Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ. ТІЛ ТАУЫНА ТУ ТІККЕН
03.11.2026
68
0

Қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Рахымжан Отарбаев қаламгерлік ғұмырында қазақ сөз өнерінің көркемдік кеңістігіне, ұлтымыздың ұлық тіліне өзіне тән өріс қосқан, тіл тауына ту тіккен талант болып қалыптасып, қазыналы қолтаңбасын қалдырды. Туғанына 70 жыл енді толып жатқан жанкешті жазушының әз есіміне құрмет көрсетіп, рухына сөз бағыштау парыз болмақ.

Бәрі күні кешегідей есте. «Ағалап» алдымнан шығып, жел тұрса «мен кеттім» деп тұра жөнелуге дайын тұрған қара шашын салалы саусақтарымен бір қайырып тастап, жезтаңдай көмейден шығатын барқын даусына жұмбақтау саз, інілік наз жүгіртіп, өзгеге қызық, өзіне өршіл мінез қосатын пейілімен тосын сырдың тиегін ағытуға дайын ыңғайын көретін едім. Құлақ пен күлкіні қатар делбеп, жанарымда жүгірген жылы сәулені алдынан жүгіртуші едім. «Аға, осы мен көп адамға жақпайтын секілдімін, өзім жайсызбын ба, әлде сөзім жайсыз ба, әсіресе әкім-қаралар мен жақындағанда түлкібұлаңға салып, түрін өзгертіп, іннен қашқан қояндай ытырынып кетеді. Соны көргенде желкемде жүрген жыным ауыздың шүріппесіне келеді, арындап келген сөз-жебесін тартамын да жіберемін, осыған қалай қарайсыз?» – дейді менен емтихан алып отырған мұғалімдей жауап күтіп.
Оңай-ақ сұрақ сияқты, жауабын да жеделдеп бере салуға болатындай. Бірақ соңында салмағы, алмағы мен аңдамы, қауып түсер қармағы мен бүгулі бармағы бар сұрақ. Ойлана, талай жайды ойға ала жауап беруге тура келеді. «Меніңше, сені он адамның сегізі жақсы көреді, мүмкін екеуі жақсы көрмес, азшылық көпшілікке бағынған заң бойынша, жеңіс сенің жағыңда», – деймін әзілге иық беріп. – Әйтеуір, мен сені жақсы көрем, өзіңді іні тұтқасын ба, сенің әр сөзің қаттаулы құпия, жаттаулы жария деп санаймын. Шындық деген ащы болатынын өзің де білесің, көзіңнен жас, көңіліңнен сора ағызады. Жасаған адамды жаратқанда тәні мен жанын ретке келтіргенмен, мінезін ретке келтірмеген дейді ғой дін дәргейлері. Абайдың мінез туралы не дегенін өзің де білесің, абыздың пышағын заман топырағы тот бастырған болар, қазір қайыру бермей қақшаңдап, айбаты шапшып аспандап кеткен нәрсе де мінез болып тұр ғой, мүмкін мына құбылғыш уақыттың шайтани мінезі шығандап, қисыны қиындап кеткен болар», – деймін.
«Қазақтың қара сөзін бір кісідей құбылтамын, қойша айдаймын, маған сөзден түйін түю қиын емес, ойдан түйін түю қиын, қаламның кейде өзіңе де бағынбай кететін мінезін сіз де білесіз ғой, бірақ артында арамдығым жоқ, ақиқаты осы болар деп алысқа тартатыным бар, әйтпесе ұзында өшім, қысқада кегім жоқ, жер өртеп, ат шығаратын да адам емеспін. Айтсам – тілім жазықты, жазсам – қолым жазықты», – дейді ол өзіне тән шешендігіне қол артып. Жазуын жазғанмен, әр шығармасына әдеп пен әділдік өлшемі қажет екенін де терең ұғынатын талант екеуара сыр ағысында бұл тұрғыда айтарын талай рет ашыла ортаға салғаны бар. Екеуара сыр-сұқбатымыз әзілден өкше көтеріп, орта жүріске келгенде ойға салмақ салып, әдеби әдіс-тәсілдерді таразыға тартқанда оның оң иығы көтеріліп шыға келетін.
Кезінде, әлі де азаттық таңы шапағын түре қоймаған кезде Рахымжан «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарды. Сол кездегі ұран да, ұрыс та айдынын алып қашқан Арал теңізінің тағдыры туралы өрбитін. Екі бұрымы – Әму мен Сыры теңізге жетпей жұтылып, су басындағыға ұтылып, жоспар деген құтырып тұрған кезінде «Қазақ әдебиетінде» Рахымжан «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген мақалалар шоғырын қоздатты. Су мен шу қатар ағып, қаламгердің қапысын тауып айтқан қос сөзі нақылдай нақышталып, ауыздан ауызға, қаламнан қаламға көшті. Арал туралы сөздер судай сапырылып, теңізге бөлінген қаржының қаға берісте қолжаулық болғаны да назардан тыс қалды. Теңізге құйылған сөздер ескегі еспе құмға шаншылған аралдықтардың сағына күткен суына айнала алмаса да, Кіші Аралдың келбетіне қан жүгіріп, құмға батқан кемелердің дат басқан іліңгірлері айдынға үмітпен көз тастады.
Аралды жазуындай-ақ жазды Рахымжан, қилы жайларды қазуындай-ақ қазды Рахымжан. Қаламында қайрат бар, қазақ сөзінің мың қатпар, жүз атпал қоржынын қолға ұстаған Рахымжан ұлт прозасында ұтыстың алдын бермеді. Қарапайым ғана көрінетін тақырып, ауыл өмірінің сан алуан жұмбақ та езу тартар сәттері, өзіміз көп көріп, көңілге тоқыған ауыл өмірі, адам көңілі, аңқаулығы мен сенімі, қоңторғай тірліктің пейілі оның қаламының ұшында құбыла ойнап, стильдік шеберлігіне құныға қаратып, бейімбеттік прозаның өркениеттік өріске қамшы тастағанын қапысыз аңғартты. Оның қысқа қағытпалары мен қанатты тіркестері оқырман орбитасында сан айналып, «деген екен» деген юморлы сөзден гөрі үйірлі сөзге айналып, «қасқа бала, қасқайып тұрып айтқан екен» дегізді.
Соның бірі әлеуметтік әлеуетке иек артқан «Арал тағдыры – адам тағдыры» сөзі ащы ақиқаттың аксиомасы секілді болып әлі күнге ұлт тарихының ұрасында, сөз тарихының мұрасында. Көпшілік нақылға айналған бұл тіркесті ауызда ойнатты, жария етіп жайнатты. Жас қаламгерге мақтануға тұратын жағдай еді ол. Тарихи әділдікке жүгінсек, бұл сөз – Арал аймағында ғұмыр кешіп жатқан қандастардың қара сөзі болатын. Ғылыми дерек бойынша 12-15 миллион жылдық тарихы бар, кезінде Тетис атты ұлы мұхиттың шүңгүлі болған Көк теңіз – Кердері теңізі Арал жағалауына жапырлай қонған талай елдің тағдыры да, ән-жыры да болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Құлындай тулаған қаязы мен сары бауыр сазаны бастатқан сан балықтың атасы да осы айдында дүрмеп көшіп, дүркіреп жосылып жатыпты.
Қанатын жел қаққан құстай жыртылып айырылатын бұл теңіз ел айырылғанда еншімізден де қол үздірген Еділ бойы аштыққа душар болғанда кешегі көсемнің хатына он төрт вагон балық жіберіп, жалпыкеңестік жарияға жалпыұлттық еңбекпен жауап берген Арал еді бұл. Қазақтың несібесін қазанға салған қазына еді қарт теңіз. Қашқан судың тағдырында босқан тұрғынның көз жасы бар еді. Аралдың балығын жемесе де, ақшасын жеген талай қомағай қонышынан басқан кезеңде осы сөзді жас жігіт садақтың сары жебесіндей тартып еді.
«Бірде, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп жазып, қалың елді үміт қанжығасына байлап қойғаным бар еді. Бірақ Аралдың орнына келмейтінін біле жүріп, елді елеңдетіп жазып, үмітін алдадым ба деп кейде ұялатын болдым. Сөз оңай, іс қиын екенін білетін жасқа келдік қой, соным қате, асығыстық болды-ау деп өкінемін. Көпті алдағандай болып, көп ұялатын болдым, бұған не дейсіз?» – дегені бар-ды. Рас, көптеген қаламгер осынау қанатты сөзді қағып әкетіп, желкендей желбіретті, өлеңдей мөлдіретті. Қарыс-қарыс жинақтар шығып, қалыс-қалыс пікірлер айтылды.
Іліңгірлері құм қауып, келмеске сапар шеккен кемелердің қаңқасы әлі сол күйінде «Рахымжанның айтқаны дұрыс еді, айдау­шылары адастырып кетті-ау» деп құм суырған қара желде шаң ұшырып жатқандай болады да тұрады. «Арал тағдыры – аран тағдыры» болды деп күйзелетін шамшыл қаламгер. Бұл да оның аузынан оқыста ұшып шыққан оқ секілді сөзі болатын. Желге бағынған жебедей болған сол сөз әлі де айтылып қалады. Айтылған сайын Рахымжан еске түседі.
Арал туралы сиырқұйымшақ сөз болса, қысыр мәжіліс құйысқанға қыстырылса, Рахымжанның осы айтқанын малданған, үміт күтіп алданған алаң жұрт та еске түседі. Кешегі күнгі Жайық атты жанды судың, Қиғаш атты қанды судың, тепсініп келіп тебіскен, қылыш пен найза көріскен Тептердің бойын бірге аралаған кездерде, кешегі Сарайшықтың кешегісін жыл сайын шайып, ертеңінің ендігін кесіп бара жатқаны да әңгімеге тұздық болып, жазатын нәрсе көп, қазатын кім бар, айтатын нәрсе көп, алатын кім бар деп бірге тебіренген шақтарымыз да енді бәлду-бәлду бәрі өтірік секілді. Жайықтың жағасында батыстан соққан қара желге шашымызды тарап тұрып, Еділ-Жайық екі судың арғы-бергі жағасында сөз топанын ойнатқан жайларды тілге тиек етіп тұрғанда: «Аға, елден ұзаңқырап кеттіңіз, елге келіп, екеуміз біріміз – Оралбаев, біріміз, Отарбаев болып қатар тұрып қалам тербесек, алдымызға шығар кім бар?» – деп те толғап кететін.
Менің де жанымды толқытып, жайымды қозғап кететін осы сөзді естіп тұрып, бір қиырдан бір қиыр қуып жүрген қызметтің ұзын арқаны қашан жазылар деп те ойға батып кететін едім. «Жазсақ, осыны жазайық, қазсақ осыны қазайық, жағасында жүрсің ғой, қаламыңды қыса ұста» дегенмін. «Жиен ел болмас» дегендей, қаһарлы Грозныйдың қаптаған жасағынан қирандыға айналған Сарайшықтың мөлдір көлінде жүзген ханшайымның алтын қайығын енді таба алар ма екенбіз деп те толғадық. Сарайшықтың сары алтыны қолды болғанын ашына айтып, қазақ даласында архитектуралық шешімі бойынша ең бірінші рет қазіргі Кремльге үлгі болған дүрегей дуалы туралы да дүрдей болып сөз оздырдық.
Шүкір ғой, жеті хан жатқан киелі жердің рухы қайта ояну үстінде. Алтын Орданың 750 жылдығын жан-жақты тойлап, Ұлытаудан көш ұзатқан Жошының тарихи тұлғасын тасқа да, басқа да қашап жазып жатқан кезеңге де иек арттық. Қазақ тарихының 7 томдығын қуан­ған көңілмен парақтағанда көңіл тоғайтар салтанатқа жетеміз деп қуана хабар күтіп, ұлт байғазысын дайындап отырған халқымыз бар. Мұны сен көре алмай кеттің, інім Рахымжан. Бірақ рухың сезіп жатқан болар. «Анамды жұтқан Ақ Жайық осы» деп жағасында мұңа­йып тұрып сыр айтқаның да есімде.
Менің көзім жеткен бір жағдай, Рахымжан сәтсіздікке тап болған жағдайда да жасымай, қайта жігер оты жалындай түсіп, қайыра тартқан қылыштай қырланып кететін. Екі рет мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне түсті. Бірінде өзі жасы үлкен қаламгерге жол берді. Тағы бірінде мен сол кездегі Мемлекеттік хатшының алдына жазба күйінде пікірімді айтып кіргенмін. Бірақ бұл жолы да комиссия жеткілікті дауысын бермеді. Сол туралы айтқанымда: «Аға, бәрін естідім, мен үшін Мемлекеттік хатшының алдына барып, бар сөзіңізді айтыпсыз. Сізге екі дүниеде де разы­мын», – деді толқып тұрып.
Астанаға жолы түскенде «ағамның үйі ақмешіт» деп жайраңдай кіріп, жеңгесін әзілмен қарық қылып күлдіріп, небір хиқаяларды айтқанда, бір жасап, рақаттанып қалушы едік. Ғажайып сырласуларда айтылған сөздің қайсыбірін айтарсың бұл жерде. Біреуін іле кетейін, Атырауда Зекең – Зейнолла Қабдолов ағамыз, жазушы Мереке Құлкенов және Рахымжан бәрі ресторанда көңілді отырады. Сол кезде бір кісі келіп, Зекеңнің Ақтаудағы қарындасына уақыт болғанын ағамызға білдірмей айтып кетеді. Тағы бір-екі адам да болса керек. Ешқайсысы батылы барып, Зекеңе суық хабарды айта алмайды. Сол кезде Рахымжан мен естіртейін дейді. Содан «Аға, бұл өмірдің тозақ екені рас па?» дейді. «Рас, Рахымжан» дейді сөзгер ағамыз. «Аға, бұл өмірдің азап екені рас па?» дейді. «Рас, Рахымжан» дейді Зекең. Сонда Рахымжан: «Аға, ендеше Ақтау­дағы қарындасыңыз сол тозақ пен азаптан құтылды», – дейді даусы саңқылдап. Сол кезде Зекең: «Қарындасым-ай» деп қамығып отырып қалыпты. Мұндай тапқырлық пен шешендік оның өн бойында өріп жүретін.
Айтарын айылын жимай айтатын, жазарын жасқанбай жазатын Рахымжанның орны ойсарып тұр қазір біздің ортамызда. Әбіш аға Кекілбаевтың қаралы жиынында сөйлеген сөзі сол жерде отырғандардың айызын да қандырды, жүрегін де ұшырды. Әкім-қаралардың қылпылдаған көңілін, жыпылықтаған жанарын сонда Рахымжан көпке бір көрсетіп, қасқайып тұрып еді.
…Тәуелсіздіктің таңғы арайында айтылған арман қазіргі таңда ақиқатқа етене мойнын бұрып, ұлт көшбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарих пен руханиятқа түбегейлі мойын бұрған мемлекеттік саясатының да жан қуанар жаңалығын көріп жатырмыз. «Кітап оқитын ұлт болайық» деген ұлт перзентінің сөзін жүзеге асыратын күндер де көбейіп келе жатыр. Сол күндерде сенің де кітаптарың біздің, көптің, жас ұрпақтың қолында болады деген сеніміміз зор. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болса, «Бас та» енді қанжығада емес, қолымызда болып, Махамбеттің жауынгер жырлары жалпыұлттық дамудың ортасында желкілдеп шашақ көтеріп, еркіндеп елге сес берер.
Еліміздің Батыс өңірінде қайтыс болған адамның жетісін, қырқын айтпағанда, жүзін, яғни жүз күндігін беретін де дәстүр бар. Сол дәстүрге қол ұра отырып, Рахымжанның жүз күндік қадесі қарсаңында оның өзі айт­қан және ол туралы айтылған кейбір сөз сыралғыларын ортаға сала кеткенді мақұл көріп, осы бір жазбаны бастап түсіріп едім.
Енді оның жетпіс жылдығын еске алу жағдайында сол жазбаны жанарымның алдынан жадыма сүйене өткізіп, ішінәра сөз бұйдалап, жатқан жерің жарық болғай деген дұғалық пейілдің үстінде отырмын. Бұл да қазақ салт-дәстүріне оғаш болмас, орайы тапса оңынан кірігер қажетті қосымша болар деп ойлаймын. Әр қаламгердің болмыс-бітімін кейіптеу дәстүрінде мұны да реті келгенде нақыштап отырсақ, айыбы болмас. Қайта оның мінез-құлқы мен қаламгерлік қасиетіне керекті сызба болып қосылар деп ойлаймын. Ол туралы әлі талайлар жазады, еңбегін үлгі етеді. Оның әдеби мұрасы ғылыми нысанаға айналады.
Рахымжанның қазақ көркемсөз майданына ақын болып келгенін көпшілік біле бермеуі де мүмкін. Ол қазақ өлеңіне тосын да астарлы, сыршыл да мұңшыл, теңеуі мен кенеуі тең келген жас ақын болып келді. Алғашқы өлеңдерін ақ пейіл, аппақ ниетпен оқыдық. Оның күтпеген шешім қабылдайтын да мінезі бар еді. Бір күні жеті баспатабақтан тұратын өлеңдерін Қарақалпақ елінен келген өзімен тетелес бір ақынға басыбайлы сыйлап жіберді. Осылайша, өлеңнен іргесін аулақ салып, прозаның мехнатты тұрмысына біржола бет бұрды. Бірақ желдей жосылған қара сөзі «мен ақындықтың ауылынан келгенмін» деп жар салып тұратын. Бір шендестіру: бір Рахымжан жау ордасына ту тікті, екінші Рахымжан тіл тауына ту тікті.
Рахымжан ертелеу кетті. Ер-тұрманы толық бүтінделмей кетті десек, қателесуіміз де мүмкін. «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деп мұзбалақ Мұқағали толғағандай, қызметтің де, өмірдің де кеңістігінде төрдің талайында отырды. Ал әдебиетте өзінің өлмес туындыларымен халқына қазына тастап кетті. Ең ұлы байлық та, бақыт та осы емес пе!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір