ТАЗАЛЫҚ ТАНЫМНАН БАСТАЛАДЫ: АТЫРАУДАҒЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАСТАМАСЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ
30.06.2026
23
0

Қоғамның мәдени деңгейі, ең алдымен, оның қоршаған ортаға деген қарым-қатынасынан көрінеді. Таза көше, күтімді аула, жасыл желекке көмкерілген елді мекен немесе қоқыссыз жағалау – мұның бәрі к оммуналдық қызметтердің ғана еңбегі емес, бұл – азаматтық жауапкершіліктің, экологиялық мәдениеттің және ортақ құндылықтардың айқын көрінісі.

Соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы дәл осы құндылықтарды қоғамдық санаға орнықтыруды мақсат етеді. Бұл – тек сенбілік өткізіп, қоқыс жинаумен шектелетін науқан емес. Оның мазмұны әлдеқайда терең. Бағдарламаның негізгі мақсаты – табиғат­ты қорғау мәдениетін қалыптастыру, туған жерге деген жанашырлықты арттыру және экологиялық жауапкершілікті өмір салтына айналдыру. Атырау облысында бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін көрсетіп келеді. Өңірде қолға алынған жобалар мен қоғамдық бастамалар тазалықтың сыртқы тәртіп емес, ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі екенін дәлелдей түсуде.
Экологиялық мәдениетті қалыптастырудың ең тиімді жолы – оны бала санасына ерте жастан сіңіру. Себебі дәл осы кезеңде қалыптасқан құндылықтар адамның өмірлік ұстанымына айналады. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Жасыл балабақша» жобасының орны ерекше. Бүлдіршіндер тәрбиешілердің көмегімен түрлі өсімдіктердің тұқымын егіп, олардың өсуін күнделікті бақылауға қатысады. Алғашында ойын секілді көрінген бұл жұмыс уақыт өте келе қызығушылыққа, кейін жауапкершілікке ұласады.
Кішкентай ғана құмырадан өсіп шыққан өскінді бақылаған бала табиғат­тың заңдылығын түсіне бастайды. Ол жарықтың, судың, күтімнің маңызын ұғынады. Көктемде сол көшеттерді арнайы орындарға отырғызу арқылы өз еңбегінің нәтижесін көреді. Осындай қарапайым әрекеттердің астарында үлкен тәрбие жатыр. Бала еңбек етуге үйренеді, шыдамдылықты меңгереді, табиғатқа тұтынушы емес, қамқор көзқараспен қарауды үйренеді.
Экологиялық тәрбие мектеп қабырғасында жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бүгінде көптеген білім беру ұйым­дарында ұйымдастырылған табиғат бұрыштары оқушылардың қоршаған ортамен байланысын нығайтуға ықпал етіп отыр деп атап айтуға болады.


Аквариумдағы балықтар, бөлме өсімдіктері, құстар – балалар үшін жай ғана безендіру емес, күтім мен жауапкершіліктің тәжірибесі. Балықтарға жем беру, гүлдерді суару, тіршілік иелеріне қамқорлық жасау арқылы оқушылар табиғатқа жанашырлық танытуды үйренеді. Бүгін гүл күткен бала ертең туған жердің табиғатын сақтаудың маңызын түсінетін азамат болып қалыптасады. Өйткені экологиялық сана үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады.
Атырау өңірінің табиғи ерекшелігінің бірі – қамыс алқаптарының мол болуы. Алайда жаз мезгілінде қамыс өрттері өңірдің экологиялық ахуалына және тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні белгілі. Осыған байланысты жастар арасында ақпараттық және тәжірибелік жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Студенттер табиғи аумақтарда ұйымдастырылатын кездесулер барысында өрттің салдарын, биоалуантүрлілікке келетін зиянды және экологиялық қауіпсіздік қағидаларын меңгереді. Теориялық білім тәжірибемен ұштасқанда ғана нәтижелі болады. Мұндай бастамалар жастардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, қоғамдық жауапкершілігін арттырады.
Қоғамдық сананы өзгертудің ең әсерлі құралдарының бірі – өнер. Соңғы жылдары өңір оқушылары табиғат пен қоршаған орта мәселелерін сахна тілі арқылы көтеріп келеді.
Театрлық қойылымдар көрерменді тек ақпараттандырып қоймай, ойлануға жетелейді. Кейде бір сағаттық қойылым ұзақ дәрістен де әсерлі болуы мүмкін. Себебі өнер адамның жүрегіне жетеді. Ал жүрекке жеткен ой ғана мінез бен көзқарасты өзгертеді.
Тазалық, ең алдымен, адамның өз ауласынан басталады. Осы қағиданы дәріптеу мақсатында облыста өткізілетін «Таза аула» бастамалары тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып келеді. Мұндай шаралар тек тазалықты сақтауға емес, көршілер арасындағы жауапкершілік пен үлгі мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Біреу ағаш отырғызады, біреу гүл егеді, енді бірі ауласын абаттандырады. Осындай қарапайым істер қоғамдағы ортақ мәдениетті қалыптастырады.
Қазақ халқы табиғатты тек ресурс ретінде емес, келер ұрпаққа қалатын аманат ретінде қабылдаған. Сондықтан халық даналығындағы «Бір тал кессең – он тал ек» қағидасы бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Атырау өңірінде көктемгі және күзгі ағаш отырғызу акцияларына мемлекеттік қызметкерлер, жастар, еріктілер мен тұрғындар белсенді қатысып келеді. Бүгін егілген бір түп көшет – ертеңгі саялы бақтың бастауы. Ал табиғатқа қалдырылған мұра – болашаққа жасалған инвестиция.
Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің бойы – өңірдің туристік әлеуетін танытатын ерекше орындардың бірі. Жаз мезгілінде гүлдейтін лотос алқабы көптеген келушілердің назарын аударады. Ал табиғаттың мұндай сыйын сақтау – жергілікті тұрғындардың ортақ міндеті. Тұрғындардың ұйымдастырған сенбіліктері мен тазалық жұмыстары туған жерге деген шынайы қамқорлықтың көрінісі болып отыр.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда еріктілер қозғалысының да рөлі ерекше. Эковолонтерлер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қалдықтарды сұрыптау, су ресурстарын үнемдеу, табиғатты қорғау жөнінде ақпарат таратып келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесі бірден байқалмауы мүмкін. Бірақ қоғамдық сананың өзгеруі дәл осындай жүйелі әрекеттерден басталады.
«Таза Қазақстан» бастамасының шынайы құндылығы бүгінгі нәтижесінде ғана емес, ертеңгі ұрпаққа қалдыратын тәрбиесінде жатыр.
Тазалық – тек жиналған қоқыс емес тазалық – адамның ішкі мәдениеті. Тазалық – қоғамдық жауапкершілік. Тазалық – туған жерге деген құрмет.
Бүгінде Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар осы құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Балабақшада көшет еккен бүлдіршіндерден бастап, экологиялық акцияға қатысқан еріктіге дейінгі әр адам үлкен өзгерістің бір бөлшегіне айналып келеді.
Өйткені табиғатты қорғау тек заңмен шешілмейді. Ол, ең алдымен, сана арқылы жүзеге асады. Ал сана өзгерген жерде қоғам өзгереді.
Қоғам өзгерген жерде табиғатқа деген көзқарас өзгереді.
Туған жердің тазалығына жанашырлық таныту – әр азаматтың парызы. Сол парыз күнделікті әдетке айналған кезде ғана біз, шын мәнінде, мәдениетті әрі өркениетті қоғам құра аламыз.

Мира ЕСНИЯЗОВА,
«Жаныңдамын» волонтерлік
ұйымының жетекшісі,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір