«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»
26.08.2026
463
0

Қазақстан Жазушылар одағында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған жиын өтті. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай және жазушы Смағұл Елубай, сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы Қанат Қайым, ақын Әділғазы Қайырбеков, ақын Пәтигүл Мақсатова, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, ақын Маралтай Райымбекұлы, ақын Ерлан Жүніс қатысты.  Жиынды ашып берген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов:

– Әдебиет пен сөз өнерінің басты мұраты – адамды адалдыққа тәрбиелеу. Сондықтан «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атаудың өзі біз үшін үлкен мәнге ие. Шын сөз айтылмайынша, әділетті қоғам да қалыптаспайды. Мемлекет басшысының әр жылдардағы сөздерінен ел тағдырына, ұлттық құндылықтарға, заң мен тәртіпке, ұрпақ тәрбиесіне қатысты азаматтық ұстанымын анық аңғаруға болады. Бұл жинақ – бүгінгі Қазақстанның даму жолын, қоғам алдындағы міндеттерді түсінуге мүмкіндік беретін маңызды еңбек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы – мемлекет басқару ісімен қатар, әдебиет пен мәдениеттің қоғамдағы айрықша орнын жақсы түсінетін мемлекет қайраткері. Оның қазақ әдебиетіне, жазушылар мен ақындарға деген құрметін біз үнемі көріп келеміз. Мемлекет басшысының аталған кітаптағы: «Мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын» деген сөзі – қаламгер қауым үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі үлкен сенім білдіретін сөз. Бұл бізге, жазушыларға, үлкен міндет жүктейді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға қаламгерлер де сапалы шығарма арқылы жауап беруі тиіс.
Президент өз сөздерінде әділеттілік, заң үстемдігі, еңбекқорлық, жауапкершілік, ұлт­тық бірлік, қоғамдық келісім, білім, ғылым, мәдениет пен руханият мәселелеріне үнемі назар аударып келеді. Бұл мәселелердің барлығы әдебиет үшін де жат емес. Өйткені әдебиет қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Қоғамда қандай өзгеріс болса, оның ізі әдебиеттен де көрінеді.
Әділетті қоғам, ең алдымен, әділетті сана қалыптасқан кезде орнығады. Ал әділетті сананы қалыптастыруда отбасы, мектеп, ғылыммен қатар әдебиеттің де рөлі зор. Жас ұрпақ кітаптан ел тарихын, адамгершілікті, отаншылдықты, достық пен адалдықты үйренеді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетті насихаттау – мемлекеттің рухани қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының қаламгерлер қауымы үшін де мәні ерекше.
Әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық әдебиетке деген жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Ақпарат ағыны күшейіп, жас ұрпақтың талғамы өзгеріп жатқан кезде қазақ әдебиеті өз биігін сақтап қана қоймай, жаңа заманның мәселелерін де батыл көтеруі керек. Біз әлемдік әдеби үдерістен тыс қалмауымыз қажет. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тілдеріне аудару, ұлттық әдебиетті халықаралық кеңістікке шығару – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Мемлекет басшысының қазақ әдебиетін қолдау жөніндегі ұстанымы осы бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан Жазушылар одағы да осы міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесін қосуға дайын. Біз жас қаламгерлерді қолдау, әдеби аударманы дамыту, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттау, кітап оқу мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз», – деді.
Жиын барысында өзге де ақын-жазушылар мен әдебиет өкілдері кітаптың мазмұны мен көтерген мәселелері жөнінде пікір білдіріп, Президенттің елдің болашағы, ұлттық бірлік, мемлекеттік тіл, жастар тәрбиесі мен рухани құндылықтарға қатысты ойларына тоқталды.
Қатысушылар «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағын Мемлекет басшысы­ның мемлекет құру мен қоғамды дамыту жөніндегі көзқарастарының қалыптасуы мен сабақтастығын көрсететін маңызды басылым ретінде бағалады. Алқалы жиында айтылған пікірлер топтамасы оқырман назарында.

Смағұл ЕЛУБАЙ:
                                        Құндылықтар тарау-тарау болып қамтылған
Президенттің «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабына тобықтай-тобықтай түйінді сөздер топтастырылған екен. Бұрын-соңды мұндай формадағы кітап шықпаған еді. Бүгінгі таңда ең көп айтылып жүрген асыл сөздеріміздің бірі – Тәуелсіздік болса, енді бір қатары – әділеттілік, адалдық, тазалық, мемлекетшілдік, патриотизм… Жинақта осы құндылықтардың бәрі тарау-тарау болып қамтылған.
Кімде-кім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздеріне сүйенгісі келсе, іздегенінің бәрін осы кітаптан таба алады. Ерекше назар аударып айтқымыз келетіні, Президенттің қай сөзіне үңілсеңіз де шыншылдығы көрініп тұрады. Әрбірі жүректен шыққан. Кітаптың маңыздылығы да осында. Бұл – шындық, әділет іздеген кез келген қазақ­стандықтың үстелінің үстінде жататын кітап деп ойлаймын. Өйткені мұнда тілім, елім, әдебиетім, халқым деген әр қазақ азаматының жан дауысы бар.

