Қазақ прозасында романистер дәуірі басталды
04.07.2026
55
0

Әдебиет туралы әңгіме түгесілмейді. Сәт сайын бір тіршілік иесі дүние есігін ашатынындай, араға шақ салмай жаңа туындылар да туындыгер жанынан үзіліп, оқырманға жол тартады. Әр қалам иесінің жазу машығы, ой-танымы қандай құпиялы да қызық болса, олардың әдебиет туралы тұжырымы да сондай өзекті. Қаламгерлердің бүгінгі қалам алысы және өзге де үрдістер турасында белгілі жазушылар Құлтөлеу Мұқаш, Есболат Айдабосын, жас ақындар Еламан Қабдіәлшім мен Ерік Нарыннан сұрап көрдік.

Ду-ду «жарнама» шығармашылық үдерісті кері кетіреді

Қ.Ә.: Бүгінде ақын-жазушылар не жазып жүр? Қазіргі әдебиетті оқып отырғанда қандай күй кешесіз? Нендей тұжырымдар туындайды?
Құлтөлеу МҰҚАШ: Кейінде бүкіл әлемнің дүрбелеңге түскені аян. Айнала аласапыран. Жер жүзі астан-кестең. Көңіл күпті. Қайшылық көп. Мұндай бей-берекет шақта жазушы да екіұдай хәл кешер, яғни шығармашылықтағы дағдарыс сәті мен жанын жегідей жеген ойларын безбендеудің, толғантқан жайттарды саралаудың күрделі кезеңін өткереді. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуалдың шырқыраған шындығына бойлау оңайға соқпас…
Шығарма жазылмай жатқан жоқ. Ал қаламгер қоғам мен адам, кісінің табиғаттағы тірлігінің бейнесін және сол өмірдегі кереғарлықты, саясат ықпалын, жалпы ақиқатты қаншалықты терең қузап, шебер бейнеледі, бұл енді, әсілі, ұзақтау әңгіме шығар. 
Бір ғана еске түсетін жайт, бұдан жиырма жылдай бұрын: «Кей шығармаларды қолға алғанда әлі күнге дейін баяғы «аңғал» романтизм мен социалистік-реализм үрдісінен толық арыла алмай жүрміз бе деп күдіктенем. Әйтеуір, нақты өмір шындығынан алыс желбуаз бірдеңелерді көпірте беру әлі көп. Жалығасың. Негізі, нағыз жазушылықтың бір шарты – шыншылдық қой. Біздікі – күлбілтелеу. Осыны айтып отырған өзім де кереметпін дей алмаймын. Қаны сорғалаған шындықты айтуға жасқанамыз ба, білмеймін» деппін («Қазақ әдебиеті». ­– 02.11.2007 ж.). Қарап отырсам, осынау пікірден әлі де айни қоймағандаймын.
Неге десеңіз, автордың өмір шындығын әлгіндей «амалсыздықтан» бұрмалауға баруы, сайып келгенде, адам мінезі мен әлеуметтік процесс логикасын да өрескел бұзуы болып шығады екен. Сөйтіп оқырманды алдап, шатастырады екенбіз. Өйтуге қақымыз бар ма? Егер кейіпкерлеріміздің қимыл-әрекеті де олақ, қисынсыз бейнеленіп, адам жанының қым-қуыт астарына бойлап, оның жүрек лүпіліне үңіліп, қаны сорғалаған ақиқатты аша алмасақ, тартыс көріністері болмаса, оқушы ешбір толғанбайды ғой. Ендеше, ондай бос нәрсенің кімге қажеті бар?
Одан соң, байқауымша, асқақ пафосқа әуестенетін сәттеріміз де жиі ме деген күмән билейді және арнадан асып-төгілген көтеріңкі ырғақтың ақырындап даңғаза-дақпыртқа ұласып жататынын аңдамай қалуымыз кәдік. Ал көптен осындай әсіреқызылға әдеттенген оқырманымыз да «шабыттанып»: «О-о! Тамаша! Сұрапыл!» деп авторды қолпаштауға кіріседі. Міне, солайша сырты – жылтырақ, іші – қалтырақ, дәм-татуы кемшін дүниелер төрге озатындай. Бұдан біртіндеп, қаламгердің дүрмекқұмар көпшілікке «тәуелділігі» күшейіп, парықсыздау жұртшылықтың ығына жығылу, оқырманға жағыну әрекеті етек алады (қазір бұл үрдісті «фансервис» деп жүр). Мұндай дағды туындының көркемдік құндылығын жойып, шалағайлыққа жол ашатыны түсінікті. Рас, әлгіндей ду-ду «жарнама» ортақол дүние­нің өтуіне септесер, бірақ шығармашылық үдеріске кесір тигізеді. Кері кетіреді.
Әсілі, патетикаға, жарқыл-жұрқыл сөз «фокусына» бейімдік бұрын да кездесетін. Бірде, негізінен, тарихи еңбектерімен танымал жазушы ағамызды: «Сонда қазақ жауды Қазыбек би мен Қоңтажының сөз сайысы арқылы жеңген бе? Майдан стратегиясы мен тактикасы, қолма-қол шайқас тәсілі, жекпе-жектің амал-айласы қайда?» – деп қатты шамдандырып алғаным бар еді.
Айтпағым, дүбәрә дүние алға шықса, қарапайым да терең өмір прозасы, шынайы тартыс суреттері жайына қалады. Жасанды «әсемдіктен» гөрі «тұрпайы» кедір-бұдырлықтың артықшылығы осындайда байқалмақшы. Бір жақсысы, бертінде Қазақтан Жазушылар одағы аясында қолға алынып, жүзеге асырыла бастаған дүбірлі жобалар қуантады. Мұның бәрі тың серпіліске бастап, тақырып аясын кеңейтуімен қатар сапаның жақсаруына да айтарлықтай ықпал етері анық.
Есболат АЙДАБОСЫН: Бүгінде бәріміз уақытпен алысып жүрміз. Уақытын өткізе алмай сенделіп жүрген ақын-жазушыны көрмеппін. Қай-қайсысы болмасын жазуға уақыт таппай жүреді. Осындай қарбалас кезде оқуға уақыт табу да қиынның қиыны. Сол себепті жаңа дүниенің бәрін оқып жатырмын деп айта алмаймын. Ол мүмкін де емес шығар. Дегенмен прозашылардың аяқ алысын үнемі бақылап отыруға тырысамын. Әсіресе қатарластарымды, өзімнен кейінгі жастарды…
Байқауымша, қазақ прозасында романистер дәуірі басталды. Мен қатарлы жігіттер, яғни кезінде жақсы әңгімелерімен танылған, қырықтың ар жақ-бер жағындағы азаматтар көлемді дүниелерге кіріскен секілді. Қай-қайсымен сөйлессең де бір-бір романның жалына жармасқанын аңғартады. Алды беріп те жатыр. Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәлік, Әлібек Байбол, Ұларбек Дәлейұлы, Дархан Бейсенбекұлы секілді жігіттер – бүгінде бір-бір романның авторы.
Ал бізден кейінгі буын тіпті тегеурінді көрінеді, екпіндері тау қопарарлықтай. Олардың ішінде әдебиетке романмен келгендер де бар. Бәрін оқымасам да бірді-екілісін оқыдым. Темірлан Қылышбек «Көктегі көлеңке» романы, Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» секілді дүниелерін оқыдым.
Тағы бір байқалған құбылыс – замандас ақындар прозаға бет бұрды. Мысалы, Ерлан Жүніс тарихи тақырыпта роман жазып жатыр. Ақберен Елгезектің «Дардай» деген романы бүгінде оқырман қолына тиді. Ақбереннің романын оқып, әлеуметтік желіде пікірімді жаздым да.
Жалпы алғанда, ізденіс бар. Жаңалық әкелгісі келетін, тыңнан түрен салғысы келетін ұмтылыс байқаймын. Бір шығарма сәтті, бірі сәтсіз шығар, бұл – қалыпты жағдай. Әйтеуір қазақ пррозасы тоқтап, тоқырап тұрған жоқ.
Еламан ҚАБДІӘЛШІМ: Бұл сұраққа жауап беру үшін газеттер мен сайттарда жарияланған топтамалар мен әңгімелерді, жарық көрген поэзия-проза кітаптарын түгел назарда ұстау қажет болар?! Бірақ оған менің мүмкіндігім жетер емес. Қолыма түскен немесе қызықтырған кітаптарды оқып үлгердім. Соларға сүйеніп айтар болсам, бүгінде қаламгерлер қоғамның сан алуан қырын, адамның өмірі мен ішкі әлемін барынша молынан жазып жүр деген ой түйемін. Әсіресе кейіпкерлердің тағдырмен арпалысы, өз-өзімен күресі бүгінгі әдебиеттің негізгі тақырыптарының біріне айналғандай.
Соңғы жылдары оқыған прозалық кітаптарымнан мысал келтіріп көрейін. Әлішер Рахаттың «Параллель» романында махаббатты іздеуде, өмірді тануда қазіргі заман адамының ішкі қайшылығы суреттеледі. Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романында адам табиғатындағы жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен аярлықтың тартысы көрініс береді. Романнан қазіргі қоғамдағы моральдық дағдарысты көруге болады. Жанасыл Серікболдың «Сарсаң» романында адамның өмірден өз орынын табуы, өзіне тиесілі бақыт пен мейірімді іздеуі аса маңызды екені айтылады. Ал, Абай Аймағамбет «Толқынды күткен бала» повесінде үзілмес үміт пен үздіксіз күту идеясы арқылы адамның шексіз рухани әлемін аша түсуге талпынған секілді. Бұл шығармаларда жалғыздық тақырыбы айқын әрі анық сезіледі.
Ал қазіргі әдебиетті оқып отырғанда қандай күй кешетініме келер болсам, поэзияны оқығанда өзімді көргендей әсер аламын. Жан дүниеме үңілгендей боламын. Бәріміздің хәліміз, кешкен күйіміз, айналаға көзқарасымыз бірдей екен ғой деп таңғаламын. Бұл ақындар бірсарынды жазады деген сөзім емес. Уақыт, кеңістік, өмір, заманды қабылдауымыз ұқсас.
Кейіпкерлермен бірге күйзелген сәттерім де көп. Бұл әсіресе Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» кітабын оқығанда қатты сезілді маған. Бұл әңгімелер жасандылықтан ада. Өмірдің ащы шындығын жайып салады. Қатал реализм дейді екен ғой ондайды. Сол ащы шындық пен шынайы бейне әдебиеттің ойлану үшін жазылатынын, өз-өзіңді іздеп табуға көмектесетінін айғақтай түседі.
Ерік НАРЫН: Әріге бармай-ақ қоя­йын. Буынымызда әркім өзінің қабілеті мен дарынына, ішкі қуатына қарай жазып жүр. Әркім өзінше бір ой айтқысы келеді. Ізденіс бар. Қажырлы ізденістер жасап, еңбектеніп, тың тақырыптарға батыл барып жүрген ақындарға құрметім бөлек.
Әлі күнге дейін ұлтымыздың қасіретті тағдырын, өксігін жазып жүргендейміз. Рух көтеретін өлең іздесеңіз, батырларымыз бен хандарымызды түгендеп, дүркіреген дәуірімізді аңсаған шығармаларға көмілесіз. Жазылуы заңды. Өйткені өзіңнен ажырап, өзіңе жат сөзді айтқың да келмейді. Елдің тарихи жарақаты қайткен күнде де ақын жүрегіне әсер етері анық.
Бүгінде әлемді алаңдатып отырған экология тақырыбына тың жолдармен бара алмай жүрміз деп ойлаймын. Өткен ғасырда бұл тақырып өз деңгейінде қамтылды. Бірақ қазір бәрі басқаша. Жаңа ғасырдың жаңа қауіп-қатері бар. Ғаламдық жылыну, су тапшылығы, ормандардың өртенуі секілді тақырыптар бергі жағы ғана. Жазып жүргеніміз – адамның ішкі табиғатының ғажайыптары мен апаттары, құбылыстары.
Өз буынымда тың тақырыптарға батыл барып жүрген ақындар бар. Олардың шығармашылығына зор құрметпен, ілтипатпен қараймын. Батырхан Сәрсенхан мен Қуаныш Жазайды, Дәулет Жадырасынды атап өткім келеді.

Жанрдан жанрдың жорғасы жоқ

Қ.Ә.: Өз тұрғыластарыңызды болсын, өзге де жазушыларды болсын, шығармаларымен танысу барысында, жалпы осы жазушы мынандай тақырыпта жазса, мынандай идеяны, көріністі, оқиғаны арқау етсе, керемет алып шығар еді деген ой бола ма, яғни қай қаламгер қай қырынан ашыла алмай жүр деп есептейсіз?
Есболат АЙДАБОСЫН: Әңгімешісің бе – әңгіме жаз, романистсің бе – роман жаз, драматургсің бе – драма жаз. Айтарыңды осы жанрдың аясында айтып қал. Өрісін бір күнде тауысатын жаман қойшыдай әр жанрдың арасында шапқылап жүре бергенді әдебиет көтермейді. «Драматургия арқылы тез танылуға болады», «театрлар пьесаға сусап отыр» деп драматургияға бой ұрып, «роман жақсы оқылады» деп романға кетіп, бірде аннан, бірде мұннан төбе көрсетудің соңы дилетанттыққа әкеп соқтыруы мүмкін. Жанрдан жанрдың жорғасы жоқ. Адал қызмет қылсаң, жақсы дүниелер тудырсаң болғаны. Әр қаламгердің өз ыңғайына келетін тақырыптар болады, өзін судағы балықтай сезінетін жанрлар болады. Бір жанрда өнімді еңбек етіп-ақ әдебиетте аты қалған авторлар жетерлік. Мысалы, Сайын Мұратбеков – шағын әңгіме жанрының шебері, яғни Бейімбет мектебінің белді өкілі. Қарындасы Майра апай айтып еді. Бірде Сайын атамыз достарымен отырғанда: «Сендердің бәрің романист болдыңдар, мен роман жазбадым», – деп өзінен-өзі торыққандай болыпты. Сонда Әкім Тарази: «Сенің әңгіме, повестерінің өзі бір-бір романның жүгін арқалап тұр», – деп басу айтқан екен.
Ерік НАРЫН: Қаламға берген сертіне адал жазушы түптің-түбінде өз өресі мен ішкі талғамына сай шығарма жазады. Сол себепті де әлдебіреуге жөн айтудан аулақпын. Өзге түгілі өзімнің де бірнеше жыл бұрын жазған өлеңдерімді оқығанда, шикі тұстарын байқап, қынжыламын. Жалпы, ақынның өзіне ешқашан көңілі толмауы – жақсылықтың нышаны деп ойлаймын. Үнемі бір қайнауы кем сияқты болып көрінеді.
Еламан ҚАБДІӘЛШІМ: Мен де өзге қаламдастардың мүмкіндігі қандай, қай қырын аша түскені дұрыс екені жөнінде ойланып көрмеппін. Әркім өз деңгейінде, шеберлігінің жеткенінше жазып, жырлап келеді. Жоғарыда аталған авторлардың барлығы таңдаған тақырыбын жан-жақты жазып, кейіпкерін мейлінше әсерлі аша алды деп ойлаймын.
Мөлдіретіп тұрып лириканы, тамылжытып тұрып табиғатты, ширатып тұрып шытырманды, қиялын тізгіндемей фантастиканы жазам десе, әркімнің өз еркінде және құзырында. Ал, мен өзге авторларды оқып отырғанда «Мына өлеңді, оқиғаны, идея­ны мен жазсам, қалай болар еді?» деп жиі ойланамын. Ойымның жемісі – жазылған, жазылып жатқан, алда жазылмақ шығармаларымда.
Құлтөлеу МҰҚАШ: «Ертеден салса, кешке озған» дегендей, дарынды әріптестеріміз шындап кіріссе, қай тақырыпты да алып кететін шығар. Әлбетте, жазушының діттеген нысанын беттен қалқымау үшін өзі мейлінше қанық саласына түрен салғаны ләзім.
Меніңше, шығармашылықта қаламгердің жеке өмірбаяны, дүниетанымы маңызды рөл атқарады. Иә, неғұрлым білетін тақырыпты қузағаның жөн. Өз басым, мысалы, әр тұста күнделікті тіршілік көрінісінен бөлек, шахта өміріне, әскер тақырыбына қалам тартыппын.
Әсілі, көркем дүние туғызуда әрдайым бастан өткерген, жан жүрегіңді тербеген жағдайдың жәрдемі мол. Шығармашылық – қаламгердің ішкі әлемінің бейнесі, өзінің қоғамдық құрылысқа, замандастары мен өз дәуіріне қатынасының айнасы. Сондай-ақ білім, пайым-парасат, іс-тәжірибе… бәрінің де орны бағалы. Одан соң, әрине, шаруаның сәті автордың ізденуіне, қарымы мен алымына тікелей байланысты. Мәселен, канадалық прозашы Артур Хейли «Аэропорт» романын жазу үшін әуежайға жұмысқа тұрып, бірнеше жыл ішінде жүк тасушы… техник, механик, стюардан бастап кәсіпорынның жетекшісі дәрежесіне дейінгі жолдан өтіпті, яғни әуежай тынысын бүге-шігесіне дейін зерттеп-білген. Кейін «Голливуд» оның аталған бестселлері негізінде тамаша фильм түсіріп, әлемге паш етеді.
Әсілі, Хейли үлгісі өзімізде де бар. Атақты жазушы Сәтімжан Санбаев ағамыздың шығарма материалын жинап, кейіпкерлер бейнесін қузау үшін кезінде Павлодар трактор зауытында инженер-конструктор, одан соң Балқаш кен-металлургия өндіріс орнында инженер-механик ретінде тер төккенін білеміз. Шығармашылық салада мұндай ерлікке екінің бірі бара қоюы неғайбыл. Қысқасы, кез келген шығармашылық қалпақпен ұрып алуға көнбейтіні түсінікті ғой.

Бір өлең, кем дегенде, бір жүрек үшін жазылады

Қ.Ә.: Әдебиетімізде мүлде ескерусіз қалған, ұмыт болуға айналған қалам иелері кімдер деп айтар едіңіз?
Құлтөлеу МҰҚАШ: Алдымен кейінде бір кезең тасада жүргендей өз замандастарымызға тоқталсақ. Айталық, сыршыл қалам иесі Жаңабек Шағатайдың көптен үнсіз қалғаны таңырқатады. Сондай-ақ арагідік табиғи ойқы-шойқылау мәнерімен тартатын Тұрсынбай Жандәулетті де ойлап қоямын. Оның туындыларын оқығанда, расында, жып-жылмағайлық кейде сенімсіздік туғызады екен-ау деп түйер едің. Міне, қолтаңбасы өзгеше осы Тұрсынбай да аудармашылығына немесе драматургиясына ден қойып кетті ме екен, бірталайдан бері тым-тырыс. Шыншылдығымен селт еткізген Асхат Өмірбаев бауырымыз да төбе көрсетпегелі едәуір өтті…
Әрине, кім білсін, кей жазушы белгілі туындыға іштен тынып, ұзақ әзірленуі ықтимал. Аталған қаламдастардың басылымдардан көрінбеуі іргелі дүниелер алдындағы даярлық, «артподготовка» кезеңі болуы да ғажап емес.
Ал мәңгілік мекеннен сая тапқан жазушыларға келсек, кейінде көп еске алына қоймайтын Ғабдол Сланов сынды қабырғалы сөз зергерлері елестейді. Бала кезімізде үлкендер бұ кісінің терең мазмұнды «Дөң асқан» романына сүйсініп отырушы еді. Кейінірек өзіміз де оқыдық, бұл шығарманың нағыз ұлт­тық әдебиет дерліктей, иірімі түпсіз, тартымды дүние екеніне көз жетті. Ғабекеңнің өзі де бір естелігінде осынау романға 1941 жылы Мұхтар Әуезовтің қатты қызыққанын жазғаны бар. Мұхаң: «Әнебір сөздерің мен естімеген сөз екен. «Жолым үй» дейсің, ә? «Қаншырдай қатқан» дейсің. «Қаншыр» деген, менің білуімше, құстың бір түрі. Сыр бойы қазақтары солай дейтін. Тіл жайын алсақ, мол-мол қазынамыз әлі халық арасында шашылып жатыр. Елге шығып, халық қазынасын тергеу, зерттеу қажет. Қай өлкенің де тіл ерекшелігін қадағалап теріп, батыл қолдана беру керек. Ана тіліміз арғы заманнан, көне дүниеден бермен қарай мол-мол қазына жасады. Көне тілдердің өзін қағып-сілкіп жаңғыртып жіберсек, қайта жасауға хақы бар… «Жолым үйіңді» білген емен. Ол қандай үй? Неше кереге?» – деп, одан: «Кедей жігіттерің ірі көрінеді. Жер сипаттары да қонымды. Оқиғаны өзің жақсы білетін туған жеріңе құрғансың-ау, сірә? Солай еткен қашан да дұрыс болады», – деп әжептәуір шешіліпті.
Лев Толстой: «Әрбір ірі суреткер шығармасының бөлек пішінін де жасап алуға тиісті» дейді. Ғабдол Слановтың отыз жасқа жетпей кестелеген «Дөң асқанының» айрықша формасы да тамсантады.
Қазақтың мәйекті, байырғы нәрлі тілі қанына сіңген ескікөз қаламгерлердің бірі – Зейтін Ақышев әкеміз-тін. Ұзақ жыл ел ішінде тұрған Зекеңнің әрбір кітабы көп қиындықпен шыққанын аңдаймыз. Оның үстіне, цензураның қатаң талабына бағынып, шығармасына көңілдегі тақырыбын қоя алмай, қиналуға тура келгенін кейінде аңғардық. Әйткенмен, көкірегі кең сарай жан небір құнды, шұрайлы туынды қалдырған.
«Көзден тайса да, көңілден кетпейді» дегенімізбен, қаламы қоңыр әуезді Жайсаңбек Молдағалиев те қазір бір кезең ұмытылыңқырап тұр. Бұ кісінің «Жүрек қазынасы», «Айналайын атыңнан!», «Самал», «Ел суреттері», «Екі дос», «Торғай толғауы» аталатын әңгіме, хикаят жинақтары мен «Таза бұлақ» романы шағында қалың оқырман ықыласына бөленіп, лайықты бағаланғанын білеміз.
Шебер тәржімашы ретінде де танылған Жәкеңнің Лев Толстой, Иван Бунин сынды алыптардың шығармаларын қазақшалауы да бекер емес-ау деп ойлайсың. Өз дүниелері де бірқатар шет тіліне аударылыпты.
Жайсаңбек ағамызды балғын шақта сыртынан өзіміз де көрдік, бірде сапарлап ауылға келген-ді. Есте қалған жайт, кітапқұмар ағайын жазушының қарапайымдығына, кішіпейілдігіне таңырқаған еді. Сол кездерде елге сирек соғатын қаламгер атаулы әдетте пиджагын желбегей жамылып, маңғаз бұрыла, ыңырана сөйлейтін паңдау, тәкаппарлау кейіп­те көрінбеуші ме еді! Ал Жайсаңбек келген бойда жұртпен баяғыдан таныс-біліс кісіше риясыз араласып, жайдары жаратылысымен, ұтқыр қалжыңымен тәнті қылғандай.
Назардан қалтарыстау қалған жазушы ағаларымыздың тағы бірі – Сейітқазы
Досымов сияқты. Секеңнің қай шығармасын алсаңыз да, өзінің ақ самалдай желпіген бекзат қалпына сай әсем лирикалық мәнерді, мөлдір тұмадай тазалықты, шынайылықты, мейірмандықты сезінер едіңіз. Сейітқазының әкелері сонау қиын-қыстау заманаларда Арқа даласынан, анығырағы, Қарағанды аумағындағы бізбен іргелес ауылдан Әулиеата өлкесіне қоныс аударуға мәжбүр болған екен. Сөйтіп, қазіргі Жамбыл облысына қарасты Талас ауданына орнығады. Секең осы өңірдегі Үшарал ауылында дүниеге келіпті.
Тоқсаныншы жылдардың басында Сейіт­қазы ағамен оқта-текте жолымыз түйісіп, тілдесіп қалатын кезіміз болды. Жымиып қана жүретін сонша сыпайы, биязы көрінгенімен, мінезі ашық, ойын бүкпесіз айтатын батыл, әділетті жан ретінде әсер етіпті.
Ата-бабасының біздің өлкенің адамдары екенін кейін естідім. Әкелерінің күрделі тағдыры жөнінде жазушының қабырғасы қайы­сып талай толғанғаны анық қой. Талай сыр ішінде кетіпті. Кешірек қармандық, әйтпесе, байырқалы қаламгер ағадан сұрап білетін әңгімеміз көп секілденеді…
Бұл ретте менен: «Болашақтың әдебиеті осынау суреткерлер әдебиетінен, қазіргіден гөрі мықтырақ бола ала ма?» деп сұрасаңыз, бірден: «Жоқ, бола алмайды!» дер едім. Қайта, сонау аға буын қасиетіне ден қойып, өз шығармамыздың сылдыр суға айналмауынан сақтансақ керек қой.
Мұндайда белгілі орыс жазушысы Юрий Нагибиннің «Солдаттың ас-сорпасындай қою, құнарлы, татымды проза» деген тіркесі еске түседі. Ұмытпауыма қарағанда, көкейге қонған ұғым секілді. Міне, шама келсе, осындай сапаға ұмтылар едім.
Ендеше сонау ақсақалдарымыздың еңбегіне жиі оралып соғып тұрғанымыз жөн болар. Бұл шеберлерден ғұмыр бойы алатын сабақ жеткілікті.
Есболат АЙДАБОСЫН: Мұқадес Есламғалиұлы деген жазушы өткен. «Әйтеке би» деген романы бар. Мен бұл романды қазақ әдебие­тіндегі тұлғатануға арналған үздік шығармалар қатарына қосамын. «Абай жолы», «Балуан Шолақ», «Шоң би», «Ақан сері», «Құланның ажалы», «Найзағай», «Жаяу Мұса» романдарының қатарында тұратын кесек дүние. Бірақ неге екенін қайдам, көп аталмайды, авторы да еленіп-ескерілмейді.
Еламан ҚАБДІӘЛШІМ: Әрине, бұл тізім ұзақ. Өңір-өңірде біз білмейтін, оқымаған, есімін де естімеген қаншама қаламгерлер өткен. Әлі де ел ішінде жүрген, ғұмыр кешіп жатқан қаламгерлер аз емес. Біз – жастар өзіміз білетін сондай жандарды атап, насихаттап, танытып жүруіміз керек. Бұл сұрағыңызға орай мен екі жерлесімді – ақын Төлеген Мұқаев пен жазушы Мейрам Асылғазинды атағым келеді.
Төлеген Мұқаев 1949 жылы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Мектепті «Алтын медальмен» бітірген. Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыған. Баянауылда аудандық «Жеңіс» (қазіргі «Баянтау») газетінде, Алматыда «Жалын» баспасында жұмыс істеген. 1977 жылы Жүсіп Қыдыровтың редакторлығымен «Тұңғыш кітабы» жарық көрген. Одан кейін «Жер жылуы», «Ардақ» кітаптары шыққан. Соңында аз ғана мұрасы қалған ақынның сүйегі қайда қалғаны беймәлім. Туыстары да ақының не өлі, не тірі екенінен бейхабар. Жақындары марқұмдар тізіміне еріксіз қосып, дұғада атын атап отырады.
Ақынның өлеңдері өзінің тағдырынан хабар беріп тұратындай. Ол өзінің өмірін жазып кеткендей әсер қалдырады. Арманы асқақ, мұраты асыл, бағыты айқын, жаны нәзік, жігері жалынды болғанын аңғарамыз.
«Бейнетке мен торықпаймын,
Азапқа да жүгінбен.
Ажалдан да қорықпаймын
Өз басыма үңілген.

Жетеді-ау деп өз түбіме,
Қорқыныш жоқ маза алған.
Қорқамын тек, көз тіріде
Арға төнген ажалдан», – дейді ақын.
Ал Мейрам Асылғазин 1948 жылы Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл-Жайылма өңірінде туған. 1999 жылы қайтыс болған. Павлодар облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде; Алматыда – «Жалын», «Өнер», «Жібек жолы» баспаларында жұмыс істеген. Уақытында «Балалар балалық жасапты», «Ауылдастар» әңгімелері оқырманның оң бағасын алған. Көзі тірісінде «Өзгеше бір күн» кітабы жарық көрген. Ал 2002 жылы жазушы Талаптан Ахметжанның алғы сөзімен «Иірім» кітабы басылды.
Мен Мейрам Асылғазинның бірнеше шығармасын оқыдым. Жазушының әңгімешілдігі, жазу шеберлігі, тартымды тілі ұнады. Оқиғаны баяндауда, кейіпкер бейнесін сомдауда, ойын жеткізуде сөзді дәл әрі нақты қолдана білуімен сүйсіндірді. Сол арқылы ол адамның қатпар-қатпар жанының қалтарыстарына үңіледі. Мысалы, «Иірім» повесінде факультет деканы Айдарғалы Ормантайұлының соңғы бірнеше күндегі сезімі, жан толқынысы, көңіл тебіренісі, ой кешулері баяндалады. Автор қалалық қарбаласқа жан-тәнімен сіңіп кеткен үлкен қызметкердің образын сәтті ашады. Өзге кейіпкерлер – ауылдан келген атай, деканның әйелі, деканның қызметтестері – бәрі-бәрі нанымды сомдалған бейнелер. Жазушы юморға шебер екен. Повесте езу тарттырар диологтар мол ұшырасады. Шығарманың тартымдылығы мен тілдің шұрайлығынан бөлек, автордың айтар ойы орасан. Қаланың тіршілігінен, қызметтің қауырттығы мен жұмыстың қарбаластығынан жүрегі суып, бауыры беріштеніп, жаны қатайып, көңілі қатқылданып бара жатқан қала қазағының тағдыры, оның басшыға лайық секемшілдігі, қалалықтарға ғана тән түйсікпен кез келген нәрседен сезіктенуі адам ой-санасын, мінезін билеп бара жатқан өмір ағымынан хабар береді.
Автор оймақтай ойымен ұлттық дүниетанымдағы, адамзаттық деңгейдегі құндылықтарды қаузайды. Ауылдағы ақсақалдың қаладағы бұларды іздеп келуі арқылы аманатқа адалдықты; Отанасы Балымның ойы арқылы ата-ананың адам өміріндегі орны жайлы; Балалардың орысша сөйлейтіні, аттарының орыс­ша бұрмалануы арқылы тілдің жайын, олардың іс-әрекеттері арқылы ұрпақ болашағын, тағы осы секілді мәселелерді көтереді.
Мен осы екі қаламгердің кітаптарын қайта басып шығару керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тапсырыспен немесе демеуші азаматтардың қолдауымен көп таралыммен шығарып, еліміздің барлық кітапханасына таратсақ, жақсы авторлармен табысқан оқырман олжалы болар еді.
Ерік НАРЫН: «Әр ақынның өз уақыты келеді» дегенге сенемін. Шынайы, жанды, жақсы өлең оқырмансыз қалмайды. Бір өлең кем дегенде, бір жүрек үшін жазылады. Адам мен адамның табысқаны секілді, олар да табысады. Қазақта жақсы ақын көп. Бәрінің өз биігі бар. Өз уақыты келгенде бағаланады.

                                                                                                       Атақты болу кейде биіктетсе, кейде тұсаулап та тастайды

Қ.Ә.: Жазу өнерінде атақты болу мен аталмай қалу мықтылықтың өлшемі бола ала ма?
Есболат АЙДАБОСЫН: Мықтылықты атақпен өлшеуге болмас. Әдебиеттегі мықтылық деген меніңше, Бальзактың мықтылығы, Джек Лондонның мықтылығы, Мағауинның мықтылығы. Бальзак жазушы болам деп талпынып жүрген шағында қоқыс маңайынан Напальеон Бонапарттың шағын мүсінін тауып алыпты деседі. Соны жазу үстеліне қойып, «сен қарумен бағындырған әлемді мен қаламмен бағындырам» деген мәндегі сөз жазыпты. Құр сөз емес, серт қой. Ол кезде жазушы болсам деген арманнан басқа түгі жоқ бозбала ақыры сол амбициялық мақсатына жетті. Джек Лондонның да жазушылық жолда көрген қиындығын айтып тауыса алмайсың. Ал Мұхтар Мағауин – тіпті бөлек әлем. Әдебиетке зор дайындықпен келгені, жоспармен жазғаны, таусылмағаны, сарқылмағаны мықтылық па? Мықтылық!
Құлтөлеу МҰҚАШ: Бұл сауал белгілі жазушы, композитор, суретші Илья Жақанов ағамыздың: «Атақ деген – талантты моральдық демеу үшін ғана керек нәрсе. Мен осындайда баяғының біртуар серілерін ойлаймын. Солар еш атақсыз-ақ тарихта қалды ғой. Әйткенмен, біздің дәуірімізде атақ алмағандардың бір сәт дарынсыз болып көрінетіні де қызық» деп таңдай қаққаны еске түседі.
Қалай болғанда да, шын таланттың бағасы орден-медалімен емес, шығармасының сапасы арқылы айқындалатын шығар. Жазушыны «көркейтетін» кітаптары мен оқырманының биік құрметі деп білемін.
Бірақ бұл – атақ қажетсіз деген сөз емес. Әдеби қауымдастықтың немесе мемлекеттің қаламгерге лайықты, әділетті берген атағы мен марапаты оның атын айшықтап, танымалдығын кеңейтетін белгі екені рас қой.
Ерік НАРЫН: Мықтылық атақпен өлшенбейді деп ойлаймын. Талантты ақын қайткен күнде өмірден бір жүлдесін алады.
Еламан ҚАБДІӘЛШІМ: «Ақынның ақындығы – атақта емес, ақынның ақындығы – арда ғана» деген Мұқағали сөзі үнемі санамда жаңғырады. Қандай жағдай болса да, атағың аспандап, даңқың шарықтап тұрса да; атың аталмай, есімің еленбей жатса да – арыңның былғануына жол берме! Шын мықтылық – осы.
Меніңше, мықтылықты атақ-абыроймен өлшеуге болмайды. Әрине, кез келген қаламгер (кез келген шығармашылық иесі) атақты болуды қалайды. Бір ортаға барғанда, кездесулер ұйымдастырылғанда қаламгердің шығармаларын оқыған қауым жылы пікірін, салмақты ойын, ерекше әсерін айтса, тамаша емес пе?! Шығармасының оқырманға ой салғаны, тебіренткені – автор үшін үлкен жеңіс. Кез келген жастағы оқырман ақын-жазушының шығармасын талдап, танып, түсініп жатса… Мықтылық өлшенсе, осылай таразылануы керек. Ал айналасы бірде-бір шығармасын білмей, оқымай, тек аты аталып жүргеніне бола мықты санаса, бұл – автор үшін абырой емес.
Мысалы, мен атақты болғым келеді. Бірақ шығармашылығыммен. Егер мені жазған өлеңіме, әңгіме, мақалама байланысты құрметтеп, қадірлеп, марапаттап жатса, қуанар едім. Атақты болу – өзіңе жол ашу, шығармашылық мүмкіндіктеріңді кеңейту болуға тиіс. Жазумен айналысатын жандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тым жақсы деп ойламаймын. Мен де «өзім ойлайтын» сол қатарданмын. Ал атақты болсам, маған қолдаушы, демеуші тез табылады. Мен ол қолдаудың арқасында қалаған кітабымды сатып аламын, қалаған әдеби-мәдени жиынға бара аламын, сүйіп оқитын ақын-жазушым тұратын қалаға барып, кездесіп, араласа аламын. Уақытымды басқаруға мүмкіндік алам. Жұмысқа, еңбекақыға тәуелді болмаймын. Ал, демеуші азаматқа «мен секілді атақты адамның» жағдайын жасау – абырой. Алайда атағымды алға салып, арсыздыққа жол берсем, маған – сын. Атақ – шығармашылық шыңдалуға жұмыс істесе ғана қайырлы болмақ.
Енді бір мәселе, атақты болу кейде жазушыны биіктетсе, кейде оны тұсаулап та тастайды. Атақты адамды бәрі пайдаланғысы келеді. Оны алға салып, мәселесін шешіп алуға талпынады, ортасына жақсы көрінуге тырысады, жұмысын жүргізіп алуды ойлайды. Осындай тағы басқа, көптеген кедергілер бар.
Өзімнен тағы бір мысал келтірейін. Қазақстан Жазушылар одағына мүше болған кезімде «Одаққа мүше болмасақ та, жазып жүрміз» немесе «Мүшелердің деңгейін білеміз ғой» деп түйреуге тырысқан азаматтар көп ұшырасты. «Шабыт» фестивалінде лауреат атанғанымда «Мықты ақындар қатыспапты ғой!» немесе «Жақсы ақындар орын ала алмапты» деп шымшыған қатарластарым болды. Сол сәттерде «шынымен лайықтымын ба?» деп өз-өзімнен қысылып қалғаным бар. Ешкімге көрінбей, жазып қана елеусіз жүрген жақсы секілді. Құлағың тыныш. Бірақ өмір болған соң қозғалыс керек. Өлермендік емес. Жұматай атқандай: «Майданнан соң иесін әзер тапқан ордендей, ақындарға абырой оралады соңыра»…

Әзірлеген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір