САПАЛЫ БІЛІМ – ҰЛТТЫҢ ЖАҢА САПАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
28.08.2026
75
0

2025–2026 оқу жылы Созақ ауданының білім беру ұйымдары үшін жауапты әрі нәтижелі жыл болды. Өткен кезеңде білім сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жетілдіру, цифрлық білім беру ортасын дамыту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инклюзивті білім беруге жағдай жасау және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды.

Бүгінде білім беру жүйесінің алдында сапалы білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ойлай алатын, жауапкершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу міндеті тұр.
Созақ ауданында қазіргі таңда 39 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 17 мемлекеттік балабақшада 2459 бала, 22 жекеменшік балабақшада 1750 бала тәрбиеленуде. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдарда 2– 6 жас аралығындағы 4209 бала қамтылып, қамту көрсеткіші 100 пайызды құрады.
Сонымен қатар жалпы білім беру ұйымдарындағы мектепалды даярлық сыныптарында 5-6 жастағы 1310 бала білім алуда.
Мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру мақсатында Созақ ауданында екі пилоттық жоба жүзеге асырылуда.
«Ассистент ата-ана» жобасы «Айшуақ» бөбекжай-балабақшасында іске асырылып, ата-аналарды баланың даму үдерісіне белсенді тартуға, отбасы мен балабақша арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған.
Ал «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» жобасы «Ертөстік» бөбекжай-балабақшасында жүзеге асуда. Жоба арқылы балалардың мамандықтар әлеміне қызығушылығын қалыптастыру, еңбекке оң көзқарасын дамыту көзделген.
Жоба аясында «Жасыл жылыжай», «Жас аспазшылар», «Жасыл бақша – жарқын болашақ», «Шебер қолдар» бағыттары бойынша 4–5 жастағы балалармен ойын, танымдық, шығармашылық және практикалық жұмыстар ұйымдастырылды.
Аталған бастамалар бойынша облыстық тәжірибелік семинар өткізіліп, мектепке дейінгі ұйым педагогтері тәжірибе алмасты.
Созақ ауданында 35 білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 2 бастауыш, 1 негізгі және 32 жалпы орта мектеп жұмыс істейді. 34 мектеп типтік ғимаратта, 1 мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан.
Оқушылардың қосымша білім алуына мүмкіндік беретін А.Жұбанов атындағы саз мектебі және «Оқушылар үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызмет көрсетеді.
2025–2026 оқу жылында аудан мектептерінде 15 025 оқушы білім алды. Оның ішінде 1065 оқушы 11-сыныпты тамамдаса, 77 түлек «Алтын белгіге», 79 түлек үздік аттестатқа ие болды. 9-сыныпты 1369 оқушы аяқтап, оның 170-і үздік аттестат алды.
Оқу жылы қорытындысында 13 623 оқушының оқу нәтижесі сараланды. Оның ішінде 2554 оқу озаты, 4385 екпінді оқушы және 6682 үлгеруші бар. Білім сапасы 50,94 пайызды құрады.
Алдыңғы оқу жылында 13 973 оқушы қорытылып, білім сапасы 49,60 пайыз болған еді. Осылайша білім сапасы бойынша 1,34 пайыздық өсімге қол жеткізілді.
Бұл – нәтиже пәндік білім сапасын арттыру, функционалдық сауаттылықты дамыту, оқушылардың білім жетістіктерін тұрақты бақылау, мектепішілік мониторинг жүргізу және педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру жұмыстарының нәтижесі.
2025 – 2026 оқу жылында Созақ ауданының оқушылары облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларға, ғылыми жобаларға, зияткерлік және шығармашылық байқауларға белсенді қатысты.
Облыстық кезеңдерде оқушылар 15 бірінші, 40 екінші, 40 үшінші орын және 7 Алғыс хат иеленді. Республикалық кезеңдерде 3 бірінші орын, 1 үшінші орын және 1 Алғыс хатқа қол жеткізілді.
2026 жылғы 10–12 мамырда Астана қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінде өткен «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының республикалық қорытынды кезеңінде «Созақ» мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Әбдіқадыр Ислам «Сөз шеберлері» бағыты бойынша І орын алып, Сүлеймен Демирель университетінің грантын жеңіп алды.
Бұл – оқушының ғана емес, оны дайындаған ұстаздың және тұтас білім беру ұйымының еңбегінің жемісі.
«Ұлттық мектеп лигасының» облыстық кезеңіне ауданнан 20 команда қатысып, оның 8-і финалға жолдама алды. Нәтижесінде 5 команда облыс чемпионы атанып, республикалық кезеңге жолдама иеленді.
Республикалық кезеңге:
Л.Бөкенов атындағы мектептің «Шұбар доп» волейбол командасы;
Қ.Кемелұлы атындағы мектептің «Былғары доп» футбол командасы;
С.Сейфуллин атындағы мектептің «Былғары доп» командасы;
Ш.Уәлиханов атындағы мектептің «Ұшқыр доп» гандбол командасы;
Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияның асық ату командасы жолдама алды.
Асық атудан Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназия командасы республикалық кезеңде ІІ орын иеленді.
Сонымен бірге Н.Төреқұлов атындағы IT мектеп-лицейінің шахмат командасы облыста ІІ орын, «Суындық» мектебінің асық ату командасы және І.Кеңесбаев атындағы мектептің жеңіл атлетика командасы ІІІ орын алды.
Бұл нәтижелер аудан мектептерінде бұқаралық спорт пен ұлттық спорт түрлерін дамыту жұмыстарының жүйелі жолға қойылғанын көрсетеді.
Созақ ауданында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге ерекше мән берілуде.
Ауданда осы бағытта 29 арнайы педагог қызмет атқарады. Оның ішінде 9 дефектолог, 20 логопед және 13 педагог-ассистент бар.
Алайда арнайы мамандардың барлығы бірдей мектептерді толық қамтып отырған жоқ. Қазіргі таңда ерекше білім беруді қажет ететін балалар 27 мектепте білім алса, арнайы педагогтер 17 мектепте түзету-дамыту жұмыстарын жүргізуде. Сондықтан мамандар тап­шылығы – алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі.
Аудан бойынша 0–18 жас аралығында 28 089 бала бар. 2025–2026 оқу жылында 1014 балаға психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысы берілген.
Қолдау түрлері бойынша 97 бала үйде оқытылса, 28 бала инклюзивті біліммен қамтылған. 288 бала мектептердегі логопедтік қолдауға, 136 бала мектепке дейінгі ұйымдардағы логопедтік қолдауға, 91 бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің қызметіне тартылған.
Н.Төреқұлов атындағы IT мектеп-лицейінде қажетті құрал-жаб­дық­тар­мен қамтамасыз етілген ресурс­тық орталық жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 15 ерекше білім беруді қажет ететін бала түзету-педагогикалық көмек алуда.
Ауданның инклюзивті білім беру бағыты облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Созақ ауданындағы жалпы білім беру ұйымдарында 2413 педагог еңбек етеді.
Олардың ішінде 805 педагог-модератор, 389 педагог-сарапшы, 612 педагог-зерттеуші, 16 педагог-шебер бар. Сонымен қатар 588 мұғалім педагог санатында қызмет атқарады.
Педагогтердің 2385-і жоғары білімді, 28-і арнаулы орта білімді.
Мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруға да басымдық берілген. 2025 жылы біліктілікті арттыру курстарына 1098 педагог қатысты. Оның ішінде «Өрлеу» БАҰО-да – 663, «Өркенде» – 138, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Педагогикалық шеберлік орталығында 297 педагог білімін жетілдірді.
2026 жылға 600 педагогті қамту жоспарланып, қазіргі таңда 168 педагог курстан өтті. Жыл соңына дейін тағы 432 педагогті оқыту көзделген.
«Жас маман – кәсіби өсу жолында» инновациялық жобасы аясында ауданның 35 білім беру ұйымында еңбек өтілі 3 жылға дейінгі 126 жас педагогке әдістемелік қолдау көрсетілуде.
Жас мамандарға сабақ жоспарлау, оқу мақсаттарын белгілеу, бағалау критерийлерін әзірлеу, заманауи оқыту әдістерін пайдалану бағыттарында практикалық көмек беріліп, сабақтарына қатысу арқылы кәсіби кері байланыс ұсынылды.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды.
Демеушілер мен өндірістік кәсіпо­рын­дардың қолдауымен аудан мектептерінде 150-ге жуық заманауи пәндік және компьютерлік кабинет ашылды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жаңа оқу жылы қарсаңында аудан білім беру ұйымдарына тағы 15 заманауи пәндік кабинет бөлінуде.
Сонымен бірге кейбір мектептердегі компьютерлік техниканың ескіруі, интерактивті құралдардың жеткіліксіздігі және жекелеген ауылдық елді мекендердегі интернет жылдамдығының төмендігі сияқты мәселелер де бар.
Алдағы міндеттер – мектептерді жаңа компьютерлермен, ноутбуктермен және интерактивті панельдермен қамтамасыз ету, пәндік кабинеттерді жаңарту, жоғары жылдамдықты интернетке толық көшу, цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне тиімді енгізу.
2026 жылдың цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы бастамаларға басымдық берілген кезең болуы білім саласына да жаңа міндеттер жүктеп отыр.
Цифрлық трансформацияның басты шарты – педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту. Осы мақсатта мұғалімдерді жасанды интеллект, цифрлық білім беру платформалары және заманауи технологиялар бойынша оқыту жоспарланып отыр.
Созақ ауданындағы 35 мемлекеттік мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 15 мектеп оптикалық талшық арқылы 20–40 Мбит/с жылдамдықпен, 20 мектеп Starlink спутниктік интернеті арқылы 100–150 Мбит/с жылдамдықпен жұмыс істейді.
2026 – 2027 оқу жылына дайындық барысында бірқатар мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ш.Уәлиханов, Макаренко, Қ.Кемелұлы, Ә.Сүлейменов және Ә.Молдағұлова атындағы мектептерде сыртқы қабырғаларды қаптау, есік-терезелерді ауыстыру, шатырды және ішкі бөлмелерді жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстары 2026 жылғы 14 тамызға дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар Шолаққорған ауылындағы 6 мектеп, 3 мектепке де­йінгі және 2 қосымша білім беру ұйымын табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда техникалық шарттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Жылыту маусымына дайындық аясында білім беру ұйымдарына қатты отын және сұйық отын жеткізу жұмыстары жоспарлануда. Отынның толық жеткізілуі 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін қамтамасыз етіледі.
Аудандағы 35 мектептің 33-інде кітапхана жұмыс істейді. Мұнда 45 кітапханашы еңбек етеді.
Кітап қоры 736 127 дананы құрайды. Оның 605 348-і оқулық, 130 779-ы көркем әдебиет.
Есепті кезеңде кітапханаларда 13 550 оқырман тіркеліп, кітап беру саны 240 914-ке, келушілер саны 137 892-ге жетті.
«KitapXAH» кітап оқу клубы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып, ауданаралық кітап талқылау сайысында Созақ ауданы ІІ орын алды.
Құрманғазы және А.С. Макаренко атындағы мектептерде заманауи «GOWERKING» коворкинг орталықтары ашылды.
KITAP. KZ цифрлық кітапхана платформасы бойынша облыстық пилоттық жобаға қатысқан аудан мектептерінде есепті кезеңде 65 140 кітап оқылып, 699 аудиокітап тыңдалды.
Алдағы оқу жылынан бастап оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру мақсатында «ОҚЫ. ОЙЛАН. ДАМЫ++» жобасы іске қосылады.
«Мектепке жол» республикалық акциясы 1 тамызда басталып, қазіргі таңда жалғасуда.
Акция аясында әлеуметтік осал топтағы 2086 балаға 50 851 теңгеден қаржы аудару күтілуде.
Сонымен қатар көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету мақсатында аудан мекемелеріне, мәслихат депутаттарына және кәсіпкерлерге арнайы хаттар жолданып, мектеп формасы мен оқу құралдарын қажет ететін балаларға демеушілік көрсетілуде.
2025–2026 оқу жылында тәрбие жұмыстары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүргізілді.
Негізгі мақсат – елін сүйетін, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, рухани бай және заңға құрметпен қарайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу.
«Қауіпсіз балалық шақ» жобасы да кең көлемде жүзеге асырылып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың әлеуметтік-психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты жұмыстар жүргізілді.
«Адал азамат» және «Қауіпсіз балалық шақ» жобаларын ықпалдастыру мақсатында аудандық білім бөлімі тарапынан «АДАЛ ҰРПАҚ – ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚ» жобасы бекітілді.
Жоба шеңберінде ата-аналар жиналыстары өткізіліп, бала тәрбиесіндегі мектеп пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі талқыланды.
Педагог-психологтардың кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында ауданның тәжірибелі 32 педагог-психологы «Заманауи практик-психолог қызметі» атты үш айлық онлайн курстан өтті.
Сонымен қатар құқықтық сауаттылықты арттыру, кітап оқуды насихаттау, әдеби кездесулер мен пікірталастар ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілді.
2026 жылғы жазғы демалыс кезеңінде әлеуметтік осал, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың демалысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Кентау қаласындағы «Үркер» сауықтыру лагерінде аудан мектептерінен 1000 оқушы төрт ауысыммен демалды.
Аудан мектептері жанындағы жазғы лагерьлерде 5150 бастауыш сынып оқушысы қамтылды.
Өндіріс орындарының демеушілігімен 350-ге жуық оқушы «Delve Camp» және «Kaskasu Camp» лагерлерінде демалды. Сонымен қатар Төлеби ауданындағы «Алатау» және «Тау барысы» лагерлеріне 300-ге жуық тәуекел тобындағы және әлеуметтік осал санаттағы бала жолданды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Созақ ауданының білім саласы облыстағы аудандардың білім бөлімдері арасындағы рейтингте жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Бұл – бір ғана білім бөлімінің емес, аудан мектептеріндегі әрбір педагогтің, оқушының, ата-ананың, білім саласына қолдау көрсеткен мекемелер мен кәсіпкерлердің ортақ еңбегінің нәтижесі.
Жетістіктің артында жүйелі жұмыс, кәсіби ізденіс және ортақ мақсат тұр.
Ұлттың болашағы бүгінгі мектепте қалыптасады. Сондықтан білім саласындағы әрбір шешім, әрбір сабақ, әрбір тәрбиелік іс елдің ертеңіне қызмет етеді.
Жаңа оқу жылында басты мақсат – білім сапасын одан әрі арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, заманауи технологияларды тиімді пайдалану, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасау және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.
Созақ ауданының білім беру жүйесі қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалмай, алдағы кезеңде де жаңа міндеттерді орындауға бағыт алады.
Ел болашағы – білімді ұрпақта. Ал білімді ұрпақтың қалыптасуы – ұстаз бен ата-ананың, мектеп пен қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Жаңа оқу жылында барлық педагогтерге шығармашылық табыс, кәсіби жетістік, мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілейміз!

Абай ӨТЕБАЕВ,
Түркістан облысы,
Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір