Тіл – халықтың жаны, ұлттың үні
07.09.2026
75
0

Тіл – адамзаттың бір-бірімен тілдесіп, жүрекпен ұғынысуына жол ашатын ұлы құндылық. Ол – халықтың сан ғасырлық тарихын, салт-дәстүрін, дүниетанымы мен рухани болмысын бойына сіңірген асыл мұра. Туған тілін құрметтеген ұрпақ – туған елінің қадірін де терең сезінеді. Ал өзге тілге құрметпен қарау – өзге ұлттың мәдениеті мен болмысына деген сыйластықтың белгісі.

Осындай тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор «Тілдер адамдарды жақындастырады» атты іс-шара Әди Шәріпов атындағы №16 мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушылары және Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 кітапхана мазмұнды да мағыналы түрде ұйымдастырды.

Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, тілдің адам өміріндегі айрықша орнын ұғындыру, Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесінің мән-маңызын таныту, өзге тілдерге құрметпен қарауға тәрбиелеу болды. Сонымен бірге балаларды кітап оқуға баулу, сөздік қорын байыту, өз ойын еркін әрі көркем жеткізуге үйрету де назардан тыс қалмады.

Кездесу барысында бастауыш сынып мұғалімі Шалтаева Асия Бахытжанқызы оқушыларға тілдің қасиеті мен құдіреті туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Ұстаз тілдің тек қарым-қатынас құралы емес, халықтың рухани шежіресі, ұлттың үнін ғасырдан ғасырға жеткізетін қастерлі мұра екенін түсіндірді.

Тағылымды кездесуге Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің бас маманы Турсынова Лаура Мавлютшарифовна арнайы қатысып, балалармен еркін әрі мазмұнды сұхбат жүргізді.

Кітап пен тіл – егіз ұғым. Кітап оқыған сайын адамның ойы тереңдеп, сөзі ширайды, сөздік қоры молайып, дүниеге көзқарасы кеңейеді. Осыны оқушыларға қарапайым әрі әсерлі жеткізген кітапхана маманы әдеби кітаптың бала өміріндегі маңызына ерекше тоқталды. Балаларды кітаппен дос болуға, көркем шығармаларды қызығушылықпен оқуға, өз ойын анық әрі көркем жеткізуге шақырды.

Кездесу соңында оқушыларға көркем әдеби кітаптардың сыйға тартылуы балалардың қуанышын еселей түсті. Кішкентай оқырмандар үшін бұл сәт кітап әлеміне бастар тағы бір жақсы қадамдай әсер қалдырды.

Іс-шараға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Танатова Гүлнар Мамедқызы және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрланқызы Алтынай қатысып, тілдің адам өміріндегі орны, ана тілін ардақтау мен өзге тілдерді құрметтеу жөнінде ойларын ортаға салды.

Шара барысында балалар тілдің адамдар арасындағы алтын көпір екенін түсінді. Өйткені тіл арқылы біз өз ойымызды білдіреміз, қуанышымызды бөлісеміз, мұңымызды жеткіземіз. Бір ауыз жылы сөз адамның көңіліне медеу болса, ізгі ниет пен өзара түсіністік адамдардың арасын жақындата түседі.

5 қыркүйек – қазақтың ұлы ағартушысы, ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бұл күннің Қазақстан халқы тілдерінің күні ретінде аталып өтуі де бекер емес. Ахмет Байтұрсынұлы бар ғұмырын ана тілінің тағдырына арнап, қазақ тілінің ғылым ретінде қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Ұлт ұстазының мұрасы – бүгінгі ұрпаққа ана тілін ардақтаудың, білім мен ғылымды қадірлеудің жарқын үлгісі.

Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ана тілінің қадірін ұғындыруға, кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға жол ашады. Тілі бай, ойы терең, кітаппен дос болған ұрпақтың болашағы да жарқын болмақ.

Кітап оқыған бала – тілін байытады.
Тілін сүйген бала – елін байытады.

Ендеше, тілге құрмет – жүрекке құрмет, ал тілге деген сүйіспеншілік – елге деген сүйіспеншіліктің бастауы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір