ҚАЛАНЫҢ ЖАДЫ: ЕСКІ СУРЕТТЕР БІЗГЕ НЕ АЙТАДЫ?
03.11.2026
33
0

Республика күні қарсаңында, 21 қазанда Атырау облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Атырау қаласының тарихи суреттері» атты фотокөрме ашылды. Музей қорындағы тарихи фотосуреттер мен ашықхаттар ұсынылған көрме қаланың өткен ғасырлардағы келбетін, сәулет ерекшеліктерін және қоғамдық өмірін таныстыруға арналды. Атырауда ашылған тарихи фотокөрме туған өлкенің өткенін тану мен мәдени мұраны сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Ескі фотосуреттердің бір қызығы, оларда уақыт тоқтап қалғандай көрінеді. Көшеде кетіп бара жатқан адамдар, әлдебір ғимараттың алдында тұрған арба, өзен жағасындағы тіршілік, терезесінен жарық түскен үйлер… Суретке түскен адамдардың көпшілігі әлдеқашан өмірден өткен, кейбір ғимараттар бұзылған, көшелердің атауы өзгерген. Бірақ фотосуреттегі сол бір сәт өзгермеген қалпында сақталып қалады. Біз өткен дәуірге қайта орала алмаймыз. Есесіне, сол дәуірден қалған суреттерге үңіле аламыз. Қаланың да адам сияқты өмірбаяны бар. Оның балалық шағы, өзгерген келбеті, бастан кешкен тарихи кезеңдері, ұмытылған мекендері болады. Алайда адам өз өмірін есінде сақтаса, қаланың жады адамдардың естеліктерінде, архив құжаттарында, ескі карталар мен фотосуреттерде қатталады.


Жақында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған «Атырау қаласының тарихи суреттері» атты фотокөрме осы ойға жетелейді. Көрмеге музей қорында сақталған 53 архивтік фотосурет пен ашықхат ұсынылды. Олардың арасында XIX ғасырдың ортасынан бастау алатын тарихи материалдар бар. Экспозиция үш тақырыптық бөлімге бөлінген: «Жайық жағасындағы көпірлер тарихы», «Ескі Гурьевтің сәулеті мен тарихи келбеті» және «Тарихи Гурьевтің қоғамдық және әлеуметтік нысандары». Бұл – бір қаланың өткеніне жасалған шағын саяхат қана емес, бүгінгі Атыраудың тарихи жадын қайта зерделеуге мүмкіндік беретін мәдени оқиға.

БІР ҚАЛАНЫҢ ЕКІ КЕЛБЕТІ

Атырау – ғасырлар бойы Жайық өзенінің екі жағалауында қалыптасқан қала. Оның географиялық ерекшелігі қаланың сәулетіне, көлік қатынасына, шаруашылық тіршілігіне, тіпті тұрғындардың күнделікті өмір салтына ықпал етті. Бүгінгі Атырауды кең даңғылдарымен, көпқабатты үйлерімен, жаңа көпірлерімен, өндірістік және іскерлік орталықтарымен танимыз. Ал ескі Гурьевтің келбеті мүлде басқа еді. Қала тарихын тек ғимараттардың салынған жылдарымен немесе көшелердің бұрынғы атауларымен сипаттау жеткіліксіз. Өйткені сәулет – белгілі бір кезеңдегі қоғамдық өмірдің де көрінісі.
Мәселен, бір дәуірде салынған сауда орындары сол кезеңнің экономикалық қатынастары туралы мәлімет береді. Мектептер мен училищелер білім беру жүйесінің қалыптасуынан хабар жеткізеді. Әкімшілік ғимараттар сол уақыттағы басқару құрылымын танытады. Ал тұрғын үйлердің сәулеті адамдардың тұрмыс деңгейі мен эстетикалық талғамынан сыр шертеді. Осы тұрғыдан қарағанда, тарихи фотосуреттерді тек өткен заманның қызықты көріністері ретінде қабылдау олардың шынайы құндылығын толық ашпайды.
Әр фотосурет – белгілі бір кезең туралы дерек. Көрмедегі «Ескі Гурьевтің сәулеті мен тарихи келбеті» бөлімінде қаланың бұрынғы көшелері мен ғимараттары бейнеленген. Олардың қатарында бұрынғы Орджоникидзе көшесінің көріністері, «Қызыл кустар» ательесінің ғимараты бар. Мұндай суреттерді тамашалағанда еріксіз сұрақ туады: осы ғимараттардың қаншасы бүгінге жетті? Жеткендерінің тарихи келбеті қаншалықты сақталды? Ал мүлде жоғалған нысандардың тарихын кім біледі?
Қала дамуының табиғи заңдылығы бар. Уақыт өткен сайын ескі ғимараттардың орнына жаңалары салынады, жолдар кеңейеді, тұрғын аудандар өзгереді. Бұл өзгерістердің бәрін тоқтату мүмкін де, қажет те емес.
Бірақ қаланың жаңаруы оның өткенін ұмыттыруға тиіс пе? Мәселенің мәні осында. Әлемнің көптеген қаласында тарихи орталықтарды сақтау мен заманауи инфрақұрылымды дамыту қатар жүргізіледі. Өйткені тарихи ғимараттардың құндылығы олардың көнелігінде ғана емес, қаланың өзіндік болмысын қалыптастыруында. Атырау үшін де бұл мәселе өзекті. Қаланың бүгінгі келбеті қаншалықты жаңарса да, оның өткен дәуірлермен байланысын сақтайтын нысандар мен деректердің маңызы кемімейді.

ЖАЙЫҚ ҮСТІНДЕГІ КӨПІРЛЕР

Көрменің жеке бір бөлімі Жайық жағасындағы көпірлер тарихына арналған. Бұл тақырыптың таңдалуы кездейсоқ емес. Жайық – Атыраудың географиялық ерекшелігін ғана емес, тарихи қалыптасуын да айқындаған өзен. Қаланың екі жағалауын байланыстыратын көпірлердің тарихы – көлік қатынасының даму тарихы ғана емес, қалалық кеңістіктің біртіндеп тұтасуының да көрінісі. Көрмеге қойылған фотосуреттер арасында Орталық көпірдің 1956–1965 жылдардағы көріністері бар. Бүгін көпірден өту – күнделікті тіршіліктің үйреншікті бір сәті. Жұмысқа асыққан адам, мектепке бара жатқан оқушы, қоғамдық көліктегі жолаушы көпірдің тарихи маңызы туралы ойлана бермейді. Ал ескі фотосуретке қарағанда оның белгілі бір дәуірдегі қала өмірін қалай өзгерткенін елестетуге болады.
Көпірлер адамдардың жүріп-тұруын жеңілдетіп қана қойған жоқ. Олар қаланың әр бөлігіндегі әлеуметтік және экономикалық байланыстардың дамуына мүмкіндік берді. Көпір тарихын зерттеу арқылы қаланың өсу бағытын, жағалаулардың игерілуін, көлік инфрақұрылымының қалыптасуын түсінуге болады. Тіпті қарапайым фотосуреттің өзі осындай сауалдарға жетелейді. Бір жағынан, суретте нақты құрылыс нысаны бейнеленген. Екінші жағынан, оның артында тұтас қоғамдық өзгеріс жатыр. Тарихи фотосуреттің танымдық мүмкіндігі де осында.

ҒИМАРАТТАР НЕ ТУРАЛЫ СЫР ШЕРТЕДІ?

Көрменің «Тарихи Гурьевтің қоғамдық және әлеуметтік нысандары» бөлімінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қала өміріне қатысты материалдар ұсынылған. Олардың қатарында 1891 жылғы түрме ғимараты мен 1904 жылғы Теңіз жүзу училищесіне қатысты фотосуреттер бар. Бір қарағанда, бұл екі нысанның қоғамдық қызметі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бірақ екеуі де қаланың белгілі бір тарихи кезеңдегі құрылымы мен әлеуметтік өмірінен хабар береді. Түрме ғимараты сол дәуірдегі әкімшілік және құқықтық жүйенің материалдық белгісі болса, теңіз училищесі Каспий өңіріндегі кәсіптік білім мен маман даярлау тарихына қатысты маңызды дерек. Мұндай материалдар қаланың өткенін біржақты сипаттаудан сақтандырады. Өйткені тарих тек сәулетті ғимараттар мен салтанатты оқиғалардан тұрмайды. Оның ішінде қоғамның қайшылықтары, әлеуметтік теңсіздік, білім беру ісінің дамуы, шаруашылық қатынастары, адамдардың күнделікті тіршілігі бар.
Тарихты тану дегеніміз – өткеннің тек өзімізге ұнайтын тұстарын таңдап алу емес, оны бар күрделілігімен түсінуге ұмтылу. Осы тұрғыдан алғанда, музейдегі фотокөрме келушілерді қаланың бұрынғы келбетімен таныстырып қана қоймай, тарихи деректерге байыппен қарауға шақырады. Көрменің ашылуына мемлекеттік мекемелердің басшылары, зиялы қауым өкілдері, университет ғалымдары, тарихшылар, өлкетанушылар мен журналистер қатысты.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев тарихи мұраны сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Ал музейдің Қазіргі кезең тарихын ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ерлан Қоныскерейұлы көрменің мазмұны мен тарихи мәні туралы баяндады.
Музей қорындағы тарихи фотосуреттердің көпшілік назарына ұсынылуы – осындай мұраның ғылыми айналыммен қатар, қоғамдық таным кеңістігіне де енуінің бір жолы. Алайда мұндай көрмелердің ықпалы уақытша экспозицияның жұмысымен ғана шектелмегені маңызды. Фотосуреттердің тарихын жүйелі зерттеу, оларда бейнеленген нысандарды анықтау, бұрынғы және қазіргі көріністерін салыстыру, тұрғындардың естеліктерімен толықтыру – алдағы уақытта жалғастыруға болатын жұмыстар.

ҚАЛА ТАРИХЫ ОТБАСЫЛЫҚ АЛЬБОМДАРДА ДА САҚТАЛҒАН

Атыраудың тарихын тек музей қорларынан іздеу жеткіліксіз. Оның бір бөлігі қала тұрғындарының отбасылық архивтерінде де сақталуы мүмкін. Ескі альбомдардағы суреттерге назар аударып көрейікші. Бір отбасының мерекелік дастарқаны, мектеп бітірушілердің ортақ суреті, жұмысшылардың өндіріс орнында түскен фотосы, үйлену тойы, қала көшесіндегі кездейсоқ кадр… Олардың әрқайсысы әуелде жеке адамның өміріндегі белгілі бір сәтті сақтау үшін түсірілген. Бірақ арада ондаған жыл өткенде сол фотосуреттердің қоғамдық маңызы арта түседі.
Мәселен, отбасылық суреттің артқы көрінісінен бүгінде жоқ ғимаратты байқауға болады. Адамдардың киім үлгісі сол дәуірдің тұрмыстық мәдениетін көрсетеді. Суретке жазылған күн мен мекен атауы қаланың өзгеру тарихына қосымша дерек болуы мүмкін. Кейде бір фотосуреттің тарихи мәнін оның иесі де аңғармайды. Сондықтан отбасылық архивтерді жинау, ескі суреттердің тарихын жазып алу, оларды цифрлық форматқа көшіру – тарихи жадты сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.
Мұндай жұмыста музейлермен қатар, кітапханалар, мектептер, жоғары оқу орындары, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары да белсенді рөл атқара алады. Мәселен, мектеп оқушыларына өз отбасының ескі фотосуреттері арқылы қала тарихын зерттеу тапсырылса, бұл жай ғана шығармашылық жұмыс емес, шағын тарихи ізденіске айналар еді. Оқушы суреттегі адамдардың кім екенін анықтайды, қай жерде түсірілгенін сұрастырады, сол кезеңнің тұрмысын зерттейді. Осылайша үлкен тарихи оқиғалар мен жеке адамның өмірі арасындағы байланыс айқындала түседі. Туған жердің тарихы оқулықтағы деректер жиынтығы болып қалмай, адамның өз отбасының тарихымен ұштасады.

ЖЕРДІҢ АТЫ ДА – ТАРИХИ ҚҰЖАТ

21 қазандағы мәдени шараның тағы бір маңызды жаңалығы – «Құрманғазы ауданының жер-су атаулары» атты ғылыми-зерттеу кітабының таныстырылымы. Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен облыстық тарихи-өлкетану музейі дайындаған бұл еңбек өңірдің топонимиялық мұрасын зерделеуге арналған. Кітапты әзірлеу барысында архив құжаттары, тарихи карталар, далалық экспедициялар кезінде жинақталған мәліметтер пайдаланылған. Зерттеушілер 1864–1945 жылдар аралығындағы картографиялық материалдарды қарастырып, Құрманғазы ауданы аумағында далалық ізденіс жүргізген.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Арман Жұмағазиевтің жарияланған мәліметіне сәйкес, зерттеу барысында екі мыңға жуық географиялық нысан қарастырылған. Ғалымдар 20 күндік экспедиция кезінде елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен, көнекөз қариялармен кездескен. Нәтижесінде тарихи деректермен нақтыланған 120 жер-су атауы жаңа басылымға енгізілген. Бұл жұмыстың мәні тек атауларды жинақтауда емес. Жер-су атаулары – халықтың тарихи тәжірибесін, шаруашылық ерекшелігін, дүниетанымын, белгілі бір мекенге қатысты түсінігін сақтайтын тілдік мұра.
Қазақ даласындағы көптеген атаулар табиғат ерекшелігіне, жер бедеріне, су көздеріне, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне байланысты қалыптасқан. Ал кейбір атаулар тарихи оқиғалардан, белгілі тұлғалардың есімдерінен немесе ел жадында қалған оқиғалардан туындаған. Бір атаудың өзгеруі кейде сол мекеннің тарихына қатысты мәліметтердің көмес­кіленуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан жер-су атауларын зерттеу тіл мәселесімен ғана шектелмейді. Бұл – тарих, этнография, география және мәдениеттану салалары тоғысатын күрделі ғылыми бағыт.
Құрманғазы ауданының топонимиялық мұрасын зерттеу барысында кеңестік кезеңнен қалған кейбір атауларды қайта қарау жөнінде ұсыныстар айтылған. Мұндай ұсыныстардың ғылыми негізге сүйенуі маңызды. Өйткені тарихи атауды қалпына келтіру де, жаңа атау беру де дәлелді зерттеуді, жергілікті халықтың пікірін және қолданыстағы заң талаптарын ескеруді қажет етеді.
Кітаптың таныстырылымында облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов сөз сөйледі. Ал ғылыми еңбектің тұсауын өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жаңабай мен тарихшы-өлкетанушы Амангелді Шамғонов кесті. Осылайша бір күнде өткен екі мәдени шара – тарихи фотосуреттер көрмесі мен жер-су атауларына арналған ғылыми еңбектің таныстырылымы ортақ бір мәселеге назар аудартты. Ол – өңірдің тарихи жадын сақтау. Бірі қаланың өткенін бейнелер арқылы танытса, екіншісі даланың тарихын атаулар арқылы зерделейді.

ТУҒАН ЖЕРГЕ СҮЙІСПЕНШІЛІК НЕДЕН БАСТАЛАДЫ?

Патриоттық тәрбие туралы сөз болғанда көбіне елдік мұрат, ұлттық құндылық, тарихи сана ұғымдары алға шығады. Әрине, бұлардың бәрі маңызды. Бірақ туған жерге сүйіспеншілік қалай қалыптасады? Адам өз қаласын жақсы көруі үшін оның барлық тарихи дерегін жатқа білуі міндетті емес. Алайда өзі күн сайын жүріп өтетін көшенің, жанынан өтіп жүрген ескі ғимараттың, өзен үстіндегі көпірдің тарихын таныған сайын сол мекенге деген көзқарасы тереңдей түседі. Тарихи таным туған жерге деген қатынасты өзгерте алады. Мәселен, оқушы Атыраудың ескі суреттерін көріп, бүгінгі қала келбетімен салыстырса, қаланың бір күнде пайда болмағанын түсінеді. Оның қалыптасуына бірнеше ұрпақтың еңбегі, түрлі тарихи жағдайлар мен қоғамдық өзгерістер ықпал еткенін аңғарады. Бұл таным өз кезегінде қалаға жауапкершілікпен қарауға жетелейді.
Тарихи ғимараттың құндылығын білетін адам оның сақталуына бейжай қарамауы мүмкін. Ескі фотосуреттің маңызын түсінген адам отбасылық архивті сақтауға ұмтылады. Ал туған өлкесінің жер-су атауларының тарихын білетін жас сол атаулардың мағынасын келесі ұрпаққа жеткізуге ықылас танытады. Патриотизмнің күнделікті өмірдегі көріністері осындай қарапайым әрекеттерден де байқалады. Әрине, тарихи көрмеге бару адамның бойында бірден азаматтық жауапкершілік қалыптастырады деу артық болар еді. Алайда осындай мәдени-ағартушылық бастамалар жас ұрпақтың туған жер туралы білімін кеңейтіп, тарихи мұраға деген қызығушылығын оята алады.
Мұнда білім беру ұйымдары мен мәдениет мекемелерінің өзара байланысы ерекше маңызды. Музейдегі экспозиция­ны мектеп бағдарламасымен ұштастыру, тарихи орындарға танымдық сапарлар ұйымдастыру, оқушыларды архив материалдарымен жұмыс істеуге баулу – өлкетанудың мүмкіндігін кеңейтетін тәсілдер.
Туған жерді тану – тек өткенді білу емес, бүгінгі қоғам алдындағы жауапкершілікті де сезіну.
ТАРИХИ МҰРАНЫ САҚТАУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Бүгінде фотосуреттерді цифрландыру, архив материалдарын электрондық форматқа көшіру, музей қорларын көпшілікке қолжетімді ету мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Алайда цифрлық технологиялардың өзі тарихи мұраны сақтаудың барлық мәселесін шеше алмайды. Ескі фотосуретті сканерлеу оның бейнесін сақтайды. Бірақ сол суреттегі адамдардың есімі, түсірілген орны, уақыты, оқиғаға қатысты мәліметтері белгісіз болса, тарихи деректің бір бөлігі жоғалуы мүмкін. Сондықтан фотосуреттерді жинақтаумен қатар, олардың тарихын анықтау маңызды. Әсіресе өткен ғасырдың ортасы мен соңындағы қала өмірін бейнелейтін жеке архивтерді жинауға назар аударған жөн. Бұл жұмыс уақыт өткен сайын қиындай түседі. Өйткені суреттердегі адамдарды, оқиғаларды, мекендерді танитын аға буын өкілдерінің қатары сиреп барады. Бүгін жазып алынбаған естелік ертең мүлде ұмытылуы мүмкін. Осы тұрғыдан қарағанда, тарихи мұраны сақтау – тек музей мамандары мен архив қызметкерлерінің міндеті емес. Оған қала тұрғындары да өз үлесін қоса алады.
Бір отбасы ескі фотосуреттерін реттейді. Екінші бір адам атасынан естіген қала тарихын қағазға түсіреді. Үшінші бір тұрғын бұрынғы көшелердің атауын, ғимараттардың тарихын жинақтайды. Осындай шағын еңбектердің басы қосылғанда қаланың қоғамдық жады толыға түседі. Әрине, тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу үшін олардың нақтылығын тексеру қажет. Ауызша естеліктерді архив құжат­тарымен, фотосуреттермен, картографиялық материалдармен салыстыру – зерт­теу жұмысының маңызды шарты. Алайда мұндай ізденістердің алғашқы қадамы көп жағдайда қарапайым қызығушылықтан басталады. Қаланың тарихына бейжай қарамау да – мәдениеттің белгісі.

ӨТКЕНДІ САҚТАЙ АЛМАҒАН ҚАЛА БОЛАШАҒЫН ҚАЛАЙ ТАНИДЫ?

Атырауда өткен тарихи фотокөрме мен ғылыми кітаптың таныстырылымы – көлемі жағынан аса ауқымды болмаса да, мазмұны терең мәдени бастамалар. Бір қарағанда, ескі суреттерді көрсету немесе жер-су атаулары туралы кітап шығару күнделікті жаңалықтар тасқынында елеусіз қалуы мүмкін. Алайда мұндай жұмыстардың нәтижесі бір күнмен өлшенбейді. Өйткені тарихи жады бір ғана мерекелік іс-шара арқылы қалыптаспайды. Ол ұзақ жылдар бойы жиналған деректерді сақтау, зерттеу, салыстыру және келесі ұрпаққа жеткізу арқылы жаңғырады. Қаланың өткенін білу оның бүгінгі дамуын бағалауға да мүмкіндік береді.
Ескі фотосуреттерден бұрынғы Гурьевтің келбетін көрген адам қазіргі Атырау­дың қаншалықты өзгергенін аңғарады. Сонымен бірге өзгеріс барысында ненің сақталып, ненің жоғалғанын да байқай алады. Бұл – тарихи сананың маңызды қыры. Өткенді тек сағынышпен еске алу жеткіліксіз. Оны түсіну, бағалау, одан сабақ алу қажет. Қала жаңара береді. Жаңа көшелер салынады, ғимараттар бой көтереді, қоғамдық кеңістіктер өзгереді. Бірақ осы өзгерістердің арасында қаланың тарихи болмысын танытатын деректер мен ескерткіштер сақталуы тиіс. Себебі қала – тек ғимараттар мен жолдардың жиынтығы емес. Ол – адамдардың өмірі, еңбегі, қуанышы мен қайғысы, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан естеліктері тоғысқан ортақ мекен. Ескі фотосуреттерге үңілген сайын осыны тереңірек сезінесің.
Бір кездері сол көшелермен жүрген адамдар да өз қаласының болашағын елестеткен шығар. Олардың бүгінгі Атырауды көргенде не ойлайтынын біз білмейміз. Бірақ бір нәрсе анық: бүгінгі қаланың да ертең тарихқа айналатын сәттері бар. Бүгін түсірілген фотосуреттер, бүгін салынған ғимараттар, бүгінгі тұрғындардың күнделікті өмірі де арада ондаған жыл өткенде келесі ұрпақ үшін тарихи дерекке айналады. Ендеше, тарихи мұраны сақтау өткенге ғана қатысты міндет емес. Ол – болашақ алдындағы жауапкершілік. Атырауда ашылған фотокөрменің бізге ұқтыратын басты ойы да осы. Қаланың келбеті өзгереді. Ал оның жады сақталуы керек.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір