Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ. Қаламгердің жарқын ізі
28.08.2026
72
0

Атырау облысының ақпарат саласында абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, облыстық «Атырау» газетінің Бас редакторы Назарбек Төлеуішұлы Қосшиевтің бес белесі – елу жасы ердің жасы ғана емес, елдің де назарын аударған елеулі кезең.

Қилы заман, қиямпұрыс кезеңде банды атанып, жат жерде жасырын ғұмыр кешкен Құныскерей (Құдыскерей) батыр арман ғұмырында аңсап өткен Тайсойған мен Бүйрек құмдарын жастанған, Қарабау мен Қаракөлді бастанған құнарлы қоңыр далада талай тарихи оқиғалар болғанын тілін тістеген тылсым тарих ашылып айта қоймас. Қызылқоғаның қиян аймағында арғы кезеңде өмір кешкен өрендер мен берендердің болмыс-бітімі, маңдай тері мен майдан көрігі, ақ пен қызыл айқасқан, шеп бұзғандар шайқасқан, қария ғұмыр мен жас өмірдің байқасқан жылдарында болған жандар хақында енді кімдер айтады?
Туған жердің бір уыс топырағын шүберекке байлап, сәбиінің жұпар иісіндей сағына сезініп, жанынан тастамай өткен жандардың жан сырын, жүрек жырын кім ашып айтып, астарын аударып жазады? «Бесжылдықтың балғасын солқылдатып соққандарды», «Мұнайшылар, мұнай бер, соны сізден сұрайды ел» деген екпінді сөздің кейіпкерлерін, жапанды жаңғыртқан далалық қайратты танытқандарды енді кім танытып, кім жазады? «Қой басын елу миллионға жеткіземіз» деп бүкіл қазақ даласының жас ұрпағын шопанға айналдырып, жігерін жіпсіз байлаған кезеңді кім көңілге қарамай көрсете алады?
«Құдай байытпағанды, мұнай байытты» деген жалаулы сөзді жабыла жырлаған заманда қара маржан қаһармандарының жанкешті еңбегі мен жанқиярлық төзімін кім байыптай алады? Тұғырға қонған тәуел­сіздік жылдарында нарық пен халықтың өзара өгей белдесінде, егемен жылдардағы ел көшінде еңбек еткен ардагер ұрпақтың абыройлы сапарын жалғаған бүгінгі толқынның адами болмыстары қалыптасуын кім аша көрсете алады? Бар ма сондай жандар?
Бар, бар болғанда қандай. Белгілі журналист, көсемсөзші Назарбек Қосшиев назарына алған алдыңғы толқын ағалары кімдер еді? Солар қалыптастырған, тіктеген, тұғырландырған, тағылым берген ағалардың алғыр мектебіне алымды шәкірт болған кейінгі толқынның топ бастар қатарында келе жатқан Назарбектің көпке танымал, көңілге жағар қолтаңбасы жайдан-жай белгілі бола қалған жоқ. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» демей ме абыз Абай. Солардай болуға талпыныс, құлшыныс, ұмтылыс оны қаламгерлік, азаматтық тұғырға алып келді.
Ақтық сапарға кеткен әз ағаларды еске алып көрейікші: Тауман Амандосов – қазақ журналистикасының негізін салушы, еңбек жолын «Атырау» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Түсіп Бисекенов – «Коммунистік еңбек» газетін 13 жыл басқарып, биік деңгейге көтерген. Берік Қорқытов – облыстық газетте ұзақ жыл жауапты хатшы болып жергілікті жазу өнерін, қаламгерлік сипатты, өлке тарихын зерттеудің негізін қалаған жазушы, драматург. Теңдік Жауыров – облыстық газетті 1976–1978 және 1987–1995 жылдары басқарып, газет журналистикасына барлық ғұмырын арнаған майталман. Мұфтах Нұриден – қазақтың санаулы фельетоншыларының бірі, «Егемен Қазақстан» газетінің айбары мен абыройы болған ағамыз. Мұңал Далбаев, Тәжібай Текеев – аудандық газеттің бұқара тынысын насихаттаудағы рөлін жұртшылыққа мойын­дата білген журналист-медиаменеджерлер. Айт­қали Нұрғалиев – Атырау теледидарының екінші тынысын ашқан, қазіргі атыраулық тележурналистердің тұтас буынын дайындаған ұстаз. Өтепберген Әлімгерейұлы – өлке тарихы мен телевизия ісінің арасында «алтын көпір» болған маман. Осынау ардагер ағаларының ізін басып, көшіне ерген өңірге белгілі журналистер Төлеген Жаңабаев, Қаржаубай Сұлтанғалиев, Төлеген Берішбаев, Мақсот Қуатбаев, Болат Дәулетов, Исатай Балмағамбетов бастатқан тегеурінді толқынды ойға алсақ, қатарға тұрған қаламгерлердің қанаты жазыла түседі.
Ердің жасына елеулі еңбегімен жеткен Назарбектің өмірбаянында жазылған жайлар мен деректерді сөйлетсек, өңір тынысының кешегісі мен бүгіні тілін шешіп, тебіреніп қоя береді. Бұрын Шерхан Мұртаза ағамыз: «Журналист пен қасқырды аяғы асырайды» деген еді. Осы сөзді жандандыра түссек, журналистерді ойы мен тілі асырайды. Қазіргі заманда, ақпарат мұқиты сеңдей сапырылысқан кезеңде, оқырманның бәрі оқығыш және көргіш заманда жазғаның мен айтқаның олардың көңілінен шықпаса қолын бір сілтеп, ауып кете береді. Сондықтан журналист әуелі көп білуі керек, көп ізденуі керек, көбірек көре білуі керек, айтарын ақылмен айта білуі керек.
Осы тұрғыдан келгенде, Назарбектің телеарнада жүргізген хабарлар дестесін қарасақ та, жазған танымдық мақалаларын оқысақ та оның ақпарат майданының алдыңғы шебінде келе жатқанын жаңылмай көруге болады. Қазіргі журналист бой көрсетуді ғана емес, ой көрсетуді де күн тәртібінен түсірмеуі шарт. Блогер мен бәлегердің көбейген тұсында сауатты, салиқалы, сарабдал, сындарлы жазбагер және айтпагер болудың да сыны мен сипаты қатты өзгерді.
Сөзге тұздық, сусынға мұздық жарасқан уақыт қой қазір, Назарбектің Қарабауда қатардағы совхоз жұмысшысы болып бастаған өмірбаянының тізбегін жасасақ, онда ол Атыраудан Қарабауға дейін жететін тізбек болып шыға келер еді. Бәрін саралап, байып­тап қарасақ, ол журналистік қызметтің оң мен солын, ой мен төрін, қапталы мен жаққанын, көргені мен баққанын бойына қапысыз сіңірген қаламгерлік көріктен өткені көзге түседі.
Бұл белесте Назарбек – Сабырхан Асанов ақынның: «Журналист ол да найзагер, қолына желек ту алған, жақсылық көрсе қайда егер, басқадан бұрын қуанған, жұмысы оның уақытсыз, жүре алмас бір сәт толғанбай, біреуді көрсе бақытсыз, бақытсыз өзі болғандай», – дегеніндей журналистік кредоны бойына сіңірген маман. Журналист өмір бойы оқып, үйренеді. Оның ұстаздары да өзінің кейіпкерлері. Солар арқылы әрбір тілші өз өмірбаянын жазады. Азаматтық осылай өсіп, осылай қалыптасады.
Демек, ол – өз өмірбаянын мазмұнды жазып келе жатқан азамат. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қанатты сөздің мән-мазмұнын бойынан өткізе жүріп, қатардағы қарапайым тілшіліктен облыс басылымының бірнеше жылдан бері тізгінін ұстауға жеткен оның қаламының қуаты жылдан жылға жаңа арнаға түсіп келе жатқанын білгендіктен, ел назарына ілінген жасы тұсында ағалық лебіз білдіруді мақсат тұтқаным – облыс журналистерінің жалпыұжымдық еңбегіне де оқырман әрі жерлес ретінде қошемет білдіргенім.
Әдетте портреттік мақала жазғанда кейіпкердің өмірбаянын тәптіштеп, сарсаң болған сүрлеуге түсуді әдетке айналдырған емеспін. Назарбек – Атыраудың тумасы, қазақ елінің азаматы. Болды. Біз оның атқарған ісі мен қалдырған қолтаңбасын айтып, қалың оқырманның ақпараттық, деректік дидарына үлес қосуды мақсат етеміз. Ол телеарнада «Сіздің уақытыңыз» деген хабарлар дестесін жүргізіп, қазіргі тәуелсіздік тарихындағы ел назарындағы елеулі сәттерді, жаңалықтар мен жақсылықтарды тілге тиек етті. «Атырау жері» атты хабарында туған жерінің тарихи танымдық, этно-экологиялық жағдайын айтып, оның күрмеулі тұстарын ортаға салды. «Ел таны» атты хабарлары тарихи-мәдени портреттерді сөйлетіп, әсіресе жас ұрпаққа туған елдің өткені мен жеткенін жан-жақты баяндауына ұласты. «Ескермейтін есімдер» мен «Дегдар» адам танудың сан алуан сабақтарын сөйлетуімен есте қалса, «Зерт-зерде» хабарлар шоғырында ол экономикалық түйткілдер мен ел алдындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың көкейкесті жайларын ортаға салды.
«Хазардан – Қазаққа дейін…» атты 10 сериялы хабарлары, «Қарабау мен Тайсойған» энциклопедиясы, бірнеше бөлімдерден тұратын теледастандары мен телеочерктері, уақыт өте келе қаламынан туындаған «Кісеннің ізі», «Жайықтағы өмір аралы», «Арғы дәуір аманаты», «Ғазиз жандар», «Құрыш білек», «Құмда жанған шырақ» кітаптары өз оқырмандарын тапқан, өлке мен өмірдің ара жігін әдеби аспектіде байланыстырған еңбектер болып танылды. Қаламгерлік қуатын телеарнада ғана емес, баспасөзде кеңінен таныта білген Назарбек «Аманат» хабарында өзінің ұстанымына айналған азаматтық-қаламгерлік болмысындай, күні бүгінде қоғамдық құбылыстың тамырын басып танитын, ойы мен пікірін жан-жақты жанитын азамат болып қалыптасты.
Ердің жасы елумен ғана өлшенбейді, ол атқарған абыройлы қызметпен, жұртшылықпен етене жақындасудан, өз елінде болып жатқан тарихи-мәдени, әлеуметтік-саяси жағдайларды байыпты бағалаудан, тәуелсіздік тұғырын бекітудегі қоғамдық көзқарасынан, отбасын үлгілі жағдайда тәрбиелеуден, баламен бала, жаңамен жаңа, дарамен дара, інімен аға болудан да көрінеді. Бұл жағынан келгенде де Назарбек қамшы салдырмай, сыпсың сөзге алдырмай, жұрт көңілін қалдырмай келе жатыр.
Біз де қаламға қарай бастаған кезден бастап өңір өмірінің айнасы, облыстық «Коммунистік еңбек» газетіне назар аудара бастадық. Ол кездегі облыстық газеттердің бәріне ортақ бір қағида: ұстамдылық, саяси сауаттылық, партиялық принцип, қоғамдық көзқарас, сөзге сараңдық, салқынқандылыққа адалдық болатын. «Коммунистік еңбек» басылымы да осы ұстанымды ұстаздық үрдіс ретінде ұстанды.
Сол кезеңде ақындар Қабиболла Сыдиықов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Нұралы Әжіғалиев, Марат Отарәлиевтің өлеңдері облыстық газетте жарқ ете қалса, сол күні ол нөмірі керемет сәтті шыққандай қабылданып, басылымды басымызға жастанып жатып оқитын едік. Арғыдан келе жатқан ақиқат, өмір бар жерде өлең бар деген осы болар. Бір күні, әлі оқушы кезім еді газетте өзіммен қатарлас Төлеген Берішбаевтың өлеңдері жарияланып, Төлегенді сол күннен бастап Төлеген Айбергеновтің қатарына қойғаным әлі есімде. Қазірде қалам тербеп келе жатқан үлкенді-кішілі топтың жазғандарына, әдеби-ғылыми, мәдени-рухани жазбаларына назар сала жүре Атырау айдынын саналы сөзбен тербеген талантты топқа деген құрметімді айта жүремін. Соның бел ортасында Назарбек те бар.
«Атырау» газетін үнемі оқып, қай кезде де назарымда ұстап, кей жағдайда мақалаларым мен өлеңдерімді жариялатып қоямын. Сол кезде туған жерден жырақта көп жүрген жолаушыдай елмен етене амандасып, емен-жарқын сырласқандай да боламын. Он алты жасымда туған ауылымнан артыма жалтақ-жалтақ қарап аттанған шағым, қызмет бабына байланысты алпыс жылдай уақыттың бедерінде Алматы мен Астанада жүргенім әп-сәтте ұмытылып, ақындар ауылы атанған Ақкиізтоғайдың өзінде, Ұлы Жемнің жағасында тұрғандай сезімді бастан кешемін.
Уақыт бәрін де өзгертеді, бәрін де жаңалайды, ескіні тастап, жаңаны бастап, адам жанының тылсым қойнауына шұғыласын түсіреді. Қазіргі кезеңде, жоғарыда әз есімдері аталған ағаларды еске алғанда, солар бүгінгі күнді көргенде, бүгінде сөзі де өзі де өзгерген, жаңа атауды жарқыратып бойына шақтаған «Атырау» газетін көрсе қандай сезімде болар екен деп ойланамын. «Атырау» жаңа қоғамның жарқын сөзі болып, облыс жұртшылығының өзі болып жыл өткен сайын мазмұндық, көркемдік, сапалық, таралымдық жағынан өсіп, өркендеп келеді.
Назарбек басшылық еткен кезеңде ел сөзінің ұлы көшіне ілесіп, өңір тұрғындарының өмірін, жаңалықтарын, жақсылықтарын, көкейкесті мәселелерін баяндап, бағалауда өз мектебінің жаңа белесіне көтерілді. Газеттің танымдық, тарихи, мәдени, әлеуметтік тақырыптардағы ашық та ақиқатшыл ұстанымы, қасаңдық қағидасын мазмұндық ажармен әрлеуі, оқырман мәдениетін қалыптастырудағы жауапкершілігі, сын мен шынның өзара туыстық тінін жымдастыруы, жас таланттарға жанашыр болуы, аға ұрпақ пен жас ұрпақтың сындарлы сабақтастығын мезгіл талабына сай сақтауы, әрбір журналистің өз қолтаңбасын табуға деген құштарлығына жол ашуы, міне, осының бәрінің басы-қасында толайым тірліктің тамырын ұстап Назарбек отыр.
Аға жасына жеткен, қаламгерлік белестен өткен, екі одақтың мүшелігіне қабылданған Назарбек інімнің журналистік ұстанымы, азаматтық кредосы – әрқашан жақсыны көре білу, жаңалықты өз қуа­нышындай сезіне білу, қалың оқырман алдындағы жауапкершілігін жете пайым­дау, қысқасы назарын нұрлы дүниеге жаңылмай аудару. Ұжым басшысы болу – ұстаздықпен тең нәрсе. Сенің әр сөзің, әр ойың ұжымның көңілімен астасып жатса, еңбектің еленгені. Осы салада айтар сөзің таусылмасын, Назарбек бауырым. Назарың мен жазарың тең түсіп, телағыс толқындар тербей берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір