Табиғатты аялайық!
Қазіргі таңда экологиялық жаңару мәселесі өте ауқымды тақырыпқа айналған. Бізді қоршаған орта, айналамыздағы табиғат – ауа, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің хал-ахуалы өте маңызды. Өйткені мұның бәрі адамзат өмірінің негізі болып табылады.

Соңғы жылдары ауа, су және топырақтың ластануы, орман-тоғайдың азаюы, климаттың өзгеруі сияқты мәселелер өзекті проблемаларға айналуда.
Сол себепті экологиялық жаңару – қазіргі заманның ең мағызды міндеттерінің бірі болып саналады.
Экологиялық жаңару – ол қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану. Оны жүзеге асыру үшін жаңартылған энергия көздерін пайдаланып, қоқыстарды сұрыптап отыру, ағаш отырғызу, су мен электр энергиясын үнемдеу, демалыс орындарын қоқыстардан тазартып отыру сияқты көптеген шараларды қолға алу керек.
Әрбір адам күнделікті өмірінде табиғатқа жанашырлықпен қараса, экологиялық мәдениетті қалыптастырса тамаша болар еді. Мысалы, адам денсаулығына зиян келтіретін пластикті ыдыстарды аз қолдану қажет деп ойлаймын, ал қоғамдық көлікпен жүру қоршаған ортаға оң әсерін тигізер еді.
Айналамыздағы қоқысты күнделікті тазалап отырудың өзі де табиғаттың тазаруына көптеген әсерін тигізеді. Қарапайым экологиялық ережелерді сақтасақ, еліміздің экологиялық жағдайы жақсарып, болашақ ұрпаққа таза әрі көркем табиғатты қалдыруғ болар еді.
Біздің еліміздің табиғаты өте бай, әсем. Бірақ соңғы кездері айналаның ластануы күнделікті нәрсеге айналып бара жатыр. Болашақ жастарды табиғатты қорғауға, аялауға үйретудің маңызы үлкен. Ол үшін еліміздің әр азаматы үлес қосуы қажет. Табиғатты аялауды жас ұрпақтың бойына бала кезден сіңірейік.
Елдана АМАНБАЙ