НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ туралы АШЫҚ ӘҢГІМЕ
04.08.2026
39
1

Әлемге әйгілі жазушы, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның Қазақстанға жасаған әдеби сапары барысында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Төлен Әбдіктің кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну мүмкіндігі жөнінде пікір білдіріп, өз ұсынысын жеткізген болатын. Осы ұсыныс бойынша Мереке Құлкенов Мо Янға арнайы хат жазып, кейін Мо Янь мырза Мереке Әбдешұлына жауап жолдады. Оқырман назарына екі хаттың да мәтінін толық күйінде ұсынып отырмыз.

Құрметті Мо Янь мырза!
Сізге Қазақстан Жазушылар одағының және күллі қазақ оқырмандарының атынан дұғай-дұғай сәлем жолдаймын.
Алдымен, жуырда Қазақстанға жасаған әдеби сапарыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Астана және Алматы қалаларында қазақ оқырмандарымен, зиялы қауыммен және қаламгерлермен өткізген кездесулеріңіз қазақ-қытай арасындағы әдеби-мәдени байланысты жаңа деңгейге көтерген ерекше оқиға болды.
Қазақ тілінде жарық көрген екі кітабыңыз да оқырман қауым тарапынан жоғары бағаланып, үлкен қызығушылық тудыруда. Алдағы уақытта да шығармаларыңыз қазақ тіліне аударылып, кеңінен насихаттала беретініне сенім мол.
Есіңізде болса, Астана қаласында өткен кездесуімізде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік туралы әңгіме қозғалған еді. Сол кезде оның шығармашылығы сіздің де назарыңызды аударғанын байқадық.
Осы орайда «Төлен Әбдіктің қытай тіліне аударылған «Парасат майданы» шығармасын оқып үлгердіңіз бе?» деп сұрағым келеді. Бұл шығарма өзіндік философиялық тереңдігімен, адам табиғаты мен ар-ождан мәселелерін ерекше көркемдікпен бейнелейтін қазіргі қазақ әдебиетіндегі озық туындылардың бірі саналады. Егер бұл шығарманы әлі оқуға мүмкіндігіңіз болмаса, уақыт тауып танысып шығасыз деген үміттемін.
Біз Төлен Әбдікті әлемдік әдебиет кеңістігінде өз орны бар ірі суреткер деп бағалаймыз. Егер оның шығармашылығы сіздің де жоғары бағалауыңызға ие болса, қазақтың көрнекті жазушысын Нобель сыйлығының иегері ретінде өз атыңыздан мәртебелі Нобель сыйлығына ұсынсаңыз, біз үшін үлкен қуаныш болар еді. Төлен Әбдік – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі ретінде әлемдік әдеби қауымдастыққа кеңінен танылуға әбден лайық қаламгер.
Сізге зор денсаулық, шығармашылық шабыт және толайым табыс тілеймін.

Құрметпен, Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы
21 шілде, 2026 жыл

Құрметті Төраға Мереке Әбдешұлы!
Мен Төлен Әбдік мырзаның «Парасат майданы» атты повесін оқып шықтым. Оқыған кезде үнемі Лу Шүннің «Есалаңның естелігі», Дантенің «Құдіретті комедиясы», Гетенің «Фаусты» және Итало Кальвиноның «Қақ бөлінген виконт» шығармалары есіме түсіп отырды.
Сөз жоқ, бұл – өте терең туынды. Шығарма азапқа толы философиялық толғаныс арқылы өмір мен өлім, ізгілік пен зұлымдық сияқты адамзаттың мәңгілік мәселелерін қозғайды. Оқырманды терең ойға жетелейтін, пайымдау кеңістігін молынан ашатын шығарма.
Алайда Нобель сыйлығы бір ғана шығарманы емес, жазушының жалпы шығармашылық жетістігін бағалайды. Әрине, кейбір шығармалар қазылар алқасының ерекше назарын аударуы мүмкін, алайда бір ғана повесть арқылы сыйлық алған мысалдар іс жүзінде жоқ деуге болады.
Нобель комитетінің мүшелерінің басым көпшілігі шығыс тілдеріндегі шығармаларды түпнұсқадан оқи алмайды. Сондықтан жазушының негізгі шығармалары алдымен батыс тілдеріне аударылып, содан кейін ғана оның еңбектері Нобель комитетінің назарына ілігуі мүмкін. Бұл үдеріс біршама ұзақ уақытты талап етеді.
Соңғы жылдары мен негізінен қытай жазушыларын халықаралық деңгейде насихаттаумен айналысып келемін. Сондықтан әзірге Төлен Әбдік мырзаның кандидатурасын ұсына алмаймын. Уақыты келгенде бұл мәселені қайта талқылай аламыз.
Маған көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін рақмет. Сізге бар жақсылықты тілеймін!

Мо ЯНЬ
24 шілде, 2026 жыл

Әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарлама керек

Жуырда әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь әріптесімізден көрнекті жазушымыз Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесін Нобель сыйлығына ұсынуды сұрап, хат жолдадық. Бұл хатымызға өте мазмұнды әрі салмақты жауап алдық.

«Қазақ жазушысын аса мәртебелі сыйлыққа неге қытай жазушысы ұсынуы керек?» деген сұрақтың туындауы заңды. Себебі өткен жылы Бейжің қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен Қытай Жазушылар одағы арасындағы әдеби байланысты дамыту жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі аясында Мо Янь мырзамен арнайы кездесіп, кеңінен сұхбаттасқанбыз. Бұл сұхбат кейін «Қазақ әдебиеті» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланып, көпшілік назарын аударғаны белгілі.
Сұхбат барысында Мо Янның қазақ әдебиетін әлі де терең біле бермейтінін аңғардық. Сондықтан Қытайдың көрнекті жазушысын Қазақстанмен және қазақ әдебиетімен жақынырақ таныстыру мақсатында оны елімізге шақырдық. Ол шақыруымызды ықыласпен қабылдап, Қазақстанға келді. Алматы мен Астана қалаларында зиялы қауыммен, қаламгерлермен кездесіп, дәрістер оқыды. Бұл сапардың куәсі болған жұртшылық оны жақсы біледі.
Астанада Мо Янь Төлен Әбдік ағамызбен арнайы кездесіп, әңгімелесті. Сол кездесуде біз Мо Янь мырзаға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша 2020 жылы Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» қытай тілінде жеке кітап болып жарық көрген «Қазақстанның қазіргі заманғы прозасының антологиясына» енген Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасын оқып шығуды ұсындық. Ол бұл ұсынысымызды ықыласпен қабылдап, оқитынына уәде берген еді.
Соның нәтижесі біздің хатымызға берген жауа­бынан анық көрінеді. Бізді қуантқаны – Мо Янның «Парасат майданын» жоғары көркемдік деңгейдегі шығарма деп бағалауы. Бұған дейін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, көрнекті қытай жазушысы қазақ қаламгерлерінің шығармаларын оқымағанын жоғарыда айттық. Сондықтан оның осындай жоғары бағасы баршамыз үшін қуанышты жаңалық деп есептеймін.
Сонымен қатар әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты басқа жазушының шығармасын осы мәртебелі сыйлыққа ұсынуға құқылы екенін де назарға алған жөн.
Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын ұсыну тәртібінің ресми ережесіндегі («Qualified nominators» бөлімі) мына тармаққа назар аударайық: «Previous Nobel Prize laureates in Literature». Қазақша аудармасы: «Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының бұрынғы лауреаттары кандидат ұсынуға құқылы».
Енді «Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты қалай таңдалады?» деген сауалға тоқталайық.
Қыркүйек айында шақыру хаттары жіберіле бастайды. Нобель комитеті әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына кандидат ұсынуға құқығы бар жүздеген тұлға мен ұйымға арнайы номинациялық нысандарды жібереді. Қаңтардың соңына қарай ұсыныстарды қабылдау мерзімі басталады, яғни толтырылған құжаттар келесі жылдың 31 қаңтарынан кешіктірілмей Нобель комитетіне түсуі тиіс. Комитет ұсыныстарды зерделеп, бастапқы тізімді әзірлейді де, оны бекіту үшін Швед академиясына жолдайды. Сәуірде қосымша сараптаудан кейін Нобель комитеті 15–20 кандидаттың тізімін жасап, оны алдын ала қарау үшін Швед академиясына ұсынады. Мамырда комитет тізімді қысқартып, академия қарайтын бес негізгі кандидатты қалдырады. Маусым мен тамыз аралығында Швед академиясының мүшелері соңғы бес үміткердің шығармаларын толық оқып, жан-жақты бағалайды. Сонымен бірге Нобель комитеті әр кандидат бойынша жеке сараптамалық қорытынды әзірлейді. Үміткерлердің шығармаларымен толық танысқан академия мүшелері қыркүйекте олардың әдеби мұрасы мен әлем әдебиетіне қосқан үлесін талқылайды. Қазан айының басында Швед академиясы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреатын анықтайды. Лауреат атану үшін кандидат дауыс беруге қатысқан мүшелердің жартысынан астамының қолдауына ие болуы тиіс. Осыдан кейін жеңімпаздың есімі ресми түрде жарияланады. Бәріміз білетіндей, Нобель сыйлығын табыстау рәсімі жыл сайын 10 желтоқсанда Швецияның Стокгольм қаласында өтеді.
Міне, осыдан кейін Мо Янның: «Мен «Парасат майданын» Нобель сыйлығына ұсына алмаймын», – деген жауабымен амалсыз келісуге тура келеді.
Демек, халықаралық Нобель немесе Букер сияқты беделді сыйлықтарға жеке адамдардың өз шығармаларын өз бетінше ұсынуға әрекеттенуі – бос әурешілік. Қазақ жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Дулат Исабековтің шығармалары Нобель сыйлығына ұсынылғаны жөнінде жиі айтылады. Ұсынылған да шығар. Алайда қымбатты ағаларымыздың құжаттары Швед академиясының ресми талаптарына сәйкес келмегендіктен қабылданбаған. Өкінішке қарай, оларды халықаралық деңгейдегі алаяқтар бос әуреге салып, қомақты қаржыларын пайдаланып кеткен.
Осы тұста «Ал енді не істемек керек?» деген заңды сұрақ туады.
Әрине, қазақ жазушыларының шығармаларын осындай беделді халықаралық сыйлықтарға ұсыну – ұзақ әрі күрделі процесс.
Ең алдымен, қазақ немесе орыс тілінде жазылған шығарма француз, неміс секілді негізгі еуропалық тілдерге, ағылшын тіліне жоғары сапада аударылуы қажет. Бұдан кейін сол елдердің беделді баспалары шығарманың көркемдік деңгейін мойындап, жеке кітап етіп шығаруы тиіс. Аударманы сол тілдің табиғатын жетік меңгерген, кәсіби әдеби аудармашы жасағаны маңызды. Сонымен бірге шығарманың көркемдік құнын әлемдік деңгейде таныта алатын жүйелі насихат пен сауатты әдеби маркетинг қажет.
Осы талаптар орындалған жағдайда ғана Швед академиясының назарын аударып, үміткерлер қатарына ену мүмкіндігі туады.
Мен білетін бірен-саран қазақ жазушылары өз шығармаларын осы сыйлыққа ұсынуға талаптанып жүр. Бірақ бұл, айналып келгенде, нәтижесіз іс.
Біздің ойымызша, бұл аса күрделі мәселеге мемлекет деңгейінде көңіл бөлінуге тиіс. Сол себепті біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге назар аударуын сұраймыз.
Президентіміздің көркем әдебиет пен кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалаймыз.
Әсіресе «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлық пен «Қала хикаялары» республикалық әдеби байқауы – ұлттық әдебиеттің болашағына жасалған аса маңызды қадамдар деп есептейміз.
Ендігі кезекте қазақ жазушыларының шығармаларын әлемдік әдеби кеңістікке шығаруға арналған арнайы бағдарламаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жасаса нұр үстіне нұр болар еді. Бағдарламаның сәтті жүзеге асуына Президенттің әдебиетті өте жақсы білетін кеңесшілері – жазушы Мәлік Отарбаев пен әдебиеттанушы-ғалым Бауыржан Омаровтың ресми түрде үйлестіруі де үлкен нәтиже береді деп сенеміз.
Ал енді «Неліктен біз Қазақстаннан Нобель сыйлығына ұсыну үшін Төлен Әбдікті таңдадық?» деген сауалға келсек, бұған бірнеше негіз бар. Біріншіден, Төлен Әбдіктің кейінгі жылдары жазған шығармалары көркемдік деңгейі өте жоғары туындылар. Екіншіден, Төлен Әбдік – қазақ әдебиетінің даму үдерісін жіті қадағалап, өз ойын ашық айтып жүрген көрнекті қаламгер. Жазушының өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған әдебиет туралы терең толғаныстары мен ой-пікірлеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатыңызды мұқият оқып шықтым. Өзекті ой-толғамдарыңыз арқылы ұлт руханияты үшін құнды дүниелер айтылған. Төл әдебиетіміздің даму көкжиегіне қатысты сын-пікірлеріңіз бен жас буынға қарата айтқан ақыл-кеңестеріңіз орынды деп санаймын. Шын мәнінде, жаһанды жайлаған қазіргідей құбылмалы заманда жазушылар қауымы көркем туындылары арқылы әділдік, жақсылық және адамгершілік құндылықтарын кеңінен дәріптегені жөн. Бұл еліміздің келешегі үшін өте маңызды. Қаламыңыз қарымды болсын! Сізге мықты денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!» – деп арнайы жеделхат жолдауы бекерден-бекер емес.
Құрметті қаламгерлер!
Біз Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды, Таза Қазақстанды құруға бет алдық. Олай болса елімізде көркем әдебиетті қолдауға бағытталған игі бастамаларға бейжай қарамайық
Қазақтың ұлы көркем сөзінің әлемге танылуына бірге атсалысайық.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.08.2026 | 17:55

Сіз кіммен ойнап жүрсіз?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір