Мереке ҚҰЛКЕНОВ. КҮЙШІ АНАНЫҢ ҚҰДІРЕТІ (Эссе)
13.08.2026
70
0

Апыр-ай, бұрын қалай байқамағанмын… Әлде бір әуесқой адамның телефонмен түсірген бейнебаяны мені әрі сезімге бөлеп, әрі жүрегіме өкініш ұялатты-ау.
Бейнебаянда жасы сексеннен асқан ақ жаулықты ана домбырасын аялай ұстап күй төгіп отыр. Әжімді жүзі ерекше алаулап отырған әжейдің бар зейіні қара домбырасында. Сол қолының салалы саусақтары қос ішекті домбыра пернелерін аса бір құштарлықпен әрі қас шеберге тән ептілікпен басады. Ал оң қолы домбыра ішегін шанаққа тигізбей бекзат көркемдікпен қағады. Тұтас бір келісім.
Керемет қуатты, ойлы, әуезді күй бірде биік екпіндеп, кейде соншалықты байыптылықпен төгіліп жатыр.
Ал күйші анамыз бәрін ұмытқан, құдіретті, сиқырлы әуездің ішіне еніп кеткен. Құдды күйді қос қолымен емес, бар болмысымен, жүрегі мен сезіміне орап орындап отырғандай. Ғажайып күйді айтып жеткізгісіз шеберлікпен тартып отырған – біз алғаш көргеннен-ақ жақсы көріп, құрметтеп кеткен Әсима Ізмұхамбетова анамыз.


Алғашқы қайырымнан кейін санамда жаңғырықты, бұл – Құрманғазының «Қарт жігер» күйі.
Ойыма 2006 жылы «Өлке» баспасы шығарған Ахмет Жұбанов бабамыздың «Құрманғазы» кітабы оралды. Осы кітапқа өзім әдеби редактор болған едім. Жиырма жылдан кейін сол асыл жәдігерді қайта қолыма алып, «Құрманғазы күйлеріне қысқаша түсінік» бөлімін асыға парақтай бастадым. Міне, кітаптың 407-бетінде Құрманғазының соңғы нотаға түскен туындысы 82-күйі туралы түсінік берілген.
«Қарт жігер». «Жігер» күйін албырт жастық шақта шығарса керек, тегеурінді жүретін күй. Ал «Қарт жігер» күйін бабамыз қарттықтың жігері деп орындапты», – дейді белгілі домбырашы Әсима Ізмұхамбетова. «Мен бұл күйді ертеректе Т.Мерғалиевқа жаздырғанмын, халық күйі болып кетіпті әрі мен бір жайсыз уақытта асығыста бердім, тезірек жаздырып құтылуға тырыстым. Қатені жөндегеннің ерте-кеші жоқ», – деп сөзін түйіндеген еді Әсима апай бізге айтқан әңгімесінде. Күй табиғатынан Құрманғазы әлемі анық сезіледі.
Мен осынау түсініктемені Әсима апайдың ауызынан жазып алған кітапты құрастырушы, Құрманғазы консерваториясының профессоры, Құрманғазы мен Динатанушы Карима Сахарбаеваға іштей шексіз алғысымды білдіре отырып кітапты тағы парақтадым. Құрманғазының 69-күйі – «Көкала ат» туындысына берілген түсінікті оқып көрейік.
«Көкала ат». 1964 жылы Атырау облысы Махамбет ауданы №8 ауылда тұратын Әсима Ізмұхамбетованың орындауынан жазып алынды. Ә.Ізмұхамбетова 1926 жылы Атырау облысында туған. Ол халық күйлері мен халық композиторларының шығармаларын шебер тартады.


Ал «Көкала ат» күйінің шығу тарихын 1965 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Орда поселкесінде тұратын Жанғазы Темірәлиев жеткізген еді.
Ж.Темірәлиев 1911 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек (бұрынғы Орда) ауданы Бисен ауылында туған. Ол домбыраны шебер тартумен қатар күйлердің шығу тарихын да қызық әңгімелейтін. Соның бірі «Көкала ат» күйі туралы Жанғазы:
– Орда түрмесінен қашқан Құрманғазы күн ұзаққа қурай ішінде тығылып жатып, «Кішкентай демалыс» атты күйін шығарады да, екіндіде ілгері қарай жүріп кетеді. Жаяулап, ауыл-ауылды бағдарлап аман-есен еліне келеді. Ата-анасын қуантып, жолдас-жораларының арасында күйлерін тартып біраз жүреді. Бірақ өнебойы бұлай қашып жүрген қапас өмірге күйші қанағаттанбайды.
Ол өзіне жазықсыз ұрынып, жала жауып, қудалап түрмеге отырғызған би-төрелердің қорлығына шыдамайды.
Халықты жазықсыз жазғырып, қанауда, сол өңірге аты шыққан Ақбай төренің ауылына келіп, бәйгеге жаратып қойған көкала атын мініп, қашып кетеді. Соңынан қуған шабармандар бабында тұрған көкала аттың шаңын бір-ақ көреді.
Қуғыншыға жеткізбей кеткен күйші астындағы көкала аттың шабысына риза болып, «Көкала ат» деген күй тартыпты, – дейді (Т.Мерғалиев «Домбыра сазы»).
Мен одан әрі әсерленіп кеттім. Қайран да қайран Әсима анам-ай, өмірдің ауыр тауқыметін нәзік иығыңмен мойы­май көтере жүріп, осынша күйлерді қаншама жылдар бойы санаңызда сақтап, жүрегіңізде мәпелегенсіз.
Менің дәл қазір өкінетінім: Сізді, Сіздің бойыңыздағы құдіретті талантты өз деңгейінде бағалай алмағанымыз жанымды ауыртты. Әрине, үлкен-кіші Әсима анамыздың адами қасиетін, тал бойында бір міні жоқ келбетті де ибалы келін, парасаты мен ақылы, мейірімі мен қамқорлығы жарасқан салиқалы жан болғанын айтып, мойындап жататын. Шынында да, халқымызда өзінің жібек мінезімен ата-енені шексіз сыйлап, Құдай қосқан қосағының ең сенімді сыңары бола жүріп, он баланы дүниеге әкеліп, өсіп-өндірген қайсар аналар көп екеніне күмән жоқ. Алайда бүкіл бір әулеттің тауқыметін нәзік мойынымен көтере біліп, Құдай берген ғажайып талантын жүрегіне қондырып, жан дүниесінде сақтап, өмір бойы өзімен бірге алып жүрген аналар аз ғой. Біздің Әсима анамыз сирек кездесетін саф алтындай бітім-болмысы ерекше тұлға болатын.
Бала кезінен жан серігіне айналған қара домбырасын қолынан тастамайтын бойжеткен қыз өзінің болашақ әулетінің табалдырығын оң аяғымен аттағанда еліне аса қадірлі Уфа діни медресесін бітірген, үстіне ақ шапан киіп, басына ақ сәлде ораған, жүзінен иманы төгіліп тұрған Ізмұхамбет хазіретке келін болатынын біліп, іштей дайындалып, бекініп келген. Бірақ тұла бойын әлдеқашан билеп алған күй құдіретінен ешқашан ажырамайтынын да іштей мойындаған.
Солайша, анамыз үнемі күй құшағында жүрді. Той-томалақтарда, көпшіліктің басы қосылған дастарқан басында сүйікті келіні Рысты: «Апа күй тартып беріңізші», – деп еркелей өтінсе, қара домбырасын бірден қолына алатын.
Сонда ырду-дырдумен отырып, анамыздың салалы саусақтарынан төгілген әсем күйге мәз бола қол соққаннан әріге бармаппыз. Әсима апайымыздың музыкаға, күйге деген мәңгілік сағынышына ақыл тоқтатып мән беріп, сезіміне ортақтасуға шамамыз келмепті.
Әлбетте, біз Әсима анамызды қоғам және мәдениет қайраткері Бақтықожаның, мұнай саласының білгірі Нұрғожаның, өнері мен білігі жағынан бірінен бірі өткен сегіз қыздың анасы деп елжірей бағаладық, ерекше қадірледік. Алайда оның бекзат өнерін жан-жақты танымадық, насихаттауды ескермедік. Қайран күйлердің кереметі, құдіреті дастарқан басынан әріге бармады. Анасы туралы Бақтықожаның бірде былай дегені бар: «…Анам домбырада шебер ойнайтын. Егер шиеттей бала-шағамен жастай жесір қалмағанда, анамның өнері өрісті болары кәміл-ді. Қазір анамның қара домбырасы еліміздің Орталық мұражайында ілулі тұр. Ер-азаматынан ерте айырылуына қоса, анам – жылдар бойы ата-енесін мәпелеп бағып-қағып, сол кісілердің, яғни менің ата-әжемнің ақ батасын алған ғазиз жан.
Анамыздың орындауындағы Құрманғазы бабамыздың «Көкала ат», «Қарт жігер» және Мақаш әкімнің «Байжұмасы» 1960 жылы Ташкент қаласындағы грампластинка зауытынан күйтабақ болып шықты. Бұған халқымыздың біртуар өнерпаз тұлғасы Нұрғиса Тілендиев ұйытқы болған көрінеді».
Егер қазақ күйлерінің жоқшысы, ел аралап жүріп жергілікті таланттардан талай ұмыт болуға айналған күйлерді нотаға түсірген марқұм Тымат Мерғалиев Әсима анамыздың қолынан Құрманғазының «Көкала ат», «Қарт жігер», Мақаш әкімнің «Байжұма» күйін жазып алмағанда қазақтың дәстүрлі музыкасы талай құндылықты жоғалтатын еді.
Соңыра қазақтың ұлы композиторы, ғажайып дирижері, дәулескер күйшісі Нұрғиса Тілендиев осы қасиетті үш күйді пластинкаға жаздырып мәңгілік ғұмыр сыйлады.
Ал біз ше? Тұңғышы – Бақтықожа «ел басқарып жүріп, «анасын насихаттады» деген сөзге қалам ба» деп іштен тынған шығар. Басқамыздың, соның ішінде өзімнің өкінішім өзегімді өртейді. Тоқсанға жақындап дүние салған анамыздың, ең болмаса, бір концертін ұйымдастыруға мұрындық болмағаным қалай?! Ал Атырау облысының Мәдениет басқармасы қайда қарады, не ойлады? Дыбыс студиясында анамызды бабына келтіре дайындап, білетін барлық күйін жазып алуға кім кедергі болды? Күнде көз алдымызда, қасымызда жүріп, қалың елге, кейінгі жас ұрпаққа мейірім шуағын төккен Ұлттық құндылығымыздан өзіміздің керенау немқұрайлығымыздың жетегінде кетіп, қас-қағым сәтте айырылып қалдық. Өзекті өртейтін өкініш осы.
Әсима анамыздың дүниеден өткеніне көп айдың жүзі болды. Ал биыл 2026 жылы дәулескер күйшінің туғанына 100 жыл толды. Бірақ Атырау облысының руханият басшылары үнсіз. Тіпті сондай мейірбан ананың, дарынды күйшінің Атырауда өмір сүргенінен де бейхабар сияқты.
Біздің ойымызша, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – ғажайып күйші Әсима Қалиқызы Ізмұхамбетованың жарқын бейнесін мәңгілік есте қалдыру үшін күйші ананың есімін Атырау қаласындағы, Құрманғазы, Махамбет аудандарындағы көшелердің біріне беру, облыс орталығындағы, аталған екі аудандағы мәдени ғимараттарды аяулы Әсима анамыздың атымен атаудың уақыты келген секілді. Ол үшін, әрине, ол кісінің есімін «Тарихи тұлғалар тізіміне» кіргізу Атырау облысы басшыларының қасиетті борышы деп есептейміз.
Топырағы торқа болғыр Әсима анамыз күй тартып болғаннан кейін қара домбырасын қос алақанына салып аялай ұстап, ажарлы жүзінен нұры төгіліп, мәңгілік серігіне іштей рақмет айтқандай үнсіз тұрып қалушы еді.
Жарықтық күйден жаратылғандай ерекше адам еді ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір