Абай мектебінен әр алған Тәкен тұғыры
04.08.2026
93
0

Абай Шығыс мәдениетін меңгергенде талғампаздықпен сыни қарап меңгереді. Махаббат бостандығын, әділетшілдікті, әлеуметтік прогресті жырлайтын сыршыл поэзияға құмартты.
Ол Низамиді, Науаиді, Хафизді, Сағдиді, Физулиді, Фирдоусиді қадір тұтты. Бұлардың ішінен Науаидің «Фархад-Шырыны», Фирдоусидің «Шахнамесі», Низамидің «Ләйлі – Мәжнүні» қазақ даласына кең тараған еді.
Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ

Бүгінде Абай хақында аз жазылды, аз зерттелді деу қиын. Әр дәуір, әр тарихи кезең хакім мұрасына өз биігінен үңіліп, өз танымы мен талғамы тұрғысынан па­йым жасады. Абайды ХХ ғасырдың басындағы алаштықтар бір қырынан таныды, кеңестік кезең өз өлшемімен сүзгіден өткізді, тәуелсіздік дәуірі ұлттық рух пен тарихи әділет таразысына салып қайта қарады. Бұл – табиғи құбылыс. Өйткені ұлы тұлғаның мұрасы – бір кезеңнің ғана еншісі емес, уақытпен бірге жаңғырып, жаңа мағына, жаңа тыныс табатын рухани қазына.


Бүгінгі цифрлық дәуірде ақпарат тасқыны алқымнан алып, кеше ғана естіген дерек бүгін-ақ көнеріп, адам санасы үстірттікке бой алдырған шақта Абайға жүгінудің мәні бұрынғыдан да арта түсті. Себебі Абай – уақыттан тыс тұлға. Ол – күнделікті ақпарат емес, мәңгілік ой. Бір сөзбен айтқанда, әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай сынды алыптар – рухани мұхит. Ал мұхитты ешкім ішіп тауыса алмайды. Мұхитқа қайта-қайта үңіледі, әр барған сайын жаңа қазына табады. Сондықтан Абай ғибраты да, Абай тағылымы да зерттеле беруі шарт. Әр оқырман, әр ізденуші өз рухани сұранысына қарай, өзіне қажетті ойды, өзіне керек сәулені осы мұхиттан ала алады. «Сан бар жерде сапа шығады» дегендей, Абай туралы еңбектердің көп болуы оның танымдық тереңдігін кемітпейді, керісінше, жаңа сапалық деңгейге жол ашады.
Осы тұрғыдан алғанда, таяуда қолыма тиген көрнекті әдебиеттанушы ғалым, академик, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қансейіт Әбдезұлының «Абай және Тәкен» атты әдеби-сын мақалалар мен портреттерден тұратын кітабы ойға қозғау салған елеулі еңбек болды. Қансейіт Әбдезұлының есімі атала қалса, Тәкен Әлімқұловтың шығармашылық әлемі қатар аталуы – әдеби орта үшін қалыптасқан заңдылық. Себебі ғалымның жарты ғасырдан астам уақытқа созылған ғылыми жолы, табанды ізденісі мен терең талдаулары Тәкен Әлімқұлов шығармашылығымен тікелей сабақтас.
Қансейіт ағамыз бұған дейінгі еңбектерінде де Тәкен Әлімқұловтың көркемдік әлемін, стильдік даралығын, тарихи танымын жүйелі түрде зерттеп, әдебиеттану ғылымына сүбелі үлес қосып келгені белгілі. Алайда бұл кітаптың басты ерекшелігі – бәріміз классик деп таныған Тәкен Әлімқұловтың тағылымы мен көркемдік тұғырын Абай биігімен байланыстыра талдауында деп білемін, яғни мұнда Тәкен шығармашылығы жеке-дара құбылыс ретінде емес, ұлы Абай салған рухани мектептің, ой дәстүрінің заңды жалғасы ретінде қарастырылады.


Осы арқылы Қансейіт Әбдезұлы Абай мен Тәкен арасындағы рухани сабақтастықты, дүниетаным үндестігін, көркем ойдағы жалғастықты нақты мысалдармен дәлелдеп, оқырманға терең пайым ұсынады. Бұл еңбек Абайды жаңаша тануға ғана емес, Тәкен Әлімқұловтың әдеби тұғырын биіктете түсінуге де жол ашады.
Ұлы Мұхтар Әуезов өзінен кейін қазақ әдебиетінің жүгін көтере алатын, қаламына ие болар бес жазушының қатарында атаған қарымды қаламгердің бірі – Тәкен Әлімқұлов екені әдеби ортаға мәлім. Оның көркем прозадағы дара стилі, тарихи тұлғаларды танудағы терең психологиялық пайымы, ұлттық рухты көркем оймен сабақтастыра білуі қазақ әдебиетінде айрықша құбылыс ретінде бағаланады. Осындай ірі тұлғаның шығармашылық әлемін ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде зерттеп келе жатқан көрнекті әдебиеттанушы ғалым Қансейіт Әбдезұлы өзінің «Абай және Тәкен» атты кітабын дәл осы атаумен басталатын іргелі мақаладан өрбітеді.
Ғалымның бұл еңбекті «Абай және Тәкен» деп атауы кездейсоқ емес. Өйткені Қансейіт Әбдезұлы бұл зерттеуінде Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығын Абай мектебінен бөле-жара қарамайды, керісінше, оны хакім Абай қалыптастырған рухани-эстетикалық дәстүрдің заңды жалғасы ретінде қарастырады. Автор Тәкеннің абайтану ғылымына қосқан үлесін нақты деректермен, тарихи-хронологиялық жүйемен, көркемдік таным тұрғысынан дәлелді түрде көрсетіп шығады.
Зерттеуші Тәкен Әлімқұловтың Абай тақырыбына ерте ден қойғанын ерекше атап өтеді. Жазушының Абай хақындағы алғашқы ізденістері мен ой-толғамдары сонау 1954-жылдардан бастау алатынын, бұл еңбектер кейіннен 1958 жылы жарық көрген «Жемісті жолда» атты тұңғыш әдеби-сын кітабына арқау болғанын жатық тілмен тарқатып жазады. Абай тұлғасын танудағы алғашқы қадамдар уақыт өте тереңдеп, кемелденіп, 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген әйгілі «Жұмбақ жан» атты көлемді зерттеу еңбегіне ұласқаны ғылыми жүйемен көрсетіледі.
Қансейіт Әбдезұлы «Жұмбақ жан» еңбегінің сол кезеңдегі қазақ оқырмандарына ғана емес, зерттеуші қауымға да ерекше әсер еткенін нақты мысалдармен айқындайды. Бұл кітап Абай тұлғасын жаңа қырынан танытып, ақынның рухани әлеміне, ішкі болмысына, ой тереңдігіне үңілуге жол ашқан тың еңбек ретінде бағаланады. Автор сол кездегі әдеби ортадағы пікірлерді, зерттеушілердің көзқарасын талдай отырып, Тәкен еңбегінің абайтану ғылымындағы орнын айқын белгілейді.
Әсіресе Қансейіт Әбдезұлы Тәкен Әлімқұловтың Абайдың шығыстық рухани арналарына қатысты зерттеулеріне айрықша назар аударады. Абайдың шығыс әдебиетімен, сопылық дүниетаныммен, ислам философиясымен байланысын терең пайымдауда Тәкенді санаулы абайтанушылардың алғашқы легіне қосады. Бұл – ғылыми тұрғыдан да, тарихи әділет тұрғысынан да орынды тұжырым. Себебі кеңестік кезеңнің қатаң идеологиялық шектеулеріне қарамастан, Тәкен Әлімқұлов Абайдың шығысын батыл көтеріп, оның рухани қайнар көздерін көркемдік және философиялық деңгейде аша білді.
Осы еңбекте берілген эпиграфтың өзі Тәкен танымының тереңдігін, оның Абай әлеміне қалай бойлағанын аңғартады. Қансейіт Әбдезұлы Тәкеннің Абайды танудағы бұл бағытын кездейсоқ құбылыс емес, ұзақ жылдарға созылған рухани ізденістің, көркемдік жауапкершіліктің нәтижесі ретінде бағалайды. Соның арқасында бұл кітап Абай мен Тәкен арасындағы рухани сабақтастықты айқын көрсететін, абайтану мен әдебиеттану ғылымына қосылған салмақты еңбек ретінде бағалануға әбден лайық.
Кітапта автор Абай мектебінің рухани-эстетикалық шұғылалы сәулесінен бастау алып, қазақ әдебиеттануындағы өзекті де күрделі мәселелерге тереңдеп барады. Абайды жеке дара ақын ретінде ғана емес, тұтас бір көркемдік ойлау жүйесін қалыптастырған әдеби мектеп деңгейінде қарастырып, сол мектептен нәр алған кейінгі әдеби үдерістерді кең ауқымда талдайды. Бұл тұрғыдан алғанда, еңбекте Абай поэзиясының қазақ сөз өнеріндегі жаңашылдық сипаты, оның дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған тұстары ғылыми тұрғыдан байыпталады.
Автор Абай жырлары мен жалпы қазақтың дастандық дәстүрі арасындағы сабақтастыққа айрықша назар аударады. Қазақ поэзиясындағы эпикалық баяндау, сюжеттік желі, кейіпкер сомдау, уақыт пен кеңістікті игеру мәселелерін Абай поэмалары арқылы кешенді түрде қарастырады. Абайдың «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» секілді поэмаларындағы суреттік сюжет пен философиялық тереңдікті қатар алып жүрген көркемдік тәсілдер талданып, олардың қазақ поэзиясындағы озық үлгі екені дәлелденеді. Автор Абайдың поэма жанрын тек баяндау құралы ретінде емес, адам мен қоғам, ізгілік пен зұлымдық, ақыл мен нәпсі мәселелерін көтеретін ой поэзиясының алаңы ретінде қалыптастырғанын нақты мысалдармен айқындайды. Мұндай талдаулар оқырманды тек мәтінді қабылдауға емес, ой қорытуға, салыстыра пайымдауға жетелейді.
Сонымен қатар Қансейіт Әбдезұлы еңбегінде Жамбыл Жабаевтың жыраулық феномені де тың қырынан қарастырылады. Автор Жамбылды кеңестік дәуірде танылған суырыпсалма ақын ретінде шектеуден арылып, оны көшпелі жыраулық дәстүрдің заңды жалғастырушысы ретінде бағалайды. Жамбыл шығармашылығының бастауларын Асан қайғы, Қазтуған, Ақтамберді сынды көне жыраулар поэзиясымен сабақтастырып, оның поэтикалық дүниетанымының терең тарихи тамырларын дәлелдейді.
Жамбылдың әйгілі «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» толғауларына жасалған талдауларда батырлық эпос пен жырау­лық поэзияның көркемдік табиғаты жан-жақты ашылады. Бұл шығармалардағы тарихи оқиғалар, қаһарман бейнесі, халықтық идеал мен елдік мүдде ұғымдары жүйеленіп, Жамбыл поэзиясының насихаттық күшімен қатар көркемдік-философиялық қуаты айқындалады. Автор Жамбылдың сөз саптауындағы архаикалық бейнелер мен заманауи ойлау элементтерінің ұштасуын дәл көрсете отырып, оның жыраулық дәстүрді жаңа тарихи жағдайда жаңғырта білгенін негіздейді.
Тұтастай алғанда, бұл еңбек Абай мектебі мен жыраулық поэзия арасындағы рухани-көркемдік сабақтастықты ашып, қазақ әдебиетінің іргелі арналарының бір-бірімен байланысын терең пайымдайды. Автордың талдаулары ұлттық әдебиет тарихын бірізді, тұтас үдеріс ретінде түсінуге жол ашып, оқырманға қазақ сөз өнерінің ішкі даму логикасын терең сезіндіреді.
Тәкен Әлімқұловтың қазақ прозасындағы шоқтығы биік туындыларының бірі – «Сарыжайлау» әңгімесі. Бұл шығармада автор әйгілі дәулескер күйші Тәттімбет тағдырын арқау ете отырып, жеке тұлғаның ішкі әлемі мен тұтас бір дәуірдің рухани-психологиялық болмысын терең көркемдікпен ашады. Әңгімеде Тәттімбет образы қазақтың рухани жадын бойына жинаған символдық бейне деңгейіне көтеріледі.
Автор Тәттімбеттің жеке тағдыры арқылы XIX ғасырдағы қазақ қоғамының ішкі қайшылықтарын, еркіндік пен тәуел­ділік арасындағы арпалысты, көшпелі өмір салтына тән мінез бен психологияны нәзік штрихтармен суреттейді. Әңгіме желісінде дала кеңістігі, жыл мезгілдерінің ауысуы, жайлау мен қыстау көріністері кейіпкердің жан дүниесімен астасып, адам мен табиғаттың ажырамас тұтастығын танытады. Бұл тұрғыда Тәкен Әлімқұлов табиғатты фон ретінде емес, кейіпкер психологиясын ашатын көркемдік құралға айналдырады.
«Сарыжайлау» әңгімесінің көркемдік өзегін Тәттімбеттің күйлері құрайды. Автор күйді жай музыкалық туынды ретінде емес, халықтың тарихы мен тағдырын сөйлететін рухани тіл ретінде бейнелейді. Әңгімеде аталған «Қосбасар», «Сылқылдақ», «Сарыжайлау», «Былқылдақ» күйлерінің әрқайсысы Тәттімбеттің өмір жолымен, ішкі күйзелісімен, қуанышы мен қасіретімен тығыз байланыста көркемдік жүйеге енеді.
Әсіресе «Қосбасар» күйінің күрделі ырғақтық табиғаты мен ішкі драматизмі арқылы Тәттімбеттің тағдырлы шешімдерге толы өмірі, қоғаммен қайшылығы астарлы түрде беріледі. «Сылқылдақ» пен «Былқылдақ» күйлеріндегі жеңіл, ойнақы әуендер кейіпкердің жастық шағы мен табиғи болмысына тән серілік мінезін танытса, «Сарыжайлау» күйі – еркіндікті, кеңістікті, далалық болмысты аңсаудың көркем символына айналады. Автор осы күйлердің шығу тарихына терең бойлай отырып, олардың әрқайсысын психологиялық портреттің бір қыры ретінде талдайды.
Тәкен Әлімқұловтың бұл әңгімедегі басты жетістігі – музыкалық өнер мен көркем прозаны органикалық түрде тоғыстыра білуінде. Күй сарыны сөз арқылы естіліп, әуен бейнесі әдеби тілмен қайта тіріледі. Мұның өзі жазушының қазақтың дәстүрлі өнерінің ішкі табиғатын терең түсінгенін әрі оны қазіргі әдеби ойлау жүйесіне шебер енгізе алғанын айқындайды.
«Сарыжайлау» әңгімесі – Тәттімбет тағдыры арқылы қазақ халқының рухани әлемін, эстетикалық талғамын, ұлттық психологиясын биік деңгейде бейнелеген шығарма. Қансейіт Әбдезұлының бұл туындыға жасаған әдеби талдауы әңгімедегі күй мен сөз, тарих пен тұлға, табиғат пен адам арасындағы күрделі байланысты ашып, Тәкен Әлімқұлов прозасының терең философиялық сипатын айқындай түседі.
Жалпы алғанда, кітапқа енген әдеби сын мақалалар қазақ әдебиеттануы үшін зәру де қажетті еңбектер қатарына жатады. Автор әрбір зерттеуінде көркем мәтінге үстірт баға берумен шектелмей, оны тарихи, эстетикалық және философиялық контексте қарастырады. Осы арқылы әдеби құбылыстарды жекелеген шығармалар аясында ғана емес, тұтас ұлт­тық әдеби үдерістің бір бөлшегі ретінде талдап көрсетеді. Мұндай тәсіл кітаптың ғылыми салмағын арттырып, оны әдеби сынның теориялық деңгейіне биіктетеді.
Әсіресе бұл еңбек университет қабырғаларында білім алып жатқан студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін таптырмас оқу-әдістемелік құрал болары анық. Кітаптағы мақалаларда талдау үлгісі, әдеби категорияларды қолдану тәсілі, мәтінмен жұмыс істеудің мәдениеті нақты көрініс табады. Бұл өз кезегінде жас зерттеушілерге көркем туындыны ғылыми тұрғыда пайымдау­дың жолдарын үйретіп, олардың кәсіби қалыптасуына зор ықпал етеді.
Қансейіт Әбдезұлының халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда оқыған баян­дамаларының осы кітапқа енгізілуі еңбектің ауқымын кеңейтіп, ғылыми маңызын күшейте түседі. Бұл баяндамаларда автор қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәселелерін, ұлттық әдебиеттің даму бағыттарын, дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынасын жан-жақты саралайды. Ғылыми ортада сыннан өткен, пікірталас алаңдарында талқыланған ойлардың кітапта жинақталуы еңбектің теориялық сенімділігін арттыра түседі.
Кітаптың тағы бір құнды қыры – кейінгі жас зерттеушілердің еңбектеріне жасалған талдаулар мен сараптамалар. Автор жас ғалымдардың ізденістеріне талапшыл көзқараспен қарап, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін әділ көрсетеді, бағыт-бағдар береді. Бұл тұста Қансейіт Әбдезұлының тек сыншы ғана емес, ұстаздық болмысы, ғылыми мектеп қалыптастыруға ұмтылған жауапкершілігі анық аңғарылады. Мұндай мақалалар әдебиеттанудағы сабақтастық пен ғылыми дәстүрдің үзілмей жалғасуына қызмет етеді.
Нәтижесінде Қансейіт Әбдезұлының бұл кітабы әдебиеттанудың ғылыми айналымына еніп, бүгінгі таңда өз оқырмандары мен зерттеушілер қауымынан лайықты бағасын алып отыр. Еңбек кәсіби сыншыларға, жас ғалымдарға және әдеби процесті терең түсінуге ұмтылған қалың оқырманға бірдей қажет ғылыми-танымдық құндылығымен ерекшеленеді.
«Абай және Тәкен» атты әдеби сын-зерттеу еңбегі белгілі «Атамұра» баспасынан жарық көріп, бүгінгі таңда университет қабырғасында білім алып жатқан студенттер мен әдебиеттану саласына қызығушылық танытқан қалың оқырманның ыстық ықыласына ие болып отыр. Бұл кітап – қазақ әдеби сынының дәстүрлі арналарын сақтап, оны қазіргі заманның ғылыми-танымдық талаптарымен ұштастырған маңызды еңбек.
Еңбекте қамтылған тақырыптардың ауқымы кең әрі мазмұны терең. Автор зерттеулерін Абай мектебінің рухани-эстетикалық табиғатын талдаудан бастап, сол мектептің кейінгі қазақ әдебиетіне тигізген ықпалын жан-жақты пайымдайды. Абай поэзиясы мен дүниетанымын Тәкен Әлімқұлов шығармашылығымен сабақтастыра қарастырып, дәстүр жалғастығының көркемдік және идеялық қырларын нақты мысалдармен дәлелдейді. Бұл тұрғыда кітапта Абайдың көркем ойлау жүйесінің ХХ ғасыр прозасы мен әдеби сынға тигізген әсері ғылыми тұрғыда негізделеді.
Сонымен қатар еңбекте әдебиеттанудың бүгінгі ахуалына қатысты өзекті мәселелер де назардан тыс қалмайды. Автор қазіргі жаһандану жағдайындағы ұлттық әдебиеттің орны, гуманитарлық ғылымдардың даму бағыты, сондай-ақ жасанды интеллект дәуіріндегі әдебиеттанудың жаңа мүмкіндіктері мен сын-қатерлеріне ғалым көзімен баға береді. Әдеби мәтінді талдауда цифрлық технологиялардың қолданылу әлеуе­ті, сонымен қатар адамдық интуиция мен көркемдік түйсіктің орны туралы ой-тұжырымдар еңбектің заманауи сипатын айқындай түседі.
Кітаптың құндылығы – дәстүрлі әдеби сын мен қазіргі ғылыми ойлаудың арасындағы көпір бола алуында. Автор ұлттық әдебиеттанудың іргелі мәселелерін бүгінгі күннің талаптарымен байланыстыра отырып, жас зерттеу­шілерге ой салатын, бағыт-бағдар беретін тұжырымдар ұсынады. Осы себепті «Абай және Тәкен» еңбегі тек белгілі бір әдеби кезеңді зерттеумен шектелмей, қазақ әдебиеттануының болашақ даму бағдарын айқындауға үлес қосатын салмақты зерттеу ретінде бағаланады.
Тұтастай алғанда, бұл еңбек университет студенттері мен магистранттар үшін оқу үдерісінде пайдалануға қолайлы, ал әдебиеттануға қызығушылық танытқан оқырман үшін танымдық әрі ой тастайтын мазмұнымен ерекшеленеді. «Абай және Тәкен» – қазақ әдеби сынының ғылыми айналымын байытып, дәуірлік ой-толғамдарымен ерекшеленген маңызды еңбек.
                                                                                                                                                                                                                                                                                                                            Қанат АЛТЫНБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір