«Шырғалаңдағы» шындық
28.08.2026
35
0

Қазақ әдебиетінің даму тарихында әртүрлі мамандық иелерінің шығармашылыққа келуі жиі кездеседі. Солардың ішінде инженерлік-техникалық білім алған қаламгерлердің орны ерекше. ХХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан бұл құбылыс қазақ қоғамындағы әлеуметтік, мәдени және рухани өзгерістермен тығыз байланысты болды. Инженер мамандығы өндіріс пен ғылымның дамуына қызмет етсе, жазушылық қоғамдық сананы қалыптастырудың маңызды құралына айналды. Сондықтан инженерлік ойлау жүйесі мен әдеби шығармашылықтың тоғысуы қазақ әдебиетінде жаңа тақырыптар мен жаңа кейіпкерлердің пайда болуына ықпал етті.


Кеңес дәуірінде қазақ әдебиетінде, негізінен, ауыл өмірі, еңбек адамы, соғыс тақырыбы және тарихи мәселелер кеңінен көрініс тапты. Алайда өндірістік ортадағы қазақ инженерлерінің тағдыры, ұлттық кадрлардың қалыптасуы, олардың кәсіби және рухани күресі әдебиетте жеткілікті дәрежеде бейнелене қойған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыруға инженер-жазушылар ерекше үлес қосты. Олардың қатарында Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов және инженер-технолог әрі жазушы Тынымбай Төлепбайұлының есімдерін атауға болады.
Кеңес Одағы кезеңінде техникалық мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстандағы жоғары оқу орындары мыңдаған инженер кадрларын даярлап шығарды. Алайда олардың бір бөлігі өндірістегі нақты жағдайларды, әлеуметтік теңсіздікті және ұлттық мәселелерді көре отырып, өз ойларын әдебиет арқылы жеткізуге ұмтылды.
Инженерлік білім адамның аналитикалық ойлау қабілетін дамытады. Мұндай мамандар кез келген құбылыстың себеп-салдарын анықтауға бейім келеді. Сондықтан инженер-жазушылардың шығармаларында өмір шындығы, нақты фактілер және қоғамдық мәселелер кеңінен көрініс тапты. Мәселен, Ілияс Есенберлин инженерлік білім алғанымен, өзінің шығармашылық қуатын тарихи романдар жазуға бағыттады. Оның «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары қазақ халқының тарихи жадын жаңғыртуға үлкен ықпал етті. Кеңестік идеология үстемдік еткен кезеңде ұлт тарихын көркем әдебиет арқылы жаңаша пайымдау үлкен азаматтық ерлік болатын.
Ал Олжас Сүлейменов ғылыми-техникалық білім мен әдеби талантты ұштастыра отырып, қазақ поэзиясына жаңа бағыт әкелді. Оның шығармалары ұлттық мәдениеттің ғана емес, жалпы түркі өркениетінің мәселелерін көтерді.
Осы қатардағы қаламгерлердің бірі – Тынымбай Төлепбайұлы. Ол Жамбыл технологиялық институтын инженер-технолог мамандығы бойынша тамамдап, ұзақ жылдар бойы астық өндірісі мен машина жасау саласында еңбек етті. Өндірістік қызметпен қатар шығармашылықпен айналысып, кейін қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің біріне айналды. Оның өмір жолы инженерлік тәжірибе мен әдеби шығармашылықтың өзара байланысын көрсететін жарқын мысал болып саналады.
Қазақ қоғамының интеллектуалдық элитасын қалыптастырған инженер-жазушылар буынының бірнеше ерекшелігін атап көрсетуге болады. Біріншіден, аталған қаламгерлер жоғары техникалық білім алды. Олар нақты ғылымдарды меңгерумен қатар әдебиетке, тарихқа, мәдениетке қызығушылық танытты. Сондықтан олардың шығармаларында терең талдау мен логикалық жүйелілік байқалады. Екіншіден, ұлттық болмыстың сақталуы. Қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары, салт-дәстүрі, тілдік ортасы олардың дүниетанымының негізін қалады. Соның нәтижесінде олар ұлттық рухты сақтап қана қоймай, оны шығармалары арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізе білді.
Сондай-ақ қоғамдық жауапкершілік сезімі. Инженер-жазушылар өз шығармаларында қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді. Олар жеке адамның тағдырын ғана емес, тұтас ұлттың болашағын ойлады. Қазақ мамандарының кәсіби өсуіне қойылған шектеулер, ұлттық теңсіздік, әділетсіз басқару жүйесі сияқты мәселелер олардың шығармаларының негізгі тақырыптарына айналды. Мысалы, Тынымбай Төлепбайұлының «Шырғалаң» романында өндірістегі қазақ инженерлерінің тағдыры арқылы кеңестік жүйенің кадрлық саясаты сынға алынады. Роман кейіпкері Жасжан Есенов кәсіби біліктілігіне қарамастан, қызметтік өсуде көптеген кедергілерге тап болады. Бұл жағдай сол кезеңдегі көптеген қазақ инженерлерінің өмірлік тәжірибесімен үндеседі, яғни бұл буын қаламгерлері қазақ халқының интеллектуалдық мүмкіндіктерін көрсетуге ұмтылды. Кеңестік кезеңде қазақтардың тек ауыл шаруашылығына бейім халық ретінде сипатталуына қарсы тұрып, олардың ғылым мен техника саласындағы қабілеттерін дәлелдеуге күш салды.
Инженер-жазушылардың әдебиетке келуі бірден жүзеге асқан жоқ. Олардың көпшілігі шығармашылық жолын аудандық газеттер мен жергілікті басылымдардан бастады. Мәселен, Тынымбай Төлепбайұлы өндірістен қол үзбей жүріп, аудандық, облыстық және республикалық басылымдарға мақалалары мен көркем шығармаларын жариялады. Оның 1978 жылы жарық көрген алғашқы «Ымырт» атты әңгімесі кейін әдеби ортада танылуына жол ашты. Бұл қаламгерлер әдеби ортаға ену үшін ұзақ шығармашылық ізденістен өтті. Аудандық газеттер олардың алғашқы мектебі болса, республикалық басылымдар кәсіби қалыптасу алаңына айналды. Осылайша көптеген инженерлер қоғамдық тәжірибесін әдеби шығармаға айналдырып, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосты.
Тынымбай Төлепбайұлыңын замандастарының көпшілігі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында дүниеге келді немесе соғыстан кейінгі қиын кезеңде өсті. Сондықтан олардың өмірлік тәжірибесі ерекше болды.
Соғыс халыққа ауыр зардап әкелді. Ер адамдардың майданға аттануы ауылдағы еңбек күшінің азаюына себеп болды. Нәтижесінде балалар мен жасөспірімдер еңбекке ерте араласты. Осындай жағдайда өскен ұрпақ жауапкершілікті ерте сезінді. Олар еңбекқорлықты, төзімділікті және тәртіпті өмірлік қағидаға айналдырды. Кейін бұл қасиеттер олардың шығармаларында көрініс тапты.
Тынымбай Төлепбайұлының «Кішкентай бригадир» повесінде соғыс кезіндегі ауыл балаларының еңбегі, олардың қиындықтарды жеңуі және ерте есейген тағдыры шынайы бейнеленген. Шығарма – тарихи кезеңнің әлеуметтік шындығын көрсететін маңызды туынды.
Соғыс жылдарының балалары ке­йін тәуелсіз Қазақстанның ғылымын, өндірісін және мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосты. Сондықтан бұл буынды «жауапкершілік ұрпағы» деп атауға болады.
Қазақ халқының «Өнер алды – қызыл тіл» немесе «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Сөз шынды табады» деген мақалдары қоғамдық ортадағы тілдің, сөздің құдіреттілігін білдіреді. Бұл мақалдардың мәні – адам өмір сүріп отырған ортаны өзгерткісі келсе, алдымен сөзбен, тілмен қозғап дайындап алу керек. Кеңестік кезеңдегі қазақ зиялылары ашық саяси қарсылық көрсету мүмкіндігінен айырылған жағдайда ұлттық мүддені әдебиет, өнер және ғылым арқылы қорғауға тырысты. Олар қоғамдағы кемшіліктерді тікелей емес, астарлы түрде жеткізді.
Инженер-жазушылардың көбі осы жолды таңдады. Олар өндірістегі әділетсіздік, ұлттық кадрлардың мәселесі, адамгершілік құндылықтардың әлсіреуі сияқты құбылыстарды көркем шығармалар арқылы көрсетті. Мұндай шығармалар қоғамдағы өзгерістердің қажеттігін ұғындыруға ықпал етті. Сондықтан ол туындыларды сол кезеңдегі қазақ зиялыларының өмірлік стратегиясын сипаттайтын тұжырым ретінде қарастыруға болады.
Қорыта айтқанда, инженер-жазушылар феномені – қазақ әдебие­ті мен ұлттық интеллигенция тарихындағы ерекше құбылыс. Бұл буын өкілдері техникалық білім мен шығармашылық қабілетті ұштастыра отырып, қоғамның әлеуметтік мәселелерін, ұлттық құндылықтарды және тарихи шындықты әдебиет арқылы көрсете білді. Олар өз шығармаларында жеке адамның тағдырын ғана емес, тұтас ұлттың рухани болмысын, қоғамдық даму үдерістерін және ұлттық сананың қалыптасу мәселелерін көтерді.
Осы тұрғыдан алғанда, Тынымбай Төлепбайұлы шығармашылығы ерекше назар аударуға лайық. Ол инженер мамандығын игеріп, ұзақ жыл өндіріс саласында қызмет атқара жүріп, сол ортаның тыныс-тіршілігін, еңбек адамының болмысын және кеңестік кезеңдегі қазақ инженерлерінің күрделі тағдырын шынайы бейнелей алды. Оның шығармаларының құндылығы – өмір шындығына негізделуінде, өндірістік ортаны терең білуінде және адамгершілік мәселелерін көркемдік тұрғыдан зерделеуінде. «Шырғалаң» романы арқылы жазушы өндіріс орындарындағы әділетсіздік пен ұлттық кадрлардың мәселесін көтерсе, «Кішкентай бригадир» туындысында соғыс жылдарындағы ұрпақтың еңбекқорлығы мен жауапкершілігін көрсетті.
Сондықтан Тынымбай Төлепбайұлын тек жазушы ретінде ғана емес, өз дәуірінің әлеуметтік шындығын көркем әдебиет арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізген қаламгер, ұлттық құндылықтарды дәріптеген зиялы тұлға ретінде бағалауға болады. Оның шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қорынан лайықты орын алып, болашақ ұрпақ үшін тарихи-танымдық әрі тәрбиелік маңызы зор рухани қазына болып қала бермек.

Рахым БЕКНАЗАРОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір