Қазақ «Киіз үйі» ағылшын оқырманына жол тартты
04.08.2026
36
0

Жуырда Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасының Кітап үйінде қазақ халқының мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытатын «Киіз үй / The Kazakh Yurt» кітабының ағылшын тіліндегі басылымының тұсаукесері өтті.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 2025 жылғы Бас жүлдесіне ие болған бұл еңбекте киіз үйдің тарихы, құрылымы, жасалу технологиясы, ұлттық қолөнердегі орны және мәдени-рухани мәні жан-жақты баяндалған.
Айта кетерлігі, XXXII Бейжің халық­аралық кітап көрмесінде та­ныс­тырылған «Киіз үй / The Kazakh Yurt» кітабы Қытай баспагерлері мен оқырман қауымы тарапынан зор қызығушылыққа ие болды. Басылым­ның ағылшын тілінде жарық көруі – қа­зақ халқының төл мұрасын халықара­лық оқырманға таныстырып, ұлттық құндылықтарды әлемдік мәдени кеңістікке насихаттаудағы маңызды қадам.
Тұсаукесер рәсімінде «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед сөз сөйлеп, кітаптың ерекшеліктері мен құндылығына тоқталды. Ол қолжазбамен алғаш танысқан сәттен бастап еңбектің мәдени әрі танымдық маңызын жоғары бағалағанын айтып, бұл басылымды оқырманға ұсыну «Атамұра» баспасының ұлттық мәдени мұраны насихаттау бағытындағы маңызды жұмысының жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл басылымды киіз үй туралы ғана емес, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, дәстүрі мен қолөнерін тұтастай танытатын құнды еңбек деп бағалады.
Тұсаукесерге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, «Киіз үй» кітабының авторы, этнограф әрі ұлттық қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы, жазушы, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақын және Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова қатысып, жаңа басылымның мәдени, тарихи және танымдық маңызы туралы өз ойларымен бөлісті.
Этнограф, «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Киіз үй» кітабының авторы Бұлбұл Кәпқызы бұл еңбек қазақтың киіз үйіне, ұлттық мұрасы мен дәстүріне деген ерекше құрмет пен сүйіспеншіліктен туғанын жеткізді. Киіз үйдің тарихы, құрылымы, жасалу технологиясы мен рухани маңызы кеңінен қамтылған кітаптың ағылшын тіліндегі «The Kazakh Yurt» нұсқасы қазақ халқының бай мәдени мұрасын шетелдік оқырманға таныстырып, ұлттық құндылықтарды әлемге насихаттауға жол ашады.
Жинақпен танысқан АҚШ жазушысы Judith Lindbergh еңбекке жоғары баға беріп, қазақтың киіз үйі мен көшпелі өркениетінің бай мұрасына ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар Tolegen Paris компаниясының негізін қалаушы Нұржан Төлегеннің: ««Жуырда ағылшын тіліне аударылған The Kazakh Yurt («Киіз үй») кітабын оқыдым. Кітаптың әрбір бетін парақтаған сайын балалық шағымның тәтті естеліктері қайта жаңғырды», – деп құттықтау лебізін жолдауы да кітаптың мазмұндылығын айқындаса керек.
Ал қазақы ғұрыптың алтын діңгегін арқау еткен кітапты ағылшын тіліне аударған Дүйсенәлі Әлімақын: «Соңғы жылдары «Атамұра» баспасы халықаралық деңгейде де ұлттық мәдениетті насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақ мәдениеті туралы ағылшын және басқа да шетел тілдерінде жарық көрген кітаптар Қазақстанды әлем оқырмандарына таныстыруға мүмкіндік беруде. Енді, міне, өнертанушы Бұлбұл Кәпқызының «Киіз үй» атты кітабын ағылшын тілінде оқырманмен қауыштырып отыр. Бұл еңбек шетелдегі елшіліктерімізде қазақты білгісі келген әрбір оқырманның кітап сөресінде тұратын болады. Әрдайым жақсы кітаптың жаршысы бола берейік!» – дей келе, жинақтың құндылығына кеңінен тоқталса, белгілі журналист, қаламгер Қайнар Олжай:
«Киіз үй керемет, ол туралы кітап та керемет болып шықты.
2025 жылы наурыз айында Алматыдағы Арбатта кітап жәрмеңкесі өтіп жатқанда «Атамұра» баспасы шығарған «Киіз үй» кітабының тұсаукесеріне қатысқанбыз. Міне, бір жылдан аса уақыт өткенде осы көркем безендірілген кітап ағылшын тілінде жарық көрді. Киіз үйдің ішінде туып-өскен ұрпақтың өкілі, өнертанушы-шебер Бұлбұл Кәпқызы жазған еңбекті жас зерттеуші Дүйсенәлі Әлімақын ағылшын тіліне аударған. Көркем әдебиетті, деректі шығарманы аудару қолдан келер-ау, ал әрбір құрамдас бөлігі сипатталған, ішіндегі дәстүрлі заттары қамтылған, олардың тек қазақша ғана атаулары болған киіз үй туралы еңбекті ағылшыншалау — қиынның қиыны», – деп ақжарма лебізін білдірді.
Қазақтың киіз үйі арқылы тұтас ұлт­тық болмысты, халық мұраты мен тереңнен тамыр тартар тарихты, өнер мен сұлулыққа, көркемдікке деген көз­қарасты, дала мәдениетімен ұштасқан тереңдікті, даналықты паш ететін кітаптың «Атамұра» баспасында жарық көруі де кездейсоқ емес. Корпорация президенті Рақымғали Абрарұлының қазақ руханиятын, әдебиетін, тарихын ұлықтап, асыл қазыналарды ақ қағазға қаттап, ел игілігіне ұсынып келе жатқаны әмбеге аян. Ұлттың рухани қазынасын байытар еңбектерді қалт жібермейтін Рақымғали Абрарұлы бұл кітаптың да қазақ үшін зор мәнге ие екенін бірден тап басты. Алқалы жиында: «Дәл бұндай құнды еңбектерді бірінші кезекте пайданы ойламай, мейлі, тіпті өзіміз шығынға батып жатсақ та, қазақтың ұлттық құндылықтарын әлемге таныту деген алып миссияның маңыздылығын бағдар етіп, міндетті түрде баспадан шығарып, оны әлемге, әлемдік көрмелерде дәріптеуіміз керек. Өйткені осындай еңбектер арқылы әлем жұрты бізді таниды, қазақты таниды», – деген ол құнды еңбектің алдағы уақытта француз, қытай тілдеріне де аударылатынын баян етті.

Е.Аманбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір