Ербол АЛШЫНБАЙ. СЕРТ (Микро-поэма)

Бастау
Тағдыры ілінбеген қарауылға,
Қазақтың қаздай еркін заманында…
Құрманғали деген бір сері өтіпті,
Тарлан тау Тарбағатай алабында.
Тұрманын сәндік үшін алтындатқан,
Серіден сетер кеште ән тыңдатқан.
Ен жайлап Майлы, Жайыр, Орқашарды,
Ел онда жайқын көлдей шалқып жатқан.
Сері өткен семсер сүйген селебелі,
Тұлғасы оман таудың кемері еді.
Нар иық, найза бойлы болғаннан соң,
Ел оны ұзын Құрман деген еді.
Саятта салбуырындап, нөкер ерткен,
Қайраты қабындаса бетер өрттен.
Жидырып ат жақсысын, құс қыранын,
Егессе ең мықтымен еселескен.
Сол шақта жаңа қырық жасқа ілінген,
Қысқанда шеңгеліне тас та үгілген.
Сармойын бесатарды сарала ердің
Қасына оқшантаймен сес қып ілген.
Кем емес, кемел еді десі нардан,
Жол көрген сарбаз туған сақылардан.
Қазаққа қоқаңдаған сібе амбанның,
Айдарын тізеге сап кесіп алған.
Қадірі артқан солай хан, қараға,
Еріне аңыз ертпей ел бола ма?
Тараған желмен бірге талай аңыз,
Сардар тау, сақиян бел, сары далаға.
Жеңгелер жүрісінен сыр ұғатын,
Түлкідей алтайы орман құбылатын.
Тобымен пері көшкендей жүрген шақта,
Қызды ауыл жанай өткен қырылатын.
Қылғанмен қанша қызық көпке айналып,
Бір сәтке оңашада кетсе ойланып…
Ішінде бір арманы қайран ердің
Кететін нар кеудесін шоқтай қарып.
Не көрмес Тәңір жазса ғұмырда адам,
Тұлпардай топ алдында қырындаған.
Ел сүйген есіл ердің бір арманы –
Зар еді бір шикі етке шырылдаған.
Кемі жоқ хақ Алланың бала берген,
Сәбиді бұл өмірге жаңа келген.
Аяғын апыл-тапыл басқан кезде,
Ажал сұм шырылдатып ала берген.
Құдаймен серт
Қатардан озып туып, өрттей жанған,
Өзі де әкесінен жастай қалған.
Зәузәті бір әулеттің үзілер ме?
Осы еді күйігі ердің дертке айналған.
Ой меңдеп осы текті сарынменен,
Тартты деп бұл жазаға Тәңір неден,
Шырылын бір шикі еттің күте-күте,
Сол күйік жатса-тұрса жанын жеген.
Тас батқан табанына тағдыр ізі,
Қиялға талай-талай салды мұны.
Құс салып, ит жүгіртіп саяттаған,
Басар деп іш құсасын аң қызығы.
Құс салып қиқулы бел, жаламадан,
Ит қосып салқам тауды аралаған.
Бөктерген қанжығада қызыл түлкі,
Құлпыртып жез сабаумен сабалаған.
Қысқы таң құланиек сызғанында,
Қансонар қар басылған мұздағында.
Ақ таңнан саят құрып, сайран салып,
Кеш бата тұс келуші еді қызды ауылға.
Сонарлап саумал самал, салқын белді,
Қызықпен қыр құлпырып, сан түрленді.
Күй шалқып «Майдақоңыр», «Құройнақпен»,
Әуелеп «Қысмет» ән алсын демді.
Жүрсе де жұрт алдында саңлақтай,
Сауал бар шар басында шаңырақтай.
Тартады көңіл кірбең, өмір сүрең,
Бәрі де бұл қызықтың жадыратпай,
Қаншама болғанымен өмір құнды,
Шыдар ма ер болса, сірә, көңіл кірлі.
Құдаймен серттеспекке ескі жолмен,
Бір күні Құрманғали белін буды.
Қаққан соң көкірегінде қу қанатын,
Кежімдеп көбеңсітіп мінген атын.
Шығады күнмен бірге қолын жайып,
Бір биік Ботамойнақ шың болатын.
Болар деп Тәңір жазса бір ғаламат,
Аңсары көкірегін жүз жаралап…
Мойнына бұршақ салып, жайды қолын,
Жиектен жаңа шыққан күнге қарап.
Хақ Алла, қасиетіңе жаным құрбан,
Төреге ұл бергенсің сағым нұрдан.
Мен де бір шері қалың пендең едім,
Бір перзент арманым боп сабылдырған.
Көрсетші шын бар болсаң пазылыңды,
Пендеңе көзі жасты, жаны мұңды.
Белімнен түскен суға ғұмыр беріп,
Баса көр, жан шыжғырған зарығымды.
Жаратқан бар ғаламды шебер едің,
Сасқанда талай ерді жебеп едің.
Ағаш та түйін тастап орман болды,
Жаймайсың жапырағымды неге менің?
Қақ түссе қара жерге бүршік өнді,
Қара су ақ шабаққа сілкінеді.
Атамнан жалғыз туған арманды едім,
Өтем бе құшақтаумен қу тіземді.
Атырдым уайыммен ақ таңымды,
Садаға бәрін қидым, тапқанымды.
Бір ұл бер шаңырағыма тұқым жалғар,
Сертім сол, одан кейін тарт жанымды.
Деді де бетін сипап түрегелді,
Тебініп, тарланкөгін жүре берді.
Назасын арманды ердің алып ұшып,
Таңғы жел қос етегін түре келді.

Құспен серт
Ай аунап, содан бері жыл айналды,
Күдікпен күпті көңіл лайланды.
Аспанын тұман торлап жүрген шақта,
Ақ жүзі бәйбішенің шырайланды.
Қызарып шыққан күндей шыпта жүзі,
Еріне емеурінмен нұсқады өзі.
Хақ Алла шын тілекті қабыл көріп,
Қызықтан құрсағыма құт дарыды.
Төрт тарап, сегіз қиыр, құбыланы,
Суытқан ызғырық жел жылынады.
Қосағым, кеткен келді, күткен жетті,
Қайғылы қара бұлтың ыдырады.
Қуанып Құрманғали тысқа барды,
Тұғырда томағалы құсқа барды.
Сыпырып томағасын, қолына алып,
Ырымды бір ерекше нұсқалады.
Қанды көз, қатты шеңгел Қарагерім,
Өзіңді жан жолдасқа балап едім.
Қиядан қызыл көрсе бүре түскен,
Қылыш қияқ, сида сан, салакерім.
Ем тауып ішті өртеген күйігіме,
Көңілдің келді бүгін күйі, міне.
Қондырып балдағымен тарланкөкке,
Тартайын Тарбағатай биігіне.
Бермен кел, қосшы бала, тыңда бұдан,
Бөктергін қанжығаңа бір бағылан.
Ағытып балақбауын Қарагердің,
Ұшырам тарлан таудың шыңдарынан.
Жасымнан жас баладай баққан құсым,
Қансонарда қызыққа батқан құсым.
Жан серік қыраныммен қоштасамын,
Бұл менің хаққа тәубем, көкке алғысым.
Тау салқын, аспан айна, дала керім,
Ирек жол шыңға өрлеген салады өрім.
Көлбеңдеп көз алдынан көп кешірме,
Сипайды қияғынан Қарагерін.
Қия алмай жан серігін үдереді,
Санада сан естелік – жүрек емі.
Қарт қыран томағалы басын бұрып,
Талпынып әлдеқайда тіленеді.
Жүрген ер тағдыр жібі көп тұсаулап,
Қиялы қиырларға кетті самғап.
Көп барлап өтіп кеткен түлкі күнін,
Қырандай көңілі отыр көкті шарлап.
Анау бел – қызыл түлкі бүрген жері,
Мына адыр – қағуылдап жүрген жері.
Биігі Орқашардың Ботамойнақ,
Қызықпен талай дәурен сүрген жері.
Қара көзден көргесін қан аққанын,
Қабыл қылды тілекті Жаратқаным.
Зау көкке алғысымды алып ұш деп,
Сыпырды томаға мен балақбауын.
Қарагер сыпырылған балақбауы,
Талпынып жан-жағына қарақтады.
Алдына бүтін тартқан бағыланнан,
Төс етін қылғи жұтып тояттады.
Нұрлы күн салқам тауға төккен арай,
Мүлгиді бұлт бүркенген топ қарағай.
Астына қанатының маржан тағып,
Еркін құс кетті самғап көкке қарай.
Ер Құрман әрнені еске ап кетті ойланып,
Айнадай жарқырайды аспан ғайып.
Қия алмай жан серігін мәпелеген,
Қарагер жүріп алды көкті айналып.
Бекімі құсбегінің тастан қатты,
Сонда да қос жанардан жас парлатты.
Қамшылап тарланкөгін құлдилады,
Қарауға дәті бармай аспан жақты.
Сүйінші
Күн өтті көжиекті алаулатып,
Ай өтті алқараны манауратып.
Бір күні бәйбішені толғақ қысты,
Қиялын ер Құрманның сонарлатып.
Болған соң хаққа қылған ырым қабыл,
Ал, жүрек, кеуде керіп шымырла бір.
Үйдегі сандық біткен ауызы ашылып,
Айналып ақбоз үйді күбінді ауыл.
Асылып желбауға ана ышқынады,
Үмітті күдік қуып сұс қылады.
Піс. қазан, түсті ме мен айналайын,
Көп салтпен қатын-қалаш іс қылады.
Құрекең тарлан көкпен тысқа барды,
Ауыл үй көрінердей тұсқа барды.
Тәңірге қолын жайып, медет тілеп,
Құс кеткен зеңгір тауға үш қарады.
Ер Құрман еңселі өскен емен дейді,
Еменді жел есіріп жеңем дейді.
Сыртта оны үміт қауып қатар қысса,
Ал, үйде бәйбішесі бебеулейді.
Ақ ұлпа бұлт кезген көкті шағи,
Тарқады ішті өртеген көп құса күй.
Шыр еткен дауысымен жариялап,
Жалғанның жарығына жетті сәби.
Қабыл боп арманды ердің ақ тілеуі,
Алаулап сала берді ақшыл өңі.
Боз үйден ағараңдап көрші-қолаң,
Қосшысы сүйіншілеп шапты бері.
Толғандай кемеріне көңіл кетік,
Табылды шерлі арманы көп іздетіп.
Алтындап кіндік кескен кейуананы,
Ат берді сүйіншіге кежімдетіп.
Ауылдың оты шалқып, бақытқа бал,
Бақытты бәйбіше де ақық жамал.
Ат кетпей айдынды ауыл белдеуінен,
Күнде той – шілдехана, бесік салар.
Жазылып жан күйдірген ішкі жара,
Ескі өмір арнасына түсті жаңа.
Әулеттің шамын жаққан шырақ сынды,
Тез ширап қырқынан да шықты бала.
Ажал
Бақты ауыл мамырлаған заман еді,
Манаурап жатқан шалқып салалы елі,
Қолынан қош-қош айтып өзі ұшырған,
Бір күні қайта соқты Қарагері.
Тойлы ауыл қозы-лағын жамыратқан,
Күй шалқып, кербез күнге әні ұласқан.
Қарагер ноқат болып көрінеді,
Түңлігі түрулі шаңырақтан.
Бәйбіше ұл тапқан соң ұмайланып,
Құрманның сері жүзі шырайланып…
Жүргенде қош айтысқан жан серігі,
Аспанды жүріп алды шыр айналып.
Дір етіп қайран ердің сом жүрегі,
Көңілінде солқ етіп сең жүреді.
Семсер серт санасында жаңғырғанда,
Мәрт жаны сонда еріксіз елжіреді.
Қарагер шыр айналған көкте, міне,
Көңілдің өрнек салды бөктеріне.
Қарайды көк аспанға көзін алмай,
Сертке айтқан бұйрықты шақ жеткені ме?
Тағдырдың таймас ер-ді қандайынан,
Кермегін сан өткерген таңдайынан.
Өзегі өрттей жанып, көзі ысып,
Сүйді ұлын еміреніп маңдайынан.
Ер Құрман құспен бірге самғағаны-ай,
Көңілі дауыл ұрған нән қарағай.
Хабарын көк аспанның жеткізгендей,
Қарагер кетті қалқып тауға қарай.
Ер еді несіп – хақтан, тілегі – елден,
Қарагер асқанда ары құба белден.
Ауырып сырқамай-ақ иек қағып,
Қайран ер бақиға аттап жүре берген.
Бұлдырап бұлаулы өзен, дала қалды,
Көк аспан көрмегендей сазарады.
Көңілі кескекті ердің жүкті болып,
Тәңірден серпен алған бала қалды.
Күңіренген тарих бар қырқасында,
Туған ел түскен талай бұрқасынға.
Құдаймен ант байлап зәузәті өнген,
Сол ерге үш ықылас, бір фатиха!..