Қаламгердің қамқорлық бөлмесі
Ертеректе қаламгерге арналған қонақ бөлме болғаны, яғни осыдан 176 жыл бұрын, 1850 жылы орыс жазушысы Николай Васильевич Гогольдың арнайы жеке бөлмесі болғаны тарихтан мәлім.

Қаламгердің қасиетті парызы мен кәсібі – халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін ұшқыр ой-қиялымен, көркем сөзбен елдің билеушісіне жеткізу. Еліміздің ақын-жазушылары қоғамдық маңызы бар әдеби, көркем, публицистикалық немесе ғылыми шығармаларды жазып, билік пен халық арасында алтын көпір болып келеді. Осы ілкімді үрдісті жалғастыру мақсатында, кезінде зиялы қауымның ордасы болған Семей қаласындағы қонақүйде қазіргі талаптарға сай өркениетті арнайы «Қаламгердің қамқорлық бөлмесі» ашылыпты. Кеңірек айтсақ, Абай облысының әкімі Берік Уәли «Pana Unique Semey» қонақ үй кешенінің ашылу салтанатында жобаның өңір үшін тарихи маңызы бар екенін атап өткен екен.
«Бүгін Семей үшін айрықша күн. Қаламызда мұндай деңгейдегі қонақ үй кешені бұрын болмаған. Ең бастысы, 1890 жылы салынған тарихи ғимараттың сәулеттік келбеті толық сақталып, қайта жаңғыртылды. Бұл – инвестордың кәсіби көзқарасы мен туған жерге деген жауапкершілігінің айқын көрінісі. Семей – Абай туған қазақ жазба әдебиетінің алтын бесігі. Осыған орай, біз қонақ үйден жазушы мен ақынға арнайы бір бөлме бөлуді өтініп, ұсынысымыз қолдау тапты. Енді еліміздің кез келген қаламгері Семейге келіп, 10 күн бойы осы жерде тұрып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алды», – депті аймақ басшысы. Жобаның жүзеге асуына үлес қосқан инвесторлар Қайрат Итемгенов пен Сырымбек Таудың бастамасы қаланың туристік әлеуетін жақсартумен қатар, Семейдің рухани мәртебесін ерекше, жаңа деңгейге көтерді.
Жазушыға арналған қонақ бөлме – демалыс орны ғана емес, шабыт шақыратын, ой жинақтайтын, шығармашылық әлеуеті айрықша кеңістік болып табылады.
Ерекше жағдайды үйлесімді ететін маңызды мәселеге назар аударылған: бөлменің ең басты бөлігі – кітапхана. Биік әрі кең сөрелер, кеңесіп қойылған ең қажетті туындылардың қолжетімділігі; жұмыс аймағы – эргономиялық кресло мен табиғи жарық түсетін терезеге жақын орналасқан жазу үстелі. Жасанды жарықтандыру үшін сапалы жұмыс шамы; демалу аймағы – әңгімелесуге немесе кітап оқуға арналған ыңғайлы диван, шағын журнал үстелі мен жұмсақ кілем; жарық және түстер бойынша шығармашылыққа кедергі келтірмейтін түстер таңдалған. Жарықты деңгейлеп бөлу (үстіңгі жарық, торшер және бра); шабыттандыратын декор – қабырғаға құнды портрет, картина, ұлттық нақыштағы ілінген кілемше қаламгердің ішкі, сыртқы әлемін тербеп, шабыт береді.
Семей қаласындағы «Pana Unique Semey» қонақ үй кешенінде орналасқан жазушыға арналған бөлме, шынында, ақын-жазушының шабытын ашатын, ұшқыр қиял мен көркем шығарманы дүниеге әкелетін аса қолайлы орын екен. Кешеннің орналасқан жерінің өзі адамға ерекше көңіл күй сыйлайды. Қаланың орталығында орналасса да, тынымсыз ағылған көлік пен ерсілі-қарсылы жүрген адамның дабыра-шуынан қашықтау.
Таңғы серуенге шығып, Ертіс өзенін жағалап, бір сарынмен толқи аққан өзеннен күш-қуат аласың. Сәл әріректе орналасқан заманауи «Бейбітшілік аралы» саябағын аралап, миды тынықтырып, тың ойларға шомуға болады.
Таңсәріде өзен жағалап жүгіріп жүрген, салауатты өмір салтын ұстанып, жаттығу жасайтын, жаяу жүріспен желіп жүрген қаланың үлкен-кіші тұрғыны мен қонағын жиі кездестіресіз.
Таңғы серуеннен кейін құстың сүтінен басқасының бәрі қойылған, «Тары» дәмханасынан асықпай, ас ішіп алып, қалам тербеп, ойға алған жұмысты жасай беріңіз.
Ерекше қарым-қабілетті жазушыға шабыт әртүрлі жолмен келеді: бірі – жанға жайлы тыныштық орнаған жерді қаласа, енді бірі – адам топырлап жүрген, тынымсыз күй кешкен жерінен шабыт алады.
Мысалы, орыс жазушысы Гогольге 1850 жылы Никитский бульварындағы Талызиннің үйінде тұрған кезінде барлық жағдай жасалған екен. Гоголь өз өлімінің жақын қалғанын сезіп, күннен-күнге түнеріп, көңілсіз күйге түседі. Барлық жағдай жасалса да, жазушыға шабыт келмейді. Қалам ала салып отыра қалса, ойына ешнәрсе түспейді. Бір күні жазушыдан: «Бірнеше ай өтсе де, ешқандай қолжазбаңыз жарық көрмеді?» – деген сұраққа, ол: «Адам баласы кызық қой, маған жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалса да шабыт келмей тұр», – деп жауап береді. Біраз үнсіздіктен соң, келесі бір қызықты оқиғаны айтып береді.
«Италияның Джансано және Альбано қаласында болған кезімде жолдың бойында әбден тозығы жеткен трактир тұр екен. Күн ыстық болғандықтан, соған кіріп демалуды жөн көрдім. Трактирдің іші у-шу, бірі бильярд ойнауда, енді бірі темекі бұрқыратып, шарап ішіп отыр. Сол кезде менің «Өлі жандардың» бірінші томын жазып жүрген кезім еді. Неге екенін білмеймін, трактирге кірген бойда қойын дәптерімді ала салып, бұрышта тұрған үстелге отыра қалып, жаза бастадым. Жан-жағымда болып жатқан у-шуға, төбелеске көңіл бөлмей, ерекше бір шабыт пайда болып, тоқтамастан «Өлі жандардың» бақандай екі тарауын жазып тастадым. Ал қазір ешкім маған кедергі жасамаса да, бірақ шабыт келмейді. Сол кезде жазған шығармамды өзім жоғары бағалаймын», – деп аяқтаған өз әңгімесін Гоголь.
Бүгінгі күнде зиялы қауым өкілі – ақын-жазушыларға ерекше көңіл бөлініп, шығармашылықпен айналысуына жағдайдың жасалуы – ерекше қуантады. Осы үрдіс «Еліміздің барлық өңірінде қолға алынса» деген ниет-тілек бар.
«Бақытты ғұмыр» кітабымның тұсаукесерін Семей мен Өскемен қаласында өткізгенімде, бірнеше мәрте «Pana Unique Semey» қонақ үй кешенінде орналасқан жазушыға арналған қонақ бөлмеге қонып, таңғы серуенге шығып, таңғы астан ішіп, ерекше шабыт алғаным рас. Сөйтіп, өзім бастан кешкен естен кетпес көңіл күйді қалың қауыммен бөліскім келді.
Ғалымжан ЕСҚАРАҰЛЫ,
экономика ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор