«Тәрбиеге жетекші: үлгі болмаған жерде өнеге болмайды

Бала тәрбиесі – бір ғана отбасының немесе бір ғана мектептің міндеті емес. Ол – балаға қатысты әр тараптың жүрегін бір арнаға тоғыстыратын ортақ жауапкершілік. №141 жалпы білім беретін мектепте ата-аналармен мазмұнды семинар осы ойды өзек етті.
Іс-шараны ашқан мектеп басшысы Ғазиза Жұмашева бала тәрбиесіндегі мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланыстың маңызына тоқталды. Табысты аяқтаған өткен жылдың жетістігін биыл да қайталау үшін ата-ана тарапынан қолдау қажеттігін жеткізді. Іс-шараға арнайы спикер ретінде шақырылған «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының басшысы Меруерт Мәулетқызы бала тәрбиесі туралы әңгіме тек ата-анаға бағытталған талап емес, мектеп пен отбасының бір-бірін тыңдап, бір-бірін түсінуінен басталатын ортақ жауапкершілік екендігін жеткізді.
Спикер сөзінің өзегі – «Тәрбиеге жетекші» ұғымы болды. Қазақтың көрнекті қайраткері, педагог Жүсіпбек Аймауытовтың бала табиғатын түсінуге, оның жеке болмысын ескеруге үндеген педагогикалық ойлары негізінде қазіргі тәрбие мәселелерін талқылады. Ұстаздың бала тәрбиесінде оның табиғатын, ортасын, мінезін танудың маңызы туралы тұжырымдары бүгінгі мектеп пен ата-ана қарым-қатынасы үшін де өзекті екенін жеткізді.
— Балаға бір тараптан талап қойып, екінші тараптың сол талапты қолдамауы – тәрбиеге сызат түсіретін жағдай. Сондықтан мектептің талабы мен ата-ананың ұстанымы бір-біріне қарсы емес, бірін-бірі толықтыратын бағыт болуы қажет. Бала мектепте бір құндылықты, үйде басқа ұстанымды көрмеуі керек. Өйткені балаға айтылған сөзден гөрі, үлкендердің өзара қарым-қатынасы көбірек әсер етеді, — деген спикер сөзін ата-аналар да қолдап, өз тараптарынан пікір білдірді.

Семинар барысында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Айгүл Қазбекқызы, Камила Нартайқызы, педагог-психолог Болатхан Ырысқызы сөз алып, оқушылардың киім кию мәдениеті, мектептің ішкі тәртібі мен талаптары, сондай-ақ интернет кеңістігі мен баланың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі сынды өзекті мәселелерге тоқталды.
Семинар соңында мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, баланың тәрбиесіне қатысты мәселелерді бірлесіп шешу және ортақ құндылықтарды қалыптастырудың маңызы айқындалды. Өйткені тәрбие – талап қоюдан бұрын түсінуден, бақылаудан бұрын сенімнен, жазалаудан бұрын жауапкершіліктен басталады. Ал баланың болашағына апарар жолда мектеп пен ата-ана екі бөлек бағыт емес, бір баланың тағдырына қарайтын екі тарап болуы керек.
М.Маулина