Әлия БӨПЕЖАНОВА:
                                                        Бәріміз үшін де керек кітап
Қазақ өзі мақалдап сөйлейтін халықпыз ғой. Кез келген ұзын-сонар әңгімені қазақ екі ауыз сөзбен түйіндеп айтқан. Қолымыздағы кітапқа Мемлекет басшысының Жолдауларында, Үндеулерінде, түрлі маңызды сәттерде сөйлеген сөздерінен оймақтай ойлары жинақталып алыныпты. Жалпы, Президентіміз білімді адам ғой. Тегі де мықты екенін халқымыз жақсы біледі. Әкесі – жазушы Кемел ағаның көзін көрдік. Табиғатынан таза кісі болатын.
Мемлекет басшысының мазмұны терең ойлары топтастырылған бұл кітап жастар үшін де, бәріміз үшін де керек кітап деп есептеймін.

Қанат ҚАЙЫМ:
                                                           Білімдарлық тұнып тұр
Кітаптың ең ұнаған тұсы – Президент сөздері 21 тақырып бойынша жүйеленіп топтастырылған екен. Іздегеніңді жылдам тауып алуға өте ыңғайлы. Сөздерді оқи отырып Мемлекет басшысының Жолдаулары мен Үндеулерін ойға оралтып қана қоймай, білімдарлық пен тереңдіктің де тұнып тұрғанын түйсіндік.

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ:
                                                           «Рухани кемелденуге ұмтылмай өркендеу болмайды»
Мен кітаптың «Тарих. Мәдениет. Руха­ният» деген бөліміне ерекше назар аудардым. Осы бағыттағы Президенттің тұжырымдамалары, стратегиясы көңілімізден шығады. Бір тараудың өзіндегі «Мәдениет – ұлттың рухани дербестігінің кепілі», «Рухани кемелденуге ұмтылмай өркендеу болмайды», «Домбыра – қазақтың жаны, болмысының айнасы», «Тарихи-мәдени мұрамызды XXI ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет», «Абай ілімі ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс» деген қадау-қадау ойлары үлкен ойларға жетелейді. Жалпы, Мемлекет басшысының ұлтқа, мемлекетке, халыққа қатысты көзқарастарының жинақталып бергені қуантты.

Қасымхан БЕГМАНОВ:
                                                        Әділетті Қазақстан құрудағы бір бағдаршамымыз іспетті
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын зор қызығушылықпен оқып шықтым. Жинақтың әр бөлімі бір-бірін толықтырып тұр екен. Ең алғашқы «Ұлт саясаты» тарауында «Халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады» деген тұжырымды айтып, халыққа арқа сүйейді Президентіміз. Бұның астарында үлкен ой жатыр. «Халқы мықты болмай – салты мықты болмайды, салты мықты болмай – халқы мықты болмайды» деген аталы сөзбен астасып тұр. Кітап Әділетті Қазақстан құрудағы бір бағдаршамымыз іспетті боларына сенемін. Сонымен қатар жинақты оқи отырып, Мемлекет басшысының халқын шынайы жақсы көретінін, елге жанашыр екенін анық көреміз. Президент осы кітабы арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, адам капиталын дамыту, мемлектшілдік пен білімділікті дәріптеу мәселелерін де орынды қозғаған. Өйткені адамның тағдыры – мемлекеттің тағдыры екені рас.

Патигүл МАХСАТОВА:
                                                        Ой өрбітуімізге серпін беретіндей еңбек
Халқымызда «Даналар сөзі – ақылдың көзі» деген мақал бар ғой. Осы кітапты мен ақылдың көзі деп санаймын. Мемлекет басшысының ғылым мен білім, цифрландыру, жасанды интеллект, таза Қазақстан туралы ойлары қатты ұнады. Бүкіл әлем қол созған цифрландыру жүйесінен біз де кешеуілдеп қалмауымыз керек екенін де қадап айтқанын өте дұрыс деп есептеймін. Жинақты парақтай жүріп, өзіміздің де осында қамтылған тақырыптар аясында ой өрбітуімізге серпін беретіндей еңбек. Президент білімді ұрпақ болмаса, елдің келешегі де бұлыңғыр екенін дәйекті жеткізген. Ұстаздар мен ғалымдар, жазушылар жайлы ойлары да ұнады. Таза Қазақстан тұжырымын алға тартқанда сыртқы тазалыққа ғана емес, ішкі адамдық тазалыққа, мәдениетке баса назар аудартқаны да өте өзекті. Кітаптағы Президенттің әр ойы – афоризмге айналатын сөздер.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК:
                                                          Жасқа да, жасамысқа да пайдалы жинақ
Кітаптың басты құндылығы – халықтың мемлекеттің басты қозғаушы күші екенін нақтылап берген. Мемлекет басшысы әр тұжырымы арқылы мықты халық – мықты мемлекеттің тетігі екенін жеткізген. «Аққу, шортан һәм шаян» сынды қоғамда түрлі тартыстар орын алып тұр ғой. Соның әрбірінде ұлттың рөлі алға шығу керек. Президенттің келеңсіздіктерге жол бермеу туралы тұжырымдары да әр азаматтың қаперінде жүретіндей сөздер. Президент қоғамның барлық саласында Толық адам іліміне бас ұрсақ, кемдік көрмейтініміз турасында да жан-жақты жеткізген. Соның ішінде дін бағытында да дұрыс реформа жүргізген жөн.
Кітапта Президенттің көп дүниеде «оққа кеудесін тосып тұрғаны» байқалады.Талай шетін тақырыптарға барып, ашық түрде жауа­бын берген. Жасқа да, жасамысқа да пайдалы жинақ.

Ғалым ҚАЛИБЕК:
                                                       Ұлттық идеологияны негіз еткен тұжырымдар
Кітапта қазіргі Қазақстанның өткені, бүгіні, келешегі, жүргізіп отырған саясаты жайлы Мемлекет басшысының ойлы тұжырымдары жинақталып, «кім боламыз?», «қайда бара жатырмыз?», «қандай ел боламыз?» деген сұрақтарға жауап береді. Президенттің: «Менің өмірлік ұстанымым – туған елімнің мүдделерін қорғау. Бұл міндетті айқай шығармай, ұстамдылық танытып, сабырлылықпен дәйекті түрде орындауға болады», – деген сөзінің өзі көптің көкейіндегі мың-сан сұраққа орынды жауап.
Ұлттық идеологияны көп айтамыз. Ал оның тереңіне үңіле бермейміз көбінде. Бұл жайында Мемлекет басшысы: «Әділетті, таза, қауіпсіз, қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», – деп бір ауыз сөзбен ұлттық идеологияны негіз еткен болашағымызды айқындап берген.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ:
                                                                    Әр қазақтың төрінде тұратын құнды еңбек
Ешнәрсенің кездейсоқ болмайтыны сияқты «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының жарық көруі тегін емес. Бұл игі­ліктің Құрылтайдың құрылуымен қатар келіп жатқаны да – заңдылық.
Аталған кітап – әкім-қаралардың үстелінде ғана емес, әр қазақтың төрінде тұратын, кітапханасына қосылған құнды еңбек. Біздің міндетіміз – жинақтың ішіндегі барын базарлап, қажетке жарату. Кітап не үшін шығады? Халыққа қызмет ету үшін шығады ғой. Халықтың қолында тозсын деп тілеймін.

Ерлан ЖҮНІС
                                                                   Елдік ұстанымның эволюциясы бар мұнда
Кітапқа Президенттің бірнеше жылғы ой-пікірлері жинақталған ғой. Әсіресе Президент өміріндегі әке тағылымы ерекше көрініс тапқанын аңғардым. Алғаш Қытайға оқуға аттанғанда «Не істейсің? Не үйренесің?» деген әке сұрағына «Қытай тілін үйренем», – деп тіл қатқан екен Мемлекет басшысы. Сонда: «Шегіне, кемеліне жеткізіп үйрен», – деп ғұмырлық ақыл айтқан екен жазушы Кемел Тоқаев ұлына. Ел Президентінің кейінгі ғұмырындағы барлық саяси ұстанымдарында болсын, саяси бастамаларында болсын, яғни бастаған дүниені соңына жеткізу жолында әке ұлағаты айрықша сақталған секілді. Президентіміздің кешегі студент шағынан бүгінгі биігіне дейінгі қалыптасу тұжырымдамасын көреміз бұл кітаптан. Әрбір жас көруі керек, сезінуі керек, білуі керек елдік ұстанымның эволюциясы бар мұнда. Мемлекеттің әр кезеңдегі күрделі шақтарында Мемлекет басшысы сөйлеген сөздерден, Үндеулерден, Жолдаулардан, өзге де маңызды тұжырымдардан алынған ойлар, санада тиктоникалық қозғалыс туғызған тезистер жинақталған. Мемлекетшіл тұлғаның болмысы танылады кітаптан.

Бейбіт САРЫБАЙ:
                                                                   Тұтас халық оқитын ойлар қағбасы
Кітапта Мемлекет басшысы тарапынан айтылған мәйек сөздер, түрлі шақтарда сөйленген сөздердің тобықтай түйіні, ең бір маржандары теріп алынған. Жинақты оқи отырып, Президентіміздің ұстанған ұстанымын, көңіл күйін, парасат-пайымын, бағыт-бағдарын, түгел сезіне аламыз. Сол тұрғыдан қараған кезде бұл кітапты, ең бірінші, мемлекеттік қызметкерлер түйсініп оқыса дейміз. Бағыт-бағдар, мақсат ортақ болғандықтан жауапты қызметтегі тұлғалар да Мемлекет басшысымен бір рухта болғаны дұрыс қой. Сонымен қатар «Бүгін саналы ұрпақты тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз» дейді ел Президенті. Болашағымызды тәрбиелеп отырған ұстаздар, біліммен сусындап жүрген студенттер, тұтас халық оқитын кітап.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір