әрқайсысы ақын жырында көрнекі орын алған.
Қазақы жүректі, ұлтжанды деген ұғым бар. Осы тұрғыдан алғанда, Күләш ақынның өзіндік жолы мен ақындық мектебі ерекше көзге түседі.
Күләш үшін Қазақстан – «Паң дала», «Ән дала», «Жан дала», «Кең дала».
Міне, осындай теңеудің арғы жағында ұлы қазақ бейнесі тұр. Сол қазақ кім?
«Киіз үйі Жер сияқты, жұп-жұмыр,
Шаңырағы Күн сияқты дөңгелек»
«Сен – қазақсың!
Ұлы дала тұғыры
Күмбір-күмбір күрескерлік ғұмыры,
Тірескеннің дірілдеткен тізесін,
Тұлпарының тұяғының дүбірі!».
Иә, «Жер бетінен Жерұйықты іздеген» қазақтың жүрегі не іздейді?
Ақын ойынша, «қазақ болу – ғаламатқа ғашықтық».
Жұбан аға айтқан, «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» ұғымының арғы жағындағы ойды ақын қарындасы іліп алып, оған жаңа үн, жаңа бояу, жаңа өрнек қосады.
Сен – қазақсың!
Қазақ едің туғанда!
Онда дүние тағылымнан үлгі алда,
Ата-жұрт­тан, ана тілден
айрылма.
Төбеңде Күн, төменде Жер
тұрғанда!
Иә, әр адам бақыт­ты болғысы келеді. Күләш ақын – күнге ғашық. Күн жылуы – жан жылуы поэзиямен ұштасып, ақын жанын әлдилейді, тербетеді, халық махаббатына бөлейді.
Ақын өз Отанының «бұлақтарын», айдындарын», «құмын», «шыңын», «шыңырауын», «шөбін», «шөлін», «бұлт­тарын», «гүлдерін»,«жұлдыздарын» сүйеді.
Күләш үшін өзен сыңғыры – өлең, еркін самал лебі – өлең. Ақын ұғымында жаратылыс, таңғажайып әлем, түрлі-түсті өмір, бәрі-бәрі – «поэзия» секілді.
Ақын бақыт іздейді. «Ұқсамайтын бақытына басқаның»…
«Халық даусы қашанда айбынды,
асқақ,
Қай кез­де де қаһарлы халық күші».
Жалпы, халық деген жадағай ұғым емес. Ол «халқымның ақыны боп», соны Алладан мінәжат етіп тілейді.
«Халқым аман болсын деп
көзімді іліп,
Халқым аман болсын деп оянамын!»
Күләш ақынның поэтикалық қарымы биік. Ол ақын жүрегімен бүкіл қазақ топырағына бас иеді, сүйеді, мақтанады. «Бабалардан қалған Жер – асыл мұра» деп оларды «рухымды көтеріп тұрғандарым!», – деп жырлайды.
Ол Талас бойындағы Үшарал өңірінде өсті. Көне Таластың тылсым тарихын таныды. Таластағы таңбалы тастармен сырласты. Осындағы «Бозтамшы», «Арна», «Ақкесене», «Көккесене», «Суықжал», «Әулие», «Еспе», «Тәңірқазған», «Бөріқазған» сияқты жер-су атауларынан қуат алады.
Күләш ақын Талас тарихын тану арқылы өзін де танытқысы келеді. Бұл – ежелден қалыптасқан ақындық дәстүр.
«Бүкіл елге сенің бүкіл бейнеңді,
Таныстыру менің үлкен міндетім!», – деп толғанады ол. Ақын Үшаралын Мәжнүнге, өзін Ләйліге теңейді.
«Ертістің бойы», «Сарықарқа», «Бурабай», «Баянауыл», «Жасыбай көлі», «Көгілдір кештерінде Көкшетаудың», «Ақжайықтан қайтарда», «Шағанның жағалауында» сияқты өлеңдері қазақ жеріне, қазақ рухына деген махаббат сезіміндей көрінеді. Ол «мінін емес, мықтылығын қазақтың, адамзатқа ұғындырыу ұлы арман», – деп тебіренеді.
Әрине, Күләш поэзиясының лирикалық толқындары бір бөлек. Ол өз махаббатын жырға қоса отырып, әйел жанының нәзіктігі мен парасат­тылығын, төзімділігін, адалдығын, сенімін биікке көтереді.
…Бір үйде екі ақын. Күләштің жұбайы Қайырбек Асанов та – ақын, журналист, белгілі көсемсөзші.
Қазақтың сал-серілерінің бейнесін көз алдыңа әкеледі. Бұйра шашты, ашаң жүзді, өткір көзді, күлкісі сұлу, жігіт­тің төресі.
Қос жұбай жарасымды ғұмыр кешті. Соның куәсі болдық. Күләш махаббат, сезім, сенім мен төзім секілді әйел жанының нәзіктігін жарына арнаған өлеңдерімен көмкеріп отырды.
«Менікі еді бұйра шашың,
ақ маңдайың, қолдарың,
Менікі еді көздерің де құшып
сүйіп тұратын».

…«Біз екеуміз екі жерде ерегісіп
отырмыз,
Намыстанып, бір жылы сөз бірінші
боп айтуға».
Бірнеше циклдан тұратын махаббат жырларында, Күләш ақынның жан сыры бар.
«Қарай алсаң, сен маған қара мәңгі,
Алғаш рет кез­дескен күндегідей».

… «Кешіре біл, ашу от өшіре біл,
Келісе алмай өтпесін есіл өмір».
Күләш өзінің көңіл күйін, жүрек толқындарын, күю мен сүю аманатын өлеңімен парасат биігіне шығарады.
«Қолы жетпей қалған сұлу көп
қыздың,
Сеніменен көп жылдарды өткіздім.
Екеуара ренжістер болғанымен,
Еш адамға еш өкпеміз жоқ біздің.

Ақ гүл едім үлбіреген қолыңда,
Бәрі жақсы болар-ау деп соңында.
Тағдыр бізге салмақ артса,
Алдымен,
Ауыр жағын мен көтердім оның да».
Күләш ақын махаббат жырларында адами құндылықтарды көрсетеді. Жан таразысын, жан тебіренісін, жан толқынын поэзия арқылы көтереді, биіктеді.
Бірде Қайырбек дос қоярда-қоймай, аяқ астынан дастарқанына шақырды. Қылшылдаған жас кезіміз, Күлекең тездетіп қуырдақ қуырып жіберді. Тентек су да алдымызға қойылды.
Қайырбек екеуміздің қан жақындығымыз бар. Сөз реті келгенде «Қайрекең – мықты ақын. Журналистикада көп жүріп қалмағанда кім біледі, өзіңмен қатар тұрар ақын болар ма еді», – деп қалдым.
Сонда Күләш:
– Қайырбекті сұлу қыздан да қызғанбаймын, бірақ өлеңнен ғана қызғанамын, – деп еді. Сонан кейін «Түйме» деген өлеңін оқыды.
«Бұрынғыдай сағынбайсың сүйгеніңді,
Бұрынғыдай асықпайсың үйге енді.
Әр нәрсені ойлап кет­тім лезде,
Қадап тұрып, үзілген бір түймеңді».

…«Әр нәрсені ойлап тұрдым
ішімнен,
Сен де мені сияқтысың түсінген.
Жып-жылы боп қолың тиді бетіме,
Еңкейіп ем жіпті үзуге тісіммен».
Сол сәт көз алдымда әлі тұр.
Қайырбектің үйіне тосыннан шақырғанының да сырын енді ұққандаймын. Ол Күләшті ренжітіп алған сияқты. Ал Күлекең мені жақсы сыйлайтынын біледі. Сірә, мен бір реніштің түйінін шешуге дәнекер болғанмын-ау, сірә!
Қайырбек те қарап қалмады. Жөткірініп алды да, жұбайы Күләшқа қарап, бір өлең оқыды.
«Тоқмейілсіп көңілің жайлана ма,
Сүйіктіңді үнсіз ғана ұғудан.
Мейіріммен қараймын айналаға,
Саған ғашық болудан.

…Сыйлығы бар, үлесі бар әркүннің,
Естен кетпес жарқылы.
Биіктерге, белестерге талпындым,
Сені сүю арқылы…».
Ақындардың жүрегі-ай! Жас ғашықтардай екеуі құшақтасып, жүздері бал-бұл жанды.
– Қазан көтеремін, ет асамын. Дастарқанға қайта отырыңдар, – деп Күләкең жайылып түсті.
Шын сүйіп қосылған екі ақынның үйіндегі осы бір өшпес сәт санамда қалып қойды.
Е, дүние-ай!
Поэзия, өлең, Күләш ақынға бақыт болып кірді, дерт болып та жабысты. Ол қызмет, мансап қуған жоқ. Ол өлтірмейтін өлең қуды.
Ол өлеңге өлердей ғашық болды.
Ол сөз құдіретін сезінді.
Ол өлеңді асқақтат­ты. Өлең оны асқақтат­ты.
«Несіне осы өлеңді жазамын мен,
Тарт­тым ғой, жетерліктей азабын мен.
Білмеймін қалай еріп кеткенімді,
Муза кеп сыбырласа ғажап үнмен.

Ынтық боп нем бар еді осы өлеңге,
Қалмайды дегбір өлең десе менде.
Қалайша күймей қалғам,
Жап-жалаңаш,
Қолыммен қызыл шоғын көсегенде?!

Кім мені жадылады, дуалады,
Қолым да, жүрегім де сұранады.
Неліктен жаным содан жұбанады?
Сол ғана шаң-тозаңды жуа алады.
Жай сөздер… Кенет өлең құралады».
Иә, Күләш ақын өзі айтқандай өлеңі – сыбағасы, майданы, ұлы алаңы, ананың күлкісі мен көз-жасы, қуанышы мен махаббаты, қызығы, үміті, қымбат тілі, күресі, бір сөзбен айтқанда, өлеңге ғашық ғұмыры!
«Өмір деген болу екен әр түсті,
Ақ пен қара әлімсақтан тартысты.
Қара шашқа оралып ақ талдар,
Қаратаудың басына аппақ
қар түсті.

…Байқаңызшы, ойлағанда
түнде ояу,
Бір бояуды кемітеді, бір бояу.
Зер салыңыз, батар кез­де
Күн баяу,
Бір бояуды күшейтеді, бір бояу…».
Өмірге ғашық болу – тағдырға ғашық болу. Күләш күннің көзінен нәр алады. Жер-Ананың құдіретін сезінеді. Өмірге ғашық көзбен қарайды.
«…Жүрекке мейірім мен жылу –
көмек,
Бұрылмауға бола ма сұлуға ерек?
Ойлай берсең ой да көп, уайым көп,
Шыққан Күнге қуана білу керек!».
Күләш ақын өмірімен, өлеңімен бақыт­ты! Ақын Күләштің таза лирикалық өлеңдері ғана емес, кең ауқымды поэмалары да ақын тұлғасын биіктетіп тұр.
«Ұлы Дала», «Болашақ үшін», «Сарыөзек сағыныш», «Ғасыр қасіреті», «Ана дауысы немесе нейтрон бомбасына қарсылық», «Бозторғай» сынды поэмалары қазақ поэзиясының алтын қорына қосылды.
Бұл поэмаларда ұлт мұңы бар. Ақынның жан дүниесін тебіренткен, рухани күйзеліске ұшыраған халықтың мұң-зары бар.
Қазақтың атақты ақыны Қадыр Мырза-Әлі кезінде Күләш Ахметова поэзиясы туралы «Мың бір мұң» ат­ты мақала жариялап еді. «О, бастан өз халқының ұлы болып, өз халқының қызы болып дүниеге келген перзент, әсіресе ақын перзент ешқандай қарабастың қамымен, мұңымен шектелмейді. Ол жерім деп жылап, елім деп еңірейді. Ең бастысы, адам деп аласұрады.
Адам дегенді бүкіл адамзат деп ұқпай-ақ, өз төңірегің, өз айналаң, өз ағайының деп түсінген күннің өзінде, мұның өзі кішігірім мұң емес. Ал бүкіл адамзат деп ұғар болсаң – сұмдық».
Қадыр ағаның бұл сөздерін пәлсафалық, адамзат­тық құндылықтар безбеніне салып өлшесек, мұны ақынның ақынға деген құрметі ғана емес, сол қасірет­ті ұлт­тық мұңды бірге көтерісетін ұлы рухты көреміз.
Күләш ұлтын сүйеді, халқын сүйеді, қазағын сүйеді.
«Қазақты жамандама, қазақ бала,
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік, Ай астында, Жер үстінде,
Қазақтың жанашыры қазақ қана!»
Күләш ақынның күні мен мұңы –
ұлтқа арналады.
Беу, дүние!
«Құлай сүйген туған елін, құндағың,
Жан түбінде жарығы бар тұлғамын.
Зерде көзін саларсыңдар, зер сөзге,
Шешу үшін жүрегімнің жұмбағын», – деп халқына өлеңін аманат­тағандай көрінеді.
Өзі сүйген, өзін сүйген халқы, ақын поэзиясының жұмбағын танып жатыр, тани береді.
Рухы шат болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір