Ахметжан АШИРИ: СТАЛИН ӨЛГЕНДЕ ЖЫЛАМАҒАМ…
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің біріккен жобасы «Асыл сөз» сұхбат алаңына ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, белгілі қаламгер Ахметжан Ашири қонақ болды.
Кітап палатасының директоры Асхат Құсайынұлы жүргізген сұхбат барысында жазушы өзінің соқпақты тағдыры, танымал қатарластары мен курстастары туралы қызықты естеліктер айтты.

– Аға, біздің ұжымға қош келдіңіз! Осы жобаны қолға алғалы бері қазақтың белгілі қаламгерлерінің біразы бізге қонақ болды. Еліміздің ірі жазушыларының кезегінде енді өзіңізді шақырып отырмыз. Дәстүріміз бойынша, әңгімені бала күннен бастап өрбітсек. Сіздің балалық шағыңыз екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келіпті. Бұл соғыс Сіздің шығармашылығыңызға әсер етті ме? Жалпы, жазушылық жолыңыз қалай басталды?
–Әрине, ол жылдардың қиыншылықтары әлі есімде. Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді. Оны ұмыту мүмкін де емес шығар. Бірақ балалық шаққа не жетсін…
Иә, соғыстан кейінгі жылдары ел жағдайы өте ауыр болды. Жейтін тамақ та жоқ. Үйде сегіз баламыз. Әке-шешемізді қосқанда он адам.
Бәріміз бір бөлмеде жатамыз. Дүние дегеннен үлкен бір қара киіз бар. Есікке таман ошақ орналасқан. Үстінде қара қазан. Бір күні ояна келсем, қара қазан буы бұрқырап қайнап жатыр екен. Ұзақ қайнады. Ағамды түртіп қоямын. Ойым, бүгін әкем жүгері ме, бірдеңе тауып келген-ау-ға саяды. Дереу бәріміз оянып, шүпірлеп қазанға қарап жұтынып қоямыз. Сөйтсек, ештеңе жоқ. Шешем байғұс қазаннан шыққан буды иіскелеп булыға жылап отыр екен.
Міне, сол кездерден қалған келмес күндер елесі. Ар жағын өздеріңіз бағамдай беріңіздер.
Отбасындағы сегіз баланың ішінде оқығаны үшеуміз ғана. Үлкен әпкем кейін қырық жыл мұғалім боп істеді. Одан кейін, Қазақбай деген ағам және мен. Шешем 1957 жылы 54 жасында қайтыс болды. Әкем қабағы түксиген, дөрекілеу адам еді, жарықтық. Арбакеш болған соң қамшысы да үнемі жанында. Менен басқасын сол қамшымен ұрып та қоятын. Бірақ маған бірде-бір рет қол жұмсап көрмепті. Соғысқа «рабочий батальон» құрамында қатысып, екі аяғынан жарақат алып қайтты.
Осы Алматыдан, Жібек Жолы мен анау Чайковский ме, сол көшелердің тұсынан жер май алып арбамен ауылға таситын. Аяғының жарасы ашылып кетіп, қанап жатқанда да ағаларым мен әпкелерімнің бірін де жолатпайтын. «Ақметжан, кел» деп шақырып алып тек маған ғана жарасын таңдыратын.
Әкем бағбаншылықты, ағаш баптауды жақсы көретін. Үнемі «ағаш», «миуа ағаш» деп жүретін-ді. Бірде біраз жеміс ағаштарын үйге алып келгені есімде. Зенатхан, Смахан, Қазақбай шығыңдар деп, бәріміздің атымызды атап шақырды. Біз дереу біріміз күрек, біріміз тырма, біріміз су алып тысқа шықтық. Қайдан, қалай келгенін білмеймін, менің қолыма балта түсіпті.
Бәрімізді көзбен шолып шыққан әкем, маған қарап: «Сен ана балтаны таста да, үйден қағаз қалам алып шық», – деді. «Ана әпкең үйретті ғой саған жазуды. Енді жаз!»
Содан «өрік гүлдейді, шешектемейді, алма шешектейді» деп барлығын нақтылап тұрып жазғызды. Осылай, ең алғаш әдеби тілде жазу жазғанмын. Әрі, «сол қолыңмен жаз» деп сол қолыммен жаздырғаны да есімде. Содан бері солақаймын, әлі күнге сол қолыммен жазамын.
«Мына, Махмұт Қашқари дейді ғой, аты Махмұт, туған ауылы Қашқарыда. Сол себепті Қашқари. Сен Ақыметжан Ашири боласың есіңде болсын», – дегені. «Әке балаға сыншы» демекші, Құдай аузына салғаны шығар, кім білсін? Әдеби псевдонимімнің осылай Ашири болуына да әкемнің сол бір сөздері себеп болды деп ойлаймын, яғни менің жазушылығым да тура бір осы сәттерден басталса керек.
Алдында айттым ғой, үйде оқыған үшеуміз ғана деп. Әпкем мұғалім. Ағам математик. Менікі жазу. Ал бір інім ауылда милиция болып істеп жүрген. Бір күні шемішке сатып отырған апаның ыдысын теуіп жібергенін көріп дереу бастығына жетіп бардым да, оны жұмыстан босатуын сұрадым. Ол болса, «мұның наградалары бар, жақсы қызметкер» деп бұлтақтатады. Мен «адам жанын түсінбейтін, адал еңбекті бағалай алмайтын адам милиция болып жарытпайды, дереу босатыңыз. Әйтпесе арыз жазамын» деген соң барып амалсыз жұмыстан шығарды. Сөйтсем, әлгі тентек бір күні Алматыға келіп тұр. «Мені жұмыстан шығартқан өзіңіз. Енді асыраңыз»ғ – деп қояды. Қазір үйдегі сегіз баладан қалғаны осы тетелес інім екеуміз-ақ. Ол да 85 те.
– Сізге өмірде ең үлкен әсер еткен адам кім? Мұхтар Әуезов ұстазыңыз туралы не айтар едіңіз?
– Әуезовтің лекциясы деген ғаламат қой. Мұқаң мұрынын сауып қойып «Манас» жырын бастан-аяқ жатқа соғатын. Ол образға өзі ғана кіріп қоймайды, аудиторияны түгел кіргізіп жіберетін.
Лекцияны айтасыз, бірде «сені Мұхаң іздеп жатыр» деген соң жүгіріп кабинетіне бардым. Машинистка қызға диктовка жасап тұр екен. Образға кіріп алған, екі қолын сермеп тұрып айтып жатыр, айтып жатыр. Шекесі шылқып, тіпті ауызы көпіріп кеткен. Ойын бөлуге батылым бармай тұр. Әлден уақытта терімші қыз «ағай, мен шаршап кеттім» деген еді, «әй, сен де, тез шаршай береді екенсің», – деп еркелете басын көтерген сәтте ғана мені байқады да, бері бұрылды.
– Ағай, сіз шақырып жатыр деген соң…
– Сенің жазғаныңды оқып шықтым. Дұрыс! Қазақ тілінде көп оқисың. Ізденесің. Сөздік қорың жетерлік. Мен саған бес қоямын. Бірақ сен қазақ тілін беске білмейсің. Ал сенің, Зейнолла Қабдолов деген замандасың бар. Ол 28 жаста екен. «Ұшқын» деген романын маған берді. Сіз оқыдыңыз ба? – деді.
– Оқыдым. Ол кісі бізге Әдебиет теориясынан сабақ берді, – дедім.
– Ә, сол кісі сіздің «Ақ көйлекті әйел» және «Солмас гүл» деген екі әңгімеңізді маған берді. Ұйғыр тілінде оқып шықтым, жақсы. Сондықтан, ә дегенде не жазсаң да әуелі өз ана тіліңде жаз, – деп кеңес берді.
Осы бір Әуезовтен алған бата тектес ақ тілек маған күні бүгінге дейін сарқылмайтын күш-қуат беріп келеді.
Диплом алар кезде де маған: «Мына зачеткаңды Амандосовтарға берме, тығып қой. Олар архивке өткізіп тастайды да, солай жоғалады», деп Зачеткама шиырып тұрып қолын қойды. Кейін оқу орны қанша сұраса да, «жоғалтып алдым», «киім ілгіште сырт киіміммен бірге ұрлап кетті» дегендей түрлі сылтаулар айта жүріп ақыры өткізбей кеттім. Сол сынақ кітапшам әлі күнге үйде сақтаулы. Кейіннен де «құда түсушілер» аз болмаған. Қазір құнды тарихи жәдігер.
Соңғы бір кездескенде ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы сұрап еді. Сол кісіге уәде еткенмін, бұйыртса жеке өз қолына тапсырармын.
– Қазір танымал курстастарыңыз бен замандастарыңыз туралы не айтар едіңіз? Оларға деген көзқарасыңыз өзгерген кездер болды ма? Қатарластарыңыздың қайсысын көбірек іздейсіз?
– Менің курстастарым мен қатарластарым: Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақ, Қабдеш Жұмаділов, Оразақын Асқар, Аманжан Жақыпов, Марфуға Айтқожа. Олардың барлығы дерлік ұйғыр тілін біледі. Ұйғырша ән айтады. Ұйғыр тілінен біраз дүние аударған адамдар.
Ең мықтысы – біздің Марфуға. Ол біздің классик жазушымыз Біләл Назымның қалың кітабын қазақшаға аударған.
Өмір болған соң қай-қайсысының да пендешіліктері болған шығар, бәлкім. Бірақ біз еш уақытта да араздаспадық. Керісінше, барлық жерде мен туралы тек жылы пікірлер айтқандарын білемін. Мен де ешкімді жамандамадым. Қатар-құрбыларымның қай-қайсысымен де мақтана аламын. Бәрін іздеп тұрамын. Күн санап қатарымыз да сиреп барады…
– Өміріңізде өкінетін сәттер болды ма?
– Өкінетін сәттер дейсіз бе?..
Әрине, болды. Өкінішсіз өмір бола ма? Бар ғой. Ең үлкен өкінішім «Келешегі жоқ ауыл» деген болжаммен 1945 жылы кіндік қаным тамған ауылымның таратылуы. Тұрғындарды Малыбайға, Шелекке, Қорамға, Тескенсуға төрт-бес ауылға бөліп көшірді. Сондықтан туған елімде тұрып-ақ туған жерін жоғалтқан азғантай адамдардың бірімін. Түсінген адамға мұнан үлкен өкініш те жоқ шығар.
Сол жерден соғысқа аттанған төрт жүз адамның бірде-бірі оралмапты. Бұл да өкініш! Үлкен өкініш! «Нұр ана» деген повест жаздым содан кейін. Ол «Простор» журналының екі санында қатар жарияланды. «Шарбақ» деген ауылымның атымен пьеса да жаздым. Дәулетбек Байтұрсынұлына айтып қазақ тіліне аудартқан сол шығармам құдай қолдап Түркияда өткен күллі түркі жұртының драматургтері қатысқан конкурста Халықаралық «дәдә Қорқыт» сыйлығының бірінші дәрежесін иеленді.
Арнайы шақыртумен Анкараға барғанымда әділ қазылар алқасының төрағасы сыйлықты тапсырып жатып мені құшақтап тұрып жылап жіберді. Сөйтсем, оның да туған ауылын осылай таратып жіберген екен.
Ол көште өзім қойған ескерткіш тақта ғана тұр. Сосын жадымдағы естеліктер. Болды. Кей-кейде сол ескерткіш тақтаның қасына жиналамыз.
Міне, осылай елдің бәрі еріксіз қоныс аударып, ауылымыз солай тарқатылған. 1953 жылы Сталин өлді деген қаралы хабарды жеткізгенде жыламаған, көзіне жас алмаған менен басқа жан жоқ та шығар. Сенсеңіздер мен жыламадым. Өйткені менің туған ауылымды тарқатқан сол Сталин деп қабылдағанмын кезінде…
Енді бір үлкен өкінішім, анама орамал болса да бір сыйлық сыйлай алмағаным. Осы жаныма қатты батады. Есіме түссе әлі күнге жүрегім сыздайды.
1957 жылы мен педучилищеде оқып жатқанымда «Москва-3» деген фотоаппарат болды. Оны білмейтін де шығарсыздар. Сол фотоаппаратпен жүзімдікте ауырып жатқан анамды тұрғызып суретке түсіріп алғам. Өзім түсірген осы бір сурет анамнан қалған жалғыз ескерткіш. Қазір әр түні анамның сол суретін құшақтап Жаратқан Иемізге жалбарынып, әкем екеуіне жұмақтың есігін аша көрші, пендешілік күнәларын кешірші деп жалынамын.
– Тіл жайлы не айтасыз?
– Тіл демекші, 1992 жылы біздің жазушыларды Сауд Арабиясына Меккеге қажылыққа шақырды. Арамызда Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қалтай Мұхамеджанов, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев тағы да басқа жазушылар бар.
Айтайын дегенім Қалтай ағаның сол тұста тамағы ауырып, екеуміз жақын маңдағы базарға барып дәріхана іздедік. Ол жерде тасбих ұстап тұрған жастардан дәріхана қайда екенін сұрап едік, олар біздің тілімізді түсінбей, «ағылшынша білесіздер ме?» деуден аса алмады. Осы жерде қалай дәріхана жоқ, сізді қалай дауаласақ (ұйғырша) дегенімде бір араб баласы «дауа, дауа» деп бізді түсініп дәріханаға апарды. Сонда Қалтай ағаның айтқан «Жылжымайтын мүлікке сенбеңіз, көлікті, үйді сатып алуға болады, ал барлық тілді жүрек астына сақтасаңыз ол сіздің шын байлығыңыз. Нағыз жылжымайтын мүлік ол – тіл. Қаншалықты тілді көп білсеңіз соншалықты жылжымайтын мүлікке ие болғаныңыз» деген сөзін еш уақытта ұмытқан емеспін. Осы оқиғадан соң түркі тілдерін көп оқып зерттеймін, балаларыма, немерелеріме де оқытамын.
– Шығармаларыңыздың қайсысына болмасын ойыңыз өзгерген, «Қап, мынаны неге былай жазбадым екен» деп немесе «ол кезде заман қазіргідей болғанда мынаны былай жазбас па едім?» деген сәттер болды ма?..
– Түрлі ойлар болады ғой, әрине. Бірақ түпкілікті пікірім өзгеріп, мынаны басқаша жазар едім деген кезім жоқ сияқты.
Қай жылдары мен де ауылға, Малыбайға он жыл тұрақтап жұмыс істегенім бар. Аздаған малым, жерім бар. Атакәсіп, диханшылық, біраз еңбектендім. Екеуін де әдемі ұштастыра білдім. Еңбегім зая кеткен жоқ. Он жыл дегенде «Идіқұт» деген романымды аяқтап, тапсырмас бұрын Қалихан Ысқақов досымның өтінішімен оған оқуға беріп жібергенмін. Әуелі: «Әй, сен қалай оқымақсың, сен ұйғырша білмейсің ғой», – дегенімде, «шұрқ етпе!» дегені бар. Арада жиырмашақты күн өткенде хабарласып: «Мына романың маған ұнады. Керемет жазылыпты. Қазақша мен ұйғыршаның айырмасы шамалы-ақ екен ғой», – деп қарап тұр. «Мен барлығын түсіндім. Сен бұдан кейін кітаптарыңды қазақшаға тәржімалап әуре болмай-ақ қой. Кім сұраса да мен кепіл боламын, солай деп айт. Айтпақшы, ұйғырлар бір сыйлық беріп жатыр ғой, «Ильхам» деген, соған мен ұсынайын» деген. Сөйтіп, мен «Ильхам» сыйлығын, 500 рубль алдым.
Сол романым туралы «Ұйғыр авази», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде хабарламалар берілді. Көршім, Әзілхан Нұршайықов аға мені шақырып: «Сен романыңды жазып бітіріпсің, мен Қалиханнан алып оқыдым. Мына бір қағазды алшы деді. «Қазақ әдебиеті» газетіне апарып берерсің». 3-4 беттік дүние екен. Жолшыбай үңілсем, әдебиет жайында, менің «Идіқұт» романым турасында екен. Мақаланы газетке апарып беріп, ауылға жүріп кеткем. Біраздан соң Алматыға келіп, мақала шыққан газетімді көтеріп Әзілхан ағаның есігін қақсам, Арнұр жылап тұр. «Әкемнен айырылып қалдық» деді. Солай, ағамыз «Жылы жүрек» деген мақаласын өзі оқи алмастан «аттанып» кетіпті.
Мінеки, бұл кітап жайында осындай адамдар жақсы пікір білдіріп жатса, екі ұйғыр баласы «Бұл Бауырчуқ Арт Текин Шыңғыс ханмен дос болып, ұйғыр елін сатты» деп екеуі екі мақала жазады. Соны оқыған белгілі кәсіпкер Ділмұрат Кузиев: «Ака, мыналарды сотқа берейік», – деді. Мен: «Жоқ, олардың пікірі дұрыс па, бұрыс па әуелі соны сынайық. Бұл кітапты керісінше өзге тілдерге көптеп аударайық. Сонда бағасын өзгелер береді. Сол кезде ғана бұлар өз ойларының жаңсақ екенін ұғады», – дегенмін. Ол кітап алдымен ұйғырша, сосын орыс тілінде мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Айтқанымдай болды да. Орыс тіліндегі нұсқасы өте жылы қабылданған кітапты қазіргі президентіміздің көмекшісі Мәлік Отарбаев пен ҚазМУ-дің ректоры Жансейіт Түймебаевтың рецензиясымен түріктің «Бенгу» баспасы басып шығарды. Сол кезде барып әлгі жігіттер келіп кешірім сұраған. Мен болсам өз ойымның дұрыстығына тағы бір мәрте осылай көз жеткіздім.
– Ұзақ жылдар бойы өзіңіз қызмет істеген, қазіргі Қазақстан Жазушылар одағы хақында не айтасыз? Жасанды интеллект дәуірінде әдебиеттің рөлі өзгере ме?
– Қазақстан Жазушылар одағы жайында дейсіз бе? Иә, ұзақ жылдар су ішкен құдығым ғой.
1986 жылы Қазақстан Жазушылар одағы коммунистерінің партия жиналысында барлық коммунист жазушылар «Правда» газетінде басылған, «Қазақтар нацист» деген шешіміне қарсы болды. Осы партия ұйымының жиналыс қортындысын мен, Колбинге апарып бердім. Ол, «саяси бюроның шешімін Горбачев өзгерте ала ма, өзгерте алмай ма» дегендей сенімсіздеу жауап берді. Сонда алған жауабым осы болды.
Сол жылдың 29 қыркүйегінде
«Правда» газетінде «Қазақтар нацист емес» деген мақала басылды. Оны Нұрсұлтан Назарбаев халық алдында хабарлады. Сондықтан мен ұйғыр әдебиеті өкілі ретінде әділдікке өз үлесімді қосқаныма қуанамын!
Жазушылар одағының XI Құрылтайында Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы етіп сайланғанмын.
1982–1986 жылдар аралығында Кемел Тоқаевпен Одақта бірге қызмет еттім. Өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Бірде мен оған: «Сіздің «Соңғы соққы» романын оқыдым. Сонда сіз Дутовтың басын алған милиционер ұйғыр Махмут Қожамияров деп жазыпсыз. Ал мына кинолардың барлығында Шанышев өлтірді деп жатыр ғой», – десем, «Ә, аха, сіз тарихты жазар болсаңыз ешқашан деректі өзгертпеңіз. Ол қиянат болады. Дерек дерек күйінде қалуы керек! Ал көркемдік жағы, образ орнату, тағы басқа оны жазушының өзі біледі» деген сөзі әлі күнге есімде, яғни бұл адамның шыншылдығын, адалдығын білдіреді.
Ал атышулы сексен алтыда, Желтоқсан көтерілісі кезінде мен Одақтың партия ұйымын басқарғанмын. Ол кезде Одақта болған от пен судың барлығының ортасында болдым десем, артық айтпаспын. Қазір лепіріп біреуден естіп алған оқиғаларын құдды бір өздері ортасында болғандай айтып жүргендер де бар. Мен оларға «Айналайын-ау, сен ол жерде болған жоқсың ғой, неге олай өтірік айтасың?!» – деп тыйып тастаймын. Осындай бір жаман әдет бар біздің қоғамда. Кезінде кім қалай өзін ұстады ол өз арларына сын. Мен ешкімнің артынан сөз айтпаймын. Бірақ кімнің кім екенін осы мезетте анық байқадым.
Ал сын сағатта сыналған Жұбан Молдағалиев пен Сафуан Шаймерденовтің азаматтықтарына тәнтімін. Жазушылар одағында өткен жиында Жұбан Молдағалиев «Мен Қазақпын» поэмасын оқыды. Сафуан Шаймерденов болса қалтасынан кішкене бәкісін алды да, президиумда отырған Колбинге өзімен бірге сыртқа шығуын сұрады. Көзіне тіке қарап тұрып: «Қазір екеуміз қаланы жаяу аралайық. Егер көшеде бір де бір қазақ баласы сізге қабақ шытып қараса мен өз қолыммен…» деп өз кеңірдегіне пышақты тақағанда, Колбин «что вы, что вы» деп шошып кеткен.
Сондай-ақ мен басымнан таяқ алып, есімнен танып құлаған сәтте ешкім елемей жатса да, жалғыз өзі көтеріп ала жүгіріп жедел жәрдем шақырған Жүсіпбек Қорғасбектің де азаматтығын айта кетпесем ұят болар.
Содан бері қанша басшы азаматтармен қызметтес болдым. Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев, Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет… Бәрі де өз хал-қадірінше еңбек етті.
Ал қазіргі басшы Мереке Құлкеновке келер болсақ, атқарып жатқан еңбегіне ризамыз. Отыз жылдан соң оралтып, алғашқылардың бірі ретінде мені «Қазақстанның халық жазушысы» атандырғаны үшін емес, Қасым-Жомарт Кемелұлымен келісіп, отыз жыл бойы жоғалып кеткен осы бір абыройлы атақты қайтарғаны үшін де айтар алғысымыз аз емес.
Іскер басшы. Келгелі неше түрлі-іс шаралар ұйымдастырып Одақтың беделін көтеруде. Меценаттарды тарту, түрлі байқаулар, әсіресе жастарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер, түрлі сыйлықтар әперуде. Бұл жастарды ынталандыру үшін өте қажет.
«Жұлдыз» журналы қандай жақсы. «Жалын» журналын да қайтарды, шығып жатыр. «Простор» да, «Қазақ әдебиеті» де қандай!
Қалихан Ысқақтың, Бексұлтан Нұржекенің, Ғалым Жайлыбайдың, Бауыржан Жақыптың, Сайын Мұратбековтың, Олжас Сүлейменовтің шығармаларын жиі оқимын.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Абайдың «Қара сөздері» менің толық адам болуыма, иман нұрымды арттыруға, әр күні адам болып өмір сүруіме жол ашқан шығармалар.
Солай, жасанды интеллект дәуірінде әдебиеттің рөлі өзгере ме, өзгермей ме оған әзір ештеңе дей алмаймын. Ал Одақтың бүгінгі қызметіне ризамыз.
– Бүгінгі жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? Егер бір ғана сөйлеммен адамзатқа үндеу тастау мүмкін болса, не айтар едіңіз?
– «Мен жастарға сенемін!» демекші, неге сенбеске? Мен жастарға сенемін! Сосын, қит етсе кінәлі екен деп сотқа сүйреуге қарсымын! Ешқандай абақты жастарды тәрбиелей алмайды. Жастарға, ең алдымен, дұрыс тәрбие қажет. Әкесі, ағасы, Ел ағасы, жалпы қоғам болып тәрбиелеуге тырысуымыз керек. Тәрбие отбасынан, мектептен және қоғамнан басталады. Мұғалімдерді құрметтеу, үлкендердің ақылын тыңдау, тәртіпті сақтау – әрбір жас үшін маңызды қағида. Сонымен қатар кітап оқу адамның рухани байлығын арттырып, ой-өрісін кеңейтеді.
Жастың аты – жас. Кейде албырттықпен аңдамай басуы мүмкін. Өзіміз де жас болғанбыз…
Жастар оқымайды деген өтірік. Оқиды! Тек кей-кейде жастықтың жалыны жеңіп кетуі мүмкін. Бар болғаны сол ғана. Ол түзеледі. Сондықтан жастарға сеніммен қарап, оларға қамқорлық көрсетіп, жақсы сөз айтып, қолдау білдіру қажет.
Қазақ халқы – түркі халықтары ішіндегі ең мықты халық. Жауынгер халық! Батыр бабалары мен ұлы тұлғалары қашан да халқына адал қызмет етіп, ел мәртебесін көтерген. Сондай болашақ тұлғалар да осы жастар сияқты халықтың арасынан шығады.
Жастар – елдің жарқын келешегі. Олардың өнері мен еңбегін бағалап, әрдайым қолдап отырсақ, мемлекетіміздің болашағы да нұрлы болмақ. Мысалы, Қанат Алтынбектің «Ананың алақаны» деген әңгімелерін оқығанмын. Ол сүйекті әңгімелер жазатынына куәгермін. Мен білмейтін қаншама жас жазушылар бар…
– Ахмет аға, бүгінгі керемет сұхбатымыз да соңына таяды. Біздің дәстүр бойынша сіздің ақ батаңызды – асыл сөзіңізді сұраймыз.
– Мемлекет басшысы Құрылтайда: озық елдің азаматы болудың тіке жолы кітап оқу» деді.
Ал күні кеше ғана, 16 мамырда кітап оқу мәдениетін дамыту және «Зерделі ұлт» қалыптастыру жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Кітап оқу мәдениетін дамыту – ұлт болашағына жасалған маңызды қадам! Міне, көрдіңіздер ме, біздің бүгінгі жиылып отырғаныздың да басты себебі – кітап!
Бүгін мен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының қазынасына түрік тілінде шыққан «Idikut», «Тататунга» романын және Эль-Нама (Түркінама) атақты түркітанушы Махмұд Қашқари жайында жазылған кітабын да сыйға беремін. Бұл кітаптардың мен үшін құны жоғары.
Ұрпағымыз озық ойлы азамат болсын! Бәріңіз де озық елдің зерделі азаматы болыңыздар! Ел аман болсын! Бақытты болыңыздар!
– Шақыруымызды құп алып, ортамызға келіп деректі әңгіме айтқаныңыз үшін рақмет айта отырып, ұлы Абайдың бюстін сыйға тартқалы отырмыз.
– Рақмет! Бұл мен үшін өте үлкен сыйлық. Сендерге көп рақмет!